Тәржімеден тәржімелеп тұтыламыз

ХХ ғасырда Қазақстанда көркем аударма негізінен тәржімеден тәржімелеуге негізделіп келді. Оның басты себептерінің бірі Кеңес одағының саясаты, идеологиясы, орыс тілінің үстемдігі. Кеңестік кезең бұ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

22 қараша, 2017

Оларды қазақ тіліне аудару – көркем әдебиет қорымызды байытумен қатар, ұлт тілінің сөз байлығын, мол мүмкіндігін де көрсетті. Орыс әдебиеті мен мәдениетінің оң ықпалын айтумен бірге мәселенің екінші қырына да мән берген жөн. Экономикасы мен ғылымы, технологиясы, мәдениеті мен әдебиеті жақсы дамыған, өркениет жолында Кеңес Одағынан едәуір алда тұрған жұрттармен тікелей қарым-қатынастың болмауы – мәдениет пен әдебиетке, оның ішінде осы көркем аударма саласы көкжиегінің кеңеюіне де шектеу болып келді. Түпнұсқа тілден тікелей ­аудару бізде кенжелеп келуінің өзге де түрлі себептері жоқ емес, алайда ең негізгі себеп осы деуге негіз жеткілікті. Бізде өз ана тілімен қатар жапон, қытай, ағылшын, неміс, француз, испан, итальян, араб, парсы, хинди тілдерін де жетік білетін жазушы, әдебиетші, аудармашы мамандар өте аз болды. Мұндай мамандарды дайындау, олардың шоғырын қалыптастыру мақсаты көзделіп,бұл бағыттағы нақты істер қолға алынбады. Кеңестік идеология мен алып державаның тіл саясаты бұған жол бере қоймады. Әлемнің көптеген елдерімен еркін қарым-қатынас жасап, олардың мәдениетімен тікелей танысып, тілдерін меңгеру мүмкіндігіне еліміз тәуелсіздігін жариялаған 90-жылдардан кейін ғана қол жеткіздік. Қазір көптеген шет тілдерін жетік білетін, өз еліміз бен әлемнің әр түпкірінде, батыс пен шығыстың озық оқу орындарында білім алған жас қауымның қатары артып келеді. Аз ғана бөлігі болмаса, негізінен жалғыз орыс тілінен өзге шет тілдерін жетік меңгермеген қазақстандықтардың тілдік капиталы жыл санап байып, қазір әсіресе ағылшын, неміс, түрік, қытай және басқа тілдерді меңгергендер жыл санап көбейіп отыр. Әсіресе ағылшын тілін білетіндер саны жылдам өсіп, оны білуге ынталылардың артпаса кемімейтіні анық байқалады. Алдымен мемлекеттік тілді, одан кейін шет тілдерін меңгергендердің қатары көбейіп, тілдік капиталымыздың өсуі бүкіл ел халқының игілігі үшін өте маңызды. Әлеуметтанушы ғалымдар тілдік капитал азаматтардың қоғамда жемісті еңбек етіп, табысқа жетуі үшін өте қажет екендігін атап көрсетеді. Ендеше, қазақтың ұл-қызы да алдымен ана тілінің уызына жарып өсіп, өз тілін жетік меңгергеннен кейін өзге шет тілдерін де біліп жатса, мұны дұрыс үрдіс деп тануға тиіспіз.

Ұлтымыз бәсекеге қабілетті болуы үшін сол бәсекелесетін жұрттардың тілін білу арқылы олардың жетістіктерін, озық ойлары мен ғылым-білімін, технологиясы мен өндірісін, өнері мен әдебиетін де біреудің айтқаны мен жазғаны бойынша қабылдамай өзіміз тікелей оқып, оқығанымызды көңілге тоқи алатын болғанымыз дұрыс қой.

Бұл көркем аудармаға да қатысты. Әлем әдебиетінің озық туындыларын да түпнұсқадан алыс­татпай ұлт тіліне аударатындар өз тілімен қоса, сол шығармалар жазылған тілді де жетік біліп, автордың стилі мен ашық немесе астарлап айтылған ойларын бұрмаламай, көмескілендірмей мейлінше дәл, анық та айқын жеткізуге қабілетті тікелей аударатындар. «Тіл – ұлттың жаны» дейміз. Ұлттың жанына жол табу үшін оның тілін білу шарт. Тілі арқылы оның мәдениеті мен өнеріне, тарихы мен бүгінгі ғылымын игеруге мүмкіндік ашылады. Ал әдеби шығарма тіл мен ойлау арқылы жасалатын өнер туындысы. Автордың биік талғамы, озық ойы, пайым-парасаты, дүниетанымы, қоғамға көзқарасы, сөз қолдану шеберлігі тек қана кестелі тіл арқылы көрініс табады. Басқаша болмайды. Көркем шығарма жазылған ұлт тілі – сол шығарманың қыр-сырын толық аша алатын жалғыз кілті. Оны басқа кілтпен ашудың қажеті жоқ, оған өз кілтін салу керек. Бұл тұрғыдан келгенде біз шет тілдерінен тікелей аударған жекелеген аудармашыларды айтпағанда негізінен орыс әдебиеті мен көрші қырғыз, өзбек, татар әдебиетін ғана өз кілтімен ашып келген жұртпыз. Ағылшын, неміс, қытай және басқа да тілдерді меңгерген буынның өсіп жетіліп келе жатуына байланысты сол тілдердің әдеби шығармаларын тіке аударудың үлесі жылдан-жылға артып отыр. Соңғы жылдары бірқатар шығармалар шет тілдерінен қазақ тіліне төте аударылды. Бұл құптарлық құбылыс. Алайда бұл жерде тағы бір ескеретін жайт бар. Бізде орыс тілінен аударудың бір ғасырдан астам тәжірибесі мен осы уақыт ішінде орныққан дәстүрі бар. Сондай-ақ ХІХ ғасырда Абай, Шәкәрім сынды ұлы тұлғалардан бастау алатын бұл іске ХХ ғасыр басында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы, одан беріде М.Әуезов, Ә.Кекілбаев бастаған қазақтың көрнекті жазушылары, қабырғалы қаламгерлері атсалысты. Яғни көркем аударма жасаумен тек орыс тілін жақсы білетін мамандар ғана емес, өздері көркем туындыларды дүниеге әкелген қалам қайраткерлері, белгілі суреткерлер айналысты. Сонымен қатар көркем аударма жасауға машықтанған тәжірибелі аудармашылар шоғыры қалыптасты. Бүгінгі көркем аударманың жеткен жетістігі, бағындырған биігі осы аталған қауымның жемісті еңбегінің нәтижесі. Бұл басы ашық мәселе, оған ешкімнің таласы жоқ. Әлем мәдениетінің тұнығынан қанып ішуге, бұлақтың бастауынан сусындауға мүмкіндік алып отырған қазіргі заманда тілдік капиталымызды да байыта отырып, алдымызда көркем аударманы жаңа сапалық деңгейге көтеру міндеті тұрғанын сезінуге тиістіміз.
Кеңестік кезеңде де орыс тілінен өзге тілдерден тікелей аударған мамандар көп болмаса да болды. Мәселен, «Фаусты» неміс тілінен алғаш аударған Медеубай Құрманов, Ғалымжан Мұқанов француз ақыны К.Клермонттың «Владимир мен Зара немесе қырғыздар туралы» деген дастанын француз тілінен тікелей аударды. Бұл аударма 1988 жылы «Жазушы» баспасынан жарыққа шықты.Туыстас түркі тілдерінен тікелей жасалған аудармалар да бар. Мәселен, әдебиетші ғалым Н.Келімбетов өзбек жазушысы Пірімқұл Қадыровтың «Жұлдызды түндер»,Саид Ахмадтың «Көкжиек» романдарын өзбек тілінен қазақтың төл шығармасындай жатық аударды.
Кейінгі жылдары бұл іс біршама жанданып, төте аудармамен айналысып жүрген мамандардың көріне бастағаны қуантады. Олардың қатарында қытай тілінен тікелей аударып жүрген Т.Зәкенұлы, Д.Мәсімханұлы, И.Нұрахмет, Ә.Қапанұлы, ағылшын тілінен Г.Түсіпова, Д.Берікқажы, Н.Қапшықбайұлы, жапон тілінен Ш.Жылқыбай, француз тілінен Т.Толқынқызы, Ж.Туғанбаев, түрік тілінен М. Ершу, А.Құрметұлы сынды мамандар бар. Төте аударманы жетілдіру мәселесін қозғағандардың бірі, бірнеше кітапты неміс тілінен төте аударған жазушы Сайымжан Еркебаев: «Төте аударма туралы бірер сөз» деген мақаласында тұпнұсқа тілден тікелей аудару мәселесін арнайы сөз еткен. «Бүгінгі таңда біздің аудармашыларымыздың дені орыс тілінен аударумен ғана шұғылданады және олар – орыс тілін жете меңгерген адамдар. Бірақ олар тек орыс тілінде жазатын жазушыларды ғана аударып қоймайды, сол орыс тіліне аударылған басқа ел әдебиеттерінің классикалық үлгілерін де осы орыс тілін негізге алып аударады ғой.
Шынтуайтқа келгенде, осының соң­ғылары да төте аударма емес, орыс тілінің делдалдығы арқасында ғана іске асқан аудармалар. Осыдан келіп аз да болса, түпнұсқадан ауытқуға жол беріледі, көптеген жағдайларда стильдік, ұлттық ерекшеліктер сақталмай, бұрмаланады, сөйтіп, еріксіз қиянат жасалады» деп жазады.

Жазушы төте аударманың түйткілді мәселесі туралы орынды сөз қозғап отыр. Оның бұл айтқандарында көркем аударма саласындағы кешегі кеңестік уақыттың шындығы көрініс тапқан. Одан беріректе поэзия аудармасы жөнінде осыған ұқсас пікірді шығыстанушы, ақын Өтеген Күмісбаев та айтады. «Шығыс ақындарының аударылуын қанағат­танарлық деп табамыз. Бірақ әлі де болса екінші тіл арқылы алып келеміз. Дәл сол тілден аударғанға не жетсін?!. Шығыс тілдерінен тікелей бері қарап тартатын азын-аулақ мамандарымыз болғанымен бұл шаруаға жөнді қатыстырылмай келеді. Біз болашақта қатты ескеретін мәселелердің бірі осы екендігінде дау болмаса керек» (Күмісбаев Ө. Шығыс сарындары мен саздары,) деп жазады ол.
Әрине, аралық тілге жүгінбей түп­нұсқадан төте аударғанға не жетсін! Бұған ешкімнің таласы жоқ. Алайда Кеңес одағының құрамында болған көптеген халықтар үшін өмірдің барлық саласында орыс тілі негізгі қарым-қатынас, тіршілік ету тілі болды. Ондай салалардың қатарына ғылым мен әдебиет те кірді. Қазақ ұлты түгелге дерлік орыс тілін әртүрлі деңгейде білді. Тіпті жастайынан орыс тілінде тәрбие көріп, білім алғандықтан, ұлтымыздың елеулі бөлігі ана тілінен жырақтап, орыстілді қауым қатарына өтіп кетті. Орыс тілі олар үшін бірінші тілге, ана тіліне айналды. Ал қазақ ұлтының басым бөлігі үшін орыс тілі халқымыз жаппай меңгерген жалғыз шет тілі болды. Сондықтан ол ғылыми-шығармашылықта, соның ішінде көркем аударма жасауда да тек орыс тілінен ғана емес, барлық өзге тілдерден аударуда қолданылған әмбебап тіл рөлін атқарды. Сонымен қоса, батыс пен шығыс елдерімен тікелей әдеби-мәдени байланыстарымыздың өте әлсіз болуы, тіпті болмауы, өзге тілдерден аударылған әдебиеттер қорының алдымен орыс тілінде қалыптасуы сияқты факторлар да көркем аудармада бір тілге байлаулы, тәуелді болуымызға апарды. Тәржіме тәжірибемізде бұл үрдіс едәуір ұзақ уақытқа созылуына байланысты қалыпты құбылыс сияқты қабылданып, дәстүрге айнала бастады. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырға жуық уақытында да орыс тілін делдал тіл ретінде пайдаланудан әлі толық арыла алмай отырғандығымыз соның салдары.
Біздің тілдік капиталымыздың бай болғаны, оның ішінде орыс тілін жетік білетіндердің де көп болғаны жақсы. Алайда орыс тілі ана тіліміздің орнын иеленіп, ұлт өмірінен оның өз тілін ығыстырып тастауына жол берілсе, онда ұлт болашағы үшін алаңдамасқа болмайды. Орыс тілі біз үшін ағылшын, неміс, француз, араб, жапон, қытай, испан тілдерімен бірдей шет тілі болып саналуға тиіс. Іргелес ел, шекаралас жақын көршіміз, тарихи тағдырымыз байланыстырып, тығыз араласып келе жатқан, бүгінде ТМД, ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, Кеден Одағы, ЕЭО сияқты бірқатар одақтар құрамына кіретін экономикалық әріптес жұрттың тілі ретінде де орыс тілін бізден шалғайда орналасқан мемлекеттердің тілдерінен гөрі, мәселен, испан мен малай, португал мен норвег және басқа да тілдерден гөрі жақсырақ, көбірек білгеніміз жөн шығар. Тек ел ішіндегі мемлекеттік тіл кеңінен қолданылуға тиісті барлық салаларда өз тілімізді есіктен сығалатып, өзге тілді төрге оздырып қойсақ, онымыз елдігімізге сын болады. Ана тілін құрметтей алмайтын, оны шет тіліне алмастырып кете беретін ұрпақ тәрбиелейтін ұлттың болашағы бұлыңғыр. Поляк ғалымы Х.Янковски сырт көз ретінде біздің өз асылын бағалаудан гөрі, өзгенің жылтырағына көп қызығатын жағымсыз қасиетімізді дөп басып көрсетіпті. «Бес қазақ тұрса, бір орыс келсе орыс тілінде сөйлейді екен. Көшеде көремін, мектепте он қазақ баласы тұрса да, бір орыс келсе орыс тілінде сөйлей жөнеледі. Өздерінің ана тілін құрметтемейді» деп жазыпты ол,біздің бір басылымға берген сұхбатында. Шындығы сол. Оны жасырып, жабудың немесе оған шамданудың, жалған намысқа басып, «жоқ, біз ондай емеспіз» деудің еш реті жоқ.
Дегенмен, қоғам өмірінде болған өзгерістер, егемен елдің дербес даму жолы өз өзгерістерін енгізбей тұра алмады. Бізде өз ана тілінен өзге тек орыс тілін ғана білумен шектелетін ұлттан, көп тілді меңгерген ұлттар қатарына қосылуға деген ұмтылыс бар. Орыс тілімен шектелген аға буынның орнына ағылшын, түрік, қытай, неміс сияқты шет тілдерін меңгерген жаңа буын келе жатыр. Бұл үдеріс барған сайын үдей түсетініне күмән келтіру қиын. Әсіресе ағылшын тілі еліміздің орта мектептерінен бастап, жоғары оқу орындарында жаппай оқытыла бастады. Білімді тек ағылшын тілінде беретін немесе оған басымдық беретін білім ошақтары да артып келеді.
Көп тілді меңгерген елге айналуға қарай бет алғанымызды қазірдің өзінде батыс пен шығыс жұрттарының тілдерінен тікелей аударылған әдебиеттердің саны арта бастағанынан да көреміз. Мұны барынша құптаймыз. Ал енді мәселеге екінші жағынан қарағанда, «Көркем шығармаларды қазір шет тілдерінен аударумен кімдер айналысып жатыр?», «Олар қазақтың тілі мен әдебиетін, мәдениеті мен тұрмысын қай деңгейде біледі?» деген сұрақтар өз-өзінен туындайды. Неге десеңіз, әлемдік классиканы қазақ тіліне аударған аға буын негізінен ана тіліне уызынан жарыған, көрнекті қаламгерлер мен көркем аударма мектебінен өткен тәжірибелі аудармашылар еді. Мәселен, И.Тургеневті аударған М.Әуезов, Г.Мопассанды Ә.Кекілбаев, И.Бунин мен Л.Толстойды Қалихан Ысқақ сынды қазақтың көркем сөз өнерінің хас шеберлері аударса, О.Бальзакты Жұмағали Ысмағұлов, П.Меримені Әбілмәжін Жұмабаев, Г.Маркесті Кеңес Юсуп сияқты көркем аударманың майын ішкен майталмандары тәржімеледі. Бұл шығармаларды аударғандар ағылшын, неміс, француз тілін меңгермесе де, қазақ өмірі мен мәдениетін, әдебиеті мен арғы-бергі тарихын жақсы білетін, көшпелі өмір-салтының шетін көрген буын. Ал бүгінгі ағылшын, неміс, француз тілдерін меңгерген жас буынның шет тілдері мен мәдениетін терең білетініне күмән келтірмесек те, қазақ тұрмысы мен тілін алдыңғы буын ағалардай білетіндігіне аздап күмәнмен қарауымыздың негізі бар-жоғын олардың қаламынан туындаған шығармаларды салыстыра зерттеушілер айта жатар. Қалай десек те, біз алдағы уақытта әлем әдебиетінің жауһарларын түпнұсқадан оқи алатын және оларды делдал тілдің көмегінсіз өз тілімізге тікелей тәржімелеуге қабілетті ұлтқа айналуға ұмтылуға тиіспіз.
2013 жылғы дәстүрлі әдеби жыл қортындысында көркем аударма мәсе­лелері бойынша баяндама жасаған Бекболат Әдетов «2013 жылы 209 атаулы кітап қазақ тілінен басқа тілдерге, 94 атаулы кітап басқа тілдерден қазақ тіліне, соның ішінде 48-і ағылшын тілінен, 14-і орыс тілінен аударылып, жарық көріпті» деген мәліметті келтіріпті. (Тәржімелік тәжірибедегі кейбір шалағайлықтар. «Қазақ әдебиеті», 6-12 мау­сым 2014 жыл. № 23 (3395). Бір жылдың ішінде қазақшаға аударылған 94 кітаптың тең жартысынан сәл астамы, яғни 48-і ағылшын тілінен тікелей аударылғаны төте аудармадағы үлкен алға басушылық десек болады. Алайда бұл жерде «Сан мен сапаның сәйкестігі қандай?» деген сұрақ туады. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Бұған тек сандық көрсеткіш деп қараған күннің өзінде мұны делдал тілдің құрсауынан шығуға қарай бағытталған ұмтылыс, төте тәржімедегі ілгерілеушілік деп бағалаған абзал.
Шығыс пен батыс тілдерін жақсы меңгерген білікті мамандарымыздың бірі Ғалым Боқаш тіке аудару туралы былай деп жазады: «Байқап жүрмін, Қазақстанда аударма ісі ақсақ. Түпнұсқаны айтпағанда, ағылшын тілінен аударуға мүмкіншілік болса да, әлі күнге ескі соқпақпен келе жатырмыз. Орыс тілінен аударған соң оның бастапқы нұсқасынан түк қалмайды. Бұл, әсіресе, көркем әдебиетке қатысты. Бұл салада жетілдіретін нәрселер өте көп. Аударма саласында жүрген азаматтар да атсалысуы керек. Әрине, олардың қолында тұрған да ештеңе жоқ. Оған ішкі рыноктың аясы тар екені себеп. Аударманың «Мәдени мұраға» кіргенін қолдаймын. Бірақ, сапасына да назар аударып, екінші бір даму сатысына көшу керек. Тіке аудармаға көшу керек. Шетел әдебиетінен нені аудару керектігін де көп іздеудің қажеті жоқ, білген адам үшін олар әбден іріктеліп, сұрыпталып қойған («Алтын іздеген адам тәсілін құпия ұстайды». «Жезбұйда» порталы).
Өте орынды айтылған пікір. Білікті аудармашы мамандар тәрбиелеп, тіке аудармаға көшу қажеттігі еш дау ту­ғызбайды. Ішкі нарықтың шектеулілігіне қарамастан, бар мамандарды тиімді пайдаланып, төте аударудың жаңа дәстүрін қалыптастыруға бағытталған жоспарлы жұмыстарды қолға алған абзал. Бұл орайда «Мәдени мұра» әзірге жалғасын таппай отырғандықтан, шетел әдебиетін өз тілімізге, төлтума шығармаларымызды шет тілдеріне тікелей аударуға арналған жаңа бағдарламалар қолға алынса, тіпті орынды болар еді.
Соңғы әлеуметтік зерттеулер нәтижесі бойынша қазақтардың 59%-ы ағылшын тілін мүлде білмейді, жартылай білетіндер – 39%, ал 2%-ы ғана ағылшын тілін жетік білсе, соның ішінде 1%-ның ағылшын тілінің кәсіби лексикасын меңгергендігі анықталып отыр. Ал орыс тілін білу деңгейіміз мүлде басқа. Ұлтымыздың ­79%-ы орыс тілін еркін меңгерсе, жартылай меңгергендер – 20%, орыс тілін мүлде білмейтіндер 1% екен.Осы деректердің өзі-ақ көп нәрседен хабар берсе керек. Кеңестік кезеңде шет ел әдебиетін аударғандар осы 70-80% орыс тілін меңгергендердің арасынан шықса, қазір ағылшын тілінен аудару оны жетік білетін 1-2%-дың ішінен шығып отыр. Сонымен қатар ол 1-2%-дың арасынан біз әлі М.Әуезов пен Ә.Кекілбаев, Қ.Ысқақ деңгейіндегі сөз зергерлерін біле бермейтінімізді ескерсек, біз ағылшын тілінен тікелей аударудың алғашқы баспалдағына жаңадан аяқ басып тұрғандаймыз. Бірақ бұл істің болашағына біз күдікпен емес, үлкен үмітпен қарауға міндетті әрі мүдделі екенімізді ұмытуға болмайды.
Сонымен қатар орыс тілінің көмегіне жүгіне отырып жасалған қыруар жұмыстан, бүгін ел игілігіне жаратып отырған әлем әдебиетінің көркем туындыларынан бас тартудың да еш негізі жоқ екендігін де естен шығармағанымыз дұрыс. Бұл орайда аударма мәселесін зерттеуші армянның көрнекті әдебиеттанушы ғалымы Левон Мкртчянның «Кітаптардың белгілі бір тілде өмір сүретіні заңды. Бұл ретте олардың аударма немесе төлтума болуы онша маңызды емес. Тіл үшін олардың бәрі де түпнұсқа болып табылады» деген пікірі өте орынды айтылған деп білеміз. Төл әдебиетіміздің өсіп-өркендеуі мен дамуына, тіл байлығымыздың еселене түсуіне әлем әдебиетінің, жаһан жазушылары мен ақындарын аударудың зор ықпал еткені сөзсіз. Аударма әдебиеттердің саны мен сапасы, сондай-ақ уақыт сынына төтеп беруі өз алдына бөлек қарастырылатын мәселе. Жалпы алғанда, қашан, қай кезеңде аударылып жарияланғандығына қарамастан, аударма әдебиеттер қазақ тіліндегі көркем шығармалар қорымызға қосылған, оны толықтырып отырған әдеби байлығымыз. Ол байлыққа мұқият болу, көркем аударма ісін бүгінгі күн талабына сәйкес жаңа деңгейге көтере отырып, аударма әдебиеттер қорын үздік шығармалармен үздіксіз толықтырып отыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беру міндет.


Баға беріңіз