Қазقاز        
Бізге хат жазыңыз
Бізге хат жазу

Байланыс

Мекенжайы:
Астана қаласы, Сауран көшесі, 7А
Телефон:
+7(717-2) 40-83-67

+7(717-2) 40-83-93
E-mail:
info@tilqazyna.kz

tilalemi.kz@gmail.com
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Мемлекеттік тілді менсінбеу неден басталады?

14.2.2022 293
Әлеуметтік желілерде жазылып жүрген мәселе көп. Алайда жұрт тіл тағдырына қатысты жазбадан бейжай өтіп кетпейді, онда көтерілген мәселеге жүрдім-бар­дым қарамайды. Осыдан-ақ отызжылдық тәуелсіздігімізде мемлекеттік тілі­міздің тұғырын тіктей ал­ма­ға­нымыз көптің жанына бататынын аңғаруға болады...

Әлеуметтік желіде қызу талқылан­ған сондай жазбаның бірі жақында азаматтық қорғау подполковнигі Бақыт Сырғабековтің Facebook па­рақ­шасында жарияланды. Нұр-Сұл­тан қаласы ТЖД «Өрт сөндіру және авария­лық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі 12-өрт сөндіру бөлімінің басшысы министрліктің «Пожарный и спасатель Казахстана» журналына ұжым болып жазылудан бас тартатындықтарын айтып, жазба қалдырған болатын. Басты себеп – журнал атауының, басылымның ішкі мазмұнының 70 пайыз орыс тілінде жариялануы.

«Журнал неге «Қазақстанның өрт сөндірушісі және құтқарушысы» деп аталмайды? №12 өрт сөндіру бөлі­мінде 1 қызметкер ғана орыс ұлты­ның өкілі, қалған 81 қызметкердің бар­лығы – қазақ. Министрліктегі қызмет­керлердің 90 пайызы қазақ. Егеменді ел атанғанымызға 30 жыл болды, ТЖМ-нің құрылғанына 25 жылдан асты. Солай бола тұра әлі күнге дейін жетім баланың күйін кешіп жалтақтаймыз, құлдық көзқарастан арыла алмай келеміз. Тәуелсіз елдің азаматы ретінде ведомстволық журналға тек атауын қазақшаға өзгертіп және мемлекеттік тілде шыққан кезде ғана жазылатынымызды мәлімдедік», делінген жазбада. Желіде қызу талқыға түскен осы мәселеден кейін Б.Сырғабеков басшылық тарапынан өзіне және журналға жазылудан бас тартқан жеке құрамға қысым жасалып, іріткі салу және арандату фактілері болып жатқанын айтып, 19 қаңтар 2022 жылы тағы жазба қалдырған.

Сөзін Президент Әкімшілігі, Бас прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік басшыларына бағыттаған ол: «Бөлім бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Б.Әбдірасыл таңертеңгілік саптық тарауда жеке құрамға «Журналға жазыласыңдар, ал жазылмағандар­дың тізімін жоғары жаққа беремін. Ертең сыйақыдан қағыласыңдар, аттестация тапсырғанда қиын болады. «Сопротивления бесполезно, все равно заставят!» деп жеке құ­рам­­ға қысым көрсете бастаған. Қазақ тілі – Қазақстанда туып, Қазақ­станда тұратын, оны Отаным деп қа­был­­дайтын, өзін осы елдің патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Мем­­лекеттік тілдің қазақ жерін ме­кен­­де­ген барлық ұлттардың тілі екенін ұмыт­­пауымыз қажет. Осыған орай 12-өрт сөндіру бөлімінің жеке құра­мына заң­сыз қысым көрсетуді тоқтат­қызу­лары­ңызды сұраймын», дейді. Осы жаз­бадан кейін біз Б.Сырғабековтің өзі­мен сөйлесіп, айтылған мәселелерге қатыс­ты сауалдарымызды қоймақ болған­быз. Алайда ол «Мемлекеттік қызмет­ші­лері­нің Әдеп кодексіне» сәйкес бас­шы­лығының рұқ­сатынсыз БАҚ-қа сұхбат бере алмайтынын алға тартты. Соған қарағанда, ТЖМ басшылығы оған осы кодекстегі «Мемлекеттік орган қызметінің мәсе­лелері бойынша көпшілік алдында сөйлеуді оның басшысы немесе мемлекеттік органның бұған уәкілеттік берілген лауазымды адамдары жүзеге асырады» деген қағи­дат­ты қатаң есіне салып қойса керек.

Жартасқа тіл жаңғыртқандай бол­майық деп, сұрақтарымызды Төтен­ше жағдайлар министрі Юрий Ильинге жолдадық. Төтенше жағдайлар вице-министрі М.Күлдіков қол қойған ресми хатта «Пожарный и спасатель Казахстана» журналының биылғы қаңтар айынан бастап «Қазақстан құтқарушылары» атауымен шығарыла бастағаны туралы айтылады. Сондай-ақ хатта: «Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің талаптарына сәйкес журналда ақпарат екі тілде жарияланады. Негізінен мемлекеттік тілдегі мақалаларға басымдық беріледі. Ал қызметкерлер арасында журналға жазылу еркін түрде жүргізіледі», делін­ген. Осы айтылғандарға көз жет­кізу үшін журналдың 2021 жыл­дың соңында шыққан екі санын парақ­тап шыққан едік. Қараша және жел­тоқ­сан айларында жарияланған екі жур­налда 60-қа тарта материал жа­рияланса, соның жартысына жуы­ғы қазақ тілінде екен. М.Күлдіков мәлім­дегендей, «мемлекеттік тілдегі мақ­ала­ларға басымдық берілгенін» аса бай­қай қоймадық. Оның үстіне, басылым­дағы басты мақалалар мен өзекті ақпа­раттардың дені орысша берілген.

Төтенше жағдайлар министрлігі­нің мәлімдеуінше, 2021 жылдың қоры­тындысы бойынша ведомствода мемлекеттік тілде жүргізілетін құжат айналымының үлесі 92 пайызға жеткен. Ресми хатта мемлекет­тік тілде іс жүргізетін өзге этнос өкілдері­нің еңбек­ақысына үстемеақы қосылмай­тындығы туралы да жазылған. Ал біздің әлеуметтік желідегі жазбадан кейін оның авторы мен 12-өрт сөн­діру бөлімінің жеке құрамына жасала бастаған қысымдар жөніндегі сұра­ғымызға М Күлдіков: «Бұған дейін де, Б.Сырғабеков әлеуметтік желі­де жазба қалдырғаннан кейін де оған және жеке құрамға журналға жазылу бойынша ешқандай қысым көрсетілген жоқ. Сондай-ақ министр­лікке осы мәселеге қатысты заңсыз іс-әре­кеттер туралы шағымдар түс­кен емес», деп жауап берген. Керісін­ше, Б.Сырғабековтің қызметтік мін­дет­терін тиісінше орындама­ға­ны үшін бұған дейін 6 рет тәртіптік жауап­кершілікке тартылғанын, оған жа­рия­ланған «қызметке толық сәйкес емес­тігі туралы ескерту» тәртіптік жа­за­сы бар екенін тізбелеп шыққан. Тіп­ті «Қазіргі таңда Б.Сырғабековке ті­ке­лей бағынысты 12-өрт сөндіру бөлі­мі қызметкерінің 7 қаңтар күні (Тө­тен­ше жағдай кезінде) алкогольдік ішім­дік ішіп, мас күйінде жол-көлік оқи­ға­сына жол беру фактісі бойынша қыз­меттік тергеу аяқталды. Осы қыз­мет­тік тергеу аясында Б.Сырға­беков­тің жеке құрам арасында тәрбие және про­филактикалық жұмысты ұйым­дас­тыру бойынша лауазымдық мін­дет­терін тиісінше орындамағаны үшін тәр­тіптік жауапкершілігі қара­лу­да. Нә­ти­жесі әлі шыққан жоқ» деп, «Құ­қық қорғау қызметі тура­лы заң­на­ма­ның талаптарына сәйкес әрбір бас­­шы өз қызметкерлері арасын­да­ғы қыз­мет­тік тәртіптің жай-күйіне, сон­дай-ақ сеніп тапсырылған бөлімше­лер­­дегі моральдық-психологиялық ахуал­­дың жай-күйіне жауапты» екенін ескерткен.

«Отыз жыл жалтақтағанымыз жетеді» деп, басылымның орысша атауы­­нан басталған талаптың соңы осы­­лайша «тәртіптік жазаға» ұласып кеткен. Тіл тағдырын осылай тіліп айт­паса, талай мекеменің ащы ішек­тей созып жүре беретінін көз көріп жүр. Өткен жылдың соңында жария­лан­ған осы жазбадан кейін айналасы бірер аптаның ішінде журналдың атауы толық қазақшаға өзгеріп шы­ға келген. Алайда осы уақытқа дейін мем­­лекеттік тілді қажет етпей кел­ген ба­­сы­­лымның артында бү­кіл бір ведомс­тво­ның тұрғанын естен шы­ғар­ма­ған жөн. Оның үстіне еліміздегі «Тiл туралы» заңның 7-бабына сәйкес «Қазақ­­станда тiлдiк белгiсi бойынша аза­мат­­тардың құқықтарын кемсiтуге жол берiл­мейдi». Жол берілмеуі керек...

Тегтер:
Авторы: Бану Әділжан, "egemen.kz"

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

213

ақпарат

В.ФОН ГУМБОЛЬДТТІҢ ЛИНГВОФИЛОСОФИЯЛЫҚ ҚАҒИДАЛАРЫНЫҢ А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ТІЛДІК МҰРАСЫНЫҢ ЛИНГВОМӘДЕНИ ИДЕЯСЫМЕН ҮНДЕСТІГІ

155

ақпарат

ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ САРАПТАМАШЫЛАР БАС ҚОСТЫ

168

ақпарат

ДӘРІС БЕРУ ЖАЛҒАСУДА