Жаңа инновациялық технологияларды оқыту үдерісіне енгізу және оның тиімділігі

Tilalem.kz

Tilalem.kz

26 қазан, 2017

Қоғамымыздың қазіргі даму кезеңі оқу орындарында тілді меңгерту жүйесінің алдына оқыту үрдісін технологияландыру мәселесін қойып отыр. Осындай сұраныстарға орай оқытудың жаңа технологиялары жасалынып, оқыту орталықтарының тәжірибесіне де енгізілуде. Тілдерді оқыту орталығы оқытушыларының инновациялық даярлығын қалыптастыру – олардың жаңа педагогикалық технологияны меңгеруінің алғы шарты. Ал оқытушылардың жаңа технологияларды меңгеруі мен оны оқыту үрдісіне енгізуі – уақыт талабы. Өйткені, инновациялық технологияны меңгеру оқытушылардың іскерлігін, ізденісін туғызып, шығармашылықпен жұмыс істеуіне жол ашса, тіл үйренушілердің білім сапасын арттыруға өз үлесін қосады.

Жамбыл облысы әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығы облыс әкімінің қолдауымен толығымен облыстық бюджеттен қаржыландырылатын бірден бір орталық. Оқыту орталығында мемлекеттік тілді оқытатын 3 оқу кабинеті және ағылшын тілін оқытатын 1 лингафондық оқу кабинеті бар. Әрбір оқу кабинеттері 10+1 компьютер кешенімен, интерактивті тақтамен, стендтермен жабдықталған. Орталықтың арнайы кітапхана қорында 6 000-ға жуық оқу әдістемелік кешендер, түрлі сала бойынша сөздіктер, көркем және әлем әдебиеттері, түрлі энциклопедиялар жинақталған. Орталықтың 8 аудандық оқыту бөлімшелері ашылған: Қордай, Шу, Меркі, Талас, Сарысу, Жамбыл, Жуалы және Байзақ аудандарында. Барлық аудандық оқыту бөлімшелеріндегі оқу кабинеттері де бүгінгі заман талабына сай жабдықталған.

Орталықтың жалпы штатында 43 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 19 оқытушы, 4 әдіскер және 8 аудандық бөлімше меңгерушілері қазақ және ағылшын тілі сабақтарынан дәріс береді. Оқу курстары Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандартына сәйкес 5 деңгейлік (А1, А2, В1, В2, С1) бірүлгі бағдарламасы бойынша ұйымдастырылады.

Осы кезекте, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы нәтижелер көрсеткіштерінің бірі ретінде:

«Онлайн режимінде қашықтан қол жеткізу мүмкіндігін пайдалана отырып ұйымдастырылған мемлекеттік тілді оқыту орталықтары оқытушыларының біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шаралардың үлесін (2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 50%, 2020 жылға қарай - 90%) арттыру»- міндеттелген. Осы бағытта Жамбыл облысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсам, жоғарыда берілген нәтижелі көрсеткішті орындау мақсатында Жамбыл облысы әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығы 2017 жылдан бастап онлайн бағдарламасын орнатып, барлық облысқа қарасты аудандардағы оқыту бөлімшелеріндегі оқытушылардыңбіліктілігін арттыруға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруда. Атап айтсақ, ағымдағы жылдың ақпан айында оқыту орталығының әдіскерлері онлайн режимде барлық аудандық оқыту бөлімшелері мен Тараз қалалық оқыту орталығының оқытушыларына «Жаңартылған бағдарлама – оқытудың жаңа мазмұны» тақырыбында оқыту семинарын онлайн режимде өткізді. Семинар барысында 2017 жылы қолданысқа енгізілген ҚР Ұлттық стандарты, қазақ тілін оқытуға арналған бірүлгі бағдарламасы және «Қазақ тіл» оқу-әдістемелік кешенінің II басылымы таныстырылды. Сонымен қатар, наурыз айында ағылшын тілі оқытушыларының біліктілігін арттыру мақсатында жоғары және арнаулы орта оқу орындары, жекеменшік үш тілді оқытатын тіл орталықтарындағы білікті оқытушыларының қатысуымен «Ағылшын тілін оқытудағы инновациялық әдіс-тәсілдер» тақырыбында онлайн семинар-тренинг ұйымдастырылды.

Жоғарыда ұйымдастырылған іс-шаралардан бөлек, онлайн режимі арқылы аудандық оқыту бөлімшелерде өткізілетін сабақтардың өтілуін қадағалау жұмысы қолға алынған.

Апта сайынғы аудандық оқыту бөлімшелері меңгерушілерінің қатысумен өтетін оқыту орталығының жиналыстары да онлайн режимде өткізіледі.

Осы сияқты іс-шаралар мен күнделікті жұмыс барысында онлайн бағдарламасын қолдану айтарлықтай орталықтың жоспарлы жұмыстарына тың өзгерістер алып келді. Онлайн бағдарламасы келесі тиімділіктерін анықтадық:

іс-шараға бір мезетте үлкен аудиторияны қамтуға мүмкіндік береді;

шалғай орналасқан аудандармен жедел байланыс орнатуға болады;

аудандардағы өткізіліп жатқан оқыту курстарын бақылап, қадағалау мүмкіндігі беріледі;

оқытушыларға оқыту жүйесінде өзара еркін тәжірибе алмасуға мүмкіндік туғызады.

Тілдерді үйрету жүйесіне жаңа ақпараттық технологияны енгізу мақсатында Тілдерді оқыту орталығының www.tilzhambyl.kz сайты жаңартылып, әрбір тіл үйренушіге сайтта онлайн режимінде тіркелу арқылы қалаған курстарына жазыла алу мүмкіндігі беріліп отыр. Сонымен қатар, мекеме басшылары өз қызметкерлерінің сабаққа қатысуы туралы мәліметті сайттан білуіне болады және сайттың мобильді нұсқасы бойынша әрбір тыңдаушы өз сабақ кестесін кез келген уақытта өзінің ұялы телефоны арқылы біле алады. 2017 жылы оқыту орталығының ресми сайтына бірқатар өзгерістер енгізіліп, тіл үйренушілерге тілді еркін меңгеруіне қолайлы жағдай жасалды. Атап айтсақ, сайт контентіне эксперимент ретінде бейне сабақтар айдары енгізіліп, онда тіл үйренуші курс барысында өткізілген сабақтарды қажеттілігіне қарай қайта көре алады.

2016 жылғы Қазақ тілі А1 деңгейінің оқулығына негізделіп жасалған бұл бейне сабақтар оқытушының жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, қазақ тілін меңгертудің тиімділігін арттыруда да өз үлесін қосуда. Қазіргі кездегі орталықтағы А1, А2 деңгейіндегі қазақ тілі курстары толығымен екінші басылымдағы Қазақ тілі оқулықтарымен жүргізілгендіктен бейне сабақтардағы жаттығулар мен грамматика, жаңа сөздер толығымен оқулықтан алынған. Сондықтан тыңдаушы түсінбеген немесе есінен шыққан жаңа сөздер мен ережелерді кез-келген өзіне ыңғайлы уақытта қайта қарау мүмкіндігіне ие болады. Тілдерді оқыту орталықтары әр түрлі салада қызмет атқарып жүрген ересек тұрғындарды оқытатындықтан, курс барсында қандай да бір себептермен курсқа қатыса алмаған тыңдаушы өз тобындағы тіл үйренушілерден артта қалып қоймай, өз бетімен тілді үйрене алады. Осы орайда тіл меңгертудің тиімділігін арттыру үшін осы бейне сабақтарды дамыта отырып электронды (word) нұсқасын қоса енгізетін болсақ, бейне сабақтардың нәтижелілігі артары сөзсіз. Әрине бұл әлі экспериментті жоба болғандықтан кемшіл тұстары көп болуы мүмкін. Қазақ тілін оқытудағы бірүлгі бағдарламаның жасалуы бізге жаңа мүмкіндіктер ашты. Ендігі кезекте бірүлгі бағдарлама негізінде В1, В2, С1 деңгейлеріне арналған оқулықтар әзірленсе, және осы оқулықтарға қосымша ретінде жұмыс дәптері жасалынса, мемлекеттік тілді барлық өңірлерде бірдей деңгейде меңгертуге мүмкіндік туады. Жұмыс дәптері жасалынатын болса, жинақ жасап баспадан басып шығарудың қажеттілігі жоқ, әр деңгейге оңайдан күрделіге принципімен 120 сағатқа арналған «Word» нұсқалары таратылым ретінде электронды нұсқасы дайындалса жеткілікті. Әр облыс өз өңірінің тілдік ахуалына қарай сағат санын қысқартып немесе толығымен пайдалана алар еді.

Оқытушылардың қазақ тілін меңгерту барысында кездесетін тағы бір өзекті мәселесі мемлекеттік тілді ересек тұрғындарға үйрету үшін пайдаланатын ойындар тапшылығы. Бүгінгі заманымыздың өзі технологиялар кезеңі болғандықтан, қазіргі таңда оқыту технологияларының түрлері өте көп. Атап айтсақ: ынтымақтастық технологиясы, ойын арқылы оқыту технологиясы, білім беруді ізгілендіру технологиясы, дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы, оқытудың модульдік технологиясы, дамыта оқыту технологиясы, ақпараттық-коммуникативті технология, деңгейлеп саралап оқыту технологиясы, тірек сигналдар арқылы оқыту технологиясы, проблемалық оқыту, Анатолий Гиннің педагогикалық технологиясы және т.с.с. тізе берсе оқыту технологиялар жетерлік.

Осы технологиялардың ішінде әрбір оқытушының шеберлігіне байланысты тиімді болып табылатын түрлері бар. Қазақ тілін оқытуда ойын технологиясын пайдалану өте тиімді деп білемін. Кімді болса да, мейлі ол жас бала болсын, ересек адам болсын ынта қоя кіріседі.

Жалпы ойын технологиясы қазақ тілін ересектерге оқытумен айналысып жүрген барлық әріптестерімізді қызықтыратын, талай рет ойландырып, көкейлерінде алуан түрлі сұрақтар туғызған тақырып деп ойлаймын. Себебі сабақты қызықты етіп өткізу, оқыту үрдісін тартымды етіп ұйымдастыру мәселесін шешу жолында ойымызға келетін ең негізгі жолдардың бірі – ойын технологияларын қолдану.

Нақты біздің ісімізде, яғни ересектерге қазақ тілін оқытуда қолданылатын ойынның мақсаты – ойын технологиясы арқылы тіл үйренушілердің сөйлеу дағдысын дамыту, қалыптастыру, сөздік қорын арттыру. Ал міндеті – тіл үйренушілердің қазақ тіліне деген қызығушылығын ояту, белсенділігін арттыру, тілді үйренуге деген ынта - ықыластарын күшейту.

Әртүрлі салада қызмет ететін, тілді меңгеру қабілеттері де, жас ерекшеліктері де әртүрлі, дүниетанымдары мен көзқарастары да әр қилы адамдармен жұмыс істейміз. Олардың бірі жұмысындағы аяқталмай қалған ісін уайымдап, екіншісі ертеңгі күнгі іссапарын жоспарлап, ал енді бірі отбасындағы бір жағдайды ойлап отыруы мүмкін. Оқытушының алдындағы ең бірінші міндет – алдында отырған осындай алуан түрлі тіл үйренушілердің ойын қазақ тілін үйренуге шоғырландыру, олардың барлық басқа ойларын ұмыттыру. Ал сабақ барысында дұрыс, сауатты әрі орынды қолданылған ойын түрлері осы мәселелерді шешудегі басты тиімді құралдардың бірі деп сеніммен айтуға болады.

Оқыту үрдісінде қолданылатын ойындар – тіл үйренушілердің білімдерін арттырудың құралы. Ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндетті шешеді. Сабақтың қай кезеңінде қолданылуына байланысты ойындардың мақсат-міндеттері әртүрлі болуы мүмкін. Ойынды сабақтың басында қолданса, өткен сабақты еске түсіруге бағытталады. Сабақтың ортасында болса, тыңдаушылардың көңіл-күйін сергітеді, ерік-жігерін дамытады, сабаққа ынтасын арттырады. Ал сабақтың соңында қолданылған ойын тақырыпты бекіту, сабақта алған білімді жинақтау мақсатын көздейді.

Сондықтан біздің орталықтың оқытушылары мен әдіскерлері қазақ тілі сабағында қолданылып жүрген 50-ге жуық ойын түрін жинақтап, біріктірді. Бұл ойын түрлері қазіргі таңда оқыту орталығының оқытушылары тарапынан күнделікті сабақтар барысында тиімді қолданылып, жақсы нәтижесін беруде.

Қорытындылай келе, жаңа инновациялық технологияларды оқыту үдерісіне енгізу – бүгінгі заманның талабы. Күннен күнге дамып бара жатқан технологияны еркін меңгеріп, сабақ барысында жаңа оқыту технологияларын тиімді пайдаланатын оқытушының тілді үйретуде үлкен жетістікке жетері анық! Сонымен қатар жаңа оқулықтармен қосымша көмекші құралдар әзірлеу барысында өңірлердегі орталықтардың оқытушыларының пікірлері назарға алынса деген тілегіміз бар.


Баға беріңіз