​Қазақ тіліндегі ІТ жобалармен 6000 педагог танысты

Қазақ тіліндегі ІТ жобалар таныстырылымына 5 күнде 6000-нан астам педагог қатысты.
Tilalem.kz

Tilalem.kz

15 қазан, 2021

Қазақ тілін үйретуге және насихаттауға бағытталған ІТ жобалар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласы мен Ақмола, Ақтөбе облыстарының білім беру мекемелері қызметкерлеріне таныстырылды.

- Қазақ тілін оқып, үйретуге арналған заманауи әдіс-тәсілдер ұсынып, сауатты жазуға және сөздер мен сөз тіркестерін дұрыс қолдануға бағыттайтын аталмыш ІТ жобалар көптің көңілінен шығап жатыр. Сондықтан қазақ тіліндегі ІТ жобаларды тек білім беру мекемелеріне ғана емес, түрлі сала қызметкерлеріне де онлайн танытудамыз. Бұл шара алдағы уақытта да жалғасады,- дейді шара ұйымдастырушысы ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің Әдістеме басқармасының басшысы Айнагүл Қожаназарқызы.

Ал спикер, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызы тыңдаушылардың қолданбалы «Sozdikqor.kz» платформасына, қазақ тілін деңгейлі оқытуға арналған Tilqural.kz веб-сервис қызметіне, дұрыс жазуға көмекші құрал «Emle.kz» сайты мен терминологиялық қордың біріздендірілген жинағы «Termincom.kz» сайтына деген қызығушылығы басым екендігін атап өтті.

-Қазақ тіліндегі ІТ жобалардың таныстырылымы білім беру саласында қызмет ететін барлық тыңдарман үшін тиімді болды деп ойлаймын. Балабақша қызметкерлері үшін «Balatili.kz» сайты тамаша көмекші құрал болса, тіл мамандары үшін таптырмас тәжірибе алаңы болатын бірнеше маңызды сайттар таныстырылды. Сауатты жазу әрбір педагогтің міндеті. Сөздердің жазылуына қатысты соңғы өзгерістерді уақытында біліп, қатесіз қолдану маңызды. Ал ол үшін баршамызға «Emle.kz» сайты қызметін пайдалану жеткілікті. Жалпы мен шара ұйымдастырушыларына және жоба жетекшілеріне алғыс білдіремін. Осындай қазақ тілін дамытуға, насихаттауға арналған жобалар нәтижесінде қазақ тілінің қолданыс аясы артады деп есептеймін,- дейді тыңдаушы, Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының “Тілдерді оқыту орталығы” қазақ тілінің аға әдіскері Шынар Бахытбекқызы.

Айта кетейік ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастырумен өтіп жатқан онлайн шара ағымдағы жылдың 2 қарашасына дейін жалғасады. ІТ жобалар таныстырылымы кестеге сәйкес 12 облыстың білім беру мекемелері қызметкерлеріне жүргізіледі.

Zoom платформасына қосылу сілтемесі 844 004 8081.


Баға беріңіз