«ҚУАНЫШ БҰЛТЫ» ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

Будақ бұлт – 1-2 км биіктікте болатын, үйіліп жатқан жүн, не мақтаға ұқсап келетін сұрғылт түсті бұлттар. Олар тұтаса келе түнеріп, будақ бұлтқа айналып, жазда, нөсер жаңбыр, қыста, жапалақтап қар ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

21 маусым, 2021

✳️Ақша бұлт – ашық аспанда қалқып жүретін ақ бұлттар.

✳️Ала бұлт – ақ, қара, қошқыл түсті бұлттардың шоғырынан құралған бұлттар.

Түтілген шудадай жеңіл бұлтты ✳️желең бұлт деген.

Әлсін-әлсін қайталап, аздап қана жауын әкелер бұлтты жылауық бұлт, күні бойы үзіп-үзіп жауын әкелер бұлтты ✳️саума бұлт атаған.

✳️Зілмеуір бұлт – аспанды түгел жапқан ауыр бұлт.

Ұсақ мұз түйіршіктерінен пайда болып, өте биікте қалқып жүретін бұлттарды – ✳️қазбауыр бұлт деген.

✳️Қара бұлт – түнеріп аспанды түгел жапқан бұлт.⠀

✳️Қатпарлы бұлт – қоңыр-ала қалың қабатты бұлт.

✳️Қауырсын бұлт – тарам-тарам селдір бұлт.

✳️Көшпелі бұлт – көтеріліп, көкжиектен тез көшіп кетер бұлт.

✳️Кілегей бұлт – жұқа сирек бұлттың атауы.

✳️Маса бұлт – желсіз, тымырсық күнгі тұнба бұлт.

✳️Өркеш бұлттар – түйенің өркешіндей ала бұлттар.

✳️Сетінеуік бұлт - іргесі сөгіліп, ыдыраған бұлт.

Аспанды жаппай торлап алғанымен, төрт-бес шақырымдай биіктікте жүретін тұнжыр бұлтты ✳️сұр бұлт,

екі-үш шақырымдай биіктікте жүзген жұқалтаң бұлтты ✳️шарбы бұлт, төмен қонған ауыр бұлтты ✳️шөкпе бұлт атаған.

Үздік-үздік бір-біріне ұласа көшкен бұлттардың атауы – ✳️түйдек бұлт болса,

шоғырымен тіркесе көшкен шұбар ала жеңіл бұлттың атауы – ✳️ұшпа бұлт.

Селдіреген, күн қызуын бөгетсіз өткізетін селдір бұлтты ️шағырмақ бұлт деген.

Желдің айдауы салдарынан түзілетін бұлт – ️бұйра бұлт.

Кемпірқосақ түсіне бөленетін бұлт – қуаныш бұлты.

Э.Т. Құрманалиева, Н.Т. Тілегенов, А.Т. Сайлауова «Артық болмас білгенің»


Баға беріңіз