Мән мен мағына

11 наурыз, 2022

ПАНЖАРА – оңтүстік өңірлерде терезелерге орнатылатын торкөз. Атаудың түп-төркіні – парсы тілінде панжара тор деген мағынасындағы сөз. Панжара ағаштан, алебастрден (ганчтен) ойылып, өрнектеліп жасалады. Панжараны ел көп жиналатын қоғамдық ғимараттарда кеңінен қолданатын болған. Осыған байланысты мешіт, медресе, кесене, моншалардың есік-терезелеріне панжара орнату дәстүрі қазақ жеріндегі көне сәулет ескерткіштеріне де өзіндік сипат беретін ерекше құрамдас бөлігі болып қалыптасқан.

Панжара бөлімдерді тікелей түсетін күн сәулесінен қорғайды. Бірақ жарықты көлегейлемейді. Сонымен бірге панжара жаздың аптап ыстығында, ел көп жиналатын бөлмелерде ауаның еркін алмасуын қамтамассыз етеді.

Панжара мұсылмандық дәстүр, салтқа ­байланысты мешіт ішіндегі адамдардарды сырт көзден тасалау мақсатында жасалған. Бөлмені түрлі бөліктерге бөліп тұратын панжаралар болған. Қожа-Ахмет Ясауи кесенесінде зияратхана мен қабір жатқан текшелер торкөз панжарамен бөлінген.

СЕРНЕ – жылқышылардың ауыл-үй аралап қыдырып, қонақ болуы. Қыс мезгілінде жылқышылар жақсы киініп, сәнді ер-тұрман салынған айғыр мініп, ауыл аралап, соғым етінен ауыз тиген. Кейде топтасқан түрде «серне жегелі келдік» деп таңдаған бір үйге түседі. Егер бірнеше жылқышы болса, айғырды жетекке алып та жүретін болған. Олардың сәнді ер-тұрман салып мінген аттары серне ат деп аталған. Жылқышы үйде отырған кезде олар мініп келген ат пен айғырды сол үйдің бала-шағасы мініп, мәз-мәйрам болысады. Жылқышы болу, жылқы бағу әрбір ер адамның қолынан келетін іс емес. Сондықтан жастар, балалар мінсін деген арнайы ырым бойынша, ауылға айғырмен келудің өзіндік қыры мен сыры болса керек. Дәстүрлі ортада айғыр, бұқа, қошқар сияқты құтпан мал күш-қуаттың және өсіп-өнудің, көбеюдің нышаны саналғаны белгілі.

СОРБАҚ / CОРБАҢ – тұзды суға салып қайнатып, сыныққа орайтын түйе шудасы. Ол кейбір өңірде сорбақта немесе сорботқа деп те аталады. Сорбақты адамның да, малдың да сынғанына қолданылған (қ.Шуда). Хиуа жорығына (1841 ж.) қатысқан дәрігер А.Ягмин қазақтардың Сорбақты жіліктер сынған кезде құндақтап орап тастауы жақсы нәтиже бергендігін айтады. Сынықты орнына салған соң ерсілі-қарсылы таңып тастаған. Сорбақты аурудың ісігі қайтқанша (шамамен 3-7 күн бойы) күніге қайталап жасайды. Онан соң сүйек бір-бірімен «ұстасқанша», әр апта сайын жаңалап отырады. Емнің әсерінен күшейту үшін күн сайын әрекідік тұзды суды Сорбаққа тамызып отырады (қ.Сынық).

Аида БАРМЕНКУЛОВА,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты Қолданбалы лингвистика

бөлімінің кіші ғылыми қызметкері


Баға беріңіз