Уақытпен үндескен жаңғыру немесе ЖАҢА ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы 26 қазандағы қазақ тілінің латын графикасына көшуі туралы Жарлыққа қол қойып, жаңа қазақ әліпбиін бекіткелі біраз сын-пікір айтылып, аталған мәселе жер-жерде талқыға түсуде...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

25 мамыр, 2018

УАҚЫТПЕН ҮНДЕСКЕН ЖАҢҒЫРУ

немесе

ЖАҢА ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ

Уақыттан өткен данышпан, уақыттан асқан жүйрік жоқ. Жылдар жылжып, сағаттар сырғып өте береді. Соған қарай заман ағымының да өзгеретіні белгілі. Күні кеше ғана ел тізгінін ұстаған ұлт көшбасшысының «Қазақ әліпбиін кириллицадан латын қарпіне көшіру» жайлы Жарлыққа қол қоюы – заман көшінен қалмай, болашаққа үлкен әрі нақты қадам жасағанының белгісі.

Бүгінге дейін латын жазуы уақыттың сан ғасырлық сынынан өтіп болды. Қазір әлемдегі халықтардың 80%-ы латын графикасын игерген, әлемдегі ақпараттың 70%-ы аталған таңбамен таратылатынын ескерсек, еліміздегі латын әліпбиіне көшу бастамасы Қазақстанның рухани болмысы мен қоғамдық сананы сілкіндіріп, жадыны одан әрі жаңғыртуға зор үлес қосады. Әліпбиімізді өзгертіп, оны меңгерудің арқасында жастар ғаламтор арқылы ақпарат айдынында еркін жүзіп, білім мен ғылым саласындағы кеңістікте қалықтап самғай алады.

Латын қарпіне көшу тақырыбы бүгін ғана қозғалған жоқ, естеріңізде болса, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы Қазақстан Халқына Жолдауында: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен ғаламтор тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деген болатын. Міне, осы сөзін 5 жылдан соң сәуірдің 12-нші жұлдызында қалың қазақ жұртшылығына арнаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында нақтылап, басты міндет етіп қойды. Аталған міндетті жүзеге асыру барысында бүгінгі күнге дейін біршама жұмыстар атқарылып, қазақ әліпбиінің латынға ауысу жайы еліміздің түкпір-түкпірінде талданып, қоғамның қызу талқысында болды. Елбасы алға қойған бұл бастама біздің өңірімізде де өзекті мәселеге айналды. Арқалық қаласы әкімдігі жанынан арнайы құрылған ақпараттық-түсіндіру тобы бүгінгі күнге дейін 89 мекемеде кездесулер өткізіп, оған 6300-ге жуық адам қатынасты. Әрине, бас кезінде әркімнің басында үрейдің де, сенімсіздіктің те болары айдан анық. Әйтсе де «көз – қорқақ, қол - батыр» екенін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы 26 қазандағы қазақ тілінің латын графикасына көшуі туралы Жарлыққа қол қоюымен дәлелдеді. Бұл – қазақ жазуының тарихындағы ұлы бастама, келешек қамы үшін жасалған ең маңызды қадам.

Қазіргі таңда ата-бабамыз аңсап-армандаған тәуелсіздігімізге қолымыз жетіп, еңсемізді тіктеп, жоғымыз табылып, ескіміз жаңарды, ең бастысы, дамыған 50 елдің біріне айналғанымыз ақиқат. Ендігі кезеңде алдыңғы қатарлы озық 30 елдің қатарына қадам басқалы тұрған шақта әлемдік тілмен үндесуімізді көздеген ұлт басшысының жобасын қолдап, ауызбіршілік танытып, елмен бірге қадам жасау әрбір қазақстандықтың міндеті. Себебі, «ит үреді, керуен көшедінің» кебін кимей, жаңалықты жатсынбасақ қана, келешекте алар асуымыз бен бағындырар белесіміз мол болары сөзсіз.

Муханбетжанова Жазира Мизамханқызы

Қостанай облысы, Арқалық қалалық тілдерді оқыту орталығының әдіскері


Баға беріңіз