Қазقاز        
Бізге хат жазыңыз
Бізге хат жазу

Байланыс

Мекенжайы:
Нұр-Сұлтан қаласы, Сауран көшесі, 7А
Телефон:
+7(717-2) 40-83-67

+7(717-2) 40-83-93
E-mail:
info@tilqazyna.kz

tilalemi.kz@gmail.com
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

АХАҢНЫҢ ƏДЕБИ ҚИСЫНДАРЫ

2.8.2022 267
Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы өзінің əйгілі «Əдебиет танытқышын» кітап қып бастырып шығарды. Бұл – біздің жыл санауымыздан үш жүз жиырма алты жыл бұрын Эллада елінде жарық көрген Аристотельдің атақты «Поэтикасы» тəрізді. Сөз өнерінің болмысы мен бітімін жүйелі байыптайтын қазақ топырағындағы тұңғыш теориялық зерттеу еді. Егер Лессинг өзінің «Гамбург драматургиясында» Аристотель «Поэтикасын» мінсіздік тұрғысынан «Евклид элементтерімен» қатар қойған болса, біз бүгін Ахаңның «Əдебиет танытқышын» Аристотель «Поэтикасымен» салыстырар едік. Мұның мəнісі – екеуі де: бірі – грек əдебиетінің, екіншісі – қазақ əдебиетінің алғашқы «əліпбилері».

Асылы, үздік қасиеттері бір-бірінен неғұрлым ерекше болса, бір-біріне соғұрлым ұқсас болады. Мінсіздік дедік. Мұның өзі уақыт пен кеңістікке тығыз байланысты тарихи категория: уақыт өтсе, кеңістік өзгерсе, бұл да адам танымастай өзгеріске ұшырайды. Айталық Эсхил трагедиясындағы мифтік құдайлар қырсықтан қырсыққа шалдығып, қырылып жатқанда шетінен маңырай жылаған гректер Лукиан комедиясындағы өлімге жамырай күлген. Тарихтың бұлай жылжу себебін Маркстен артық айту қиын: «Адам баласы өзінің өткенімен күліп қоштасып отырған». Мінсіздік дегенді де солай түсіну керек. Мəселен, Аристотель өзінің Лессингке мінсіз көрінген «Поэтикасында» ұғым һəм термин ретінде тарихта тұңғыш рет өзі қалыптастырған фабула дегеннің композициялық бүтіндігін былай түсіндіреді: – Бүтіндік дегеніміз əр нəрсенің басы, ортасы, аяғы болуы. Басы – өзгеге ермейді, өзіне ертеді; ортасы – өзі де ереді, өзгені де ертеді; аяғы – өзі ереді де, өзгені ертпейді (Поэтика. 62 б.).

Ал Ахаң, болса, біз тұңғыш қазақы теориялық трактат ретінде бағалап отырған өзінің «Əдебиет танытқышында» терменің жанрлық ерекшелігін былай сипаттайды: «Терме деп ат қойылуының мəнісі – бұл түрлі шығармалар бір нəрсенің жайынан сөйлеп тұрмай, көп нəрсені теріп сөз қылып өтеді. Көп нəрсені сөз қылғанда, əрқайсысына айналып, баяндап жатпайды. Түрлі шөптің басын шалып оттап, тоқтамастан желге қарай тартып бара жатқан мал сияқты» (Шығармалары. 245 б.). Ал енді бар ма, Аристотель мен Ахаңның өз мезгілі мен мекенінде «мінсіз» көрінген осы қисындары мен қағидалары əдебиет туралы ғылымның біршама шарықтап өскен бүгінгі деңгейінен қарағанда, шынын айтсақ сын көтермейді. Онда қалайша мінсіз? Гəп осы арада. Бүгінде бізде – ана тілімізде əдебиет теориясы жасалды. Қазақ əдебиеттануын үш саладан – əдебиет тарихынан, əдебиет сынынан, əдебиет теориясынан тұрады десек, бұл үш сала да қазір тек өз дəрежемізде ғана емес, өзге де кəдімгі өркениетті елдер деңгейінде өрістеп-дамып отыр. Демек, күні кешеге дейін кешен қалып келген əдебиет теориясы да бізде туған əдебиетіміздің тарихы мен сыны секілді бүтінделді.

Əлгі бір Аристотель қалыптастырған ұғыммен тұжырар болсақ, бұл ғылым да бүтін: мұның да «басы, ортасы, аяғы» бар. Басы – жиырмасыншы жылдарда туған Ахмет Байтұрсынұлының «Əдебиет танытқышы»; ортасы – қырқыншы жылдарға таяу басылып шыққан Қажым Жұмалиевтің «Əдебиет теориясы» мен Есмағамбет Ысмайыловтың «Əдебиет теориясының мəселелері»; аяғы – алпысыншы жылдардың ақырына таман жазылып бітіп, жарық көрген Зейнолла Қабдоловтың «Əдебиет теориясының негіздері» («Сөз өнері»).

Сəкен Сейфуллиннің сөзімен айтқанда «Қазақ халқын байға, кедейге бөлмей, намысын бірдей жыртып, арын бірге жақтаған» ардагер Ахаңның араға алпыс жыл салып оралуы ағартушы – ақын – ойшыл – оқымысты ретіндегі өзге қырларын өз алдына қойғанда, біздің əдебиет туралы ғылымымызды, оның теориясын осылай бүтіндеді. Туған топырағымыздағы əдебиет теориясының басы болып табылатын «Əдебиет танытқыштың» айта қалғандай қадірі мен қасиеті, тарихи мəні мен маңызы осы арада жатыр. Ахаң жоқта біздегі əдебиет теориясы басы жоқ кеуде секілді еді. Ал басы жоқ дене бола ма? Қайтейік, болады деп келдік...

Қазіргі қазақ тіл біліміндегі секілді, қазақ əдебиеттануындағы əдеби терминдердің басым көпшілігінің баламын ойлап тапқан да Ахаң: көріктеу, меңзеу, ауыстыру, алмастыру, кейіптеу, пернелеу, əсірелеу, шендестіру, дамыту, түйдектеу... – осылардың бəрінің түптамыры Ахаңда жатыр.

Мұхтар Əуезовтің «Ахаң түрлеген ана тілі» дейтін əлдидің əдебиет аясындағы бір нақты да затты көрінісі – осы. Демек, «Əдебиет танытқыштың» ең басты бағалылығы – осылайша əдеби терминдерді қазақша қалыптастырғандығы. Əрине, бəрі бірден əдебиет теориясына тұлға боп орныға беруі қиын. Мысалы, «Өрнекті сөйлемдер» деген тараудағы: а) себепті оралым, б) мақсатты оралым, в) ұқсатпалы оралым, г) қайшы оралым, д) шартты оралым, е) жалғасыңқы оралым, ж) серіппелі оралым, з) айырықты оралым дегендер əдебиеттанудан гөрі тіл біліміне тікелей қатысты орамдар. Осындай тұстарда Ахаңның əдебиетшілдігінен гөрі лингвистігі басым шыға береді. Ахаң ə дегеннен өнер атаулыны тіршілік үшін жұмсалатын тірнек өнері, көркемдік үшін жұмсалатын көрнек өнері деп екіге айырып алады да, соңғысын бес түрге бөледі: сəулет өнер (архитектура), сымбат өнер (скульптура), кескін өнері (живопись), əуез өнері (музыка), сөз өнері (əдебиет). Бұлар – əдебиет теориясының дəл бүгінгі биігіне шырқап, шалқып шығатын шынайы ұғымдар. Бірақ мұның есесіне, «Дарынды сөз» тарауындағы əуезе – эпостың,толғау – лириканың, айтыс – драманың бүгінгі теориялық деңгейдегі баламдары болады деу қиын.

Задында, Ахаң қалыптастырған əдеби-теориялык терминдерге мұқият жауапкершілікпен қараған жөн. Дəлірек айтқанда, Ахаң терминдерін жапатармағай жіпке тізе бермей, таңдау керек, талғау керек, сөйтіп барып талдау керек.

Ахаңнан қалған атаулар сонда ғана екшеледі, іріктеледі, сұрыпталады. Мəселен, «Шешен сөз» бен «Көсем сөз» дегендерді алып қарайық. «Бұлардың айырмасы – шешен сөз ауызша айтылады, көсем сөз жазбаша айтылады», – дейді де, Ахаң «шешен сөзді» бес мүшеге бөледі: 1) бастамасы, 2) ұсынбасы, 3) мазмұндамасы, 4) қыздырмасы, 5) қорытпасы.

Мұның бəрі, əрине, стандарт – қолдан қалып қиып, канон жасау. Ал қолдан «қалып» ұсынылған жердегі қисын қисық қағида қасаң болатыны мəлім. Жə, енді Ахаңның «Көсем сөз» деп отырғаны не? Бұл – публицистикаға алған баламы. Мұны қабылдауға əбден болады. Публицистика – көсем сөз! Əдемі емес пе? Бұдан əрі Ахаң қазақ өлеңінің құрылысын, қазақ əдебиетінің (фольклордан бергі) ұзақ тарихын шолуға көшеді. Мұның өзі бір қарағанда əдебиет туралы ғылымның екі саласын (тарихы мен теориясын) қосып, қойыртпақтап жібергендей көрінеді. Бірақ байыбына барыңқырасақ, ол мұнда да əдеби-теориялық ұғымдар қалыптастырып, өзінің «Əдебиет танытқышын» тағы да сөз өнерінің əсем əліппесіне айналдырады. Бұл бөлімінің ең бір құнды жері – əдебиеттің Аристотель белгілеген негізгі үш тегін, яки жанрын (эпос, лирика, драма) грек тілінен түп-түгел қазақ тіліне ауыстырып алады да, əр жанрдың жанрлық түрлерін өзіміздің төл əдебиетімізденіздейді. Мысалы, лириканың алғашқы үлгілерін қазақтың сонау тұрмыс-салт жырларынан іздеп табады. Сонда, ең жеңілі, жоқтау – эпитафияға, мақтау – одаға, даттау – сатираға балама боп шыға келеді. Дəл осы ретпен əдебиеттің үшінші тегін Аристотельше «драма» деп емес, Ахаңша «айтыс-тартыс» деп алады да, осы жанрдың жанрлық түрлерін, айталық, трагедияны – мерт, яки əлекті тартыс, драманы – сергелдең, яки азаптытартыс, комедияны – арамтер, яки əурешілік деп атайды. Сөйтіп, Ахаң əдебиет теориясының негіздерін қазақтар ортасына осылай əкеліп орнықтырып, əдебиет теориясына айрықша ұлттық сипат дарытудың жолын, əдісі мен амалын, міне, осылай іздеді.

Қорыта айтарымыз: Ахмет Байтұрсынұлы өзінің «Əдебиет танытқышы» арқылы қазақтың таза ұлттық топырағына егіп-өсіріп, жалпы əдебиет дегеннің болмысы мен бітімін Ахаңша есіліп, Ахаңша көсіліп бір толғап берді. Бұл – сөз өнерінің басы, «Əліпбиі». Өйткені сөз өнерінің тек ұлттық қана емес, күллі адам баласылық ұлы проблемалары əдебиеттің болмыс-бітімін белгілеумен ғана шектелмейді, бұдан əрі біріне-бірі тұтасып, əдеби шығарманың сыры мен сипатын парықтау, ақыр-аяғында əдеби дамудың мағынасы мен мəнін анықтау жатыр. Бұларды жүзеге асыру жолын «Сөз өнерінде» былай белгілейміз: əдебиеттің теориялық мəселелерін бірыңғай қисынға ғана айналдырып, оны əлдебір қасаң ереже, кейде тіпті қатал заң ретінде ұсынбай, теориялық толғамдарымызды жазушылық шеберлік мəселесімен, қажет жағдайда қаламгерлік өнердің қиын иірімдерімен ұштастыра, көркем творчествоның психологиясымен байланыстыра жүйелеп отыруымыз керек. Бұл міндетті Ахаң өзінен кейінгілердің үлесіне қалдырып кетті.


Зейнолла Қабдолов,

академик

Тегтер: Ахмет Байтұрсынұлы
Авторы: Тіл әлемі

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

322

ақпарат

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫНЫҢ РУХАНИ КӨСЕМІ

877

ақпарат

БАЙҚАУ МЕРЗІМІ ҰЗАРТЫЛДЫ

378

ақпарат

ӘЛЕМДІК ТҰЛҒА