Қазақ даласында орыс тіліндегі топонимдер XVIII ғ. I жартысынан пайда бола бастаған
Географиялық атаулар тарихи ескерткіш болып табылатындықтан, топонимдерді зерттеу этникалық, саяси, патриоттық сипаттағы мәселелерді шешуде, халықтың ұлттық сана-сезімін нығайтуда маңызды рөл атқармақ. Осы орайда жер-су атауларының табиғатын қазақтың тарихымен, ұлттық санасымен, дүниетанымымен, өмір сүрген табиғи ортасымен, ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылығымен байланыстыра қарастыруға үлкен мүмкіндік туып отыр. Қазақ жерінің әрбір тау-тасы мен өзен-көлі халқымыздың көші-қонынан, салт-дәстүрі мен тілі-дінінен хабар беріп қана қоймай, оларда әртүрлі дәуірдің тарихи оқиғалары, көрнекті тұлғалардың, батырлардың есімдері, халықтың мәдени және рухани құндылықтары бейнеленген. Қазақ топонимиясы ғасырлар бойы басынан түрлі тарих талқысын өткерді. Қазіргі таңда елді мекендерімізде кездесетін славян текті атаулар патшалы Ресей мен кеңестік дәуірдің тарихымызға салған таңбасы іспетті.
Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов Ресей патшалығы отарлау саясатының қазақ топонимдеріндегі көрінісін үш топқа бөледі.
Біріншісі – 1731-1822 жылдар аралығында патша өкіметі қазақ хандықтарын сырттан билеп, протекторат есебінде ұстанған кезінде жер атауларын өзгертуді өте сақтықпен, қазақ даласының қас-қабағына қарай жүргізді.
Екіншісі – 1822-1867 жылдар аралығында хандық билік жойылып, аға сұлтандық ел билеу жүйесі енген соң, қазақ жерін «бөлшекте де, билей бер» дейтін отаршылдық принцип негізінде көптеген әкімшілік территорияларға жіктеді. Бұл тұста да рубасыларын бір-біріне қарсы қойып, отаршылдық саясатын оңай жолмен жүзеге асыру кезеңінде жер атауларын өзгерту әрекеті жиілей түсті.
Үшіншісі – 1868 жылғы «Жаңа низам» ережесі мен 1917 жыл аралығында отарланған қазақ жері мемлекет меншігі ретінде ресми түрде жарияланған соң, отаршылдық мазмұндағы географиялық жер атаулары мүлде көбейе түсті. Қазақтардың ұлан-ғайыр өлкесіндегі ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи атауларын отаршыл өкімет саналы түрде өзгертуді шындап қолға алды.
Ғалымның бұл пікірінен еліміздегі орыстанған географиялық атаулардың қалыптасу кезеңдері мен себептерін айқын аңғаруға болады. Қазақ жерінде орыс тіліндегі топонимдердің пайда бола бастауы XVIII ғ. I жартысынан басталып, XIX ғ. аяғына дейін орыс шаруаларының қазақ жеріне қоныс аударуымен тікелей байланысты болды.
Э.М.Мурзаев славян (орыс және украин) географиялық атауларының Орта Азия және Қазақстан топонимиясының құрамына ену жолдарын былайша көрсетеді:
1) отаршылдық саясаттың ықпалымен әкімшілік түрде қойылған атаулар, ондай атаулар теміржол стансаларына, қалаларға берілген;
2) Ресей және Украина жерлерінен шаруалардың көшіп келуіне байланысты қойылған атаулар;
3) табиғат пен географиялық объектілерді зерттеу кезінде қойылған атаулар. Қазақ жеріне орыс келімсектерінің ағыла келуі салдарынан жүздеген, мыңдаған тарихи ұлттық атаулар жойылып, олардың орындарын орысша атаулар басып алды. Әрісі патшалық Ресей тарапынан, берісі кеңестік дәуірде кеңінен етек алған бұл үрдіс 1954 жылғы тың және тыңайған жерлерді игеру саясатына ұласты. Бұл кезеңдерде Ресей жерінен көшіп келген миллиондаған өзге ұлт өкілдері өздері қоныстанып, мекендеген жерлерге жаңадан ат беріп, оларды өздері көшіп келген елді мекендер мен қалалардың аттарымен немесе осы өңірге алғаш қоныстанушылар есімдерімен, фамилиясымен атай бастады.
Алысқа бармай-ақ Ақмола облысының картасына қарайтын болсақ, Донецкое, Астраханка, Самарка немесе Павловка, Волгодоновка, Алексеевка, Николаевка аталатын елді мекендердің кездесуі – осының айғағы. Сондай-ақ, бұрын өздері көшіп кеткен қоныс атауы алдына «ново» сөзін қосу арқылы Новокиевка, Новодонецк, Новочеркасское аталса, жер бедеріне қарай Приречное, Приозерное, Степное деп аталды. Келесі бір топтағы атаулар селениелер орналасқан өңірдің белгілі бір ерекшелігін бейнелейтін Камышенка, Сосновка, Журавлевка, Щучье сияқты атаулар тобын құрайды.
Отарлау саясатына сәйкес кейбір жер-су атауларының калькалау тәсілі арқылы қойыла бастауы да осы кезеңнен байқалады: Шөптікөл – Сенакосное, Ақжар – Белый яр, Қызылжар – Красный яр, т.б. Славян текті атаулар келіп қана қоймай, тарихи атауларымызды ығыстырып, ресми түрде атала бастады. Ал өзінің ресми мәртебесінен айырылған топонимдеріміз, негізінен, халықтың аузында ғана сақталды. Ол туралы білетін бірен-саран көнекөз қариялар күн санап арамыздан азаюда. Атауларды жинау ісі арнайы қолға алынып, кешенді түрде жүргізілмесе, жоғалтатынымыз мұнан да көбейе түсері анық.
Сондықтан кеше мен бүгініміздің арасын жалғастырып тұрған ұлттық құндылықтарымызды ұрпағымызға үлгі етеміз десек, еліміздегі өзгертілген немесе отаршылық-тоталитарлық сипаттағы жер-су аттарын байырғы тарихи атауларымен алмастыру, транскрипциясы бұрмаланған немесе қате жазылған географиялық атауларды қайта қалпына келтіру жұмыстарын қазірден қолға алуымыз керек.
Баға беріңіз