Тілім менің - тірегім!

Тәуелсіз еліміздің түбегейлі тірегі – ұлттың тілі! Тіл – тәуелсіздігіміздің қуатты құралы, елдігіміз бен бірлігіміздің биік туы. Ал тілдің тірегі – біз өзіміз. Тілдің тағдыры – әрбіріміздің қолымызда.

04 қазан, 2021

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Біз барша қазақстан­дықтарды біріктіруші басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға күш-жігерімізді жұмсауымыз керек», – деген сөзінде қазақ тілінің Қазақстан халықтарының басын біріктіруші ұйытқы ­болуын дәріптеп отырғандығын көреміз. Бірлігімізді нығайтып, тілімізге ерекше құрмет көрсету, оны ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеу өткеннен аманат, бүгінгінің міндеті болуы тиіс.

Иә, қазақ халқы ұлт болып қалыптасқалы бері, қазақ тілі өмір сүріп келеді. Туған тіліміздің иесі – кешегі қазақ, дана бабаларымыз. Тіл – кешегі ұлы тұлғалардың бізге қалдырған аманаты, бүгінгі біздің абыройымыз, ертеңгі күннің кепілі. Тілдің тағдыры мен болашағы – еліміздің әрбір азаматының қолында деп ойлаймын. Сол себепті әрқайсымыз тілімізге ерекше сый-құрмет көрсетіп, оны дамытуға барынша үлес қосуымыз керек.

Алайда қазіргі қазақ тіліне көрсетілетін сый-құрмет ерекше қалыптасып келеді. Елбасы жыл сайынғы халыққа жасаған Жолдауларында ­басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді жан – жақты дамытуды басты назарда ұстап келді. Сол сабақтастықты жоғалтпай Президент Қ.Тоқаев үстіміздегі жылы жасаған өзінің Жолдауында тіл мәселесін назардан тыс қалдырмай: «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекетік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады», – деп мәлімдеме жасап, алдымызға нақты мақсат қойды. Міне, осы мәлімдемесі арқылы қазақ тілін өркендетіп гүлдендіру жайлы біздің ойымызды жандандыра түсті. Осы бір Халық игілігі үшін діттелген міндеттің орындалуына «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара отырып атсалысамыз деген ойдамын. Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тілге жасаған құрмет – елге жасаған құрмет. Тілі жоқ елдің өмір сүруі мүмкін емес. Еліміз бәсекелес елдердің қатарында көрінуін қаласақ, тіліміздің тұғырын биіктете беруіміз керек.

Халықпен бірге мәңгі жасайтын тіл байлығы екенін ұмытпайық!



Баға беріңіз