Геральдикаға қатысты мемлекеттік саясат бойынша жас ғалымдар жиыны өтті

Tilalem.kz

Tilalem.kz

04 маусым, 2024

 

3 маусым күні Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Геральдикалық зерттеулер орталығы мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілер саласындағы мемлекеттік саясат туралы жас ғалымдармен еркін форматтағы басқосу өткізді. Оған «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының өкілі, PhD Алма Сайлауқызы да қатысты.

Аталған іс-шараның мақсаты – әртүрлі сала мамандары мен жас ғалымдардың басын біріктіру арқылы мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерге қатысты мәселелерді талқылау арқылы жаңа идеялар, пайымды пікірлер мен ұсыныстарды алу.  

Алғашқы сөзді «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ директоры  Қалқаман Сарин алып, мемлекеттік рәміздер күнінің қарсаңында өтіп жатқан бұл жиынның алдына қойған міндеттеріне тоқталды. Геральдикалық зерттеулер орталығының бөлім басшысы Асылжан Бижанов күн тәртібіндегі негізгі мәселер барысын баяндай отырып, жиынның басты қонағы, геральдист Айдын Рысбекұлына сөз берді. Осы саланың тәжірибелі маманы, Түркиядан арнайы келген ғалым А.Рысбекұлы әлемдік геральдика ғылымының жай-жапсарына шолу жасап, қазіргі күндегі Қазақстан алдында тұрған мемлекеттік рәміздер, өңірлік төлтаңбаларға қатысты маңызды дәйектерімен бөлісті. Мәселен, гербтегі елдің атауы колонияны білдіретін тұспал екенін айтуы жиналған жұртшылық үшін тың ақпар болды. «Тарих үнсіз қалғанда, таңбалы тас сөйлейтіні белгілі. Сондықтан да Президенттің тапсырмасына сәйкес геральдика саласын біріздендіру жұмыстарын қолға алуымыз керек. Әсіресе, өңірлік төлтаңбаларды рәсімдегенде, таңбаларымыздың сөйлеп тұруын басты назарда ұстауымыз қажет. Соған сай құқықтық негіз әзірленіп жатыр», деді ол.

Жас ғалымдар негізінінен төрт тақырып бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Олар: 1) Мемлекеттік рәміздерді насихаттаудағы жаңа көзқарастар; 1) Қазақ геральдикасының перспективалары: тарих немесе модерн; 3) Мемлекеттік наградаларды жетілдіру жолдары мен ұсыныстар; 4) Туристік брендинг, place branding, сауда брендингін дамыту. 

Ш.Шаяхметов ат. «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Халықаралық байланыс және PR бөлімінің басшысы, PhD Алма Сайлауқызы еліміздегі геральдикалық стандарттарды қалыптастыру барысында ең алдымен осыған байланысты әлемдік тарих пен тәжірибені зерттеп, сосын ұлттық сипатты зерделеп, одан кейін рухты, білімді суретшілер мен дизайнерлердің қосынын қалыптастырып, сосын заманауи форматтар мен алгоритмдерді іске қоса отырып әрекет ету қажеттігін айтты. «Бұл салада қазақилығымызды айшықтайтын ұлттық нақыштағы ою-өрнегімізді пайдаланған дұрыс. Осы арқылы ұлттық бренді қалыптастыруымыз керек», деді ол сөзінің соңында.

Жас ғалымдар басқосуына ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты, Қазақстандық қоғамдық даму институты, Astana IT университеті, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, «Халық қазынасы» ҒЗИ, «Мәдени мұра» журналы, Мәдениеттерді жақындастыру орталығы, ҚР Ұлттық музейі қызметкерлері және Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ докторанттары қатысып, өзара пікір алмасты.


Баға беріңіз