Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Тіл үйрету – күн тәртібінен түспейтін міндет

23.7.2021 720
ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Тіл үйрету – күн тәртібінентүспейтін міндет» тақырыбында дәстүрлі республикалық онлайн семинар жалғасын тапты.

Онлайн семинарлар ұйымдастырудағы негізі мақсат – қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытуды жетілдіру, әдістемелерді зерделеу, тіл оқытудың өңірлік орталықтарының тәжірибелерімен бөлісу және сол арқылы тіл оқыту орталықтарының әдіскерлері мен оқытушыларына әдістемелік көмек көрсету.

Ағымдағы жылғы 23 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласының жергілікті уақыты бойынша сағат 16:00-де Қызылорда облысының тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлері әріптестеріне және тыңдарман қауымға қазақ тілін оқытудағы тәжірибелерімен бөлісті.

Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасының «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2008 жылдан бері Сыр өңірінде ересек азаматтардың қазақ тілі, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруіне ықпал жасап, тегін курстар жүргізіп келеді.

Орталықтың тіл үйретудегі озат әдістемелік іс-тәжірибесі мен шеберлік мектебі қалыптасуы жолында ұзақ жыл басқарған Мусаева Нұрсауле Дүйсенбайқызының сіңірген еңбегі орасан зор.

Орталық жұмысы Оқу-әдістемелік және Ғылыми-әдістемелік бөлімдер арқылы облыс көлемінде 7ауданда

*Оқыту курстарын жүргізу;

*Оқу-әдістемелік құралдар әзірлеу;

*Семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер, байқаулар, конференциялар т.б. іс-шаралар өткізу бағыттарында ұйымдастырылып, жүргізіледі.

В центре работают 4 магистра наук.

2008 жылдан күні бүгінге дейін үш тіл бойынша 10 мыңнан астам ересек тұрғын оқыту курсымен қамтылып: мемлекеттік тіл бойынша – 6000, ағылшын тілінен – 2795, орыс тілінен – 1918, барлығы - 10713 тыңдаушыға курс сертификаттары табысталды.

Биылғы жылға жоспарланған 2520 тіл үйренушінің І жартыжылдықта 1421-і қамтылып, оқыту жоспары 56%-ға орындалып отыр.

Тіл курстары 2020 жылдың сәуір айынан бастап елдегі эпидахуалға байланысты қашықтан оқыту режимінде жүргізілуде. Онлайн курстар топтары Wһatsapp, Телеграмм жүйелерінде жасақталып, сабақтар ZOOM платформасы және орталықтың kzordatil.kz интернет порталы арқылы оқытылады.

Былтырғы жылы пандемия кезінде білікті маман Әсел Манасқызының бастамашылығымен Орталық мамандары қашықтан оқытуға арналған kzordatil.kz интернет порталын жасақтаған болатын. Порталдың e-learning бөлімінде мемлекеттік тіл, ағылшын тілі, орыс тілі курстарының сабақтары, сабақ презентациялары мен аудио-видеоматериалдары, жұмыс дәптерлері деңгейлер бойынша папкаларға салынып, орналастырылған. Бүгінде үш тілдегі деңгейлік курстардың барлық сабақтарын қажетті деңгейлер бойынша тіл үйренушілер өзі таңдап, уақыты мен мүмкіндігіне сәйкес қолжетімді әрі тиімді пайдалануда. Порталдағы бейнесабақтардың сілтемелері орталықтың ютуб каналына және инстаграмдағы «Тілдерді қашықтықтан оқыту» парақшасына да орналастырылған.

Ғылым-әдістемелік бөлім жұмыстарының бірі – латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиіне көшуге байланысты шараларды ұйымдастыру, түсіндірме, насихат жұмыстарын жүргізу және тіл үйренушілерді жаңа әліпбиде жазу, оқу сауаттылығына дағды қалыптастырып, бейімдеу.

Аталған бағытта 2019 жылы «Жаңа қазақ әліпбиі және емле ережелерін» үйретуге арналған оқыту бағдарламасы дайындалып, 40 сағаттық курстар жүргізілді. Курс дәрістері үшін орталық мамандары арнайы тапсырмалар мен жаттығулардан дайындалған «Жаңа емле: жазу сауаттылығын арттыру құралы», «Жаңа қазақ әліпбиінде жазу дағдысын қалыптастыруға арналған жазу дәптері» атты 2 әдістемелік құрал әзірлеп, баспадан шығарылды.

Жаңа әліпби жобасын өңір тұрғындарына кеңінен насихаттап, таныстыру мақсатында облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының «Біле жүріңіз!» бағдарламасында «Латын қарпін бірге үйренейік!» тақырыбында 3 минуттық 27 телесабақ түсіріліп, жыл бойы үздіксіз көрсетілді.

Газет оқырмандарының да жаңа әліпбиге көздағдысы мен қолдағдысын қалыптастыруға ынталандыру мақсатында облыстық «Сыр бойы», «Ақмешіт жастары» газеттерінде арнайы «Латын қарпін үйренейік!» айдарымен байқау ұйымдастырылып, жыл бойы жазылым тапсырмалары жарияланып тұрды. Байқау тапсырмаларын тұрақты орындап, соңына дейін қатысқан үздік оқырмандар мен мектеп оқушылары жыл соңында алғысхаттармен, сыйлықтармен марапатталды.

2019 жылы өткен республикалық «Тіл форумында» орталық мамандарының әдістемелік іс-тәжірибесін тарату мақсатында «INTELLIGENCE.KZ» ақпараттық, ғылыми-педагогикалық журналының №132 санында мамандардың әдістемелік сабақтары мен мақалалары жинақталып, жарияланды және көрмеде арнайы таныстырылды.

Әлеуметтік желі оқырмандары сұрауы бойынша Фейсбук, Инстаграмм парақшаларында да «Easy English» ағылшын тілін жылдам үйрену, «О русском по-казахски» орыс тілі грамматикасын үйрету айдарлары, қазақ тілінде сауатты сөйлеуді үйретуге арналған «Сөздер сөйлейді», «Сөз қадірі – өз қадірің», «Проффесор сағаты» дәрістері тікелей эфирде, және «Қатесіз жаз!» сауаттылық айдары желіде тұрақты түрде жүргізіліп тұрады.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты орталықтың «Тәуелсіздікке тағзым – тілге құрмет» тақырыбында іс-шаралар жоспары бекітіліп, көптеген шаралар онлайн ұйымдастырылуда. Фейсбук, инстаграм парақшаларында арнайы хэштэпен ұйымдастырылған онлайн шараларға жұртышылықтың қатысу белсенділігі мен қызығушылығы күн санап артып келеді. Атап айтқанда; «Тәуелcіздікке тағзым –тілге құрмет» облыстық онлайн жыр мүшайрасына 24 үміткер қатысып, өнер көрсетсе, «Еңсесі биік Елорда» онлайн диктант шарасына 100-ге жуық мемлекеттік қызметкер белсене қатысты. Сондай-ақ, тіл үйренушілер арасында Президент оқуға ұсынған 30 кітапты оқып, талдауға арналған заманауи «BOOKTALKING» фоматындағы онлайн оқырмандар конференциясы мен «Тәуелсіздікке 30 жыл – 30 ашық сабақ» ашық сабақтар мен челлендждер, т.б. шаралар жыл соңына дейін жалғасады.

2018 жылы тыңдаушылардың оқылым дағдысын қалыптастыруға арналған жергілікті жазушылар шығармаларының қызықты сюжеттері бойынша тапсырмалар құрастырылып, «Қызықты әңгмелер жинағы» шағын кітаптар сериясы баспадан жарық көрген болатын. Бұл әдістемелік жинақ тыңдаушыларға тапсырамаларының қызықтығымен ұнаған, сүйікті кітап болды деуге болады.

Орталық 2018 жылдан бері оқыту курстарының барлық жұмыстарын сандық жүйеге көшіріп, тыңдаушылардың сабаққа қатысуын қадағалау мен электронды журнал, фото, видео кері байланыс есебін тексеріп отыру үшін GoogleDisk форматындағы деректер базасын жасақтап, пайдаланып келеді. Деректер базасында әр оқытушының оқытқан тобы жайлы мәліметтер сақталып, GoogleForms жүйесіндегі сауалнама, тест материалдары салынып отырады.

Қазіргі таңда орталық мамандары қазақ тілін тыңдалым дағдысы арқылы үйретуге арналған «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!» мобильдік қосымшасы мен ағылшын тілін ойындар арқылы меңгертетін «Mnemocards» әдістемелік құралын әзірлеп жатыр. Дайын өнімдер жақын арада «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының сараптамалық кеңесіне ұсынылатын болады.

Айта кетейік, қазіргі таңда республика бойынша 99 тіл оқыту орталығы қазақ тілін оқыту бойынша қызмет көрсетіп келеді.

Алдағы уақытта да басқа да өңірлік орталықтардың тәжірибелерімен бөлісетін боламыз.

Онлайн басқосу ZOOM платформасында семинар түрінде өтті және жалпы тыңдармандар үшін Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирде көрсетілді. Семинарға 100-ден астам тіл мамандары қатысты.

Тегтер: Республикалық семинар, әдістеме, инновациялық әдіс-тәсілдер
Авторы:

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

59

ақпарат

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

94

ақпарат

​Қазақ тіліндегі ІТ жобалармен 6000 педагог танысты

53

ақпарат

Қазіргі қазақ романы қай деңгейде?