Тіл және қоғам №1 (43) / 2016
Сипаттама
Еліміздің тәуелсіздікке ие болуы, қоғамның барлық саласының тынысын ашқан еркіндік самалы, азаттық мұраттарының жаңғыруы ең басты рухани қазынамыз, хатталған тарихымыз, бабалар аманаты сақталған тіліміздің өрісін ашып, Алаш баласын тұтастырартірек болуымен бірге, қазақтың атымен мемлекет құрған елдіңнегізгі тіліне де айналды. Қазақ тілінің Конституциямен бекітілген осындай мемлекеттік мәртебесі тілдің қолданыс аясын кеңейту жұмыстарында насихаттық шараларды да жүргізуді қажет етеді.Еліміздегі тіл саясатын жүзеге асыратын мемлекеттік орган –Мәдениет және спорт министрлігінің басылымы болғандықтан, «Тіл және қоғам» журналы алғаш жарық көрген кезден бастап тіл саласына қатысты басым бағыттарды негізге алып келеді. Журналдың биылғы жылғы алғашқы санында да осындай дәстүрлі бағыт жалғасын тауып, сонымен бірге бұрынғыларға қоса, жаңадан «Маржан сөз», «Әлемдік ақыл-ойдан», «Қалтарыста қалған қазына» сияқты айдарлар енгізілді. Мұндағы мақсат – қазақ тілінің байлығы мен бейнелілігін таныту, тілдің адам мен қоғам өміріндегі айрықша маңызын ашқан әлемдік деңгейдегі тұлғалардың ойлары- мен қазақ оқырмандарын қауыштыру және тарихи кезеңдерде тіл туралы жазылған, бүгіндері әлі де өзектілігін сақтаған көпшілікке беймәлім еңбектерді таныстыру. Әлбетте, журнал ономастика, терминология және әдістеме мәселелері туралы мақалалар жариялауды жалғастырып, «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды орынды, дәмді болуына сыншылдық керек; мағыналы, маңызды болуына білім керек» деп ұлттық тіл біліміміздің атасы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, авторлардан жаңашыл мазмұндағы еңбектер күтеміз.