Қазقاز        
Бізге хат жазыңыз
Бізге хат жазу

Байланыс

Мекенжайы:
Нұр-Сұлтан қаласы, Сауран көшесі, 7А
Телефон:
+7(7172) 40-83-67

+7(7172) 40-83-93
E-mail:
info@tilqazyna.kz

tilalemi.kz@gmail.com
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Ұлт ұстазы және әлемдік тіл білімі

28.2.2022 2060
Әлемдік тіл ғылымының ғылым ретінде қалыптасып дамуы талай жүз жылдықтарды қамтиды.

Оның әрбір кезеңінде тіл білімінің әр алуан мәселелері шешілді, тіл теориясының әрқилы сұрақтары әртүрлі тілдердің деректері бойын­ша шешімін тапты. Әлемдік тіл білімінің негізгі теориялық қисындарын табу мен танудың тұжырымды жауаптары атақты Әл-Фараби зерттеулерінде философиялық тұрғыдан талданды. Әлемге белгілі ұлы ғалым, екінші ұстаз трактаттарында тіл білімінің басты қағидалары мен тіл философиясына қатысты ғылыми ірі тұжырымдар жасалды. «Ғылымның шығу тегі туралы» еңбегінде барлық жаратылыстану ғылымдарының бастауы Тілден деген кемел ойдың айтылуы бүгінгі ғылыми таным үшін маңызды.

М.Қашқари «Лұғатында» түркі тіл­дерінің жүйесі салыстырмалы-тарихи бағытта алғаш рет зерделеніп, морфо­логиялық құрамы мен лексиколо­гиялық дамуы туралы тұңғыш рет ғылыми анық­тама берілді.

ХХ ғасыр басында Қазақ даласында «Алаш» ұранының дауысы ұлы даланы шын мәнісінде жаңғыртты. Бұл дауыс мың жылдық тарихы бар далалық өркениеттің ізін анықтап, танытып, танып, сол арқылы оянуға шақырды. Оянудың басты жолы – білім жолы, ғылым жолы, мәдениет жолы екені ұсынылды. «Дүниядағы жұрттың тілі негізінде үшке бөлінеді: 1) түбіршік тіл, 2) жал­ғамалы тіл, 3) қопармалы тіл. Түбір­шік тіл түпкі қалпынан өзгерілмей жұмса­ла­ды. Мәселен, қытай һәм жапон тілдері. Жалғамалы тіл сөздің аяғына жалғау қо­сылып өзгерілетін тіл, мәселен, түрік, фин тілдері. Қопармалы тіл сөз түбірімен қопарылып, өзгерілетін тіл, мәселен, орыс тілі, араб тілі. Біздің қазақ тілі түрік тілінің бір тарауы болғандықтан, жалғамалы. Қазақ сөзінің түбірі өзгерілмей, аяғына жалғау қосып өзгеріледі, деп қазақ тілі­нің әлем тілдеріндегі орнын анықтаған Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің қол­даныстағы әдеби тіл екенін барынша ғылыми негіздеп, тұңғыш рет қазақ тілін – зерттеу нысаны ретінде ұсынды. Яғни А.Байтұрсынұлы зерттеулері арқылы қазақ тілінің тілдік деректері жалғамалы түрік тілдерінің бірі ретінде ғылыми айналысқа түсті. Бұлай деуіміздің мәні тереңде. Ауызекі сөйлеу тілі барынша дамыған деп танығанымызбен, Ахмет Байтұрсынұлы зерттеулеріне дейін, қазақ тілінің ғылыми жүйесі, грамматикалық құрылымының негізі, қалыптасқан басты заңдылықтары мен қағидалары ашыл­мағаны, өзіндік ерекшелігі мен белгілері сараланбағаны анық еді. Ахмет еңбектері негізінде әлем қазақ тілінің басты дыбыс­тық ерекшелігімен, грамматикалық құры­лымындағы заңдылықтарымен, мор­фологиялық құрамымен, лексикалық бас­ты құндылықтарымен, орфографиялық сипатымен танысты десек артық болмас. Қазақ тілінің басты грамматикалық ерекшеліктерін жазу үшін ғылыми стильде таныту үшін ғылыми метатіл керек еді. Ал қазақ тілінде мұндай метатіл жасалмағаны былай тұрсын, нақты ғылыми деректерді танытатын терім сөз де болмағаны рас еді. Қазақтың жалпақ сөзінен пән сөздерін саралап алып, оның ғылыми негізін, уәжін таңдап, талдап, саралап алу да – Ахмет зерттеулеріне тән. Ең бастысы, үш нәрсені ерекше бөліп көрсетеміз:

1) Ахмет зерттеуі арқылы қазақ тілі – тіл ғылымының зерттеу нысанына айналды; 2) Ахмет зерттеулерінің нәтижесінде қазақ тілі білімінің ғылыми метатілі жасалды; 3) ұлттық діл мен дүниетанымға негізделген ұлттық терім сөз (пән сөздер) жүйесі жасалды.

«Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі», дейді А.Байтұрсынұлы. Яғни біріншіден тіл – адамның адамдық белгісі; екіншіден сол белгінің ішіндегі зоры; үшіншіден, жұмсайтын қаруының бірі. Қарапайым сөзбен өрнектелген бұл ғылыми ақиқат­ты біз В. фон Гумбольдт идеяларымен байланыстырар едік. Бәрімізге белгілісі, Гумбольдт ілімі тіл ғылымына үзілмей­тін энергия әкелді. Жалпы тіл білімі мен тіл философиясының негізін қалаушы В. фон Гумбольдтың философиялық, лингвистикалық зерттеулері негізінде түзіл­ген ғылыми көзқарастары мен тіл зерт­теу тәсілдерінің жиынтығы – АДАМ идеясы екені белгілі. Гумбольдт тео­риялық әдіснамалық негізіне тілді зерт­теудің антропологиялық ұстанымы алынған. Осыған сәйкес тілді зерттеу адам­ның ой-санасымен, ойлау қабілетімен, мәдениетімен және рухани өмірімен тығыз байланысты болуы қажет деп есептеуі арқылы еуропалық лингвистика ғылымын алға оздырды. Ал Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл-Құралда» «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі», дейді. Далалық дүниетанымда тіл туралы ой оздырған тағылымды ойлар мол. Алайда Ахмет әлемдік ойға ат ізін бұрып, адам баласының басты белгісі – тіл және оның ең зоры екенін алға тартады. Ахметтік ілімнің антропологиялық ұстанымы терең. Екіншіден, тіл – жұм­сайтын қару. Қару болғанда да қарым-қатынас құралы. Ғалым оқулықтарының «Тіл – құрал» аталуының да маңызын осыдан деп түсінеміз. Адам баласының қоғамда өмір сүруінің басты кілті де, сыры да – тілде. Бұл ілім Гердердің тіл табиғаты мен шығу тегінің, тіл мен ойдың, ой мен «халық рухының» байланысы туралы идеяларына, сонымен қатар Шлегелейдің тілдердің типологиялық (морфологиялық) жүйесі теориясына жақын келеді деуге толық негіз бар. Ахмет те «Осы дүниядағы адамдар тілінен айрылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді. Осы күнгі адамдар жазудан айрылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айрылғаннан жеңіл болмас еді. Біздің заманымыз жазу заманы: жазумен сөйлесу – ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман», деп жазады. Адамды адам ететін күш – тіл. Адам өзінің тілдік қабілетін оята отырып, басқалармен тілдік қарым-қатынас жасау барысында, әр кезде өз күшімен өз тілін жасайды. Тіл – өлі жеміс емес, тудырушы процесс, өзі де туынды. Гумбольдтың пікірінше, тіл – адам рухының қызметі, адам жанының тереңінен шығып, оның бүкіл болмысына тарайтын халықтық қуат. Тіл – аяқталған іс не зат емес, ол – қызмет. Тілде рухани өмірдің нәтижелері ғана емес, өмірдің өзі көрініс табады. Ал Ахмет үшін «сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу», «жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу» маңыз­ды. «Қай сөз қандай орында қалай өзге­ріліп, қалайша біріне-бірі қиындасып, жалғасатындай дағдысын білу» маңызды. Бұл қазақ ұлтының сөйлеу тілінің шешен де көсем болуына деген кірпияз көзқарасы да. Тілдің шынайы анықтамасы тек генетикалық анықтама болуы мүмкін. Тіл – адамның бүкіл іс-әрекетінің негізі болатын адам рухының ең басты қызметі. Тілді халық дүниетанымының айнасына балаған Ахмет Байтұрсынұлы «халық өмірі бір жылдап, он жылдап, хәттә жүз жыл­дап та емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде һәм халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып тізілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады», деп жазады.

Ал тілдің дүниеге келуі, Гумбольдтың пікірінше, ұғым мен дыбыстың тұтас­тығынан шығатын, дыбысты ойдың тірі көрінісіне айналдыратын жиынтық үде­ріске байланысты болады. Синтездің өзі екі логикалық жүйелі байланысы бар кезеңнен тұрады: 1) тұлғаланбаған дыбыс пен ойды бөліп қарастыру, айтылатын дыбыс пен тілдік ұғымды қалыптастыру; 2) осы екеуін тұтас бірлікке айналдыру. Тілдік жасалу және туындау ұғымдарымен тығыз байланысты тағы бір ұғым бар, ол – тілдік тұлға туралы ұғым. Гумбольдтың ойынша, тілдік тұлға – рухани бірліктегі жеке тіл бөліктерінің жиынтығы. Кез келген тілдің тұлғасы – сол тілде сөйлеуші адам­дардың рухани қасиеттерімен байланыста болатын қайталанбайтын жаратылыс. Гумбольдт «ішкі» және «сыртқы» тілдік тұлғаны бөліп қарастырды. «Ішкі тілдік тұлғаның» туындауы түбегейлі қағидаттарға байланысты болғандықтан, тіл құрылымының бүкіл ерекшеліктерін айқындайды, ал сыртқы тұлға – (дыбыс, грамматика) ішкі тұлғаның көрінісі. Гумбольдтық осы ой ұшқыны Ахметте қазақ тілі деректері арқылы нақтыланып, жаңаша өріледі. Өзі жаңадан жазып отыр­ған «Тіл құралдың» бастапқыда қа­зақы танымға таң болып көрінетінін, біраз жатырқау да болатынын, «өйткені бұл қазақта бұрын болмаған зат екенін» тап баса тани келе, ең бірінші – сөйлеу мен сөйлемді айыру, сөз бен сөздің буы­нын айыру, буын мен буындағы дыбысты айыруды аса маңызды санайды. Бұл аталған үш мәселе әлемдік тіл теориясындағы аса күрделі де оқшау ғылыми мәселелер. Бұл – тілдің ішкі бірлігі арқылы тұтаса, сабақтаса да салаласа танылатын тұтастық. Бұл – тіл танудағы үлкен ғылыми ойды шоғырландырған, күрделі ілім қалыптастыратын теориялар еді. Ғажабы сол, Ахмет Гумбольдтың «ішкі» және «сыртқы» деген қағидасын да өзіндік жүйемен қолдана білген. Мәні – ортақ, идеясы – бір, қолданысы – ерекше. Қазақ сөзіне жалғанатын қосымшалар­­дың беретін ішкі мағынасына қарай «бірі сөз­дің тұлғасын өзгертсе де, ішкі мағына­сын өзгертпейді, екіншісі сөздің тұлға­сын да, мағынасын да өзгертеді. Сондық­тан бастапқысы тысқарғы, соңғысы ішкергі жалғау деп аталады. Яки, екі ғалымның да айтпағы сыртқы тұлға – дыбыс, грам­матикалық мағына, ішкі тұлға – сөздің ішкі мағынасы, сөздің ішкі болмысындағы мән. «Екі түрлі жалғаудың тысқарғысы сөйлегенде, жазғанда сөздерді бір-біріне қиындастырып тізу үшін қажет, ішкергісі бір мағыналы сөзден екінші мағыналы сөз шығарып, сөзден сөз туғызып, көбейтіп, тілді байыту үшін қажет».

Тіл – ұлттық ой-сананың өзіндік құ­ралы. Оның түсінуінше, тіл – әлемнің тікелей айнасы ғана емес, сонымен қатар адамның тіл арқылы әлемді түсінуі. Ахмет­тің еңбегін неге «Тіл – құрал» деп атағанын Гумбольдт еңбектерін зерделеу барысында терең түсіне бастағандаймыз. Ия, тіл – адам баласының ішкі қуатын дамытатын құрал.

Әртүрлі тілдерде түрлі дүниетанымдар көрініс табады. Оларда бір заттың әртүрлі атауы ғана кездеспей, керісінше, сол заттың түрлі көрінісі таңбаланады. Сөз – заттың ғана таңбасы емес, сол заттың әсерінен адамның ішкі дүниесінде пайда болған сезімдердің де бейнелі таңбасы. Тілдің жасалу нәтижесінде сол заттың түсінігі де пайда болады. Жеке заттарды атау барысында кез келген тіл шын мәніндегі шығармашылықпен айналысады. Сол тілде сөйлейтін халық үшін әлемнің бейнесін жасап береді. Гумбольдтқа сүйенер болсақ, әрбір тіл өз халқы үшін белгілі шеңберді құра­ды, адам бұл шеңберден шығып кетсе, басқа бір шеңберге тап болады. Дүние­таным жүйесі ретінде тіл адамның жүріс-тұрысын да реттейді: адамның заттарға деген көзқарасы тілге тәуелді болады. Осы ғылыми ой Ахметте былайша жал­ғасып жатады: «Ұзақ өмірінің ішінде һәр халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздерінің біріне-бірі жалғасып тізілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Һәр жұрттың түрінде тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады. Біздің жа­сынан орысша я ноғайша оқыған ба­уырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды, я жазса да қиындықпен жазады. Себебі ол қазақша жазып дағдыланбағандық. ...Сондай кемшілік болмас үшін, һәр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін біл­діріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта ­бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқыту тиіс». Байқап отырғанымыздай, қазақ ғалымы Гумбольдт ойын әрі қарай шиырлата дамытып, өз елінің шындығы негізінде ой өрбітіп, тілді оқыту мен адамның дүние­танымының арасындағы жақын байла­ныс­ты, сабақтастықты те­реңнен барлайды.

Гумбольдт бағдарламасының теория­лық-әдіснамалық негіздерінің ерекше­ліктері мен Ахмет идеяларының бір-бірі­мен астасып жақын келуінің бас­ты шарты – тілдің адамның адамдық белгі­сінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі екен­дігімен астасып, жапсарласып жатыр деп түсінеміз. Қос ғалым зерттеулерінің ішкі тұ­тас­тығы мынадай идеяларынан анық аңға­рылады:

- адам мен тілді зерттеудегі табиғи және әрекеттік қағидаттардың жиынтығы (бірлігі) – тіл, ол – рухтың организмі және рухтың әрекеті;

- тілге деген жүйелі тұтастық көзқарас;

- тіл сипатындағы құрылыстық-стати­калық көзқарастан гөрі, динамикалық про­цессуальдық генетикалық көзқарастың маңызды болуы;

- тілдің жалпы дамуынан гөрі, сөйлеуге көбірек көңіл бөлуі;

- әлемдегі нақты тілдерді бағалаумен қатар, тілді жалпы адамзаттық мұра ре­тінде қарастыруы;

- тілдің тек өзін ғана зерттемей, оны адамның басқа да рухани әрекеттерімен, ең бастысы, өнермен байланыстыруы.

Соңғы тұжырым Ахмет еңбектерінде де мол ұшырасады. Ғалым өзге тілден енген сөздердің, әсіресе орыс тілінен енген сөздердің тіліміздің ішкі айтылу та­биғатына, айтылу сазына кері әсер ете­тінін, ана тіліміздегі сөзіміз шұбарланып, әуені бұзылатынын айтып, сондықтан басқа тілдің сөзін өз тіліміздің дыбыстық ерекшелігімен айту керектігін ескерткен. Көп ой тұжырымдап, нақты тілдік деректерді зерделеген ғалым үшін «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп тұжырым жасау оңай болмағаны анық. Сондықтан да Ахмет әліпбиін қайта қарастырып, кейінгі нұсқасында «х, Һ, ф» дыбыстарын енгізбеген.

«Сөздің асыл болуы ұнауымен. Сөз көңілге ыспат жағының көркемдігімен, сөз мағына жағының күштілігімен жағады. Сөз көркемдігінің әуезінің әдемілігі мен кестесінің келісті болуынан табылады», деп жазады Ахмет.

Әлемдік тіл білімінің қалыптасқан дәстүрі мен жолы бар десек, сол жолды да, жүйені де жасаушы ғалымдар негізінен жеке бір тілді зерттеуші ғалымдар екені айдан анық. Ұлы далада ауызекі дамып, жатталып жатқан тілді қаттап, жазуын өз заңдылығына сәйкестендіре реформалап, метатілін жасап, терминдерін негіздеп, әлемдік ойға көшпелі ой қосқан, түркі тілдерінің фоно-сингармологиялық жүйесін тұңғыш негіздеген Ахмет Байтұр­сынұлының еңбегін әлемдік тіл біліміне қосқан үлес деп бағалаймыз.

А.М.Сухотин мен К.К.Юдахин «Бай­­­­­тұрсынов емлесі» туралы мына­дай пікір білдіреді: «Дауысты дыбыс­тар­­­дың жұптасуына дауыссыз дыбыс­тар арқылы беруді арнайы ұяңдану бел­­­гі­сімен толықтырудың ұқсас әдісін біз «қырғыздар» қабылдаған қазақтың «Байтұрсынов» емлесінен байқаймыз. Бұл емленің ерекшелігі сол, қазақ тілінің ­9 дауысты дыбысы 5 таңбамен графика­лық түрде беріліп, қырғыздың 8 дауысты дыбысына бар-жоғы 4 таңба қажет бол­ған. Дауысты дыбыстардың белгілерінің мұндай азаю мүмкіндігіне арнайы емле тәсілі арқылы қол жеткізілді, бұл q –ƣ әріптерімен буын немесе сөз «қатаң», ал k -g немесе белгімен –«ұяң» деп айтыла­ды. Бұл емледегі кейбір сәйкессіздік жазу­да бір ретпен әртүрлі көрсетілген».

А.Байтұрсынұлы туралы М. Жүсіпұлы «Ахмет Байтұрсынов және қазіргі қазақ тілі фонологиясы» атты монографиясында А.Байтұрсыновтың сингармофонема­лық алфавиті мен сингармофонемалық орфографиясының негізгі принциптері, ұғымдары, нормалық категориялары туралы мынадай тұжырым айтады:

- араб графикасының негізін (тегін) сақтауы;

- сингармофонема – сингармо-­
ды­быстар қоры;

- әріп – бір таңбаның төрт түрлі өз­герілген қоры;

- қазақ тілі сөйлесімі процесінің син­гармониялық қасиеттерін көрсету үшін, орфографияның сингармофонемалық принципін және арнайы таңба – «дәйек­шіні» пайдалануы;

- қазақ тілі орфографиясының негізгі принципі – сингармониялық принцип.

Қазіргі таңда қолданылып жүрген қазақ жазуында осы аталған бес ереженің екеуі сақталғандығын айтады: а) сингармофонема –сингармодыбыстар қоры; ә) негізгі орфографиялық принцип – сингармофонемалық принцип дей отырып, сингармониялық жұп әріптерге тоқталады: а-ә, о-е, ы-і, ұ-ү.... М. Жүсіпұлы былай дейді: «Қазақ сана-сезіміндегі қазақ тілі дыбыстарының психологиялық бейнелерін анықтап, сол арқылы қазақ тілі сингармофонемаларының санын және қасиеттерін анықтауда А.Байтұрсыновтың ой-өрісі, талғамы өзгеріске ұшырамады, яғни бір логикалық арнада, бір ғылыми-теориялық және практикалық бағытта болды». Десек те, Ахметтің ғылыми пікір­лері мен тұжырымдары қатып қалған догма болмағанын, оның үнемі ізденісте, сондықтан ғылыми ойларының дамуда, тіл заңдылығына негізделе отырып жетілгенін кейінгі жас ғалымдар зерттеп, нақты дәлелдермен дәлелдеп отырғанын да ескереміз. Бұл тұрғыдан жас ғалым Әділет Ахметовтің ойлы мақалаларын ерекше атап өтер едік.

«А.Байтұрсынұлы қазақ тілінде 2 жар­ты дауысты бар деп ескерген кезде, қай елдің әліпбиіне сүйенді деген сауалға келер болсақ, жарты дауысты ﯞ (у) һәм ﻱ (й) Англияда да бар екендігін ескере отырып, оларға өз алдына басқа хәріфтер алынбайды, себебі дауысты дыбыстардың соңынан келетін ﯞ (у) һәм ﻱ (й) жарты дауысты болады, қағидалары бар деген Бөкейхановтың пікірімен санаса келе, сол қағиданы біздің тілімізге кіргізуге болады дейді. Жарты дауысты ﯞ (у) һәм ﻱ (й) үшін харіф белгілеп, арнамайтындығын да ескертіп өтеді, деп жазады Н. Сайбекова зерттеуінде.

Қорытындылай келгенде, А.Байтұр­сынұлы қазақ тілі білімін зерттеу барысында әлемдік тіл біліміне мынадай үлес қосты деп санаймыз:

- А.Байтұрсынұлы зерттеулері нәти­жесінде қазақ тілі өзіндік ішкі заңды­лық­тарға негізделген ұлт тілі ретінде алғаш зерттеу нысанына айналды;

- әлемдік грамматология теориясына қазақ тілінің жазу жүйесін реформалауы нәтижесінде ғылыми үлес қосылды;

- әлемдік фонетикаға үндестік заңы туралы жаңа қағида ұсынылды;

- сөз бірлігінің буындық құрамы мен буынның қызметі туралы қисын;

- қазақ сөзінің морфологиялық құры­лымын лебіздегі сегменттік бірлік ретінде тұтастықта қарауы; Бұл Гумбольдтың үндіеуропа тілдеріндегі флексияның сөз­бен және сөйлеммен байланыстыра екіжақты рөлін анықтауымен сабақтас.

- сөздің тұтастығы, сөз мағынасының тұтастығы туралы теориясы;

- Ахмет зерттеуіндегі және оқу әдіс­нама­сындағы мәтін теориясы;

- тіл мен әуенді егіз ұштастыра зер­делеуі;

- қазақ грамматикалық құрылымын бірінші рет кешенді талдап, метатілі мен терім сөзін жасауы және қалыптастыруы.

- тіл тазалығы мен тіл экологиясы туралы ғылыми ой қалыптастыруы;

- сөзді өнер ретінде бағалауы;

- сөйлеу мен ойлау арасындағы байланысты анықтаудағы пайымдауы;

- сөздің ішкі жүйесін когнитивті бағыт­та саралауы: қара сөз бен дарынды сөз жүйесін анықтауы.

Бұл аталған бөлімдердің қай-қайсысы да әлемдік деңгейдегі тіл білімін зерттеген ғалымдар еңбектерімен салыстырылып зерделеніп, сараланып зерттелуі тиіс. Сонда ғана Ахмет асуы биіктеп, Ахметтің ғылымдағы жолы ұзай түсері даусыз.

Дамыған өркениеттің көрсеткіші тек технологиялық жетістіктер ғана емес, рухани, мәдени саладағы ерекшеліктер; демек, әлемдік деңгейге ұмтылу үшін, әлемдік сахнада танылу үшін, мәдениеттің барлық элементтеріне тең назар аударылуы тиіс. Ал мәдениет элементтері деп белгілі бір ұлттың рәміздерін, мерекелерін, нормаларын, салт-дәстүрлерін, ұлттық құндылықтары мен ұлттық тілін атайтынын ескерсек, басқа факторлардың ішінде ұлттық тілдің де толық зерттеліп, заңдылықтары мен орфоэпиялық, орфо­графикалық нормаларының жан-жақты қарастырылуына жеткілікті назар аударылу керектігі сөзсіз екенін түсінеміз. Қазақ тіл білімінде дәл осы іспен айналысқан, қазақ лингвистикасының зерттелуінің қазіргі деңгейіне жеткізуге маңызды үлес қосқан – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.

Тегтер: Ахмет 150 жыл, Ахмет Байтұрсынұлы 150 жыл, мерейтой

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

1348

ақпарат

Мәдениет сөзінің 257 анықтамасы бар

1137

ақпарат

Түркітанушының тың тұжырымдары

3665

ақпарат

КАК НАУЧИТЬ РЕБЕНКА ДИГРАФУ?