Қазقاز        
Бізге хат жазыңыз
Бізге хат жазу

Байланыс

Мекенжайы:
Астана қаласы, Сауран көшесі, 7А
Телефон:
+7(717-2) 40-83-67

+7(717-2) 40-83-93
E-mail:
info@tilqazyna.kz

tilalemi.kz@gmail.com
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Қазақтың «Хәрри Поттері» қашан жазылады?

15.2.2022 417

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп» деген жақсы сөзі бар. Бұл сөз осы ұлы өнердің маңыздылығын айқындап беретін аксиома болмақ. Қазақ сөз өнерінің бір арнасы балалар әдебиеті екені баяғыдан мәлім. Біз сол арқылы өскелең ұрпақтың ертеңін бағамдап келдік. Аталған сала жылдан-жылға сан жағынан да, сапа жағынан да дамып келе жатқанына көз жұмуға болмайды. Десе де, көкейде жүрген түйткілдер де аз емес. Бүгінгі дөңгелек үстелге осы салада қалам тербеп жүрген жазушылар Молдахмет Қаназ, Толымбек Әбдірайым, Тұрсынбек Әлиұлы, Әлібек Байбол және Әдина Жүсіп қатысып отыр.

Бүгінгі қазақ оқырманы қандай шығармаларды оқу керек деп ойлайсыз? «Менің атым Қожадан» кейін балалар тұшынып оқитын шығармалар неге жазылмай жатыр? Біздің халық ауыз әдебиетіміз бен фольклорлық құн­­­­­­ды­­лықтарымызды негіз етіп, ба­ла­­­­­ла­­р­ға ұнайтын шығармалар жазу­ға бо­­лар еді ғой...

Молдахмет ҚАНАЗ:

– «Бекең – Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасынан» кейін балалар тұшынып (?) оқитын шығармалар неге жазылмай жатыр?» деген сауал тым ұшқары. Бұл сауалға жауап беру үшін өткен ғасырдың жетпісінші жыл­дары ұйымдастырыла бастаған рес­пуб­ли­калық жабық бәйгелерден бастап, кезінде «Жалын» баспасы шығарған, 2000 жылдан бергі де конкурстарда сұрыпталған талай үлкенді-кі­ші­лі шы­ғар­маларды мұрнынан тізіп шығу қажет. Бұл туралы нақты дерек тә­жірибелі редакторлардың соңғы тұяғы, кө­ненің көзі шаршап-шалдығып жүріп, кеше ғана «Қазақ балалар әдебиетінің» он томдық антологиясын шығарып отыр­ған Байбота Серікбайұлының қо­лын­да тұр. Олар түгелдей жауһар деуге ауыз бармайды, бәрі татымсыз деуге ұят та жі­­бермейді.

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ:

– Тәуелсіздік алғалы қазақ кітап оқу­ды азайтты. Оған дәлел – жылдан-жыл­ға таралымы кеміп бара жатқан га­зет-журналдар, сапасыз шығып жат­­­­қан кітаптар. Бала көңілінен шы­ға­тын, тұ­шынып оқитын туындылар бол­­­ма­ған­­дықтан жас оқырман әлеу­мет­­тік же­лі­мен, смартфонмен, тик-ток көрумен ай­­налысып кетті.

Заман талабына сай балалар бұларды да меңгеруі керек. Не нәрсенің де шегі бар, тым әуестеніп кетпеуі тиіс. Психолог маман­­дардың пікіріне қарағанда, жағым­сыз бағ­дарламаларды тұрақты көру бала­­лар­дың психикасына үлкен салмақ түсі­реді екен... Кітап дүкендерінен ба­ла­ларға арналған үздік кітаптарды таба алмайсыз. Болған күнде сирек. Ал Мәс­кеу баспаларынан шығып жатқан кі­тап­тар жұтынып тұр. Безендірілуі мен са­лынған суреттерден мін таппайсыз. Николай Носовтың, Эдуард Успенский­­дің, Виктор Драгунскийдің, Евгений Носовтың т.б. жазушылардың балаларға арналған шығармалары жылда шықса да, сөреде көп тұрмайды. Бұл кітаптардың мұқабасы әдемі, ересек адамның өзі қызығады. Бағасы да қымбат емес.

Жаңа жыл қарсаңында, Шымкент қа­ласын­дағы Әлия Молдағұлова атын­да­ғы №29 орта мектептің 5-7 сынып оқушыларымен кездесу кешім өтті. Оқу­шылар көп еңбектеніп, жақсы дайын­­далыпты. «Тұнжыр» повесім бойын­ша 12 тараудан тұратын сахналық қойы­лым көрсетті. Көлемі шағын әң­гі­ме­лерімді оқыды. Балалар кітап оқу­ға құштар, көп нәрсені білгісі келеді, қойған сауал­­да­ры да сан алуан. Айтайын дегенім, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында үздік 30 кітап тізіміне енген балаларға ар­нал­ған менің «Алабұға аулаған күн» деген кітабымды кітапханашылар таба алмай, облыстық балалар кітапхана­сын­дағы 2 дана жинақтың біреуін әзер сұрап алыпты. Былтыр еліміздің түкпір-түк­пірінен «Алабұға аулаған күн» жи­­­нағын іздеп, көп кітапханашылар те­ле­­фон шалды. Демек, мемлекеттік тап­­­­­­­сы­­рыспен 2 мың данамен ғана жа­рық кө­ретін кітап таралымын көбей­ту керек. Көп жағдайда балаларға ар­нал­ған кітаптардың безендірілуі сын көтермейді. Кейінгі жылдары «Ата­мұра», «Аруна», «Алматы-кітап», «Фо­лиа­нт» баспалары сапалы кітаптар шы­ға­ра бастады, бірақ нарқы удай. Кітап оқуға ниет және жағдай керек. Балаларға ар­налған кітаптар қолжетімді болғаны жөн. Қымбат кітапты екінің бірі сатып ала алмайды.

Атақты ғалым, математик, физик Эйнштейннің өзі: «Менің кім болуыма түрткі болған әлемге әйгілі Гаус емес, Достоевский!» дейді. Достоевский дау жоқ, данышпан жазушы. Бірақ оның математика, физикаға ешқандай қатысы жоқ! Сөйте тұра әлемге әйгілі ғалымның, ұлы ғылыми жаңалықтың артында Дос­тоевс­кий тұр деп кім ойлаған?!.

«Әдебиет деген – адамгершілікке сүйіс­­пеншілік!» дейді Ғабит Мү­сі­репов. Қазақ, орыс, әлем әдебие­тін­де мойындалған классикалық шығар­ма­лар­ды оқу керек. Мұндай кітаптарда терең ой, жақсы оқиға, шұрайлы тіл және рух көтерер ерекше қуат бар! Жа­зыл­ғанына алпыс жылдай болса да, «Менің атым Қожа» – классикалық повесть! Оның бағын ашқан – атақты режиссер Абдолла Қарсақбаев түсірген тағдырлы фильм! «Менің атым Қожа» жас талғамайды. Тамаша кинофильмді мектептегі баладан еңкейген қартқа дейін тамашалайды. Бұл туынды алдағы уақытта да өз биігінде қала береді деп есептеймін. «Менің атым Қожа» сынды дүниелер жазылады. Өйткені әдебиет табалдырығын аттаған дарынды жастар қазір баршылық. Әр заман өз тұлғаларын өмірге әкеледі. Қазақ тұрғанда қазақ әдебиеті өлмейді!

Мәлім жағдай болса да айтайын, қа­зақ­тың ауыз әдебиетімен, мол мұрасы­мен ешбір ел теңесе алмайды. Батырлар жырын, лирикалық эпостарды қай ха­лық­тан табасыз?! Таба алмайсыз. Қа­зақ­тың халық ауыз әдебиетінде оның бәрі сіресіп тұр. Қаншама ашылмаған дүниелеріміз, архивіміз бар. Кезінде Ақселеу Сейдімбек «Алпамыс батыр» жырын қара сөзбен мөлдірете, төгілте баяндап еді. Осы үрдісті жалғастырсақ нұр үстіне нұр. Менің де ой-жоспарым көп... Уақыт төреші... Бәрі жалғыз Жа­ра­тушының қолында...

Тұрсынбек ӘЛИҰЛЫ:

– Балалар қазіргі кезеңде дәл осындай шығармаларды оқуы керек деп нақты айта алмаймын. Бұрынғы балалар мен қазіргі балаларды салыстыра алмайсың. Талғам да, түсінік те өзгеріп кеткен тәрізді. Өзіміз бала кезімізде қолға түскен кітаптың барлығын оқи бе­ре­тінбіз. Ол кезде интернет жоқ. Ақ­па­ратты кітаптан алатынбыз. Кітап көп еді. Қазір не көп, ақпарат көп. Элек­трон­ды түрде. Интернет барлығын жаулап алды. Кітап, газет-журнал оқу қал­ды. Осыны жақсы пайдаланған жөн. Әде­биет­ті интернетке салу керек. Кітап.кз­ де­ген сайт бар. Көптеген шығарма сол жерде тұр. Оқылымы жақсы. Бірақ көбі бұрын жазылған шығармалар. Қазір балалар әдебиеті ғана емес, жалпы әде­биет тоқырап тұр ғой. Оның себебі белгілі. Қаламақы жоқ. Кітап шығару қиын. Кітапты тарату жүйесі жоқ. Мем­лекеттік тапсырыспен шықсаң да қалам­ақы ретінде біраз данаңды қолыңа ұс­та­тады, қалғанының қайда кететінін бір құдай біледі. Сондықтан жазушыларда да қызығушылық жоқ деп ойлаймын. Жалпы, ақша төленбейтін жұмысты кім істегісі келеді? Әрине, ешкім де. Қандай жұмыс болса да адам бейнетінің зейнетін көргісі келеді. Жазған кітабыңа ақы тө­лен­бесе, ол бағаланбаса кім жазады? Сондықтан бұдан шығудың бір жолы бар деп ойлаймын. Ол балаларға арналған кітапқа конкурс жариялау. Жүлде қорын да қомақты қылып қойса, көптеген адам­ бұған қатысады. Осылайша, бала­лар­ға арналған көптеген кітап жазылар еді. Құр сөзбен, жалаң ұранмен енді әдебиет жасалмайды.

Әлібек БАЙБОЛ:

«Менің атым Қожа». Авторы – Б.Соқпақбаев. Сөз жоқ, даусыз классика. Өзім де – Бердібектің фанатымын. Бәрі – дұрыс. Ойыңыз – орынды. Бірақ бізде арылуға тиіс бір қасиет бар. Әлі де сол бұрынғы авторларды, шығармаларды аңсаймыз. Бәрін тұтастыра жиып бір туындыға телігіміз кеп тұрады, сонымен салыстырғымыз кеп тұрады. Шыны керек, мұндай көзқарасқа, ғадетке ай­нал­ған осы тенденцияға өз басым түбегейлі қар­сымын. Уақыт бір орында тұрған жоқ қой. Пандемия кезінде де нешелеген жан ажал құшты. Қазір – заң басқа, заман басқа. Бүгіндері жазамын деген кісі үшін тақырып та, тағдыр да, идея да көп және жазылып та жатыр. Халық ауыз әдебиетіне иек артқан драмалық ертегілер де, мульт­фильмдер де, әңгіме, повестер де, поэмалар да оқырманға жол тартқалы қашан. Драмасы драма күйінде, прозасы проза күйінде, өлеңі өлең күйінде, аудармасы аударма күйінде, эссесі эссе күйінде жылға боп қазақ әдебиеті деген ортақ қазанға құ­­йылуда. Неге біз соны айтпаймыз? Қара суды сапыра бергеннен қаймақ шық­­пайды ғой? «Жоқ» дегенге аузымыз әбден үйренген. Бар ғой, шүкір.

Бала деген – нәзік әлем. Бала жаны – бұралаң-бұлтарысы мол ну орман. Ба­ла жаны – қамал, қорған: лас әлем­нен, бей­маза тіршіліктен, мәнсіз сөзден, рет­сіз іс-әрекеттен, асығыс айыптаудан, жағымсыз қылықтан, бейберекет­сіз­­діктен, сайқал саясаттан, түрлі интри­­галардан, өтіріктен, өсектен, сат­қын­дықтан, формалды нәрселерден, жа­ғым­­паздықтан, осылай жалғаса бе­ре­ді. Баланы түсіну, ұғыну – тұнған ғы­лым, балатану ілімі. Оны меңгерген адам ғалам сырын, анау жақтан рух кү­йін­де келетін адам бітімін, тазалық та­би­ғатын ұғынады, физиканың барлық заңдылығын бұзып-жарады, гравитация мен левитация құ­пия­сын ашады, өзі үшін. Баланың күлкі шашқан, нұр төккен жүзіне үңілсең дүние ауыртпалығын ұмытасың, шаршағаның басылады. Себебі онда адам айтып тү­сін­діре алмайтын «рухани вакцина» бар. Балдырғанға деген құрметім бөлек, онымен бір қа­тарда сөйлесіп, пікірлесу үшін де дең­­гей керек. Тазарғың келсе соған бар. Кейбірі: «Ей, бұл – маңқа ғой...», – деп маңғазданғанда, сөз аңдыған балақай, іштей: «Еһ, өмір-ай!» – деп мырс ететін де шығар. Баланың әлемі – күйдің әлемі, көңілдің әлемі, бізге таңсық сезімнің әлемі, біз бастан кешпеген уақиғалардың әлемі, бұл – сырлы, сұлу, көркем әлем, оған дәретсіз кіруге рұқсат жоқ, дәт шы­да­майды. «­Балалар әдебиеті кенжелеп келеді» не­месе «балалар әдебиеті дамымай жатыр» деген сөздерді жиі-жиі естиміз. Ең басты нәрсе – жарнамада. Шетелде жарнама жолға қойылған. Ба­ла­лар дра­ма­тургиясы ақсап тұр, кадр аз. Қы­лаяғы балдырғандарға, оқушыларға ар­нал­ған жібі түзу ертеңгіліктер де жоқ. Тәрбиешілер мен мұғалімдер жоқтан жонып, әйтеуір өздігінше еңбек етуде. Сол «шикізатты» әзірлейтін – қаламгер емес пе?! Сондай-ақ қазіргі қарақты көз әлем әдебиетін де қалдырмай оқуға тырысады. Бірақ жаппай оқиды деп тағы да айта алмас ем. Қазіргілер – әсіре реалист, прагматик, өмірге деген көзқарасы бөлек. Ендігі жазылатын шығармалар солардың өмірінен сыр шертуге тиіс. Сондықтан әлі де әдеби конкурста бас­­тала қойған жоқ. Кейде бір тәуір туын­ды оқыған соң жалғасын асыға күте­сің, бірақ сиквелдық, циклдық сипат ала алмай қалып жатады. Тұрдақын Жек­сенбайдың «Бала бүркіт», Шәкен Күмісбайұлының «Атамның аманаты», «Тұңғыштар», Арасанбай Естеновтің «Өлең жаттап өсейік», Кәкен Қамзиннің «Қарлығаштың хикаясы», Тұрлыбек Мәмесейіттің «Мен қазақ екенмін», Бекен Ыбырайымның «Аспандағы сая­хат», Ділдәр Мамырбаеваның «Көк түйме», Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер», «Біртуар», Баян Болатханованың «Мейірбан жанарлар елінде», Қанат Қайымның «Алабай», Лиля Калаус пен Зира Наурызбаеваның «Приключения Бату и его друзей в стране Барсакелмес», Заря Жұманованың «Ормандағы таңғажайып оқиғалар», Есей Жеңісұлының «Өрімтал», Еркінгүл Солтанаеваның «Жалқаулық», Әдина Жүсіптің «Асқабақтың әлегі», «Бидай мен шырмауық», «От пен су», Гүлім Сыдықованың «Қайдасың, Мәди?», Есболат Айдабосынның «Қамшыұстар», Бейбіт Сарыбайдың «Рауғаш ерте гүл­дей­ді», Мира Сембайқызының «Қайсар гүл жайлы ертегі», Қанат Әбіл­қа­йыр­дың «Атасының баласы», Қуаныш Нұр­данбекұлының «Әупілдек Әділ», Нұрбек Нұржанның «Кітап патшалығы», Елдос Тоқтарбайдың «Серт», Мейіржан Жылқы­байдың «Ер­те­­гілер елінде», т.б. көркем шығар­ма­лар­ды атап өткім келіп отыр.

Әдина Жүсіп:

– Біздің балалар тарихты, салт-дәс­түр­ді біліп өсуі керек. Алаш зиялы­ла­рының еңбектерімен танысып, Алаш зиялылары армандағандай білімді, бай, ұлтшыл нағыз қазақ болуды мақсат етуіне әсер ететіндей шығармаларды оқуы керек. Шығармалардың бәрі отан­сүйгіш, шыншыл адамды дәріптеп, екіжүзді адамның бет пердесін ашып көрсетіп, ақтан қараны ажыратуды бала күнінен үйретіп, жарамсақтанған өмір­дің соңы жарға апарып жығатынын біліп, қызмет те, ақша да мәңгілік емес екенін сезініп өсуіне себеп болатындай шығармалар жазылып, балаларымыз соны оқып өссе екен деп ойлаймын. Шығармашылықпен айналысу үшін адамға бос уақыт керек. Жазушылардың көбі редакторлық жұмыстар істейді. Редак­циялау өте ауыр, қара жұмыс. Жа­ныңды жеп, бүкіл күшіңді алып қояды. Біздің жазушыларда жағдай жоқ, сон­дық­тан тұшынып оқитын шығарма жазылмай жатыр. Жазылса да жарнамасы жоқ. Кітап болып шықса да өте аз таралыммен шығады. Мың дана кітап туған-туыс, танысынан артылмайды ғой. Сол үшін халыққа жетпейді. Қазір көше әндері қатты танымал. Тіпті үлкен сахнаға да шығып кетті. Халық хит әндер деп тыңдайды. Сол секілді қазақ жазушыларын да сахнаға шығару қажет. Еңбектерін жарнамалау керек. Оған қоса жазушылардың көбі шығармашылықпен бос уақытында ғана айналысады. Ал олардың бос уақыты жоқтың қасы. Бұл да бір мәселе. Түрлі бәйгелер бел­гі­лі бір тақырыптың аясында ғана өтеді. Бәйгелер еркін тақырыпта өтіп, қар­жы­сы да қомақты болып, шығарманы жазуға бір ай, екі ай емес бір жыл бер­уі керек. Сонда жазушылар керемет шы­ғар­малар береді. Бәйгелер «жаңа есімді» оқырманына танытып отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Жыл сайын бір бәйге бір жаңа есімді жарқ еткізеді. Бұл да жастардың жазуына үлкен мотивация болады. Тағы бір айтарым, шығармаға дауыс жинау дегенді қою керек. Дауыс жинаймын деп жүріп жұрттың мазасын аласың, өзің де жексұрын боласың.


Кітап жазасың ба, әлде бала-шағаңды асырайсың ба?

– Балалар әдебиеті шын мәнінде қа­зақ әдебиетінің өзі. Бірақ біз осылай деге­німізбен қазір бұл саламен санаулы адам­дар ғана айналысып жүр. Мұның се­бебі неде деп ойлайсыз?

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ:

– Балалар әдебиетіне саналы ғұ­мы­рын арнаған, табандап еңбек еткен ақын-жазушылар саусақпен санарлық. Өйткені балалар әдебиеті қиын жанр. Балалар жан дүниесі таза, жазылмаған ақ парақ. Баланы күлдібадам, нашар туындымен алдай алмайсыз. Кітап ұнамаса, оқымайды.

Жазушы Ғабиден Мұстафиннің: «Ме­нің­ше, балаларға арналған әдебиет, сол ба­лалармен қатар үлкендер де оқитын дәрежеге жеткенде ғана қызықты, құн­ды әдебиет болса керек» – деген сөзін дә­йім айтып жүремін. Бүгіндері балалар әдебиеті жайлы көп айтылып, көп жазылып жүр. Аллаға шүкір, сең қозғалды! Жұрт кітап іздей бастады. Жақсы кітап – жақсы білімнің іргетасы! Онсыз алға жылжу мүмкін емес! Оның себебі – ертеңгі ұлт қамы! Барлық мәселе ұлт тағдырына барып тіреледі. Бұл жай мәселе емес, мемлекеттік мәселе! Ал мемлекеттк мәселенің басында БАЛА, БАЛА ТӘРБИЕСІ, болашақ мүддесі тұруы керек.

Кезінде қазақ балалар әдебиетінің көр­некті өкілі, белгілі жазушы Шәкен Күмісбайұлы ұйымдастырған, тал­дықор­ған­дық кәсіпкер, меценат Бауыржан Оспанов демеушілік жасаған, Қа­зақстан Жазушылар одағымен бірлескен «Дарабоз» атты үздік балалар туынды­ла­рына арналған конкурс жыл сайын жария­ланып тұрды. Жүлде алған шы­ғар­малар «Кәусар бұлақ» деген атпен кітап болып шығатын. Кейіннен осы бәйгені «Алтын қалам» конкурсына апарып тіркеді де, «Дарабоздың» үні өшті. «Алтын қалам» конкурсы да керек. Бірақ балалар шы­ғармашылығына арналған «Дарабоз» сынды бәйгелер ауадай қа­жет. Балалар мен жасөспірімдерге ар­нал­­ған әдеби бәйгелер бірнешеу болғаны дұрыс. Сол арқылы балалар әдебиетіне жаңа есімдер келеді! «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, жас таланттар танылады, жақсы шығармалар жазылады. Кітап оқитын баладан, күні ертең интеллектуалды жақсы адам, жақсы маман шығады. Әрі қазақ тіліндегі әдеби кітап оқу – қа­зақ тілін үйренудің үлкен мектебі.

Молдахмет ҚАНАЗ:

– Балалар әдебиетімен санаулы адамдар ғана айналысып жүрген болса, бұл істің пәлендей жұмбағы жоқ: көрінген көк атты балаларға арнап шығарма жаза алмайды, қолынан келмейді. Құ­дай­дың бермегенін құдағайдан сұрап ала ал­май­сың. Баланың табиғаты, енді ғана жетіліп келе жатқан жеткіншек әсіресе бүгінгі компьютер заманының түлегі шытырман оқиғаға ынтық. Сондағы кейіпкердей епті, қайратты, батыл да батыр болмақ арман. Алайда бұл бүкіл дүниежүзі әдебиеті тек осы тақылеттес шығармаларға зәру, осылай ғана жазу керек деген сөз емес. Әр ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан өз таным-түсінігі, мінез-құлқы, мемлекетті алсақ, оның тап қазіргі мұңы болады. Бұлар да балалар әдебиетінің мойнында.

Әлібек БАЙБОЛ:

– Бұл тақырыпқа жазу өте қиын. Қиын­ның қиыны. Біреулер жазғандай бо­ла­ды, бірақ оқысаңыз әлгісі ересек­терге бағытталған. Аты – балалар әде­бие­­ті болғанымен де, заты – басқа. Ал соңғы бір-екі жыл бедерінде жарық көрген шығармалар аз емес. Айталық Арасанбай Естеновтің «Көне кенттер күмбірі», Пернебай Дүйсенбиннің «Нұрстан мен Аққанаттың бастан кеш­кен­дері», «Ғажайып домбыра», Қанат Қа­йымның «Көпір астындағы үй», Нұр­дәу­лет Ақыштың «Тау ішіндегі тау­қымет», Дәнеш Ахметұлының «Бүл­дір­ген қалың шыққан», «Ақдидар», Діл­дәр Мамырбаеваның «Робот. Вирус. Сезім», Бейсенбай Сүлейменовтің «Кечуа тайпасының үндістері», «Бес ғасыр атылмаған садақ», «Қуанышты күн», «Тентектер», «Хан шатырындағы кездесу», «Күннен келген адам», «Го­рилла-адам», «Хан шатырынан – Күн шатырына саяхат», Әбділдабек Са­лықбайдың «Ілияс мінген Қарагер», Елдос Тоқтарбайдың «Тау құсы» сы­қылды кітаптарды іздеп жү­ріп оқуға тиіс­піз. Балаларға арналған көркем шығарма қызықты, тартымды, мазмұнды, тілі аса күрделі емес, қайта же­ңіл­деу, сүгіретке, уа­қиғаға бай, өзегі бар, заманымен үндес, әріптері үлкендеу, ақыл айтып дің­ке­летпейтін, тым данышпан­сы­майтын да және ұғынықты болғаны дұ­рыс.

Әдина Жүсіп:

– Бізде балаларға арнап жазатын жазушылар санаулы-ақ деп айта алмаймын. Бізде олардың басын қосатын ұйым жоқ. Мемлекеттік дәрежеде қолдау болмаса болмайды. Жазушыларға жақ­сы қаламақы төленсе, небір тамаша шы­ғармалар жазылар еді. Мәселенің бәрі күнкөріске келіп тіреледі. Қазір жа­зу­шылардың көбі аудармашы немесе редактор, корректор болып жүр. Жазушылардың жазуға уақыты жоқ. Бұрын бізге жазғы демалысқа, тоқсан арасындағы демалыстарда міндетті түрде оқитын кітаптардың тізімін беретін. Біз соны тапсырма секілді орындайтынбыз. Қазір де осы дәстүрді енгізіп, міндетті түрде тексеріп отырса, балалардың кітап оқуға деген құштарлығы оянады. Ойлау қабілеті дамиды. Тілдік қоры байиды, ойын жеткізіп айтуды үйренеді.

Тұрсынбек ӘЛИҰЛЫ:

– Себебін жаңа айттым ғой. Қолдау жоқ. Кітап жазасың ба, әлде бала-ша­ғаң­ды асырайсың ба? Таңдау көбінесе екіншісіне түседі. Бұрынғы жазушылар кітабы шықса қомақты қаражатын алып, шығармашылықпен алаңсыз айналыса алған. Қазір ондай жоқ. Қомақты, жақсы дүниелердің жазылмай жатқандығының бір себебі осы деп ойлаймын.


Кітапқа жарнама жетіспейді

– Қалай десек те, қазіргі балалар «Хәрри Поттерді» көп оқиды. Біз қа­шан­ғы өзге елдің кітабын оқи бе­реміз. Сұрайын дегенім, қазақтың «Хәрри Поттері» қашан жазылады?

Тұрсынбек ӘЛИҰЛЫ:

– «Хәрри Поттерді» көп оқитын себебі ол танымал кітап. Жарнамасы да жақсы. Жанры да бөлек. Жалпы, біздің әдебиетте фантастикалық шығармалар аз. Шытырман дүниелер де жоқтың қасы. Сосын бізде кітапты жарнамалау жағы жоқ. Қазақша қандай кітап шыққанын ешкім білмейді. Жақсы кітапты ешкімге зорлап жаздыра алмайсың. Сондықтан қазақтың «Хәрри Поттері» осындай уақытта жазылады деп айта алмаймын.

Молдахмет Қаназ:

– Алып көршіміз Қытай «Хәрри Поттер» шығармасының желісімен түсірілген фильмді өздерінде көрсетуге тыйым салды дегенді естігенім бар. Сонда қауіп-қатерден аулақ тұрған қырғын жұрт­тың да әлденеден секем алып отыр­ғаны да. Ол жақтағы Роулингтің ауди­то­риясы бөлек, оқырмандары болса ұшан-теңіз әрі ауқатты. Ал «Поттерді» жа­затын біздің жазарман әркімге алақан жайып, көне тулақтың үстінде отыр. Баю жағын былай қойып, көркемдік мәнге келер болсақ, кім біліпті, «біздің Поттер» кәдімгі еліктеу болып шыға келмесе. Ондай абыройсыздыққа ұрын­ғаннан гөрі оқырманның тікелей Роу­лингтің өзін оқи бергені абзал-ау. Ба­лалар мүддесіне дейін нарық заманына сүңгіп кеткен. Әлі ерте екендігінде талас жоқ. Кітап қымбат, таралымы аз. Ұлттық нақышты айтасыз, кітаптар тіпті дұрыс та безендіріліп жүрген жоқ. Компьютермен салынған суреттерде жан жоқ, сүйкімсіз, жан жылытпайды, үрейлі суреттер де кездеседі. Қазір не көп, оң келгенін – оң, сол келгенін – сол шығара беретін ақша қуған, маман редакторы, корректоры, суретшісі жоқ, ұшарын – жел, қонарын сай білген бас­па жетіп артылады. Осындай баспалар балаларға сапалы кітап шығарып бере ала ма?

Толымбек Әбдірайым:

– Балалар әлемі шытырман оқиғалы, қызық кітапқа әуес. Бәріміз де бала күні­міз­де қазақ ертегілері мен батырлар жырын оқып өстік қой. «Хәрри Поттер» фэнтези романы әп деп басталғаннан адамды баурайды. Сюжеті ерекше, ары қарай не болар екен деп елеңдеп отырасыз.

Лондонда тұратын көзілдірікті Хәрри Поттер есімді қарапайым бала 11 жасында сиқыршылардың жетім қалған баласы екенін, өзі де сиқырлы күшке ие екенін біледі. Сөйтіп, Хогвард сиқыр­шы­лар мектебінде Хәрри таңқаларлық оқиғаларға тап болады. Ұшып жүріп ойнайтын спорт түрі – квиддичті үйренеді, шахмат тастарымен қызықты ойынға қатысады, өзін жойғысы келетін қара сиқыршымен кездеседі... Өткен жылы алматылық кәсіпкер, жоба авторы Раиса Қадырдың жетекшілігімен «Хәрри Пот­­­тер» кітабы қазақ тіліне аударыла бастады. Бірінші кітабымен таныс­тым. Аударманың тілі жатық, қазақ ті­­ліндегі шығармадай оқылады. Бірақ ша­риғат шарты бойынша сиқыршылық мұсылманға, қазақ менталитетіне қай­шы, Аллаға серік қосу болып саналады. Бұл жағдайды ескеру керек...Қа­зақ балалар әдебиетінде дәл «Хәрри Пот­тер­дей» кітап жазылмаса да, сондай дең­гей­де жақсы туын­­дылар туарына кәміл сенемін.

Әлібек БАЙБОЛ:

Иә, бұл сауалыңызбен келісемін. «Хәрри Поттер» көп оқылады және сондай шығарма тууының алғышарттары да бар, Қазақстанда. Үлкен-үлкен талпыныстар жасалуда. Солардың бірі – Рүстем Сауытбайдың «Шоко әлем» мен Зәуре Төреханның «Айша и невидимые соседи», «Амина Туран в стране номадов» романдары. Алла амандығын берсе, «Хәрри Поттер» секілді сериялық роман жарыққа шығады, себебі бәрі тарихтың бір бөлшегі болғысы келеді. Еске тұта­тын бір нәрсе бар, әдеби агенттер Джоан Роулингтің аталған туын­ды­сын киноға айналдырды, сөйтіп, ав­тор­дың танымалдылығы одан сайын артты, кі­таптың сатылымы да, оқылымы да сұм­дық көбейді. Бізге сол жағына да ерек­ше мән беру керек. Ақпараттық техно­ло­гия­ларды орны-орнымен қолдансақ, еш ұтылмаймыз.

Әдина Жүсіп:

– «Хәрри Поттерден» бұрын жаңа ғана айтқанымдай, балаларды нағыз ұлтшыл қазақ етіп баулитындай шынайы шығармалар жазылуы керек. Біздің ұлт мақтаныштарымыз көп. Солардың өмірін зерттеп, қандай бала болды, ашық жазсақ. Бала күнінен өнерге құштар болды, тек түзу сызық бойымен жүрді демей, оның бала болып, балалықпен, білместікпен істеген ісін ашық жазсақ, біздің балалар біреудің қателігінен са­бақ алып өсер еді. Біз бір адамның тек жақсы жағын жазамыз. Жақсы адамның да жаман жағы, қателігі болады ғой. Сабақ болу үшін осыларды ашық жазуы­мыз керек. Ал «Хәрри Поттер» сияқты шығармалар жазу қиын емес, ондай шығармалар балалар әдебиетіне көңіл бөлгенде жазылады.


Бала ең алдымен өзінің кім екенін білсе...

– Биыл балалар жылы болып бекітілді. Ал осы жылы руханият са­ла­сы арқылы ертеңгі күн иелеріне не іс­тей аламыз?

Молдахмет Қаназ:

– Сіздің бұл пақырыңыз кезінде қыр­­уар балалар кітабын шығарған (Олар­­­дың көбі оңтайландырудың құр­баны болып кетті, жұқаналары кейбір кі­тапханаларда тұр) «Жалын» баспасын, сол баспаның алтын арқауы – Қ.Баянбаев, Е.Өтетілеуов, Қ.Омаров, Б.Серікбаев тәрізді тәжірибелі, істеріне адал да мұқият нағыз редакторларды аңсайды. Солардың ізбасарларын көре алмай қиналады. Мектептегі қазақ әде­биетін оқыту, оқулықтар сапасы туралы мәселе дүркін-дүркін көтеріліп жүр. Мектеп оқушылары оқуға тиіс көркем шығармалардың тізімін де түзу ләзім. Мектеп бітіргенде емтихан алынып, оның нәтижесі аттестатта көрсетіліп тұр­­ғаны жөн. Балалар әдебиетін жан­дан­­дырудың негізгі тетігі сөз емес, ал­­­дымен пәтуалы база, жазушыларды ынта­ландыратын кәдімгі қаламақы, сонан кейін кітап. Бала тәр­биесі ешқандай науқандық шаруа болған емес, бұл үздіксіз жүріп жатуға тиіс­ті аса маңызды ұлттық мүдде. Сон­дықтан да тек табыс­ты ойлаған әркімнің көк­па­ры­на салмай, мемлекеттің өзі кешенді бағдарлама жасап, өзі ие болуы ләзім.

Таласы жоқ, халық ауыз әдебиеті ерте­­­­гілерге де, мультфильмге де сұ­ра­нып тұрған аса бай әдебиет. Жез­тыр­­нақ, Алдар көсе, Таусоғар, Тазша бала, Толағай, мыс­тан тәрізді талай кейіп­керлерді тірілте алмай, кішкентай оқыр­ман­дарымызға жеткізе алмай жүрген айып өзімізден. Бүгінгі кішкентай оқыр­манды электронды құралдардан ажы­рату мүмкін емес. Балалардың көр­кем шығармаларға деген ынтасын қолға аларымыз рас болса, балалар кітабының ісі мультфильммен тығыз байланысты екендігін мойындап, бұл мәселе туралы бөлек пікір алысу керек. Бүгінгі жас оқырмандарымыз қандай шығарма оқуы керектігіне келер болсақ, ол – бұрын да, келешекте де өзектілігін жоймаған ұлт­тық мүдделер. Ал әдеби форма жа­зу­­шының мойнындағы шар­уа. Ма­те­риал­дық жағынан мықтап бекітіл­мей, ұзақ жылдарға арналған мем­ле­кет­­тік бағдарлама қабылданбай, бұл жыр бұдан былай да жыр күйінде қала бер­­мек.

Тұрсынбек ӘЛИҰЛЫ:

– Балалар жылы болғаны жақсы әрине. Бірақ руханият саласы арқылы не істеуге болатындығын нақты білмедім. Бәрі тек кітапқа тіреліп тұрған жоқ қой. Маған салса, көпбалалы аналарды материалдық жағынан қолдауды күшейту керек дер едім. Сонда биыл балалар жылы деп ұялмай айтуға болады.

Толымбек Әбдірайым:

– Балалар әдебиеті жылы былтыр басталған. Ол идеяны алғаш көтер­ген балалар жазушысы Бейсенбай Сүлей­ме­нов болатын, одан әрі белгілі журналист, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп іліп әкетті де, Ұлт­тық Академиялық кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева жалғастырды. Нәти­жесінде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен іс-шара жалғасын тапты. «Ер Төстік» конкурсы жарияланып, жақсы шығармалар дүниеге келді. Биылғы балалар әдебиеті жылының да нәтижелі болуын қалаймын. Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ер Төс­тік» бәйгесі дәстүрлі конкурсқа айналса, оның сыртында «Дарабоз» сынды тағы екі-үш бәйге болса деп ойлаймын. Ба­лалар әдебиетін дамыту жөнінде ар­най­лы Үкімет арнайы бағдарлама қабылдау керек. Сонда ғана балалар әдебиетінің бағы жанады. Әйтпесе, бәрі зая, бекер...

Әлібек БАЙБОЛ:

– Өткен жылды – «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияладық, биылғы жыл – «Балалар жылы». Енді, балалар әде­бие­тін қалай дамытамыз? Бірін­ші­ден, бала­лар драматургиясына, балалар поэ­­­­зия­сына, балалар прозасына, балалар анимациясына, балаларға ар­нал­ған иллюстрацияға жеке-жеке бай­қау жария­лаған жөн. Екіншіден, мектеп пен бала­бақ­шалармен байланысты күшейткен абзал. Себебі автор оларды, олар авторды жыға тани бермейді. Мектеп пен балабақшаларға деңгей-деңгей бойынша, жас ерекшелігіне байланыс­ты материалдардың жетіспеушілігі сезіледі. Сырттай, долбармен жазу бір бөлек те, объектіні зерттеп-зерделеп барып жазу мүлде басқаша. Біз – қа­ламгерлер болашақ оқырманды қазірден бастап дайындауымыз қажет. Үшін­шіден, көркем шығарманы оқы­тудың методикалары, жалпы, методология өзгеруге тиіс. Алысқа шаппай, іргедегі Ресей ғалымдарының ба­ла­ларға қатысты зерттеулерін оқып жаның рахат табады. Өте ұғынықты, қыз­ғылықты, қарапайым тілмен жа­зылған-ды. Мәселенки, солардың бірі – филология ғылымдарының кандидаты, мәдениеттанушы, тарихшы, А.И.Герцен атындағы Ресей Мемлекеттік педагогикалық университеті Балалар әдебиеті кафедрасының доценті, «Детс­кий оракул. По страницам настольно-печатных игр», «Записки куклы. Модное воспитание в литературе для девиц конца XVIII – начала XX века», «Игрушка в детской литературе», «Золотое зеркало. Русская литература для детей XVIII-XIX веков» атты еңбектердің авторы Марина Костюхина. Бала көлдей-көлдей дүниелерді бірден игеріп кете алмайды. Суреттермен, шағын-шағын мәтіндер, аудио, бейнероликтер, қысқаша маз­мұндама арқылы қызықтырып барып, сол негізде кітап оқуға баулуымыз ке­рек. «Оқы», «үйрен» деген жалпылама, күнделікті айтылып жүрген сөз­дерден бала сұмдық құлшынып кет­песі шындық. Оны ынталандырудың жаңа әдіс-тәсілдерін, амалдарын ой­ластыруға тиіспіз. Төртіншіден, жыл сайын демей-ақ қояйын, екі жылда бір рет Балалар қаламгерлерінің фестивалін өткізіп тұрған жөн. Бесін­ші­ден, шетелдегідей кітап сату на­рығын қалыптастыруға тиіспіз. Елі­мізде осы бастама ақырындап қар­қын алып келеді. Дегенмен әлі де күшейткен дұрыс. Оқырман электронды кітапханаға кіріп, ақшасын төлеп, шығарманы жүктеп алады. Сөйтіп, заңды негіздегі келісімшарт арқылы автор да өзіне тиесілі қаламақысын шетінен алып отырады. Батыстың осы тәжірибесін біз де меңгеруіміз қажет. Әдебиет дәріптелуіндей-ақ дәріптеліп жатыр. Бір байқағаным, халық әдебиетті лайықты деңгейде түсінбеуде, ең үлкен мәселе – осында. Әлеумет кештерде өлең оқуды, я кітаптың тұсаукесеріне жиналып, сол жерде суретке түсіп, ғаламторға салуды әдебиет деп ұғады-ау, сірә. Соңғы кезде сондай мінез пайда болды, рас. Бұл – әдебиетті наси­хаттаудың амалы ғана, формасы. Неге әлімізге қарай, әлеуетімізге қарай, мүм­кіндігімізге қарай тереңірек үңіл­меске?! Керек десеңіз, әдебиет – ғылым. Қазіргі бала өзіне не қажет екенін жақсы біледі. Өйткені бала – бізден өткен данышпан.

Әдина Жүсіп:

– Бір жылды балалар әдебиеті жылы, бір жылды балалар жылы деп бө­ліп тас­тап, тек сол жылы ғана сол салаға көңіл бөлу дұрыс емес. Бала­лар жазушыларын басқа жұмыс­тан босату керек. Сонда ештеңеге алаңдамай, шығармашылықпен айналысады. Ең болмаса бес-алты жыл­дық жоба ұйымдастырып, балалар жазу­шыларының жазуына мүмкіндік жасау керек. Тіпті бәйге жарияланғанда да, аз уақытта жақсы шығарма беріп жатқан жазушылар да бар ғой. Осыдан-ақ кө­ңіл бөлсе, жақсы туынды туатынын байқауға болады. Балалар жазушылары арқылы идеологияны қалыптастыру керек. Балалар театрында қазіргі жазу­шы­лардың ертегілері желісі бойынша қойылымдар қойылса, қазіргідей Жаңа жылда түрлі мерекелерде, тіпті той-томалаққа Маша мен Аю кейіпкерлері барып, осы ертегіні жарнамаламас еді. Өз кейіпкерлерімізді киіп шығар еді. Балалар ертегі кейіпкерлерін танып, оны жазған жазушының мерейі өсер еді. Қазақ балалары жалғыз «Бала­пан» арнасын жақсы көреді. Осы арна жазушылармен тығыз қарым-қатынаста болса тамаша болар еді. Біздің бала­мыз ең бірінші өзінің кім екенін, қай­дан шыққанын біліп өсетіндей шығармаларды оқып өссе, қазақ болып қалыптасып, өзегі мықты болады. Бұдан басқа фантастика, т.б. керемет шығарма олай тәрбиелей алмайды. Біз осы бағытты темірқазық етіп ұстауымыз керек. Менің ойым осы. Осындай сұрақты қолында билігі бар, әрі осы салаға жауапты адамдарға да қойсаңыз деген өтінішім бар. Мүмкін олар қазіргі балалар әдебиетінің жай-күйіне үңілер.

Дөңгелек үстелді жүргізген

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

Тегтер:
Авторы: "egemen.kz"

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

189

ақпарат

В.ФОН ГУМБОЛЬДТТІҢ ЛИНГВОФИЛОСОФИЯЛЫҚ ҚАҒИДАЛАРЫНЫҢ А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ТІЛДІК МҰРАСЫНЫҢ ЛИНГВОМӘДЕНИ ИДЕЯСЫМЕН ҮНДЕСТІГІ

154

ақпарат

ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ САРАПТАМАШЫЛАР БАС ҚОСТЫ

168

ақпарат

ДӘРІС БЕРУ ЖАЛҒАСУДА