Мемлекеттің тіл тағдыры – елдің тағдыры

Мемлекеттің тіл тағдыры латын әліпбиімен байланысты
Tilalem.kz

Tilalem.kz

29 мамыр, 2018

«Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеген болса, тіліміз әлдеқашан Ата заңымыздағы мәртебесіне лайық болар еді. Қазақ тілі туралы айтқанда істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады, әр уақытта. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім алдымен өзгені емес, өзін қамшылауы тиіс емес пе?! Тағы да қайталап айтайын — Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін! Сонда ғана өсеміз. Өзімізді түземей тұрып, өзгеге тіл үйреткеніміз қалай болады? Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың қолданыс тіліне айналады».

Н.Ә.Назарбаев

Иә, бастысы, еңселі еліміздің еңсесі биік болу керек. Мемлекетіміз мықты болса, оның халқы тату, болашағы зор болмақ. Елбасымыздың да көздеген арман-мақсаты – қазақ деген елдің атын әлемге әйгілеп, мемлекеттің әлеуетін арттыру деп білемін. Оны Тәуелсіз ел болғалы қол жеткізген жетістіктерімізден-ақ көруге болады. Енді ғана қаз-қаз басқан Қазақстан деген елдің бүкіләлемдік қауымдастықта ең мықтылардың қатарына көру үшін барын салып, мемлекетіміздің экономикасын күшейтіп, рухани-мәдени тұрғыда өркендетуге барын салды. Осыдан 9-10 жыл бұрын «Қазақстан дамыған 50 елдің қатарында болады» деп айтып қана қоймай, ісімен дәлелдеп те берді. Сонан соң «Қазақстан – 2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты стратегиялық бағдарламасынан бастап, әр жылғы Жолдауларында, өткен жылдың сәуіріндегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да үздік 30-дыққа енуді мақсат етіп қойды. Сол жолға жетуде әрбір отаншыл, ұлтжанды азамат өз үлесін қосуы тиіс. Ол үшін елдік санамыз ашық, патриоттық сезіміз жоғары болу керек. Тәуелсіздігіміздің басты тірегі – мемлекеттік тіліміз барлық салада үстемдік еткені жөн.

«Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек» деп Елбасы өте орынды айтады. Себебі, қазақ тілі – мемлекеттік тіл ғана емес, тұғырлы Тәуелсіздігіміздің айғағы, егемен еліміздің ең бір қымбат жемісі. Келешекте туған тіліміз өмірдің барлық саласында үстем болып, мерейі асқақтап тұрса, керемет емес пе?! Ендеше, мемлекеттік тілдің мәртебесін баршамыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе көтеруге ұмтылайық! Бұл жолда тек бір ғана адамның күші-жігері, еңбегі жеткіліксіз, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» екенін түсіне білетін әр қазақстандық үлесін қоссын, сонда ғана тіліміз іс жүзінде Ата Заңымыздағы «мемлекеттік» деген мәртебеге лайық болады.

«...Қазақ тілі 2025 жылға қарай кез келген ортада күнделікті қарым-қатынас тіліне айналады» десек, оған міне уақыт та таяп келеді. Тіліміздің өркендеуі мен дамуы жаңа қабылданған әліпбимен де байланысты.

Бүгінгі күнгі қоғам талқысынан түспеген әліпби мәселесіне барша қазақ жұрт болып бей-жай қарамады. Бұған дейін ұсынылған ұлттық жобалардың әрқайсысын сүзгіден өткізгендей барын салып талдап жатыр. Алғашқы рет қос әріптен құралған әліпбиге де, кейін Елбасының №569 Жарлықпен бекіткен дәйекші дыбыстар арқылы шыққан нұсқасына да ғалымдар мен тіл мамандары ғана емес, қарапайым халық ат үсті қарамады. Демек, аталған мәселе әр қазақты толғандыратыны сөзсіз.

19 ақпанда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» ҚР Президентінің Жарлығына өзгеріс енгізіліп, ондағы әріптердің төбе жағына қойылған белгілер, жоғарыға ауысып, «ш», «ч» әріптері қос дыбыспен белгіленетіні айтылған. Бұл – алдыңғы екеуіне қарағанда көзге үйреншікті, оқуға тез нұсқасы. Әр жаңашыл дүниенің көзге түрпідей көрінетінін ескерсек, ешқандай қорқудың қажеті де жоқ. Бұл туралы Президент Н.Ә.Назарбаев «...Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру процесінің ерекше­лік­теріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес», - деген болатын.

Деректерге жүгінсек, бүгінде крииллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал қалған мемлекеттердің көбі латын әліпбиін қолданады. Демек, бұл кең таралған жазу, ал біз үшін ең дұрыс таңдау. Ендігі кезекте жаңа әліпбиге негізделіп жасалатын емле, ережелердің жасалуын күтіп, тәуекелге бел буып, жарқын болашаққа жаңа әліпбимен нық қадам жасау қалды. Олай болса, латын қарпіне негізделген жаңа әліпбиіміз – кемел келешегіміздің кілті болып, жедел дамуымызға өз септігін тиізетініне сенейік!

Арқалықтағы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру» мәселесі бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қалай?

2017 жылдың сәуір айынан бастап «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру» мәселесі бойынша қалада және жақын жердегі елді-мекендерде түсіндіру жұмыстары жүргізіле бастады. Жоғарыда аталған АТТ мүшелерінің қатысуымен мекеме, кәсіпорын қызметкерлері, мектеп мұғалімдері мен жоғары сынып оқушылары, медицина саласының қызметкерлері арасында насихат жұмыстары жүргізілді. 2017 жылдың 26 қазанындағы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру» туралы №569 Жарлыққа қолы қойылғаннан кейін қала әкімімен жаңа жұмыс жоспары құрылып, аталған жоспар бойынша кездесулер өтіп, оған 9218 адам қатынасты. Рухани жаңғыру аясында жергілікті баспасөз беттерінде 177 мақала жарияланып, қаламыздағы бірқатар әлеуметтік нысандарға, көпшілік орындарға, жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктерге жадынамалар шығарылып, таратылды. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 9 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы мен №569 Жарлыққа өзгеріс енгізілгені туралы ҚАУЛЫСЫ мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тілін латын әліпбиіне көшу идеясын ілгерілету бойынша жүргізілетін жұмыстар 2018 жылдың қаңтар айынан бастап қайта бекітілген І және ІІ, ІІІ тоқсан бойынша желілік жоспарға сәйкес өз жалғасын тауып келеді. Сондай-ақ, жергілікті апталық «Арқалық хабары» газеті еліміз бойынша 2017 жылдың 3 қарашасындағы №42 санының бірінші бетін латын қарпімен жариялады. Тәжірибе ретінде жазылған мақала көпшіліктің көңілінен шығып, әр аймақтан газет оқырмандары қолдау білдіріп, оң пікірлерін жаудырды. Демек, меніңше, бұл – маңызды қадам жасауға дайын екенімізді көрсеткеніміз.

Әлемдік деңгейде заманауи ақпараттық тілі болып табылатын латын әліпбиі – мемлекеттің тілдің тірегі болуы тиіс. «Кеңесіп пішкен тон келте болмасын» ескерсек, бұл бастаманың да болашақта оң нәтиже беретініне өз басым кәміл сенемін!

Жазира Муханбетжанова,

Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығының әдіскері


Баға беріңіз