Қазақтың бойтұмары – қазақ тілі

Ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан, қазақтың бойтұмарына айналған ғажайып дүние бар. Ол – халықтың тілі. Қай халықтың болмасын тіл татулық пен теңдікке, елдік пен егемендікке баста...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

26 сәуір, 2017

ХІХ-ХХ ғасырлардағы ана тілдің тізгінін ұстаған бір топ зиялыларымыз тіл мәселесін көтеріп, алмас қылыштай өткірлігін дәлелдеді. Сонау 60-70 жылдарда «бодандық» қылаң берген тұста көлеңкеде қағажу көрген тілдің жағдайы баршамызға мәлім. Солақай солшыл саясаттың сынына іліксе де, солқылдақ соқпақ жолда адаспай, ұрпағымен қайта табысқан менің тілім - батыр тіл. Көңілге кестелі өрнек салған ақын тіл. Қара қылды қақ жарған наркескендей шешен тіл. Ел бастаған дуалы көсем тіл. Қазіргі таңда өзім деген пендесін өзекке теппей, бойындағы киесімен ұрпақ санасына сіңіп келеді. Мемлекеттік тіл саясаты, елбасы жолдауындағы тіл мәселесіне берілген басымдық – ана тілімізге жаңа леп, ерекше қарқын берді. Қоғамның ілгерілеу тұсында шындыққа мойын бұрып, саясатпен санасатын уақыт жетті. Қазақ тілінде таратылатын отандық бағдарламалар көбейді, басылым беттері жаңалықты жадырай қарсы алып, мемлекеттік тілдің салмағын бағалады. Елбасының: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзінде ұғынықты ұлағаттың иісі аңқып тұр емес пе? Мемлекеттік құжаттардың қазақ тіліне көшіп, мемлекеттік қызметшілердің ана тілінде сөйлеуі – тіл саясатын жүзеге асыру барысындағы атқарылып жатқан шаралар. Әр облыста құрылған тіл орталықтарының арқалап отырған жүгі өз алдына. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында мемлекеттік тіл мәртебесіне басымдық берілген. Оған: әлемнің ең таңдаулы 10 оқулығы қазақ тілінде жарық көретін болады деген идеясы дәлел бола алады.

Қорыта айтқанда, бабадан балаға енші болып келе жатқан «асылымыз» адамзат атаулыдан адасып қалмай, тарих таразысының басын теңестіре түссін дейміз.


Баға беріңіз