Қазقاز        
Бізге хат жазыңыз
Бізге хат жазу

Байланыс

Мекенжайы:
Нұр-Сұлтан қаласы, Сауран көшесі, 7А
Телефон:
+7(7172) 40-83-67

+7(7172) 40-83-93
E-mail:
info@tilqazyna.kz

tilalemi.kz@gmail.com
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ

22.8.2022 379
Қазір Алаш тарихы өткенге бейжай қарамайтын барша отандасымызды ойландырады, толғандырады. Неге? Біріншіден, олар бүгінгі болмысымызды, қасиет-қадірімізді сол кезбен салыстырады. Екіншіден, сапалы жаңаруда ұлттың «алпыс екі тамырына» әсер беретін Алаш жолын қалайды. Бұған, әрине, қуанамыз. Үзілмеген үміт үшін, жалғасқан рухани-тағылымдық сабақтастық үшін! Дәл бүгін Алаш біз үшін неге тағылымды? Мемлекетті маңызды істерге, шешімді қағидаттарға жұмылдыратын – саясат болса, біз содан Алаш тағылымын байқай алмай жүрміз. «Алаш тагылымы» деген не? Ол – иман мен тазалық, ой мен істе бірлік. Елшіл барша ғалым айтып-жазып жатқандай, біздің бар салада отарсыздандыру үдерісі жүру керек еді. Алаш – осы жолдағы біздін әрі әліппемізге, әрі нұсқаулығымызға жарар темірқазық-тын.

Қоғамның ең жанды, ең мәнді буыны мен тетігі – білім мен мәдениет. Күнде сөз болып жүрген тазалық та, отарсыздандыру да, идеология да осы салалардан басталып, салалармен аяқталады. Өкінішке қарай, аталған салаға Алаш рухы, тәжірибесі, мұрасы өз дәрежесінде жетпей тұр...

Бізде Алаш қағидаты мен ұстанымы орнаса, біз әрбір шараны жүзеге асырмас бұрын «осыны Әлихан, Мұстафа, Ахметтер қалай жасар еді?» деп ойланар едік. Олар да құдайы көршілерімен санасқан, алайда толық теңсіздікке жетпеген ұлтының мүддесін жоғары қойған.

Жаңа тәуелсіздігіміздің 19 жылында тақыр жерге шықпағанымызды қайта-қайта сезінуіміз қажет. Тарих деген, өткеннің сабағы деген - жай бір нәрсе емес, ол - тәжірибеміз бен білігіміз. Біреу ұмытып жатса, есіне салайық! Біреу әдейі бұрмаласа немесе қасақана білгісі келмесе «мырза, қай елде тұрып жатырсыз?!» дейік.

Соңғы 15 жылдың шамасында Алаш мұрасы біршама жарияланды, халыққа жетті. Бірақ мұраны тану, бүгінгі өмірде қолдану, олардың тағылымын алу жағынан үнемі біржақтылыққа ұрынып келеміз. Мысалы, Алаш зиялыларына «жансыз портрет ретінде қарау» көзқарасы берік орныққан. Олардың мұрасын «кезеңдік дүние» есебінде бағалаудан арыла алмай жүрміз. Егер біз «Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Смағүл Садуақасұлы, Сұлтанбек Қожанұлы мұрасы XX ғасырдың басындағы шындықтың ғана ауқымын танытады, бүгінге жарамайды» десек, онда біз ол арыстарымызды, тіпті тарихтың өзін қажетсінбеген болып шығамыз. Ал егер олардың шығармаларындағы сол күннің мұнарасынан қарағанда да, бүгіннің биігінен шолғанда да ұлт тіршілігін ілгерілететін негіздерді байқасақ, мәселеге түпкілікті, әлеуетті күшпен оралуымыз қажет.

Жалпы, Әлихан мен Мұстафалардың аңсаған тәуелсіздігі – біреудің есебінен, тарихи тұлғаларды мансұқтап жеткен немесе ағымдағы бір конъюнктураға қызмет ететін тәуелсіздік емес, ол – ұлттың нақ өзіне қызмет ететін тәуелсіздік. Қазіргі кезде, өкінішке қарай, қайраткерлеріміз күнделікті өмірде, қызмет барысында Алаш зиялыларын ауызға алмайтын болды. Мысалы, Парламент депутаттарының сөзін сабақтаған кезде «Әлихан Бөкейхан былай деп айтқан еді, Мұстафа Шоқай бүй деген, Ахмет Байтұрсынұлының мынандай тұжырымдамасы бар, Халел Досмұхамедұлы бұл жөнінде төмендегідей ой айтқан...» дегенін естіген жоқпыз. Сонда бүгін өзін «қайраткер» санап жүргендер тарих мойындаған қайраткерді ауызға алмаса кім болғаны? Бұдан бір-ақ қорытынды шығады: мұндай сабаздар өз бетімен кітап оқымайды немесе ұлт тарихын мүлде білмейді. Осыдан соң халыққа, өзімізге қаратылып айтқан ауыр сұрақ алдымыздан шығады: саяси кайраткерлер арасындағы тарихи сабақтастық кайда қалды? Тарихтың түзігінен, қателігінен сабақ алу деген ұғым бар емес пе?

Алаш зиялыларының портретін іліп, кітаптарын сөреге тізіп қойып, сонымен шаруаны шектегеннен не ұттық? Кітап ашылған жоқ. Портрет портрет күйінде тұр. Бұрынғы өткен бабаларымыздың суретшілер ойша кескіндеген көркем бейнесін тұсымызға іліп қойып жүрміз той. Алаш тұлғаларының портреттері де сол дерегі аз тұлталардың бейнесіне ұқсап барады. Ал шындығында бұлар – отаршылдықпен, әділетсіздікпен бетпе-бет келіп күрескен, азат рух пен тазалық туралы ұшан-теңіз үлгі-өнеге, мұра қалдырған теңдессіз қабілет иелері, тіпті тәуелсіз мемлекет құру идеяларының авторлары емес пе! Олардың шығармаларындағы барлық дерлік ой-тұжырымдар бүгінгі күнмен берік сабақтасып жатыр.

Біз, бәріміз де, тәуелсіз жаңа қоғамта бір ыңғайда, бір ниетпен өттік деп айту қиын. Көптеген қайраткерлеріміз комсомолда, партияда қызмет істеді. Олардың біразы қазіргі тәуелсіз қоғамды құруға психологиялық жағынан да, моральдық 'жағынан да даяр емес еді. Бірақ бәрі де «бір кісідей» кірісіп кетті. Әрине, оларға мұндай жаңа қоғам құру үшін арнайы даярланып, басқа бір жерде жетіліп кел деп айту да қиын. Уақыт оны күтпейді. Әр азамат іштей соған даяр болып, жан-жүрегімен жаңа қоғамға қызмет етсе, қателіктерін мойындап, арыла білсе, тәуелсіздіктің негізгі қағидаттары, жақсы мен жаманды айыратын ұстанымы тезірек орнығар еді.

Әрине, бүгінгі мемлекеттік қызметкерлердің арасында оқығаны мен тоқығаны, білімі мен білігі, адамшылығы мен жауапкершілігі байқалып тұратын азаматтар да бар. Бірақ, ұятымызға қарай, солардың қатары аз ба деп қаламыз. Бұрын (кеңес тұсында) баспасөзді оқып, мәдени-әдеби өмірді байыптай алатын шенеуніктер кездесетін. Қазір «керек кезде мақаланы тапсырыспен жазғызамыз» деген түсініктегі сабаздарға - «бәрі бидай» немесе бәрі ақша! Тазалығың да, салт- санаң да, ғылымың да, тарихың да - көк тиын. Әрине, өкінішті әрі қорқынышты! Қалай дегенде ел мен иманға күзетші зиялының саны «шешуші салмақтан» (критическая масса) төмен болмауы тиіс. Ұзын-сонар тарихымызды таразыға салып жіберсек, «шешуші салмақты» арттыратын – Алаш жолы болып шығады. Ендігі біздің бүкіл үмітіміз бен іс-әрекетіміз, әсіресе БАҚ-тың күші сол азшылықты көбейтуге, Алаш ұстанымын насихаттаута батытталғаны жөн.

Қазір Отанымызда елдік-мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан жұмыстың бірегейі – мәдени мұраны жинау мен парықтау.

Азаматтық тарихымыздағы ұлт мәдениетін байыптауға жіті көңіл бөлінген уақыт – XX ғасырдың бас ширегі. Неге бұлай болғаны түсінікті. Біріншіден, идеологиялық ұстанымдарға сәйкес, төңкеріске дейінгі кезең қазақтың “қараңғы уақыты деп есептеледі. Екіншіден, төңкеріске дейінгі ғана емес, төңкерістен кейінгі де мәдени-рухани шаралардың барлығына дерлік Алаш зиялылары мұрындық болғандықтан, олардың тарихи ісі әдейі ұмытылды. Бір ғана мысал келтірейік. Алаш көсемдерінің бірегейі А.Байтұрсынұлы 1920-1921 жылдары Халық ағарту комиссары (бүгінгіше министр) болды. Ол осы қызметте тұңғыш мемлекеттік баспаны, Академиялық орталықты, Ғылым комиссиясын, Халыққа білім беру институтын (КИНО) ашты. Ал ресми тарих осы туралы бір ауыз сөз жазған жоқ. Әрине, мұндай мысал қыруар-ақ. Айталық, мәдени ұйым мен музей ісіне қатысты ғылым игілігіне айналмаған фактілер де аз емес. Біз соның бірсыпырасын көрелік.

XX ғасырдың басында Ресей империясының мұсылман аймақтарында жәдитшілдік (жаңашылдық) қозғалыс өрістеді. Ол негізінен мектеп- медреселердегі білім жүйесіне байланысты туған қозғалыс болса да, рухани- мәдени өмірге мол әсер етті. Тарихи деректерге қарағанда, 1910 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып жатқан қазақ шәкірттері «Қазақ тілін зерттеу қоғамын» құрған. Бұл қоғам тілді өркендетуді ғана қолға алмаған. Ежелгі қазақ даласының рухани және материалдық ескерткіштерін тізімге алып, жинақтап, мүмкіндігіне қарай жариялау мен насихаттауды көздеген ұқсайды.

«Қазақ» газетіне 1915 жылы 19 наурыз бен 4 сәуірде «Ұйым керек» атты мақала жазған «Студент Ғ.А.» (псевдоним) былай дейді; «Ұлт жарысы – ат жарысы. ...Жақсылықты сырттан әкеп беруші жоқ, жоюшы болмаса. ...Халық бас қосып, ұйым жасап іс жүргізуі жұртқа зор қажет. Бізде ғалым жоқ, хал нашар, байлық жоқ. Аз бейнетіміздің өзін сырт пайдаланып, қанымызды сорып отыр. ...Тілегіміз мынау: халық ішінде бірігіп іс жүргізетін ұйым, игілік қауымдары таралса екен. Мұнымыз - ...ғылым таратуды мақсұт қылған қауымдар, халықтың ұлттығын сақтауға, атын басқаға таныстырмақ үшін бұрынғы өмірін қазып, сөзін ашып, мағынасын дүние жүзіне шығармақты мақсұт қылған қауымдар».

Бұл материалдан да ескі мұраны жинауға деген сұранымның болғаны аңғарылады.

Осы 1915 жылы 18 сәуір күні аталған газетте қазақ мақалдарын алғашқы зерттеушілердің бірі Ахмет Баржақсыұлы: «Сібірде, қазақ ортасындағы музей жағрафия жамиғатында Омбыдағы шілендерден Әлихан Бөкейхановтан басқа ешкім жоқ. Сол себепті біздің қазақ халық әдебиетін тіпті жарлы деп айтуға мүмкін. 1913-1914 жылдарда кітап алып жүріп мәз ештеме көре алмадым. Осы күні шілен-сотрудник болып тұрмын. Аздығын өздері де біліп, 1913 жылда, апрельде белгілі ертегі ғылымымен аты шыққан Потанинді Семейпалат облысындағы Тоқырауынға жіберді. Жол расходын беріп, әдейі ертегі жинау үшін. Оның ақылымен Омбыдағы музейде “Қазақ комиссиясын” ашты. Председателі Ақмола һәм Семей облысындағы народный үшілішелердің директоры Михаил Филиппов. Оны қойғанның мәнісі үшітелдердің бәріне проғрам беріп жиғызбақшы еді. Қол тимегендік пе, немене, програмы әлі жазылып шыққан жоқ. ...Өзім 1710 шамалы мақал жиған едім», – деп жазады.

Бұл деректен ғасыр басындағы музейлер – ғылыми орта болғаны, соның арқасында фольклорлық мұраны жинағаны байқалады. Ең бастысы, Алаш зиялыларына ыстық қала Омбы музейімен Ә.Бөкейхан, А.Баржақсыұлы тығыз байланыс орнатыпты. Ал, Г.Потанинді Ахмет, Әлихандар өзіне жақын тартып, «Гереке» дегені мәлім.

Егер ол кезде ескі рухани мұраларды жинау – музей ісі болса, онда дәл осы Омбыда 1914 жылы ашылған қазақ жастарының тұңғыш ұйымы – «Бірліктің» бағдарламасында белгіленген мына міндеттерді есте ұстауымыз керек сияқты: «Қазақ халқын мәдени һәм әдеби жағынан ілгергі қатардағы жұрттарға қосу, ұлтшылдық сезімін туғызу һәм ұлттылықты сақтау. Бұл айтылған мақсаттарға жету үшін жастар арасында ұлтты сүю сезімін сендіре беру. Халық әдебиетін жинау, ол әдебиетті кітапша һәм үлкен кітаптар етіп бастыру...».

Бұл – төңкеріске дейінгі мәдени істерге қатысты деректердің мыңнан бірі ғана. Осы жолдардың авторы ескі газеттерден Алаш көсемі Ә.Бөкейханның кезінде Омбыдағы мұғалімдер қауымына кітап қорының бір бөлігін сыйға тартқанын және жағрафия қоғамында Кенесары-Наурызбай хақында дәріс оқығанын хабарлайтын материал ұшырастырған болатын. Аталған фактілерді де музей мен мәдениет тарихынан бөлек қарау мүмкін емес деп ойлаймыз.

Төңкерістен кейінгі қазаққа қатысты мәдени шаралардың қомақтысы Ташкентте өтті. Себебі большевизм ұртоқпағынан қашқан бірқатар Алаш зиялылары осы Түркістан республикасының орталығына жиналған болатын. Ташкентте 1922 жьшы 4 желтоқсанда «Талап» атты қазақ мәдениетін көркейтушілердің қауымы құрылды. Төрағасы - X. Досмұхамедұлы, басқарма мүшелері: А. Шмидт, И. Тоқтыбайұлы, М. Есболұлы, М. Тынышбайұлы, М. Әуезов, Қ. Тыныстанов. Бұтан М. Жұмабаев пен Ә. Диваев та қатысты.

«Талап» жарғысындағы төмендегі мәліметтердің музей тарихына қатысы бар деп білеміз.

«Қазак-қырғыз халқының мәдени көркеюіне жәрдем келтіру жағында қауымның көздеген мақсаттары мыналар:

- ұлт өнерін (искусствосын) тәптіштеу;

- қазақ-қырғыз халқының тарихын һәм салтын тексеріп, қарастыру...

...Жоғарыда көрсетілген мәселелерді жүзеге шығару үшін:

- талқы (диспут), дәріс, баяндамалар жасауға;

- білімге керекті керуендер (экспедиция), қыдырыстар (экскурсия) түзеуге;

- көрмелер (выставка) ашуға;

- ...кітаптар, қолжазбалар, өнердің үлгілерін, ескіліктің тамтықтарын жинауға ...қауым ерікті».

Күрделі кезеңде осылайша мәдениет жайын ойлау – зиялылықтың белгісі. Олар үшін «ескіліктің тамтықтары» – тарихтың бұлтартпас дерегі. Осы мақсатта «Талапта» этнограф Ә. Диваев – археология туралы (19.01.1923), М. Тынышбайұлы – «Түрік-моңғол тарихы туралы» (26.01.1923), М. Есболұлы – «Алтынсариннің өмірі һәм істеген істерінің жайынан» (9.03.1923), М. Жұмабайұлы – «Абай өлеңдері туралы» (16.03.1923) дәріс оқыған.

20-жылдары Орынборда «Қазақ өлкесін зерттеу қоғамы» жұмыс жасады. Ол Ғылыми комиссия (А. Байтұрсынұлы) бастамасымен алғаш әскери (қырғыз) комиссариаты жанында, сонан соң Қырғыз (қазақ) төңкеріс комитет! жанындағы Халық ағарту бөлімінде құрылып, іс атқарды. Архив деректеріне Карағанда, осы Қоғамның тарихи-этнографиялық бөлімі қазақ халқының тұрмыс-салтын, көшпелі тіршілігін, тіпті ою-өрнегі мен балаларының ойынына дейін зерттелген. Бұл ұйым өз жұмысын «Қоғам Еңбектері» деген атпен жариялап отырған. Осы ретте А.П. Чулошников баяндамалары мен зерттеулері жан-жақтылығымен көзге түседі: «Тарих ғылымы қазақ халқының шығуы туралы не айтады, ұлт аңыздары оны зерделеудің қайнар көзі ретінде», «XV-XVIII ғасыр аралығындағы өлкенің жалпы рухани мәдениетінің жағдайы», т.б.

1924 жылы 12-17 маусым аралығында Орынборда Қазақ Білімпаздарының тұңғыш съезі өтті. Оған Ресейде, Түркістанда, Бұхарада, Қазақстанда еңбек етіп жатқан Алаш зиялылары қатысты. Съездің бір мәжілісінде мұра жинау ісі қаралды. Оған Ә. Бөкейхан төрағалық етті. X. Досмұхамедұлы баяндама жасады. Мәжіліс қаулысында мұра жинаудың бағдарламасы болуы, осы жөнінде мамандар топтастыру, оларды Академиялық орталық анықтау керектігі, бұл іске мемлекеттен қаржы бөліну қажеттігі айтылды. Осында сөйлеген Ә.Бөкейхан былай дейді: «Қазақ тұрмысынан білім жинағанда үлгіні Еуропадан алу керек. Жылқының бәрі бәйгі, жүйрік, яки жорға бола бермейді. Бұл ғылымның жолында маман болуға адамға тумыстан берілген табиғаттың сыйы керек: кім көрінгенге тапсырумен жұмыс болып шықпайды. Мойнына алған жұмысын қызығып, сүйіп істеген адамнан жеміс көп шықпақ».

Жалпы мұра мен музей тарихымен айналысушылар осы съезд материалымен міндетті түрде танысу керек деп санаймыз. Қиын кезеңде (пролеткульт дәуірінде) Алаш зиялыларының осындай шаралар белгілеуі тағылымды-ақ.

Аталған шақтың ірі еңбегі – А.Затаевич құрастырған «Қазақтың 1000 әні» жинағы (1925) екені мәлім. Осы рухани асыл қазынаны жинақтаған кітаптың бірінші басылымының «Түсініктемесінде» әндер туралы кім ақпар берілгені жазылған болатын. Әлбетте, әнді орындап, жеткізушілердің барлығы дерлік Алаш зиялылары (мысалы, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, т.б.).

Сол себепті кітаптың кейінгі басылымдарында тарихқа қиянат жасалып, «түсініктеме» алынып тасталды. Біздіңше, енді осыны толық жариялауды қолға алу қажет.

Мұратанудағы елеулі шарт – қағидатшылдық (принцип).

Алаш кезеңінен жеткен осындай ұстанымға, мысалы, А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» мен М.Шоқайдың мәдениет туралы мақалалары үлгі бола алады. Ахмет аталған теориялық еңбегінде бір жағынан әдебиеттің жүйесін, екінші жағынан мұратану мен мәдениеттанудың елшіл жолын көрсетті. Мұстафа мәдениетті жасанды идеологиядан азат етудің мүмкіндігі мен әдісін айқындады.

Сонымен, тарихтың жазылмаған беттеріне қарағанда, бізде мұратану мен оны байыптау ісіне қатысты біраз қозғалмаған мәліметтер бар екен.

Бұл қазіргі ғылымды және ғалымдарды ойлантуы керек деп білеміз.


Д.Қамзабекұлы,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университеті әлеуметтік-мәдени

даму жөніндегі проректоры, ф.ғ.д.
Тегтер: Алаш
Авторы: Тіл әлемі

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

241

ақпарат

АКЦИЯ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ДАЙЫНДАЛУ ҮСТІНДЕ

210

ақпарат

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ РЕНЕССАНСТЫҚ ӨРКЕНИЕТ

318

ақпарат

АҚАҢ ЕСІМІ ПАРИЖДЕ АСҚАҚ ЕСТІЛУДЕ