Оқулықтағы терминдерде ұлттық сипат бар ма?

Мектептің білім беру жүйесіндегі басшылыққа алынатын негізгі құралы – оқулыққа артылар жүк ауыр. Өйткені бұл басты кітапта пәннің мазмұны баяндалып қана қоймай, оқушыларға алғашқы ғылыми түсінік бе...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

04 сәуір, 2022

Оқулыққа қойылатын педагогикалық талаптардың қатарында оқу материалдарының қазіргі ғылым мен технологияның дәрежесіне сәйкес баяндалуы да бар. Демек, оқушылар белгілі бір арнаулы саланың негізгі ұғымдарын білдіретін ғылыми терминдермен алғаш рет оқулықтар арқылы танысады.

Мектеп оқушылары жас ерекшеліктеріне сәйкес ғылым мен техниканың, өндіріс пен өнердің сан түрлі салаларын, ондағы деректі және дерексіз ұғымдардың атауларын, яғни салалық терминологияны игере бастайды. Сондай-ақ оқулықтарда бір-бірімен іргелес салаларға бірдей қызмет ететін салааралық терминология да кездесіп жатады.

Мектеп оқулықтарының басым көпшілігінде назардан тыс қалып келе жатқан мәселенің бірі – оқулықтардағы терминдердің берілу жағдайы. Атап айтқанда, «Оқулықтардағы мамандар тарапынан ұсынылып жүрген терминдер оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай келе ме? Баламалы терминдерді беруде терминге қойылатын талаптарға мейлінше сәйкес келетін нұсқаны сұрыптап, таңдап алу үдерісі сақталған ба? Әр сынып оқулықтарындағы салааралық терминдердің, тіпті салалық терминдердің дефинициясы бірдей формаға немесе жүйеге келтірілген бе?» деген сұрақтар туындайды.

Филология ғылымдарының докторы, жетекші терминолог ғалым Ш.Құрманбайұлы «Оқулықтарға енетін терминдерді іріктеу мен қолдану мәселесі» атты мақаласында мектеп оқулықтардағы терминдер қолданысының, оларды оқулыққа енгізудің жай-күйі көңіл алаңдатарлық екенін, ретке келтіруді қажет ететін, ойласатын тұстардың аз емес екенін нақты мысалдар арқылы санамалап берген еді. Ғалым әсіресе бастауыш сынып оқушыларына олар мәнін толық түсіне алмайтын күрделі терминдерді үйіп-төгіп берудің пайдасынан гөрі тигізер зияны көбірек екенін айтқан-ды. Оқулықтарда тілде әлі толық орныға қоймаған жаңа атаулардың да аз ұшыраспайтынын, мектеп оқулықтарында неологизмдер мен жаппай қолданысқа енбеген жаңа терминдердің шектен тыс көп қолданылуы белгілі дәрежеде қиындықтар туғызатынын айта келіп, «мектеп оқулықтарына негізінен ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекіткен терминдердің енгені жөн. Оқулық авторларының бұған баса мән бергені абзал...» деп тұжырымдаған болатын [1].

Осы жерде біз басты тақырыбымыздан сәл шегініс жасап, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминологиялық комиссиясы туралы айта кеткенді жөн көрдік. Баспасөз беттерінде, оқулықтар мен кітаптарда Терминологиялық комиссияда мақұлданбаған терминдерді қолдану жиі байқалады. Бұның бір себебі аталмыш комиссияның заңдық күші жоқтығына барып тіреледі. Ал екінші жағы бекітілген терминдердің жұртшылыққа жеткілікті деңгейде насихатталмауынан да туындайды.

Осы кемшіліктерді жоюдың бір тетігі ретінде «termincom.kz» сайтында терминтану ғылымының бүгінгі ахуалы мен терминжасамның басты қағидалары бойынша көпшілікке ақпарат беруге арналған электрондық алаң іске қосылған болатын.

2021 жылы электрондық алаңның мазмұны жетілдіріліп, қазақ терминологиясының қордаланған тағы бір мәселесін шешу мақсатында «Мектеп терминологиясы» бөлімі ашылды. Бұл бөлімге 2254 термин енгізілген. Терминдер тізбесін жасау барысында «оқулық.кз» сайтында орналасқан мектеп оқулықтарында берілген глоссарийлер төмендегі пәндер бойынша сүзгіден өткізілді. Олар:

  • Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар
  • Биология
  • География
  • Геометрия
  • Дүние жүзі тарихы
  • Дүниетану
  • Жаратылыстану
  • Информатика
  • Көркем еңбек
  • Қазақ тілі
  • Қазақ әдебиеті
  • Қазақстан тарихы
  • Математика
  • Музыка
  • Физика
  • Химия

Оқулықтардағы терминдер аталған пәндер бойынша әліпбилік тәртіпте берілген. Терминдердің реттік нөмірі қойылып, әр сыныпқа бөлініп көрсетілген, дефинициясы ашылған [2].

Терминдердің дефинициясын ашу тұрғысынан оқулық авторларының пәнаралық байланысқа аса мән бермегендігі байқалады. Мәселен «астрономия» термині мен дефинициясы 2-сыныптың дүниетану, 1, 5 және 6-сыныптардың жаратылыстану оқулықтарында кездеседі [3].

Көріп отырғанымыздай, терминнің дефинициясын беруде оқушылардың жас ерекшелігі ескерілмеген. Бірінші сыныптағы дефиниция екінші сыныптағыға қарағанда күрделі. Одан басқа «егер оқушы бірінші сыныптан бастап бұл терминмен таныс болса, алтыншы сынып оқулығының глоссарийіне енгізудің қажеттілігі қандай?» деген сұрақ туындайды.

Бірінші сыныптарға арналған Дүниетану оқулығында «эмоция» терминінің дефинициясын бір ғана «сезім» сөзімен берсе, осы пәннің үшінші сыныпқа арналған оқулығында «триумф» сөзінің дефинициясын «даңқ» деп қорыта салады. Ал 11-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында «шаруа» терминінің дефинициясын «қатардағы көшпелі-малшы» деп береді. Бұл мысалдардан оқушылардың жас ерекшелігі ескерілмегенін былай қойғанда терминнің анықтамасының өзі ашылмағанын көреміз [3].

Мектеп оқулықтарында қолданылып жүрген терминдердің ішінде Терминологиялық комиссияда мақұлданған, қолданысқа тым тәуір еніп кеткен нұсқасының болуына қарамастан игерілмей берілген терминдердің жиі кездесетіндігін байқадық. Бұған 4-сыныптың Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар оқулығынан бірнеше мысал келтіруді жөн көрдік. Оқулықта видеоадаптер, пароль, презентация түріндегі терминдер кездеседі. Адаптер термині 2015 жылдан бері бейімдеуіш болып қалданылып келеді. Оқулық авторы видеобейімдеуіш түрінде алса, кірме термин ұлттық танымымызға бір табан жақындар еді. Ал пароль – құпиясөз, презентация – таныстырылым түрінде жалпы қолданысқа еніп кеткелі де бірқатар уақыт болды [3].

Мектеп терминологиясы бөліміне енгізілген терминдерді зерделеу барысында терминдердің басым көпшілігі кірме терминдер екенін байқадық. Бұл терминдер орыс тілінің заңдылықтарына сүйене отырып алынған. Орыс тілі делдал тіл ретінде қызмет атқарып, цитаталық принциппен тілімізге сіңіп кеткен терминдерді игерілген терминдер дей алмайтынымыз анық. Бұл мәселе төңірегінде өткен ғасырдың басында Алаш зиялылырынан бастап кейінгі тілші ғалымдарға дейінгі бірнеше толқын сан мәрте айтқанымен әлі күнге шешімі табылмай келеді. Профессор Н.Уәли: «Кеңестік тоталитарлық саясаттың салдарынан қазақ тілін тұтынушылардың санасында кирилл жазуына негізделген қазіргі қазақ әліпбиінде орыс тілінен енген кірме сөздерді еш өзгеріссіз қабылдау және өзіндік айтылым нормасына бейімдемеу сияқты теріс стереотиптердің қалыптасуына себеп болды... Өзге тілден енген кірме сөздердің ұлттық мәнеріне бейімделудің тілдік тетігі (механизмі) көптеген жылдар бойы сыртқы тілдік емес факторлардың күші арқылы тежеліп отырды» деп атап өткен болатын [4]. Оқулықтардағы терминдерді сараптау барысында авторлардың осындай таптаурыннан ада болмағанын байқадық.

Қорыта айтқанда мектеп терминологиясын А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров сияқты Алаш қайраткерлерінен бастау алып, бүгінгі жетекші терминологтар ұстанған терминжасам қағидаттарының негізінде дамытқан дұрыс деген пікірдеміз.

Біріншіден, оқулықтарда қазақ тілінің лексикалық байлығы мен сөзжасам тәсілдерін барынша ұтымды пайдалану арқылы қалыптасқан ұлттық терминқорымызды қолдану;

Екіншіден, көршілес халықтарының бәріне сіңісті болған кірме терминдерді қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне сай икемдеп алу;

Үшіншіден, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминологиялық комиссиясы тарапынан мақұлданған терминдерді пайдалану;

Төртіншіден, терминдердің дефинициясын ашу тұрғысынан пәнаралық байланысқа аса мән беріп, оқушылардың жас ерекшелігін ескеру.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Құрманбайұлы Ш. Оқулықтарға енетін терминдерді іріктеу мен қолдану мәселесі // «Білім беру ресурстарын жетілдіру: тәжірибе және болашағы = Модернизация образовательных ресурсов: опыт и перспективы = Modernization of educational resources: experience and perspectives» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (18-19 сәуір, 2019 ж.) / ред. – С.К.Омарова. Нұр-Сұлтан: «Оқулық» РҒПО, 2019. – 471 б. (қазақша, орысша, ағылшынша)
  2. 2. https://termincom.kz/
  3. https://www.okulyk.kz/
  4. Уәли Н. Лингвистикалық және мәдени-әлеуметтік түрткіжайттардың басымдылығы // Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы және болашағы А., Арыс, 2007. – 410б. 179б.



Сая Итегулова,

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы
«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының
Терминология басқармасының жетекші ғылыми қызметкері


Баға беріңіз