Қазقاز        
Бізге хат жазыңыз
Бізге хат жазу

Байланыс

Мекенжайы:
Нұр-Сұлтан қаласы, Сауран көшесі, 7А
Телефон:
+7(717-2) 40-83-67

+7(717-2) 40-83-93
E-mail:
info@tilqazyna.kz

tilalemi.kz@gmail.com
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

АХМЕТТАНУ ҚҰПИЯСЫ

5.7.2022 299
Ахмет Байтұрсынұлы туралы Қызылорда облыстық архивінде тың деректер табылған. Жас ғалым Айдана Махамбет «Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві. 184 қор. 1-тізімдеме, 17-іст» қарап Ахмет Байтұрсынұлы өміріне қатысты тың құжаттарды оқырман назарына ұсынды. Құжатты тапқан Айдана замандасымыз оның ғылыми айналымда жоқ екенін айтады. Оқырманға арналған шағын сұхбат Ахмет Байтұрсынұлын зерттеу мен зерделеу ісі туралы әңгіме қозғайды.

– Айдана, Ахмет Байтұрсынұлы туралы Қызылорда облыстық архивіндегі тың деректерді іздеп таптыңыз. Ол құжаттарды іздестіруге қанша уақыт кетті?

– ҚР Ұлттық архив қорының құжаттарын ғылыми пайдалану және жариялау бөлімінде сақталған орыс тіліндегі құжаттарды қарап, қазақ тіліне аударуға ұзақ уақыт кетті деп айта алмаймын. Өйткені, біздің өңірлік облыстық мұрағатта ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына қатысты бір ғана ісі сақталған екен.

Архивтік қордың негізгі құжаттары болып саналатын Қазақ халық білім беру институтының хаттамаларын қарап, институт туралы ереже, онда оқытылған пәндер жайлы, оқытушылармен жасасқан келісімшарттар жөнінде деректердің сақталып тұрғанына биыл тура 97 жылға жуық уақыт болыпты.

– Құжаттардың дәл сол орында екенін болжап-білуге қандай қосымша деректер көмектесті?

– Елдегі сауатсыздықты жою ісімен айналысқан институттың 1925 жылы Қызылордаға көшірілгендігі жөнінде тарихи деректер арқылы таныспыз. Республикада ағарту ісімен айналысқан қайраткерлер қатарында Ахмет Байтұрсынұлының болғаны да тарихтан белгілі. Алаш қайраткерінің Қызылорда кезеңі деген зерттеу мақалалары да осы құжатты іздеп-көруге қызығушылығымды туғызды. Сонымен бірге, қайраткердің оқу-ағарту саласындағы ыждағатты еңбегінен бөлек, қазақ әліпбиін жасаудағы ізденісі де осы құжаттарды қарауға негіз болды. Себебі, қазір қоғамда полемика туғызып отырған жазу реформасы ең өзекті мәселелердің қатарында болып отыр.

– Ахмет Байтұрсынұлына қатысты тағы да қандай тың деректер архивтерде жатуы мүмкін деп ойлайсыз?

– Ұлт ұстазының 150 жылдығы аясында әр облыстағы өңірлік мұрағаттармен қатар, кеңестік жүйе тұсындағы ірі қалалар: Орынбор, Ташкент, Уфа, Қазан, Баку, Мәскеу, Петербор мұрағаттарын тағы да бір тереңдей қарап шығу керек деген ойдамын. А.Байтұрсынұлының ұшан-теңіз еңбегі жайлы Тәуелсіздік жылдары көптеген іргелі еңбектер жазылып, ғылыми зерттеулер жүргізіліп келеді. Руханияттың ұлы тойы аясында бұл ізденістер де өз жалғасын тауып келеді. Кейінгі ұрпақ та ғалым еңбектерін сан қырынан тани бермек.

– Ахметтануға қатысты әлі де ашылмаған архив деректері көп қой. Әсіресе, облыс орталықтарында ондай құжаттар ашылмаған қалпында жатуы мүмкін. Бұған қатысты да зерттеу-іздестіру жұмыстарын жүргізгіңіз келмей ме?

– Менің шағын еңбегіме үлкен мән беріп, ұлғайтып айтып отырсыз. Бізден бұрынғы алаштанушы, ахметтанушы аға һәм орта буын ғалымдардың еңбегімен салыстырғанда бір кішкене ғана ізденіс қой менікі. Әрине, Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы биылғы 150 жылдығына байланысты ғана емес, толыққанды түгенделгенше ізделе беруі керек деген пікірдемін. Мен де бұл жұмысты қызығушылығыма қарай жалғастыра бермекпін.

Бұл архив деректері негізінде Қызыл үкіметтің сынықты сылтау етіп тарихи тұлғаны өмір сахнасынан шеттетпекші болғанын, «басқан ізін аңдып, соңына шам алып түскенін» нақты құжаттар арқылы көрсетуге тырысып бақтық.

Осы тұста Алаш Арыстары мұрасын зерттеуші жас ғалым Әділет Ахмет ағамыздың «Ахметтің Пушкиннен несі кем?» деген мақаласы ойыма оралып отыр. Онда зерттеуші ағамыз орыс халқы Пушкиннің өлерден бұрынғы үш күнін зерттеу үстінде екенін айтады. Ал қазақта өткен жылы ғана 175 жылдығы аталып өткен «Ұлы ақын Абайдың қай жылы қайда болғанын кесіп айтатын ғалым бар ма?» деген ойлы сауалға жауап іздейді.

Биыл 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып жатқан ұлы реформатор Ахмет Байтұрсынұлының сүйегін де таба алмағандығымыз жөніндегі өкінішін де автор жасырмайды.

Ақиқатында, Ахметтей дара да дана тағдырлы һәм тарихи тұлғаны жан-жақты қырынан қолдан келгенше насихаттау – біздің перзенттік парызымыз және азаматтық борышымыз. Осы жолда барша қазақ біріге іс бітіруі, жұмыла жүк көтеруі қажет деп ойлаймын. Биылғы дата тек науқаншылдықпен шектелмесе деген тілегіміз бар.

– Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына байланысты нақты қандай іс-шаралар кешенін ерекше атап өтер едіңіз?

– Өздеріңізге белгілі, 2022 жылдың ақпан айында Елордада Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын мерекелеудің салтанатты ашылу рәсімі өткен болатын. Сол жиында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын өткізу жөніндегіжалпыреспубликалық жоспарға сәйкес қоғамдық маңызы бар ғылыми-зерттеу және ағарту іс-шаралары таныстырылды. Ең маңыздысы, А.Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасы мен тұлғалық келбетіне қатысты атқарылып жатқан барлық іс-шараларды республикалық, облыстық газеттердің жариялауға тиісті екендігі Үкімет тарапынан бекітілген жоба-жоспарда жеке тармақпен міндеттелген еді. Осы ретте бүгінге дейін БАҚ-та жарық көрген мақалалар қарқыны неге төмен деген сауалға жауап іздеген Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Сахыбекқызының сараптауына назар аударсақ, БАҚ өкілдерінің бұған тиісті деңгейде көңіл бөлмей отырғанын аңдауға болады. Шындығында, бұл көңіл қынжылтатындай жайт. Өңірлік газеттердің де бұған немқұрайлы қарап отырғандығы да жасырын емес. Демек, ақпараттандыру жағы қажетті деңгейде жүрмей жатқанын мойындауымыз қажет. Осы мәселе бойынша Р.Сахыбекқызы фейсбук әлеуметтік желісіндегі өзінің жеке парақшасында аталған іс-шаралардың бекітілуіне жетекшілік жасаған Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ә.Қабаны арнайы белгілеп, министрліктен қадағалаудың қажет екендігін айтып, құлаққағыс жасағаны белгілі. Енді алдағы уақытта бір өзгеріс боп қалар деп үміттенеміз. Неге бұны айтып отырмыз? Жер-жерлерде, өңір-өңірлерде ұлт ұстазын ұлықтауға арналған ірілі-ұсақты шаралардың болып жатқаны белгілі. Тарихи тұлғаның атын иеленген мектептер, түрлі орталықтар, кафедралар, кабинеттер, көшелер жайлы неге көпшілікке ақпарат ұсынбасқа деген әттеген-айларымыз бар.

Өз басым Қазақ радиосынан тұрақты түрде өтетін «Ұлт ұстазы» хабарын, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Байтұрсынұлы мұрасын насихаттайтын «Тіл – қазына» оқуларын ерекше атап өтер едім. Одан бөлек Алаш ардақтысының өмір жолын бейнелейтін «Ахмет. Ұлт ұстазы» атты 6 сериалды телехикаясын бұл жылдың басты жетістігі деп айтсақ қателеспейтін шығармыз.

Үлкен талант иесі, қазақ ұлтының ғылымы мен білім жолында аянбай еңбек еткен ірі қайраткерге құрмет көрсету өзін қазақпын деп есептейтін әр азаматтың ұстанымына айналуы тиіс. Осы жолда өзі айтқандай елдің оқығандары үлгі болуға міндетті.

– Әңгімеңізге рақмет!

https://el.kz/news/s-khbat/akhmettanu_-piyasy/

Тегтер: Ахмет Байтұрсынұлы
Авторы: Тіл әлемі

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

322

ақпарат

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫНЫҢ РУХАНИ КӨСЕМІ

877

ақпарат

БАЙҚАУ МЕРЗІМІ ҰЗАРТЫЛДЫ

378

ақпарат

ӘЛЕМДІК ТҰЛҒА