АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ ЗЕЙНОЛЛА ҚАБДОЛОВ

(ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ ДӘСТҮР МЕН САБАҚТАСТЫҚ)Ахаңды біз неге алдымен Алаштың рухани көсемі дейміз? Кез келген ұлттың мемлекеттік тәуелсіздігінде руханияттың, яғни рухани құндылықтардың алатын ор...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

03 ақпан, 2023

Аңғарып қана қойған жоқ, соны өзінің еңбектерінде, алдымен қазақ зиялыларына, қалың елге түсінікті тілде (яғни ана тілімізде), осы уақытқа дейін кездеспеген тың әрі жатық ұғымдармен, атаулармен, сөз оралымдарымен, ғылыми негізде, әрине, адамзат өркениеті қол жеткізген биіктен, сол тұстағы қазақ қоғамының даму сатысынан, әлеуметтік жағдайына табан тірей отырып, ой түйіп, өзінің қаламының қуатына арқа сүйеді. Қалам қайраткері ретінде осынау алмағайып заманда ұлт қамына еңбек етуді өзіне парыз санады.

Қазақ қоғамының ХХ ғасыр басындағы әлеу­меттік-саяси, геосаяси жағдайы, эконо­микалық даму деңгейі, осының барлығын терең зерттеп, көрегендікпен алдын ала болжап, біліп алып барып ой қорытатын Ахаң сол кезеңде қазақ ұлтына, ел мүддесіне алдымен, яғни бірінші кезекте не жасау керегін, қандай қадамдарға бару керек екенін сұңғыла саясаткер, әлеуметтанушы, қоғамтанушы, қайраткер, терең білім иесі, көсем ретінде де дәл аңғарды.

Ахмет Байтұрсынұлының осы орайда 1922 жылдың 8-шілдесінде «Еңбекшіл қазақ» газетінде жариялаған «Қалам қайраткерлері жайынан» атты өзекті мақаласында: «қазақ жем болудан (орыс империясының тарапынан келуі мүмкін жағдайды меңзеп отыр) түбінде декрет қуатымен құтылмайды, мәдениет (руханияттың бір саласы) қуатымен құтылады» – деп көрегендікпен жазуы тегін емес. Ахаң сол кездің өзінде қазақ қоғамындағы әлеуметтік жағдайды шынайы болжап, қауіптің алдын алғысы келіп, жүрегі ауырғаннан ашық айтып отыр.

Сондықтан да Ахаңның бізге қалдырған баға жетпес рухани мұрасының басты-басты арналары: тарихи сананы қалыптастыру ілімі, әдебиет тарихы, тілтану ғылымы, әдебиеттану ғылымы, ақындық өнер, көсемсөз саласы болғандығы тегін емес. Елдік сананы көтеру үшін алдымен тарихи сананы, ғылыми сананы, көркемдік сананы көтеру керек екенін Ахаң кемеңгер ретінде дер кезінде көре білді. Рухани тәуелсіздікке қол жеткізбей тұрып, мемлекеттік тәуелсіздік болмайтынын білді.

Біз соның бір бағытына ғана, яғни ұлттың рухани санасын көтеру мақсатындағы Ахаңның бір ғана еңбегіне – әдебиеттану саласындағы ой-пікірлеріне, ғылыми тұжырымдарына ат басын бұрып көрейік. Ахаңның бұл саладағы басты еңбегі – 1926 жылы жарық көрген әйгілі «Әдебиет танытқыш» атты зерттеуі. Ахаңа дейін сөз өнері ғылымын осылайша зерттеген, жүйелеген, қазақтың ұланғайыр, байтақ, мың жылдықтардан аман жеткен әдебиетін барынша қамтып, жан-жақты сөз еткен төлтума еңбекті қазақ тарихынан табу қиын. «Сөз өнері» деген әдеби-теориялық, ғылыми-танымдық ұғымды да алғаш рет енгізген Ахаң. Ұлтқа ұлттық әдебиеттану ғылымы ауадай қажет екенін терең түсінген ғалым тыңнан түрен салды.

Енді Ахмет Байтұрсынұлы ана тіліміздің ұлы байлығын, шексіз мүмкіндігін қазақ сөз өнері ғылымын дәйектеуде қалай пайдаланғанын бағамдап көрейік. Ең алдымен, Ахаң сөз өнері, әдебиеттану ғылымы саласындағы, ана тіліміздегі тұңғыш терминдер жүйесінің негізін қалады. Оның іргелі ғылым саласы ретіндегі фундаментальді тұғырын, методологиялық арналарын қалыптастырады. Әлемдік әдебиеттану ғылымындағы тәжірибеден өткен қолданыста бар ой-тұжырымдардың, пікір-байламдардың да бағытын аңғарып, соларды қазақ топырағында, қазақ танымында қалайша ұлттық ғылым игілігіне айналдырудың жолдарын да ұмыт қалдырған жоқ.

Қазақ әдебиеті теориясы ғылымының көш басында Ахаңның осынау еңбегінің тұруы өте заңды. Және Ахаңның қазықтай қағып, шегедей бекітіп кеткен әдеби-теориялық терминдерін, ой-тұжырымдарын, ғылыми түйіндеулерін ізін ала қазақтың тағы бірнеше теоретиктері араға жиырма жыл салып, кейін де ары қарай жалғастырып, Ахаң ілімін қалайша жаңаша түрлендіріп, жаңаша тереңдете, жанрлық тұрғыдан жаңа арналарға жіліктеп, заманға сай жаңа ой-тұжырымдармен толықтыра түскенін аңғарамыз.

Халық жазушысы, академик Зейнолла Қабдоловтың 1976 жылы жарық көрген «Сөз өнері» атты оқулығында Ахаң пайдаланған, бекіткен әдеби-теориялық терминдердің барлығы жаңа мазмұнмен байытылып, жаңа қырымен жарқырай түсіп оқырман танымына құнарлы игілік болып қайта оралды.

Сөз зергері Зекең әдеби теориялық еңбектің өзін көркем шығарма деңгейіне дейін көтеріп, әрбір әдеби терминнің ішкі мазмұнын, сан құбылған сұлу атаулардың көркемдік құпиясын түсіндіріп, жанрлық атауларды жаңғырта аударып, әдебиеттің тегі мен түрлерін жаңаша түрлендіріп, тыңнан түрен салып, бейнелі тілмен төгілте баяндағанда ғылыми зерттеудің эстетикалық әсері еселене түседі.

Зекең де Ахаңның үлгісімен көркем мәтінге көбірек арқа сүйейді. Ахаң өзінің еңбегінде Абайдың, Мағжан­ның құдіретті поэзиясына, Ыбырай Алтынсарин, Мұрат, Байтоқ, Шернияз,­ Мәделі қожа сынды ақындардың туындыларына, батырлық, лиро-эпостық жырлардың мәтіндеріне көбірек жүгінсе, Зекең өз замандас ақын-жазушылардың қаламынан туған талантты дүниелерін мейлінше талдап, таразылайды.

Бір тұста Абайдың «Өмір, дүние дегенің, Ағып жатқан су екен» деп келетін жолдары Гераклит идеясына сәйкес екеніне тоқталады. Әйгілі Аристотельдің «Поэтикасымен» бастап, сөз саптайтын Зекең әлемдік әдебиеттану ғылымының корифейлерін, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерін тілге тиек етіп отырады.

Ахаң тапқан теңеулерге Зекең тапқан теңеу­лерді қосқанда қазақ әдебиеттану ғылымының көші ілгері кеткеніне көзіміз жете түседі. Ахаңды ұстаз тұтқан, Ахаң еңбегіне табан тіреген Зекең осылайша әдебиеттану ғылымын жаңа белеске көтерді.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің негізін қалап қана қойған жоқ, сол деңгейде қазақ әдебиеттану ғылымының да негізін қалаушы, осынау ғылым саласының болашақтағы барлық бағдарын айқындап берген, оның жаңа методо­логиялық арналарына тыңнан жол ашқан бірегей тұлға ретіндегі тарихи орнын да бағалауымыз қажет. Айталық, Мұхтар Әуезовтің Ахаңның ­мерейтойына арналған «Ақ жол» газетіндегі 1923 жылғы 4-ақпанда жарық көрген мақаласында «Жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ахаңды өзінің басшысы деп санайды» дегені көш бастаушы ғалымға берілген үлкен баға, айрықша құрмет.

Мұхаң сол жылдардың өзінде-ақ Ахаңның әдебиеттің үлкен теоретигі екенін көре білді, соны баса көрсетті. Осы пікірдің дәлелі ретінде көп өтпей, артынша-ақ әйгілі «Әдебиет танытқыш» кітабы қазақ оқырманының қолына тиеді. Төл топырағымыздағы қазақ әдебиеттану ғылымының жаңа белесі, жаңа тынысы ашылды.

Ахаңның осы бастамасынан нәр алған, оның тұңғыш рет жариялаған теориялық ой-толғамдарына арқа сүйеген, табан тіреген бірнеше қазақ әдебиеттанушылары дәстүрді жалғастырып, дүниеге бірінен соң бірін, сүбелі теориялық еңбектерін жарыққа шығарды.

1930–1940 жылдар ішінде ғылыми айналымға енген көрнекті ғалымдар Есмағамбет Ысмайлов­тың «Әдебиет теориясы мәселелері» (1940 ж.), Қажым Жұмалиевтың «Әдебиет теориясы» (1938 ж.), осы бағыттағы іргелі зерттеулері қазақ әдебиеттану ғылымының келесі кезеңдеріне жол ашты. Бұл авторлардың жарық көрген еңбектеріне жан-жақты тоқ­талуға уақыт тар болғандықтан, Ахаңның көш ба­сында тұрған тарихи кітабының тағы да бірнеше құндылығын атап өткеніміз орынды болар.

Тағы да қайталап айтсақ, Ахаң қазақ әдебиет­тану ғылымының негізін қалап қана қойған жоқ, сонымен қатар туған топырағы­мыздың құнарына әдебиет теориясы ілімінің жаңа жүйесін алып келді. Осынау іргелі ғылым саласының ғылыми терминологиясын жасады.

Осы орайда Алаш әдебиеттануына өлшеусіз үлес қосқан профессор Рымғали Нұрғалиев «Әуезов және Алаш. Әдебиетіміздегі ұлттық рух» атты монографиясында (1997 ж.): «Ахаңның «Әдебиет танытқышы» қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қарастырылған» – деп пікір түйеді.

Шын мәнінде Ахаң өз еңбегінде жүздеген әдебиеттану терминдерін айналымға енгізе отырып, ғылыми терминге тән дефинициясын да, яғни ғылыми анықтамасын да қоса беріп, түсіндіріп отырады. Мысалы, оқулық-монографияда Ахмет Байтұрсынұлының: «Айшықтың әрбір тақтасы шумақ деп аталады, әр шумақта бірнеше тармақ болады. Тармақ дегеніміз – өлеңнің әрбір жолы. Тармақ ішінде бірнеше бунақ болады. Бунақ дегеніміз өлеңді айтқанда сезілетін дауыс толқынының соқпа-соқпасының арасы. Бунақ ішінде буын болады» деп тәптіштеп, таратып түсіндіруінде не сыр жатыр.

Алдымен байқайтынымыз, Ахаң туған әдебиетіміздің төл табиғатына, өзіндік құнарына, өзіндік болмысына тереңдеп баруды мақсат етеді. Бұл тәсіл көркем шығарманы талдаудың, оның әсіресе ішкі құрылымына талдау жасаудың әдістемелік құралына сенімді қол жеткізуге төте жол ашады. Автордың осы тұста өзі зерттеп отырған ғылым саласындағы ұғымдар жүйесінің ішкі байланысы мен ерекшелігін терең білумен бірге, оларды таңбалауда қазақ тілінің құнарын образды, бейнелі тілде өте шебер пайдаланып отыратынын тайға таңба басқандай аңғарамыз. Ал енді Ахаң өз зерттеуінің құлақ күйін қалай бастайды. «Өнердің ең алды – сөз өнері» деп саналады. «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ мал баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Барлық өнердің қызметін сөз өнері атқара алады. Қандай сәулетті сарай болсын, қандай сымбатты я кескінді сүгіреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді» дейді. Сөз өнерінің іргетасын, сөз өнері ғылымының тұғырын Ахаң осылайша түйіп айтады. Ары қарай «сөз өнері – қазақша – асыл сөз, арабша – әдебиет, Еуропаша – литература», – деп шегелей түседі.

Қазақ ұғымына өте жақын, қазақ санасына өте түсінікті етіп, сөз толғайтын автор еңбектің келесі тарауларында да осы жүрісінен жаңылмайды. Сөз өнері туралы тарам-тарам ой-толғамдарын, әдеби-теориялық категорияларды, әдеби-теориялық терминдерді еңбегінің өне бойында туған әдебиетіміздің байтақ әлемінен пікірге дәйек болатын мысалдарды ойып-ойып алып, өз тұжырымдарын тұздықтап отырады. Осы зерттеу методологиясын, ой қорыту, көркем мәтінді таңдап, талғау әдісін Ахаңнан кейін араға қырық бес жыл салып академик Зейнолла Қабдолов сәтімен пайдаланды, жүзеге асырды.

Зекеңнің 1970 жылы жарық көрген «Әдебиет теориясының негіздері» атты зерттеу оқулығына зер салғанда Ахаңның бейнелі тілде сөйлеу стилін Зейнолла Қабдоловтың қалайша биіктетіп алып кететінін анық аңғарамыз. Осы дәстүр сабақтастығы екі автордың еңбегін салыстыра сөз еткен тұста айқын көрінеді.

Ахаңның зерттеу, сөйлеу стиліне профессор Зейнолла Қабдоловтың аз ғана алдында қазақ өлеңінің құрылысына арнап одақтық және әлемдік деңгейде мойындалған іргелі монография жазған Зәки Ахметов те айрықша ден қойғанын байқаймыз. Қос ғалымның қос монографиясы да олардың 1965 жылы және 1970 жылы қорғалған докторлық диссертациялары негізінде жазылды.

Академик Зәки Ахметовтің 1964 жылы жарық көрген «Казахское стихосложение» атты іргелі монографиясы, академик Зейнолла Қабдоловтың 1970 жылы жарық көрген «Әдебиет теориясының негіздері» атты зерттеу оқулығы қазақ әдебиеттану ғы­лымындағы кезеңдік мәнге ие болған еңбектер еке­нін тағы да бір рет қайталап айтсақ артық етпейді.

Қорыта айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлының 1926 жылы жарыққа шыққан әйгілі «Әдебиет танытқыш» атты ғылыми зерттеуінен кейінгі бір ғасырға жуық кезеңде Ахаң ту етіп көтерген Алаштық идея, Ахаң салған жол, Ахаң бастап берген қазақ әдебиеттану ілімі, яғни сөз өнері ғылымының дәстүрі тоқтап, тоқырап қалмай әр жылдары ұлтымыздың абыздары, академиктер Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Зәки Ахметов, Зейнолла Қабдолов еңбектерінде жалғасын тауып, бүгінгі күні терезесі тең, ай маңдайы жарқырап, әлемдік эстетика ғылымында өз орнын тауып, туған әдебиетіміздің өркендеуіне қызмет етіп жатқанын қалай айтсақ та жарасады.

Кешегі дүниенің астаң-кестеңін шығарған ХХ ғасырдың басында әдебиет арқылы Ахаң қазығын қағып, діңгегін тұрғызған қазақ руханияты, рухани құндылықтарымыз ұлттық тәуелсіздігімізге әлі де сан ғасырлар қызмет ете беретініне сенімдімін.


Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, филология ғылымының докторы, академик


https://anatili.kazgazeta.kz/news/61470


Баға беріңіз