Бөкейхан ауданында Байтұрсынұлы көшесі болады

Арқа төсіндегі білімнің қара шаңырағы академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті өзінің байырғы биігіне қайта көтеріліп, оң өзгерістерге толы ауқымды жобаларға белсенді түрде араласа бастад...

22 ақпан, 2022

Таяуда аталған оқу орнының қабырғасында университетішілік грант негізінде жүзеге асқан үш жобаның есебі тыңдалған жиын барысында жоғарыдағы сөзімізге дәлел болар көптеген игі іске көз жетті.

Иә, университеттің былтыр қолға алған ірі жобасының бірі – «Қасымтану мәселелері» еді. Жоба жетекшісі, қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Жан­сая Жарылғапов мәлім еткендей, бір жылдың ішінде Қасым Аманжоловтың әдеби мұрасын зерттеу және насихаттау бойынша қыруар шаруа атқарылған. Атап айтқанда, зерттеушілік топ ақын тұрған бірнеше қалада болып, мұрағаттарда табанды еңбек етіп, Қасымның жеке өмірі мен шығармашылығына қатысты көп­­теген құнды материалды жи­нақтаған. Соның нәтижесінде екі томдық жинақ пен ақынның библиографиялық көрсеткіш кі­табы университет баспасынан жа­рық көрді. Осы еңбектерді сату арқылы университеттің жо­баға деп бөлген 10 млн теңге гран­ты­ның біраз бөлігі де қай­тарылған екен.

Жалпы, осы жоба арқылы Қа­ра­ғанды университеті былтыр елі­міз бойынша 110 жылдық ме­рей­­тойы кеңінен аталып өткен Қасым Аманжоловтың мұрасын тану және насихаттау ісіне өзінің қомақты үлесін қосты.


«1931-1933 жылдары Орта­лық Қазақстандағы ашаршы­лық: себептері мен салдары (мұра­ғат­тар материалдары мен есте­ліктер бойынша)» атты екінші жобаға университет 4 млн теңге грант бөл­ген екен.

Жоба жетекшісі доцент Ай­наш Мустояпова еліміздің бір­­қа­тар ірі архивінен құнды ма­те­­риалдардың тірнектеп жинал­ға­нын айтып өтті. Сонымен қа­тар зерттеушілік топ Орталық Қазақ­стандағы ашаршылық ту­ралы көзі тірі куәлармен сұх­баттасып, көптеген құнды дерек тапқан. Бір сөзбен айтқанда, аталған жоба 1920-1930 жылдары Орталық Қазақстанда бол­ған оқиғалар және 1931-1933 жылдардағы аштықтан тірі қал­ған отбасылардың тарихын жи­нақтау сынды маңызы зор мін­детті толықтай орындап шық­қан. Осындай зор ізденістің нәти­же­сінде архивтік 90 құжат пен жү­зге тарта материалды қамтыған 460 беттік кітап жарық көрді.

Университет грант бөлген үшін­ші жоба «9-сыныпқа ар­налған «Адам. Қоғам. Құқық» оқулығын әзірлеу» жұмысына заң факультетінің докторан­ты Алтынай Шәкірова жетекшілік етті. Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген оқулықта норма­тивтік құқықтық актілердің өз­гер­мелі жүйесіне баса көңіл бө­­лінген. Сонымен қатар ең­бек мек­теп оқушыларына арнал­­ған­дықтан, онда педагогикалық, тә­жірибелік және заңдық нормалар да ескерілген.

Бұдан бөлек, аталған іс-шара барысында 2022 жылғы ғылы­ми-зерттеу жұмыстарына арнал­ған университетішілік грант байқауының жеңімпаздарына ақшалай сертификаттар табыс етілді. Мерзімі 1 ақпаннан жыл­дың соңына дейін белгіленген 12 грантқа жалпы сомасы 47,1 млн теңгені құрайтын қаржы бөлінген. Сонымен қатар жас ғалымдар­ға арналған «Ғылымдағы жаңа есім» байқауына 4 млн теңгенінің алты гранты берілді.

Жиынды қорытындылаған уни­верситет басшысы Нұрлан Дулатбеков ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай биыл қолға алынбақшы жобалардың біразын таныстырып өтті. Осы орайда ол Қарағандының ең көрнекті жер­леріне қайраткер тұлғаның нақыл сөздері жазылған 10 билборд ілінетінін хабардар етті.

Ал ең басты жаңалық – Май­құдықтағы басты көшелердің біріне ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сын­ұлының есімін беру туралы ұсыныс болды. Ректордың бұл бастамасын жиынға қатысушылар бірауыздан қолдады. Енді, бұл ұсыныс облыс басшылығы мен мәслихаттар тарапынан мақұл­данса, онда Қарағандыдағы Әли­хан Бөкейхан атындағы аудан­ның негізгі көшелерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлының есімін иеле­нетін болады. Мұның өзі биыл 150 жылдық мерейтойы еліміз бойынша аталып өтетін ұлт ұстазына деген толайым тарту болмақ.


Баға беріңіз