Қазقاز        
Бізге хат жазыңыз
Бізге хат жазу

Байланыс

Мекенжайы:
Нұр-Сұлтан қаласы, Сауран көшесі, 7А
Телефон:
+7(7172) 40-83-67

+7(7172) 40-83-93
E-mail:
info@tilqazyna.kz

tilalemi.kz@gmail.com
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

«ГҮЛІСТАН БИТ-ТҮРКИ» МЕН «ХҰСРАУ УА ШЫРЫН» МӘТІНІН ТРАНСКРИПЦИЯЛАУ ШАРТТАРЫ

26.10.2022 598
Түркі халықтарына ортақ жазба ескерткіштер мәтіндерін транскрипциялау мәселесі В.В.Радлов, В.Л.Васильев, К.Г.Залеман, Н.А.Баскаков, Е.И. Убрятова, А.А. Зайончковский т.б. ғалымдардың зерттеу нысанында болды. Ориенталистер шығыс әдебиетіне қатысты мәтіндерді транскрипциялауда әркім өз транскрипциясын ұстанбай, белгілі бір лингвистикалық нормалар мен дәстүрлерге бағыну керектігін ескерткен. Сөйтіп, В.В.Радлов, В.Л.Васильев және К.Г.Залеман «Жалпылингвистикалық әліпби» (Общелингвистическая азбука) атты еңбекте орыс графикасының артықшылығын атай отырып, араб таңбаларына арналған фонетикалық әліпби құрастырды. Әліпбидің негізгі принциптері төмендегідей: 1) әрбір дыбыс белгілі бір таңбамен белгіленуі керек; 2) әрбір әріп бір ғана фонетикалық мағынада қолданылу керек; 3) негізгі дыбыстарды қандай да бір диакритикалық белгілермен таңбаламай, жай ғана белгілерді қолдану керек [1].

Араб жазулы мәтіндерді транскрипциялаудың өзіндік қиындығы мен белгілі бір шарттылығы жайында А.К.Боровковтың «XII-XIII ғасырлардағы Ортаазиялық тефсирдің лексикасы» атты монографиясында да сөз болады. Ғалым: «Транслитерация арабских букв во многих случаях неизбежно приобретает весьма условный характер. Особенно условна передача гласных и согласных к/г, /ч/дж, б/п, поскольку в рукописи эти знаки обычно не различаются», – дейді [2].

Латын қарпіне көшпей тұрған кезеңдегі өзбек, татар т.б. түркітанушы ғалымдар араб графикасымен берілген ескерткіштер мәтіндерін кирилл таңбасымен бергенде өз тілдеріне жақындатып транскрипциялаған. Өзбек ғалымы Э.Фазылов «Староузбекский язык хорезмские памятники XIV века» еңбегінде «При транскрибировании хорезмских текстов была использована система знаков отечественных тюркологов с не значительными дополнениями», – деген ескерту айта отырып, Сейф Сарайдың «Гүлстан бит-түрки» шығармасын былайша транскрипциялаған:

Илк йаз кунлäриндä бир кун бустан ичинда, гуллар арасында бир нечä зариф алимлäр билäн олтуруп, инша илминден бäхс қылып, äбйати ғäриб вä 'äш 'ари 'йжиб оқудум есä [3].

Жоғарыдағы мәтіннен байқағанымыздай, өзбек ғалымдары мәтінді кирилшеге транскрипциялауда өзбек тілінің дыбыстық заңдылығына қарай икемдеп, ä, ö, у, и, в графемалары мен (айн)' диакритикалық белгісін пайдаланған. Арабтың дауссызﮬ таңбасын х-мен, ал ﺡ әріпін х таңбасының астына кішкене дөңгелек белгі қойып таңбалаған.

Аталмыш жазба ескерткіштің тілін зерттеген түрік ғалымы Ф. Қараманоғлы бұл ескерткішті транскрипциялау барысында қазіргі түрік әліпбиінде кездеспейтін мына таңбаларды пайдаланған:

  • дауысты ا (алиф) таңбасына а және е дыбыстарын, ي таңбасына ı, i дыбыстарын, و таңбасына u, ü дыбыстарын;
  • қазіргі графикада жалпыхалықтық тілдің дыбыстық қорында кездесетін, бірақ түрік әліпбиіне енбей қалғандауыссыз ق(қ) таңбасына ḳ, نك (ң) таңбасына ng, һ;
  • у (дауыссыз) таңбасына v (в), غ таңбасына ġ дыбыстары;
  • кейбір араб, парсы сөздері сол төл тіліндегі қалпын емес, түркі тілінің дыбыстық заңдылығын ұстанған. Мысалы, нафс – nefs, уасал – visal, т.б.;
  • араб сөздерінде ғана кездесетін ع айын дыбысы (ʾ) апострофпен берілген: дуаduʾa, жамағат – cema‘at, райат – ra‘ iyyet,мағына –ma‘ni , т.б.
  • диграфтар қолданылған: ng – seningdin, ming; ya/yü – bayat, yazdık, yüzin, т.б. [4].

Ал «Хұсрау уа Шырын» ескерткішін А.Зайончковскийдің нұсқасы негізінде зерттеген түрік ғалымы Нежметтин Хажиеминоғлұ бұл ескерткішті транскрипциялау барысында түрік әліпбиінде жоқ таңбаларды да қолданған: ق (қ) таңбасы үшін ḳ, نك (ң) таңбасы үшін ñ, غ таңбасы үшін ġ. Сонымен қатар ا (алиф) таңбасы а және е дыбыстарының, ي таңбасының ı, i дыбыстарының, و таңбасының u, ü дыбыстарының мәнін беретіндіктен транскрипциялау барысында бұл ерекшелік ескерілгенін айтады [5]. Фахридың «Хұсрау уа Шырын» дастанын зерттеген түрік ғалымы Берна Даг та ескерткішті транскрипциялау барысында түрік әліпбиінде кездеспейтін таңбаларды қабылдап, әріптерді аудару жүйесін көрсеткен [6].

Түркітанушы Э.Н. Наджип Сейф Сараидың «Гүлістан бит-түрки» мәтінін транскрипциялауда диграфты таңбаларды пайдаланбайды. Араб тіліндегі фатха, кесра, дамма қысқа дауыстыларына қатысты ыңғайлы әрі жүйелі графемалармен таңбалайды. Апостроф тек араб тілінен енген сөздерде ғана кездеседі:

ﺍ (а, е) – xan, erdam; ﻭ (ұ, ү) – sultan, ulu, jüz; ﻯ (и, й, ы, і) – mäjdan, ej, ﻯ ﺍ (ие) – er; ﻭ ﺍ (ö) – öz, фәтхә (ä) – zäman; дамма (ü, ö) – bilür, özin; кәсра (i)

– bir-bir; ق (қ) – qämu, lajïq, ز(з) – äždärһa, ﺝ (č) – čävan, نك (ng) – songra, ﺶ (š)– čamšid [7].

Біз де Сейф Сараидың «Гүлістан бит-түрки» шығармасы мен Құтбтың «Хұсрау уа Шырын» дастанын транскрипциялауда осы жүйені сақтауды жөн көріп отырмыз: ﺍ таңбасын орнына қарай а, ә, е әріптермен, ﺐ таңбасын б, п әріптермен, ﻙ таңбасын г, к әріптермен бердік. ﻭ таңбасын о, ұ, ү, ө әріптерінің біреуімен таңбаладық. ﻯ таңбасын бірде и, бірде ы, і әріптерімен (сөздің жуан-жіңішкелігіне орай) бердік. Ал ﺽ, ﻃ, ﺯ таңбаларын бір ғана з әрпімен, ﺚ, ﺹ, ﺲ таңбаларын с әрпімен, ﺡ, خ таңбаларын хәрпімен, сонда-ақ,ﻉ және ﻍ әріптерін ғ таңбасымен бердік.ﺝ таңбасы бірде ч-ны, бірде ж дыбысын белгілейтіндіктен дыбыстық мәніне қарай қолдандық.

«Гүлістан бит-түркиде»: Назар қыл бізге бір сағат айа махбуб-и рухани аның тек бізні хуш көр кім бигансүн ақыл-и рухани (Назар сал бізге бір сағат ей, таза, бейкүнә сүйікті, бізді солай хош көр, ақылмен жан қуанатындай болсын).

«Хұсрау уа Шырында»:

Йары берді оған түгеттім бітіп,

Изим ге бұрұнрақ тәуәккәл етіп.

Изим тауфиқ берді, тәмам қылдым ош,

Йадигар меніңдін саңа қойдұм ош.

Жәрдем берді бұған жазып біттім,

Иеме (жаратушы) бұрынырақ тәуекел еттім.

Ием (жаратушы) таупиқ берді аяқтадым, міне,

Менен саған мұра, қойдым, міне.

Сонымен түркітанушылардың ортағасыр жазба ескерткіштер мәтіндерін кирилл және латын әліпбилеріне транскрипциялауда лингвистикалық принциптерді қатаң сақтамаған. Әр елдің ориенталистері көбіне өз тілдерінің тілдік ерекшелігіне сәйкес транскрипциялаған.

Өзге түркі халықтарының араб жазулы мәтіндерін транскрициялаудың артықшылықтары мен кемшіліктерін ескере отырып, транскрипциялаудың шарттарын белгілеу қажет.

Қорыта айтқанда, араб жазулы ортағасыр мәтіндерін транскрипциялауда мынадай ұстанымдар басшылыққа алынуы тиіс:

- ортағасырлық дәстүрлі принциптер ескерілуі шарт (сол кезеңнің тілдік құбылыстарын танытатын фонетикалық, морфологиялық, лексикалық, синтаксистік, стильдік ерекшеліктері);

- орта ғасыр жазба ескерткіштері аралас тілде жазылғаны белгілі. Сол себепті әр топқа (оғыз, қарлұқ, қыпшақ) тән бірліктердің фонетикалық, морфологиялық белгілеріне қарай сол тілдің дыбыстық ерекшеліктері сақталып транскрипциялануы қажет;

- қыпшақ тіліне қатысты тілдік бірліктерді транскрипциялауда сингормониялық принцип, яғни қазақ тілінің үндестік заңдылығы ескерілуі керек.

Мақала AP14869737 «Алтын орда дәуірі жазба ескерткіштері тілін лексикографиялаудың теориясы мен практикасы» гранттық жоба асында әзірленді.


Сейітбекова Айнұр Аташбекқызы,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының

жетекші ғылыми қызметкері


Мамырбек Гүлфар Мәжитқызы,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының

жетекші ғылыми қызметкері


ӘДЕБИЕТ

1. Сердюченко Г.П. Русская транскрипция для языков зарубежного востока. – Москва: Наука, 1967.

2. Боровков А.К. XII-XIII ғасырлардағы Ортаазиялық тефсирдің лексикасы. –Москва: Издание восточной литературы, 1963.

3. Фазылов Э. Староузбекский язык в 2-х томах. Хорезмийские памятники XIV века. – Ташкент: изд.«Фан» Узбекской ССР, 1966 г. 1-том. С 648.

4. Karamanlioğlu Ali Fehmi: Seyf-i Sarayî Gülistan Tercümesi (Kitâb Gülistan bi't Türkî). Türk Dil Kurumu.– Ankara, 2020.

5. Necmettin Hacıeminoğlu. Kutbʹn Husrev ü Şirinʹi ve dil hususiyetleri. -Ankara: Türk Dil Kurumu, 2000, 477 s.

6. Berna Dağ. Fahrî’nin Hüsrev ü Şîrîn’i (Giriş- inceleme-metin- dizin). -Aydin, 2021.

7 Наджип Э.Н. Тюркоязычный памятник ХIV века Гулистан Сейфа Сараи и его язык. Часть II. – Алма-Ата: Наука, 1975. С 206.

Тегтер: «ГҮЛІСТАН БИТ-ТҮРКИ» МЕН «ХҰСРАУ УА ШЫРЫН» МӘТІНІН ТРАНСКРИПЦИЯЛАУ ШАРТТАРЫ
Авторы: Тіл әлемі

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

279 Ақпарат

АБЫЗ АҚСАҚАЛМЕН КЕЗДЕСТІ

148 Ақпарат

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ ЗЕЙНОЛЛА ҚАБДОЛОВ

539 Ақпарат

АСТАНАДАҒЫ ТҰСАУКЕСЕР ЕРЕКШЕ ЕСТЕ ҚАЛДЫ