ҚАЗАҚ БАЛАСЫН ҚАЗАҚ ТІЛІМЕН ТƏРБИЕЛЕЙІК

Қазақ тағдырын түбегейлі ойластыратын заманға жетсек те, шешім таппай жатқан ортаға салар ойлар сан алуан. Мəселенің көбі мемлекеттік тілге келіп тіреле береді. Өйткені қазақ тілін мемлекеттік тіл ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

31 тамыз, 2021

Бұл мəселенің бір жағы болса, екіншіден, ана тілдің уызына жарымағандар қатары көбейді. Үшіншіден, ана тілін де, орыс тілін де жетік білетін ересектер мен егделер арасында орыстақы тəрбиенің салқыны бойын əбден меңдеген, соған қарамастан өзін зиялы қауым қатарына қосып жүрген сауаттылар тағы бар. Сондай-ақ қазақ тілін білмейтін, тіпті оны менсінбейтін таза орысша тəрбиеленіп, орысша сөйлейтін қандастары- мыздың қатары да біраз. Қазақ тілі өзіндік даму жолына түссе қанеки деп, қол қусырып, əрекетсіз қарап отыратын қазекемдердің де саны жетерлік. Осы тектес ала- құлалықтардың басы жинала келе, мемлекеттік мəртебеге əрең ие болған тіліміздің өрісін өрге бастырмай, тынысын тарылта береді. Содан қазақ қауымы кім кінəліні іздеп əуре. Сондағы бар тапқаны-бірінің жағасына бірінің қолы жармасып жатқаны. Нəтижеде түрлі жікке, топқа бөлініп, өнбес дау іздеген, өспес ел ұлдарының кейпін танытатыны.

Енді не істемек керек? Неге бұлай болды? Бұл жағдайға қалай жеттік? деген тəрізді сауалдар əлі күнге өзіне жауап іздейді.

Құдайға шүкір, бүкіл қазақстандықтар тұрғысынан қарағанда, еліміздің экономикалық əлқуаты артты. Əлеуметтік мəселелер де ептеп шешім таба бастағандай. Ал осы елдің иесі, тəуелсіз мемлекетке ат беріп отырған Қазақстанның байырғы тұрғыны – қазақ ұлтының өзіне, оның мақсат-мүддесіне байланысты мəселелер түбегейлі шешімін тапты ма? Көбіміздің сипай қамшылап, кесіп айта алмай жүрген негізгі, əрі күрделі мəселенің бірде болса бірегейі осы деп білемін. Ашылып айтуға келгенде арыла алмай жүрген бір дерт өзіміз туралы сөз қозғасақ, өзгелер не дейді дейтін жалған көпшілдік, жексұрын жалтақтық. Аржағы үш жүз жылдан бері жалғасқан, кейінгі 70-80 жыл бойы қанға сіңген осы бір ұлт мүддесі деген таза, пəк сезімнен бойды ада-күде аулақ ұстау дейтін «жетістік» бізді əлі тұқыртып ұстаумен келеді. Бұл жалған ұстанымның бұғауын үзетін уақыт əлдеқашан жетті. Мұны əсіресе зиялы қауым сезінуі тиіс. Шүкір, аз да болса ондай нышан бой көтере бастағаны да рас.

Алайда ондаған жылдар ішінде біздің халқымыз неге соншама өзіндігінен, өз негіз, тегінен жіп үзіп, басқа мəдениет құшағына ұмтылумен жүр? Ал ұлттық негіз, тек дегеніміз не, оны қалай, немен түсіндіруге болады. Бұны, əрине, бізден гөрі философтар тереңірек түсіндірер.

Сонда да біздің өз пайымдауымызды білдіргеніміз артық болмас. Осынау тек, негіз деген ұлттық қасиетке тірек болар нəрсе, біздіңше, ең алдымен – тіл. Яғни тілдік, дəлірек айта түссек, ұрпақты тілмен тəрбиелеу əрбір ұлттың басқы шаруасы болуға тиіс. Өз азаматын өз тілімен тəрбиелей алған мемлекеттің іргесі мен тіреуі мықты болатынын дəлелдейтін мысал көп.

Бұрын да жіберіп алған, қазір де босаңсытып отырған ең үлкен кемшілігіміздің бірі осы. Яғни қазақ баласын таза қазақ тілімен тəрбиелеу ісі елеусіз, ескерусіз қалып келеді. Бұдан гөрі басқа мəселеге барғыштай береміз. Зерделеп қарасақ, жіберіп алған орасан олқылықтар осылайша алдыңызды орап шыға бастайды.

Барлық тəрбие атаулының негізі тілде жататынын «Тəрбие басы – тіл» деп М. Қашқари де айтып кеткен ғой. Тілге мəн бермеу нəтижесінде өзінің діліне, тарихына, əдеби, мəдени мұраларына селқос ұрпақ өсіріп үлгердік. Бұл неден басталды дегенде, алдымен отбасы тəрбиесіндегі əттегенайлар ойға орала береді. Адам тəрбиесіндегі негізгі ұстын осы отбасында жасалуға тиісті істің бəрі үлгілі болды деп айта аламыз ба? Рас, керемет үлгі тұтарлық іс тындырып отырған отбасы жоқ емес, бар, бірақ ұлттық біртұтастық тұрғысынан бұл бірен-саран үлгі көңіл тоғайтпайды. Отбасындағы осы тəрбиенің де жібін босаңсытып алғанымыз ақиқат. Өйткені ə дегеннен-ақ білуге, көруге, қабылдауға ынтық талантты халқымыздың орыстық өнегеге ұмтылысы күшті болды. Орысша оқып, орысша тəрбие алудың нəтижесінде біртіндеп, қазақы тəрбиеден, қазақ тіліндік тəрбиеден алыстай бастады. Ұлы Мұхаңдар (М. Əуезов) «Ел боламын десең, алдымен бесігіңді түзе» деп уайым жеген екен. Осыны көріп, біліп, сезінгендіктен де солай деген болар.

Заман ағымын байқаған ата-ана, ұлы-қызын қазақша оқытып, қазақша тəрбиелеуден гөрі, орысша оқытып, орысша тəрбиелегенді мақұл көрді. Бір есептен олар ұтылмаған да сыңайлы. Өйткені орысша білім алған жас ұрпақтың ал- дынан сан түрлі жолдар ашылды. Қалаған оқуына түсіп, қалаған қызметіне тұра алатындай жағдай жасалды. Ал қазақ тілінде оқып, қазақша тəрбие алған жандардың жол- дары тарылып, қызмет аясы шектеле түскені анық. Осыны күнделікті көріп, сезіп, біліп отырған жанның ұрпағы үшін қай жолды қалағаны дұрыс десеңіз, əрине, мұқтаждық туғызып отырған жолды таңдауы жөн. Міне, сондықтан да ол ə дегеннен-ақ баласын орысша тəрбиелеуге ұмтылады. Неге өйттің деп, оны кінəлауға қақыңыз жоқ. Баланы қазақ тілімен тəрбиелей алмаудың басы осылай басталды. Бір қызығы, бұл біртіндеп жалпы халықтық сипатқа айналған. Яғни тек қалаларда ғана емес, ауылды жердің де бəріне ықпал етті.

Отбасында осылай басталған өнеге келесі саты – балалар үйі мен балабақшаларға ұласты. Күні кешеге дейін бұлардың бір де бірінде тəрбие ісі қазақша жүргізілген емес. Өйткені балалар үйінде қызмет істейтін бір де бір тəрбиеші арнайы түрде дайындықтан өтпеген. Табиғаты мүлде нəзік бұл мамандыққа мəн берілмеу арқылы ұлттық мүддеге нұқсан келтіріп отырғанымызды көпке дейін ескермей келдік. Енді тəуелсіз Қазақстанымызда мемлекеттік тілде тəрбиелейтін балабақшалардың санын көбейтіп, оларда таза қазақша тəрбиенің негізін қалау керек. Əсіресе əке- шешесіз жетімдер мен жарымжан балаларды тəрбиелейтін үйлердің бəрінде тəрбие жұмысы тек қазақша жүргізілгені мақұл. Олар өз отбасында сол ата-ананың негізгі тілі – қазақ тілінде оқып, білім алуы керек. Сондай-ақ, мұндай балалар үйі қаладан гөрі, ауылды жерлерде көптеп ашылғаны жөн. Бұл сонда тəрбиеленетін балалар үшін де, онда жұмыс істейтін адамдар үшін де, қызметтік өрісті кеңейтеді. Сөйтіп ол балалар үйінде нағыз қазақы тəрбиенің негізі қаланатын болады. Мұны айтып отырғанымыз, Қазақстанда – қазақ жерінде бой көтерген оқу ошақтарының бəрінде тəрбие жұмысы тек қана қазақша жүргізілуі талап ететін кезең енді келді емес пе? Міне, осы мүмкіндікті қолдан жіберіп алсақ, өкініштің көкесі сонда болады.

Қазақ баласын қазақ тілімен тəрбиелеудің ең негізгі жүйесі – мектептерде қалыптасуы тиіс. Ал бұлардағы жағдайымыз да көңіл көншіте қоймайды. Əрине, қазақ мектептерінде қазақ тілін оқытудың жүйесі жасалған. Əңгіме бұл жерде бастауыш, баяндауыш немесе сөз таптары мен грамматиканың заңдарын оқып үйрену ғана емес, қазақ тілімен тəрбиелеу деген проблемаға назар аударғымыз келіп отыр. Неге десеңіз, сол пəндерді оқыту барысында да тілмен тəрбиелеу мəселесіне мəн беріле бермейді. Бұл оқу, ағарту ісіндегі үлкен олқылығымыз. Біздіңше, мұның əлденеше себептері бар сияқты. Соның қайсыбірін ғана атағанның өзінде мəселенің беті ашылатындай. Ең алдымен, кешегі кеңестік дəуірде салынған мектептердің жағдайы мүлде нашарлап кетті. Ылғи айтылып жүргеніне қарамастан, қайталағың да келеді. Екіншіден, мектеп мұғалімдерінің жалақысы мүлде төмен. Сондықтан ұрпақ тəрбиесінде ықпалы бөлек ер мұғалімдер мектептерде тұрақтамайды. Ақшасы, ақысы мол жерді көздеп, кетіп отырады. Ұстаздық мамандық содан əйел адамдардың ғана еншісіндегі кəсіп сияқты болып барады.

Қазақ тілі мен əдебиетінен сабақ беретін мұғалімдерге айрықша қамқорлық қажет. Мұнысыз мемлекеттік тілдің мектептерде қалыптасуға тиісті негізі қаланбайды. Бұл мамандықтың беделін өткен кеңестік дəуір барысында мүлде төмендетіп алдық. Тəуелсіздік таңы атқалы бергі жағдайдың да оңып тұрғаны шамалы. Енді-енді ғана ес жия бастағандай түріміз бар. ҚР Білім жəне ғылымның жаңа министрі Ж.Түймебаевтың жоспарына қарағанда, жақсы жаңалықтар күтуге болатын сияқты. Қазақ тілін оқытудың уақытын 2 сағатқа созуының өзі көңілге сенім ұялатады. Бірақ бұл жасалуға тиісті шаруаның бір кішкене бөлшегі ғана. Егер қазақ баласын қазақ тілімен тəрбиелейміз десек, бұл министрліктің де атқарар ісі ұшан-теңіз. Тек соны ұлттың мүдде тұрғысынан ұйымдастыра білгенге не жетсін!

Сонымен бірге аралас мектептер жайында жəне оның қазақша тəрбие ісінде атқарар қызметі турасында пікір қозғаудың реті келген сияқты. Бұл жөніндегі көзқарасымызға сəл өзгерістер енгізу керек пе дейміз.

Өйткені қазіргі жағдайды осыдан он бес жыл бұрынғы кезеңмен салыстыруға болмайды. Ол кездегі түсінік те, талап та басқаша еді. Ол қандай талап еді? Білім жүйесінің барлық саласында орысша оқытудың бағдарламасы басым болатын. Қазақ тіліне əлі мемлекеттік мəртебе берілмеген кез. Негізінен орыс тілін жетік игеру арқылы бір тілмен коммунизмге жету мақсаты көзделіп тұрған шақта ұлт тілдеріне назар аударыла бермейтін. Мұндай жағдайда аралас мектептердің өзіндік рөл атқарғаны мəлім. Қазақ балала- рын орысша тəрбиелеудің бұл да бір жолы ретінде қалыптасып, сол мақсатқа қызмет етті.

Ал қазір осы аралас мектептерден іргені аулақ сала бергеннен гөрі, оларды қазақ тілімен тəрбиелеудің тағы бір тиімді көзіне айналдырудың амалдарын ойластырған жөн. Бүгінгі таңда бүкіл қазақстандықтар мемлекеттік тілге ынта, ықылас таныта бастады. Олардың осы бейіліне жол ашу үшін де аралас мектептер тəжірибесін пайдалану керек. Бұл жерде педагогтардың мықты ұжымын қалыптастыра отырып, мемлекеттік тілге баулудың озық тəжірибелерін іске қосу қажет пе деймін. Қазақ баласы мен орыс баласының аралас оқуынан үрікпейік. Қайта қазақ класындағы балалардан орыс сыныбындағы балалардың мемлекеттік тілді үйренуіне жəне керісінше əсер етуінің оқу-əдістемелік тəсілдерін түзудің конкурсын жариялау арқылы жол табайық. Осы салада тəжірибе арттырып жүрген талантты мамандар бар деп білемін. Солар осы мəселені түбегейлі қолға алар болса, мұның да бір шешімі табылатыны даусыз.

Орыс мектептеріндегі қазақ тілін оқыту жайы үкімет назарынан мүлде тыс қалып қойған сияқты. Барлық жүйеде мемлекеттік тілді меңгеру мəселесі түпкілікті қойылып отырған бүгінгі таңда бұған деген көзқарасты түбірімен өзгерту керек. Неге десеңіз, орыс мектептерінде оқитын балалардың негізгі құрамы қазақ балалары. Сонда қаншама жылдар бойы біз өз ұрпағымызды орысша тəрбиелегенге мəз болып, өз қағынан жеріген құландайын жат етіп келеміз. Содан өсіп-жетілген бірнеше ұрпақ өкілін мемлекеттік тілді білмейді деп айыптап, кінəлаймыз. Олардың бұл кемшілігін бетіне баса бергенше, сол орыс мектептеріндегі қазақ балаларын қазақ тілімен тəрбиелеудің жолдарын қарастыралық. Егер министрлік баскөз болса, арнайы əдістеме түзіп, оқытылатын сағат санын көбейтуге болады емес пе? Ұйымдастыра білсе, шешілмейтін мəселе бола ма, тəйірі! Қысқасы, Қазақстандағы мектептердің қай-қайсысында да ұлттық негізде тəрбие алмайтын бір де бір оқушы болмауға тиіс. Əсіресе қазақ баласы қай мектепте де, мейлі орыс, мейлі қазақ мектебі болсын ол осы елдің, осы жердің патриоты екенін сезініп жетілетін болсын. Бұған қазақ тарихын, қазақ ауыз əдебиеті мен өнерін, тілін жетік білу арқылы жетуге болады. Міне, сондықтан қазақ тілімен тəрбиелеудің маңызы айрықша болатыны осыдан.

Бірнеше жылдан бері «Болашақ» бағдарламасы бойынша жас жеткіншектеріміз түрлі шетелдегі ірі оқу орындарына барып түсіп, білім алуда. Алды оқуларын бітіріп келіп, мемлекет қызметіне араласа бастады. Бұл өте маңызды шараны іске асыруда ақылға салар жайлар да бар сияқты. Əсіресе «Болашақ» бағдарламасы бойынша талапкер таңдау ісіне байланысты. Алғашқы жылдары үміткерлерден мемлекеттік тілді білу дəрежесі сұралған жоқ. Бəрі орысша болды. Ендігі жерде шетелге барып оқығысы келетін жастардың бəрінен мемлекеттік тілді білуін міндетті түрде талап ету керек. Сонымен бірге оқу бітіргендер өз Отанына оралып, кемінде 5 жыл еңбек етуі міндеттелуі тиіс. Сонда ғана біздің түлектеріміз ел қадірін, жер қадірін білетін жəне мемлекеттік тілге деген ықыласы орнығатын азамат болып қалыптасады. Қандай жер, қай салада да ана тіліміздің беделін өсіріп, оны ата- бабадан қалған асыл мұра есебінде кіршіксіз пиғылмен тұтына білуді насихаттай бергеніміз мақұл.

Мемлекеттік тілдің өріс алар аса бір кең жазирасы жоғары оқу орындары болуға тиіс. Бір қызығы жоғары оқу орындарының көпшілігінде мемлекеттік тілде тəрбие берудің жайы да сын көтермейді. Басқасын былай қойғанда, өзара алыс-беріс ісқағаздарының 70-80 пайызы əлі күнге орыс тілінде жүргізіледі. Қазақ баласын қазақ тілімен тəрбиелейтін нағыз мамандар осы оқу орындарынан шығуы тиіс қой. Құдайға шүкір, білім аламын, оқимын деген талапкерге Қазақстанда оқу ордасы жеткілікті. Мемлекеттігі бар, жекеменшігі бар, қалаған оқуына түсуіне толық мүмкіндік бар. Ұлттық санасы биік, білікбілімі жоғары мамандар даярлауда бұл оқу орындарының тындырып отырған жұмысы қыруар. Сан сала бойынша қаншама маман кадрлар дайындап үлгерген университеттер мен институттардағы оқытушы, профессорларымыздың еңбегін мақтанышпен айта аламыз. Алайда «сол мамандарымыз қай тілде, қай елдің мұқтажы үшін дайындалып келді?» деген сұраққа да жауап іздейтін кезең келді. Күні бүгінге дейін біз бұл мəселемен басымызды қатырып көрген емеспіз.

Елбасымыз Н.Ə. Назарбаевтан бастап, мемлекеттік тіл мəселесі түбегейлі қолға алынып жатқан қазіргі кезде жоғары оқу орындарын басқарып отырған білікті азаматтарға əлгі сұрақтың жауабын іздеуіне тура келеді. Рас, қайсыбір оқу орындарында қазақ тілі мен əдебиеті мамандарын дайындайтын филология факультеттері бар. Қазақ баласын, қазақ мамандарын қазақ тілімен тəрбиелеу ісін осы факультеттерге артып қойып, сонымен ғана шектелетін болсақ, мəселе жартыкеш күйінде қала бермек.

Сондықтан Қазақстанның қай жоғары оқу орны, қай факультет, қандай мамандықтағы студенттерінен болсын бəрінен бірдей мемлекеттік тілде оқып, сөйлеп, жаза білетін дəрежеде меңгеруін қамтамасыз етерлік жағдайды жасау жөн. Əсіресе мемлекеттік мекемеде қызметке тұрғысы келетін адамнан мемлекеттік тілді білу дəрежесі талап етілетін бүгінгі таңда бұл мəселені жоғары оқу орындары елеусіз қалдыруына болмайды. Жекеменшік оқу орындарының да бұл жағдай назарында болуға тиіс. Олардың да көбінде студенттерді қазақша оқытып, қазақ тілімен тəрбиелеу жұмысы жүргізілмейді. Бұл – бүгінгі таңдағы ең елеулі мəселенің бірі.

Жоғарыдағы мəселелерді тізбелеп келгенде түйіп айтарымыз мынау еді. Біздің тəуелсіз қазақ елінде, таяу болашақта қазақ тілін білмейтін, қазақша тəрбие алмаған бір де бір қазақ қалмауы тиіс. Тиісті мекемелердің бəрінің бар жұмысы осы ыңғайда жүргізілгені мақұл. Яғни қазақ тілімен тəрбие алмаған бір де бір қазақ баласы болмасын. Ендігі жерде осындай мақсат көзделмесе, мемлекеттік тілді ешқандай қаулы, қарар, өзге де ресми құжаттармен өрге бастыру қиын екеніне көзіміз жетті.

Ең қиыны жүздеген, мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан тілдік ортаны жойып алдық. Сол тілдік ортаны қайтадан қалпына келтіру бүгінгі ұрпақтың парызы. Қазақтың баласын қазақ тілімен тəрбиелеудің негізгі көздерінің біразын өзімізше айтып көрсеткендей болдық. Осы айтылғандарды іске асыру үшін арнайы бағдарлама керек тəрізді. Ол қазақты қазақ тілімен тəрбиелеудің бағдарламасы болуы керек деп білеміз.


Баға беріңіз