Ресей газеті орыс тілсіз Қазақстанды «мылқау далаға» теңеді

Ресейдің «Известия» газетінің ақпараттық порталы Қазақстанның Парламент мәжілісінде екінші оқылымда мақұлданған тіл мәселесі жөніндегі заң жобасына реакция білдірді. Айта кетсек, депутат Берік Әбді...

11 қазан, 2021

ТҮРКИЯ ЫҚПАЛЫ, ТҰРАН ИДЕЯСЫ

«Мылқау дала: Қазақстанды орыс тілінсіз не күтіп тұр» («Немая степь: что ждет Казахстан без русского языка») деп мақаласына тақырып қойған Ксения Логинова Қазақстанда 3,4 млн орыс барын, бұл – халықтың 18,5 пайызын құрайтынын атап өткен. Оның таратқан мәліметіне сәйкес, Қазақстанның 84 пайызы орыс тілінде еркін сөйлеп, жаза алады екен (ақпараттың қайдан алынғаны көрсетілмеген).

«Қазақстанның Парламенті маңдайшалар мен мәзірлердің, көрсеткіштердің бәрін қазақ тіліне аудару туралы шешім қабылдады. Орыс тілі қажет болған жағдайда ғана жазылады. Заң жобасы қазірдің өзінде екінші оқылымда мақұлданып кетті. Көп адам орыссыздандыру саясатын жеделтетеді деп қорқады. Бір жарым ай бұрын ғана бұл елде «тіл патрульдері» жұмысын бастаған болатын. Ұлтшылдарды күнделікті өмірде қазақстандықтардың орыс тілін таңдайтынына ашулы болған», - деп бастайды мақаланы автор.

Орыс журналисі тіл мәселесін көтеріп қуғындалған Қуат Ахметовты жазады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «тілдік кемсітуге жол бермейміз» деген сөзін қоштайды.

«Әзірге бір белгілісі: 2025 жылға қарай Қазақстан кирил қарпінен бас тартып, латын әліпбиіне көшуі тиіс. Бастапқыда олар бұл туралы 2008 жылы айта бастаған. Араға 9 жыл салып, президент Назарбаев бұл процесті бастап берді. Билік латын әліпбиіне көшуге гуманитарлық саланы жаңғыртудың кезекті кезеңі ретінде қарап отыр. Ол советтік жүйенің мұрасымен түпкілікті үзілуге жәрдемдесер еді. Бірақ көбісі бұған сенбейді», - дейді автор.

Логинованың жазуынша, тоқсаныншы жылдары Анкара бірыңғай түркі әліпбиін құру бастамасын көтерген. Бірақ ол кезде бұл мүмкін болмаған. Содан кейін түрік билігінің арманы жүзеге асып, Өзбекстан, Түрікменстан және Әзірбайжан кирил қарпінен бас тартып, латын әліпбиіне көшкен. Енді кезек Қазақстанға келіп тұр.

«Түркияның Орталық Азия өңіріндегі ықпалы өте зор. Ислам уағыздаушысы Фетхуллах Гүлен жас түріктерді Азияға баруға, түрікшіл жастарды дайындауға шақырды. Олар ұлттық жобаны құруға қол жеткізді. Рас, түріктер бұл аймақты экономикалық тұрғыдан қолдай алмады, ресурстары жетпеді. Дегенмен, түрік фирмалары аймаққа ақша салып, бірлескен кәсіпорындардың іргесін көтерді. Көптеген қызметкер Түркияда оқиды. Ішкі қауіпсіздік органдарының жалпы құрылымы бар. Айналаға түрік көзімен қарау үрдісі қалыптасып барады. Біздің ортаазиялық әріптестеріміз екі орындықта отыруға тырысады — ҰҚШҰ мүшелігін Тұран идеясымен үйлестіргісі келеді», - деп атап өткен «Известияға» берген сұхбатында Е. М.Примакова РҒА әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының жетекші ғылыми қызметкері Виктор Надеин-Раевский.

АВАТКОВ: БАТЫС КІНӘЛІ

Известия сонымен бірге Ресей СІМ Дипломатиялық академиясының доценті, Е. М. Примаков атындағы РҒА ИМЭМО аға ғылыми қызметкері Владимир Аватковтың сөзін келтіреді. Ол орыс тілін посткеңестік елдерден ысырылуын Батыстың саясатынан көріп отыр.

«Орыс тілін посткеңестік кеңістіктен ығыстыру әрекеті – Батыстың мақсатты саясаты. Батыс оны өз қолымен емес, аймақтағы серіктестері арқылы жүзеге асырады. Біздің жағдайда бұл – Түркия. Русофобияның өршуі және орыс тілінің мағынасын төмендетуге тырысу осыған байланысты туындаған. Сонымен қатар, түркі идеологиясымен «қоректенетін» ұлтшылдық посткеңестік кеңістікте басын көтеріп жатыр. Шын мәнінде, Ресей алдымен империяға, содан кейін СССР құрамына кіретін түркі халықтарының тарихи тамырларын сақтауға мүмкіндік берген», — депті сарапшы «Известияға» берген сұхбатында.

Баға беріңіз