Мән мен мағына

​«Мән мен мағына» топтамасын жалғастырамыз. Бұл жолы тағы да күнделікті қолданыста, баспасөз беттерінде лексикалық мағынасы жағынан бірде дұрыс, бірде бұрыс қолданылып жүрген бірер сөзге тоқталып ө...

18 ақпан, 2022

Дүние (араб. – дониа). Көне түркі сөздігінде «дүния» тұлғасында қолданылған. Бұл нұсқа ескі кітаптар мен тарихи прозаларда жиірек кездеседі. Мағыналары: 1. Жарық дүние, өмір, тіршілік, хаят. Мысал: «Дүние – бір қисық жол бұраңдаған», «Дүние – бірде олай, бірде бұлай», «Адам – дүниенің ажары, дүние – өмірдің базары». Мұсылманды дінді түрік халықтары бұл лексеманы түгелдей дерлік осы мағынасында қолданады. Олар сонымен бірге дүниені фәни, яғни жалған және бақи, мәңгі деп екіге бөледі. Сондықтан фәни туралы «бұ дүние», бақи хақында «о дүние» деген ұғымдар қалыптастасқан. 2. Байлық, игілік, зат, мал, мүлік. Мысал: «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз», «Есепсіз дүние жоқ». Біз бұл жерде мағыналары бір-бірінен принципті түрде алшақ кете қоймайтын, қайта бірін-бірі толықтырып, өзара іштей ұштасып жататын «байлық» пен «мал-мүлік» ұғым-түсініктерін бөліп қарастырмай, бір анықтама-сипаттың ішінде беріп отырмыз. Мұның екеуінің де түпкі мәні байлық пен баршылыққа, яки материалдық игілікке барып тіреледі. 3. Жаратылыс, табиғат, жер беті, айнала, кеңістік. Мысал: «Түйеге «Ойна» десең, дүниенің ойранын шығарады», «Етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда». Қазақ жердің беті мен қоршаған кеңістікті де «дүние» деп қабылдайды.

«Дүние» сөзінің бұлардан бөлек контекстің астарында жасырынып жататын «дәуір, ұзақ уақыт» деген де қосымша мағынасы да бар. Біз әдетте мұны өз ажалымен өлген, қайтыс болған, өмірден кеткен кісілер жайлы хабар бергенде қолданып, «дүниеден озды», «дүние салды» деп жазып та, айтып та жатамыз. Бірақ көптеген әріптестеріміз бұл жердегі «дүние» сөзінің тұтас бір дәуірді, тіпті ғасырға жуық мерзімді білдіретін ұғым екенін көп жағдайда ескере бермейді. Сондықтан кейде асарын асап, жасарын жасаған қариялар мен кейуаналардың қазасы жайлы да, орта жастағы кісілердің өмірден өткендігі турасында да осы тіркестерді қолданып жатады. Тіпті кейінгі топқа қатысты азаматтарды «дүниеден өтті» деп жазғанның өзі ұғымға қайшы, марқұмға ауыр тиеді. Себебі ол дүниені толық көрген жоқ, тұтас бір дәуірді алатындай жасқа жеткен жоқ.

Осы сөз кейінгі жылдары жеке адамның өмірге келуін тәкпір ететін баяндарда да жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Қазір қайсыбір кісінің өмірбаянын ашып қарасаң да, оның пәленінші жылы «дүниеге келгенін» көресің. Бұрынырақта бұл тіркес тек ертеректе өмір сүрген кейіпкерлер мен тарихи тұлғалар жайлы жазылған туындылар мен зерттеу­лерде қолданылушы еді. Негізі, «дүниеге келу» деген – тек көркем шығармаларға ғана тиесілі бейнелі сөз. Ол ресми тілдің нұсқасына жатпайды. Ал өмірбаян ресми құжат болып саналатындықтан, әлдекімнің өмір жолы баяндалғанда, онда тек қана бұрыннан іс қағазында бар, қолданыста болып келген «туған» деген ресми сөз алынуы керек.

КӨСЕГЕ

Көсеге (көне түркі. – құт, береке, несібе). Мағынасы: Қыздың не жас келіншектің шымылдық ішіндегі бөлек төсек-орны. Жаңа ғана ұзатылып келген бойжеткен қыз оны өзінің жасауымен бірге алып барады. Қазақ бұл сөзді ауыспалы мағынада жаңа түскен келіннің өрісі, келешегі ұғымында да қолданған. Ол тек «көсеге көгеру» деген сипатта ғана қолданылады. Мысал: «Көсегесі көгеріп, кең өткелі көл болды». Ал үлкендер жас келінге «Көсегең көгерсін» деген бата беріп жатады. Бұл «үбірлі-шүбірлі бол, өрісің кеңейсін, берекең тасысын» дегенді білдіреді. Кейде жас жұптарға да айтыла береді. Бірақ әйелге қатыссыз еш жерде де айтылмайды. Мұнда «көсеге» сөзіне «көгеру» етістігінің тіркеліп, тіркес құрауы да жайдан-жай емес. Себебі, түркі халықтарында ежелден «көгеру» сөзі «жапырақ жаю», өсіп-өну», «көбею», «өркендеу» деген символдық сипатта қолданылып келеді.



Баға беріңіз