Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Жеңімпаздар анықталды

16.9.2021 617
Түркістан төрінде қазақ тілі оқытушыларының арасында А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқау өз мәресіне жетті. Байқауды ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.

Байқаудың мақсаты – қоғам қайраткері, қазақтың ұлттық ғылымының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-педагогикалық мұраларынының сабақтастығын жалғастыру. Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оны сапалы оқыту мақсатын жүзеге асырып жүрген үздік оқытушылардың жаңашыл әдіс-тәсілдерді қолданудағы жұмыс тәжірибесімен танысу, қазақ тілінің жас мамандары арасында шығармашылықпен жұмыс жасайтын оқытушыларды анықтап, озық тәжірибелерін тарату, сондай-ақ мемлекеттік тілді оқытып жүрген оқытушылардың кәсіби беделі мен қоғамдағы мәртебесін арттыру.

Бүгінігі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қазақ тілі оқытушыларының республикалық байқауы жаңашыл идеяларды таратуды көздейді. Тіл үйретудегі тың бастамаларға жол ашу. Тіл саясаты комитетінің басқарма басышысы Айнагүл Көкенова «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының тіл үйретудегі өшпес мұраларын жалғастыру парызымыз. Сапалы оқыту дегеніміз, сайып келгенде, ұлы ғалым идеялары мен тіл үйретудегі әдіс-тәсілдерін үйлесімді қолдануға әкеп саяды. Бұл шара өңірлерде мемлекеттік тілді оқытумен айналысып жүрген әдіскер мамандар мен оқытушылардың өзара тәжірибе алмасып, әдістемелік біліктіліктерін шыңдап, озық тәжірибені кеңінен таратуды көздейді", деді ол.

Республикалық байқау төрт кезеңнен тұрды: бірінші кезеңде – дидактиканың, андрогогиканың мәселелері, ересектерді және шет тілдерін оқытудың әдіснамасы, үздік авторлық әдістемелер, оқыту технологиялары мен инновациялық әдіс-тәсілдер көрсетсе, екінші кезеңде – А1 деңгейіне сәйкес келетін, өзге ұлт өкілдерінен тұратын топ алдында, қазақ тілін оқытудағы өзінің жинақталған тәжірибесі мен авторлық әдістемесін таныстырды. Оқытушы авторлық әдістемесін апробациядан өткізіп, әдістемелік идеясы және оның тиімділігі, авторлық әдістемесінің ерекшелігі, классикалық әдістемеден айырмашылығын дәлелдеді. Ал үшінші кезеңде – қатысушы авторлық әдістемесіне сәйкес топқа (өзге ұлт өкілдерінен тұратын, А1 деңгейі) 15 минуттан аспайтын сабағының фрагментін, бейнесабақты (ашық сабақ көрсетілімі) онлайн дауыс жинаудың қортындысы шығарылды. Төртінші кезеңде сынама топтағы тіл үйренушілеріне сөйлеу әрекетінің 4 түрі бойынша (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым) тапсырмаларды өз деңгейлерінде орындады.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме басқармасының басшысы Айдос Әбдіхалық «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімі мен қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін қалаған ғалым-ұстаз екендігі көкірегі ояу, көзі ашық ортаға аян. Ғалымның қазақ тілін оқытуға арналған «Методика мәселелері», «Қай әдіс жақсы?», «Оқу құралы» және т.б. мұралары жас ғалым-зерттеуші, педагог-әдіскер жастарға мәңгі азық болары сөзсіз. Қазіргі таңда зерттеуші-әдіскерлер қазақ тілін үйретуде қолданылып жүрген оқытудың тиімді жаңашыл технологиялары жайлы идеялардың Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерінен бастау алатындығын дәлелдеп жүр. Сондықтан ұлт ғалымының әдіс-тәсілдері жайлы тұжырымдарының өміршеңдігін зерделей отырып, қазақ тілін оқыту әдістемесіне толыққанды пайдалану арқылы оның мұраларын жаңғыртуда жас оқытушылар ұлы істің сабақтастығын дәлелдеді», –деп ойын ортаға салды.


Ал, республикалық байқау жеңімпаздарын әдіскер-ғалымдардан құралған қазылар алқасы анықтады. Еліміздің 15 өңіріндегі Тілдерді оқыту орталықтарының қатысушылары төмендегідей нәтижеге қол жеткізді: Қарағанды облысы Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Динара Жупенова қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, Бас жүлдегер атанды. Бірінші орынды Алматы облысы "Тіл" оқу-әдістемелік орталығы Панфилов аудандық филиалының меңгерушісі Асылан Қалибеков иленді. Ал екінші орын Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет,тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тілдерді оқыту орталығыныңоқытушысы Әсел Махметова және Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы БалаусаТөребай екінші орынға ие болды. Шығыс Қазақстан халқының тілдері мен мәдениетін түлету мектебінің мұғалімі Тоғжан Айтқазина, Шымкент қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы Ақбаян Асылбекова және Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Айгүл Бохшиева бәйгенің үшінші орнын бөлісті. Жеңімпаздардың бәріне де арнайы дипломдар мен алғысхаттар берілді. Қалған қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды


Тегтер: Тіл әлемі, Тіл қазына, Байқау, Мемлекеттік тіл, Білім және ғылым министрлігі, Тіл саясаты комитеті, Ахмет Байтұрсынұлы, Оқу құралы, Әдіс
Авторы: Тіл әлемі

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

132

ақпарат

Туризмді қазақша сөйлетті

250

ақпарат

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының жүлдегерлері анықталды

282

ақпарат

1 млн теңге кімге бұйырады?