Қазақ тілі техника тілі бола алады

Әдебиет пен тарихқа қатысты әңгіме қозғала қалса, есте жоқ ескіден тартып көз көрмеген келешекке дейін көсіле шабатын қызыл тіл өзіміз күнде тұтынып жүрген қарапайым техника құралдарының ұсақ бөлше...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

15 наурыз, 2022

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай ұйымдас­тыр­ылған іс-шараға Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы, «СарыарқаАвтопром» серік­тес­тігінің өкілдері, өңір зиялылары, Қос­танай автомобиль көлігі колледжінің ұс­­­таз­­дары мен студенттері қатысты. Жиын­да техника терминдерін қазақ тілін­де қа­лыптастыру, дамыту, оларды тіл­дік қол­­да­нысқа енгізу сияқты өзекті мәсе­ле­лер сөз болды.

Берік Әбдіғалиұлы алдымен жиналған көпшілікке Алаш ардақтысы Ахмет Бай­тұр­сынұлының ұлттық терминологияны қалыптастырудағы еңбегі мен қазіргі заманғы техникалық қазақ тілінің дамуы төңірегінде ой қозғап, бүгінгі таңда Ахаң қалыптастырған ұлттық терминдердің өрісін ғылым мен озық технология саласында кеңейтудің маңызды екенін айтты.

Басқосу барысында филология ғы­лым­­­дарының докторы Шерубай Құрман­­бай­ұлы құрастырған Машина жасау терминдерінің сөздігі таныстырылды. Жоба жетекшісі Айгүл Ахметованың ай­туы­нша, аталған сөздік «Allur» Ком­па­ниялар тобы» АҚ директорлар ке­ңе­сінің төрағасы Андрей Лаврентьевтің ұсынысымен құрастырылған. Кәсіпорын басшысының тікелей қолдауымен жарық көрген бұл сөздікте Қостанай зауытында жиі қолданылатын машина жасау саласына қатысты 1000 термин қамтылыпты.

– Тіл мен сана – біртұтас ұғым. Оны әрі қарай қалай дамытуға болады?

Жалпы, әлемдік ғылымда лингвоэкономика деген сала бар. Бұл – Германияда Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қолға алынған дүние. Яғни тіл мен экономика дамуының сабақтастығын қарастыратын ғылым. Лингвоэкономика ғылымында тіл дамымай, сала дамымайды деген тұжырым бар. Мысалы, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мем­лекеттік университетіндегі филология факультетінде 42 мамандық бар: филолог-журналист, филолог-инженер, филолог-копирайтер, филолог-аудармашы деп жалғаса береді. Ал біздегі филология факультеттерінде тек мұғалім, аудармашы деген сияқты санаулы мамандық ғана бар. Тілге санамызды дамытатындай мазмұн бере білгеніміз абзал. Қазір бізде техника саласының мамандары тапшы. Біз бұл мамандарды мүмкіндігінше мемлекеттік тілде даярлап шығаруға талпыныс жасасақ, ұтылмаймыз. Бүгін өз­де­ріңізге таныстырылып отырған сөз­дікте Қостанайдағы машина жасау өнді­рі­сінде жиі кездесетін сөздер мен сөз тіркестерінің қазақ және орыс тіліндегі баламасы бе­ріл­ген. Сөздікті құрастырып біткен соң, тағы бірнеше рет тексеріп, дұрыс ауда­рыл­маған жерлерін түзеттік. Бұл біздің ең алғашқы қадамымыз, сон­дық­тан аталған сөздік алдағы уақыт­та әлі де өзгеріп, то­лық­тырылады. Бұл бағытта сөздік құ­рас­тырушылар үшін сіздердің, әсіресе сала мамандарының пікір­лері өте қажет, – деді «Allur» компа­ния­лар тобы» АҚ директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі Айгүл Ахметова.

Айгүл Ахметованың айтуынша, қа­зір­гі қоғамда мемлекеттік тілді ілгерілете отырып ин­же­нер­­лік сананы өсірудің маңызы жоғары.

– Өйткені өзбек ағайындарымызда солай. Мен екі апта жүріп бәрін зерттеп келдім. Ол жақта өзбек тілі мен ағыл­шын тілі басым. Ағылшын тілді техноло­гия­дан алған сөзді өзбекше түсіндіріп береді. Ал біздің кәсіпорнымыздағы жұ­мыс­шы­лардың 80 пайызы – қазақтар. Бірақ, өкінішке қарай, өндіріс тілі орысша. Бұл сөздік осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жасалған алғашқы талпыныс. Таяуда Өзбекстаннан 5 томдық терминдер сөздігін алып кел­дім. Өз сөзді­гі­мізді құрастыру барысында кейде өзбек мамандарының да тәжірибесіне сүйенуге тура келді, – деді жоба жетекшісі.

Машина жасау терминдерінің сөзді­гі «СарыарқаАвтопромның» Allur University оқу орталығында, сондай-ақ Қос­­­танай автокөлік транспорты кол­­лед­жі­нің қазақ тобындағы оқу үде­рісінде пай­даланылатын болады. Шын­туай­­тын айтсақ, автотехника мамандарын даярлайтын колледждердегі қазақ топ­та­ры­ның студенттері әлі күнге дейін өзге тілде жа­­зыл­­ған оқулықтарға үңілуге мәжбүр бо­лып отыр.

Ал Қостанай автокөлік транспорты кол­леджіндегі жалғыз қазақ тобы былтыр ғана ашылған. Колледж басшысы Дмитрий Павленко алдағы оқу жылы екін­ші топқа студенттер қабылданатынын айтты. Осыған орай балаларды мем­ле­кет­тік тілдегі оқулықтармен және оқу-әдіс­темелік құралдармен қамтамасыз ету мәсе­лесі шешілуге тиіс.

– Біздің колледжіміз транспорт бағы­тын­да білім беретін еліміздегі 18 кол­ледж­ді біріктіретін әдістемелік орталық болып табылады. Сондықтан бүгін өздеріңіз көр­ген сөздікті біз осы оқу орындарының бә­рі­не жібердік. Олар сөздікпен танысып, кейін бізге өз пікірлерін жібереді. Пі­кір алмасу керек. Өйткені осы 18 кол­­лед­жде күнделікті ресімделіп жататын құжат­тар­дың өзін­де бірізділік болмай қалып жатады. Құрастырушыларға рах­мет, алдағы уа­қытта оқулық жасау бағытында әлі де әріптестік орнатамыз деп үміттенемін, – деді колледж директоры.

Осы орайда Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы Тобыл өңіріне келген күні Қостанайда «Қазақ тілі» қоғамының филиалы ашылғанын айтпай кетпеске болмас. Облыстық филиал­ды белгілі журналист Заңғар Санай басқаратын болды.

– Бүгін қолымызға «Қазақ тілі» қоғам­дық бірлестігінің облыстық филиалы әді­лет департаментінде тіркелді деген анықтама тиіп отыр. Осыған байланыс­ты бір­лестік мүшелерімен бірге Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Берік Әбдіғалиұлымен кездесу өтті. Жиын ба­ры­­сында алда атқарылатын міндет­тер ай­­қын­далып, мемлекеттік тілдің қол­да­ныс аясын кеңейту жөнінде келелі әңгіме өрбіді. Облыстық филиалдың алқа мүше­лі­гіне 13 адам өтті. Олардың арасында облыстық, қалалық, аудандық мәслихат де­путаттары мен мекеме басшылары, жас ға­лымдар мен тіл мамандары бар. Алдағы уақытта Арқалық, Рудный қа­ла­сы мен Жітіқара, Қарабалық, Қос­та­най аудандарында филиалдары­мыз­ды ашамыз, – деді облыстық филиал­дың жетекшісі Заңғар Санай.

«Қазақ тілі» қоғамы өңірде қазақ тілі мен ұлт мәдениетін, әдебиетін, тарихын, әдет-ғұрпы мен тұрмыс-салтын насихаттап, оны одан әрі дамытуға ниетті қазақ және өзге ұлт өкілдерінің басын бірік­ті­ре­­тін ерікті ұйым ретінде жұмыс істейтін болады.


Баға беріңіз