Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Балалар әдебиетінің бірегейі

13.10.2021 81
Бесінші сыныпта оқимын. Бір күні мұқабасы тозған кітаптан «Алтын киік» деген ертегіні оқыдым. Жып-жылы жазылған дүние. Жан-дүнием төңкеріліп түсті. Әжем айтатын аңыздардан бөлектеу. Атқан оғы мүлт кетпейтін Қарамерген аңшы туралы жазады. Ұзақты күн сарылып, қанжығасы бос қайтып келе жатқан аңшыға қалың орманның шетінен бір киік кездеседі.

Аңшыны көрген киік те ор­нын­да тұрып қалады. Бұйралана біт­кен алтын түгі құлпырып, қос мү­­йізі күн­мен шағылысып жалт-жұлт етеді. Ойда жоқта киелі жа­нуар­мен кездескен мергеннің де дегбірі қашып, көп ойланбай оны нысанаға алып, басып қалады. Оқиға осылай қоюлана түседі. Осы шығарма маған қатты әсер етті. Бірақ ол кезде ертегінің авторы кім екенін білген емеспін. Әжем секілді бір кісі шығарған болар деп ойладым. Сөйтсем, осы туын­дының авторы Сейітжан Омаров екен.

Биыл белгілі жазушының туға­нына 115 жыл толды.

Ол кісі қазіргі Ақмола облысы Атбасар ауданындағы Керегетас ауылында өмірге келген. Әкесінен жеті жасында жетім қалған жеткін­шек туған ауылындағы бастауыш мектепте сауатын ашады. Одан соң Атбасар қаласындағы жеті­жылдық орыс-татар мектебінде оқиды. Бала күнінен білімге құш­тар жас өзін ілгері жетелеп, Қос­танай халық ағарту институтын тәмам­дайды. Алғашқы еңбек жо­лы ұстаздықтан басталып, жер­гілікті жауапты орындарда жұ­мыс істейді. Журналистік жол­ға түсіп, аудандық және облыс­тық басылымда қызмет ат­қар­ды. Ал­ғашқы өлеңдері облыс­тық, рес­публикалық мерзімді баспасөзде жарияланып, көпші­лікке танылды.

1937 жылы Алматыға келіп, Қа­­зақ­стан Жазушылар одағына қыз­­­метке орналасады. «Бақыт» атал­­ған тырнақалды кітабы 1938 жылы жарық көреді. Суреткер сұм соғыстың да сазды балшы­ғын кешіп, майдан даласындағы «Вперед, на врага» газетінің қыз­мет­­кері, рота командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары болады. Кейінірек жазушы соғыс тақырыбы туралы бірнеше шынайы шығарма жазды.

Міне, алыс ауылда туып, же­тім­діктің мехнатын шегіп, сол кез­дегі қоғамдағы түрлі формацияны көріп, ақыры қанды қырғынның да ащы дәмін татып, текті тамы­ры мен салмақты қалыбынан айны­май, тірліктен өз жолын таба біл­ген табанды тұлғаның өмір жо­лы – кімге-кімге де үлгі боларлық өнеге.

Қазір балалар әдебиеті кенжелеп қалды деп жиі айтамыз. Әрине, оның да түрлі себебі бар шығар. Алайда қазақ балалар әдебиетінің басында тұрған қаламгерлердің бірі Сейітжан Омаров болды десек, артық айтқанымыз емес. Жа­зу­шы шығармаларының ба­сым бөлігі балалар өміріне арнал­ған. Ол туындыларда автор жас­өс­пірімдерді отансүйгіштікке, ер­лік пен батылдыққа, достық пен бір­лікке, рухани тазалық пен пайымды парасатқа үндейді.

Оның жеткіншектерге арналған кітаптарынан көпсөзділік, оқиғаны қолдан қиюластыру, шытырман ой іздеу секілді басы артық дүние­лер кездеспейді. Композиция­лық құ­ры­лымы, сюжет құру шебер­лігі, кейіпкерлерінің көркем бей­не­лілігі, әсіресе төгілген тілі оқыр­манды жетелеп отырады. Түрлі әде­би тәсілді сәтті қолданады. Бір ғана «Абай сөзі» деген шағын әңгімесін алайық. Қысқа ғана, әрі кетсе 4-5 бет. Қаламгер өз балалық шағынан сыр шертеді. Бірде кеш­кілік үйіне алыстан ат арытып Серкеш деген жездесі келеді. Ол әкесінен айырылып, көңілі қа­мығып жүрген кішкентай баланы мүсіркеп, маңдайынан иіскеп, екі бетінен алма-кезек сүйеді. Дастарқан үстінде Абай туралы әңгіме айтады. Серкеш жездесі хакім ақынның барлық өлеңін бір дәптерге көшіріп алып, оқып жүр екен. Оған бәрі таңғалады. Баланың әжесі мен апасы Абай туралы құштарлана сұрайды. Ас ішіліп болғаннан кейін Серкеш қалың қара дәптерді қолына алып, сығырайған жетілік шамның жа­рығымен өлеңді оқуға кіріседі. Ен­ді мына үзіндіге қараңыз. «Абай сөздері менің де құлағымa жағып барады. Оқыған сайын көкірегім ашылып, елігіп, құмарта түстім.

– Бұл өлеңдерді оқыдың деп молда балама дүре соқпай ма? – деп әжем Серкештің бетіне жау­тандай қарады. – Молдадан жасы­рып оқы, кірлетпей ұста... – Көр­дің бе? «Ғылым таппай мақтан ба», дейді Абай. Ол – дана адам. Онысы: оқы, үйрен, өнер тап де­гені. Оқысаң, қор болмайсың. Сер­кештің бұл айтқаны менің кө­кейіме қонып, көңіліме жағып кетті. – Абайдың осы өлеңдері менің саған тартқан сыйым болсын, – деді Серкеш. – Қағаз тозады, өшеді... Жаттап, көкірегіңе жазып ал! Мен үнсіз басымды изедім...» Бар болғаны осы. Алып-жұлып бара жатқан оқиға жоқ. Аңғара білсеңіз, автор там-тұмдап зерделі ой айтады. Жазушы қысқа жанрға өте шебер. Қолтаңбасы да дара. Әрине, мақалада кейіпкеріміздің барлық туындыларын талдау мүм­кін емес. Қаламгердің өзі ғұ­мыр кешкен дәуірді бейнелеген кітап­тары жайында кезінде сын­шылар жоғары бағасын берген. Ұжымдастыруды қозғаған «Қы­зыл ай» романы жайында да сал­мақты ой айтқан. Сонымен бірге суреткердің аудармашылық қыры да бір төбе. Әлем және орыс клас­сиктерінің туындыларын ана тілі­мізге мөлдіретіп тәржімалаған.

Ұзақ жылдар Қазақстан Жазу­шылар одағында жауапты қызмет атқарған қаламгердің адами болмысы мен кісілік келбеті жайында замандастары мен інілері де тамылжытып жазған. Айталық, Әзілхан Нұршайықов: «Ешбір жа­зушы өзін өзгеден кеммін деп ойла­майды. Артықпын деп есеп­тейді. Ал Сейітжан ағамыз өзін де, шығар­масын да өзгеден биік қойған емес. Бетегеден биік, жусаннан аласа өмір сүрді. Сол үшін де халықтың сүйіктісі болды» десе, ғалым-публицист Жұма­ғали Ысмағұлов: «Мінезге бай кісі еді. Оның бой-басының мәдениеті, сабырлы, салиқалы адамгершілігі, бия­зы, жұмсақ парасаты өзі қа­тарлы замандастарына да, жасы кіші ұрпаққа да үлгі-өнеге еді», деп сыр толғайды. Профессор Тұр­сынбек Кәкішев: «Алдына кел­геннің ғана емес, алыстан айбат шеккендердің де тілін тауып, сабасына түсіретін мәмілегерлігі, салмақты мінезімен-ақ, асаулар­дың аптығын басатын азаматтығы бар еді. Қазір осындай қасиет жетпей жатыр-ау деп қалғандайсың», деп айтыпты. Осы­дан-ақ өмірде ғибратты ғұмыр кешкен сыршыл суреткердің жаны нұрлы, ішкі мә­дениеті жоғары парасатты тұлға болғандығын байқаймыз.



Тегтер:
Авторы: Азамат Есенжол, "egemen.kz"

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

94

ақпарат

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

113

ақпарат

​Қазақ тіліндегі ІТ жобалармен 6000 педагог танысты

68

ақпарат

Қазіргі қазақ романы қай деңгейде?