Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

ӘЛІБЕК-ӘЛЕМ НЕМЕСЕ СУРЕТШІЛІКТЕН – СУРЕТКЕРЛІККЕ

25.1.2021 338
Қарымды қаламгер, көрнекті жазушы Әлібек Асқаров жайында айтар әңгімемізді бірер әлқиссамен бастаудың реті келіп тұрғандай. Әрине, қай ләміміздің де астар-ағысы, сайып келгенде,оның шығармашылық сыр-сипатына саятындығына еш шүбә болмаса керек. «Мона Лизаның портреті» атты, тақырыбы бір арнада тоғысқан сарындас әңгімелер жинағын оқи отырып, бізге қызық көрінген бір жайт – бүгінде сөз өнеріндегі суреткерлік шеберліктің қыр-сырын қапысыз меңгерген қаламгердің өмірдегі жолын суретшіліктен бастауы еді. Иә, жас талап алғашында төрт жыл көз майын тауысып Алматы көркемсурет училищесін бітіріпті. Түрлі бояулармен сурет салудың бақытын бастан кешіре жүріп, кейіннен өмір суретін сөзбен салу өнеріне ауысыпты. Бұл талпыныс-талаптың табыссыз болмағандығына Асқаровтың әдебиет аламанындағы алтайлық әдемі дүбірі, әсем жорғасы айғақ.

Екінші әлқиссамыз тұп-тура осы арада Алтайға байланысты айтылмақ. Асқақ Алтай, асқар Алтай, Хан Алтай. Бір кездегі көк түріктің де, қазіргі көп түріктің де ата қонысы, қара шаңырағы Абыз Алтай. Міне, біздің Әлекең, Әлібек Асқаров – нақ осы Алтайдың төл перзенті. Осыған қарап, Алтайдың Асқаровы десек те құп жарасып тұр. Иә, көрнекті ісінің өрмегімен де, көркем сөзінің өрнегімен де көпшіліктің көңілінен шығып, көзге түскен Алтайдың зияткер һәм санаткер бел баласы. Әлбетте, сүйінер ұлы ретінде Асқаровты туған жері Алтай меншіктеп жатса, бұған ешкімнің бәсеке-таласы да болмасы анық.

Бұл кісі басы ашық нәрсеге неге сонша шұқшия қалды деушілер де табылар. Ал оның мәнісі мы­нау еді. Жақында дүниеден өт­кен қазақтың зияткер ақыны Тө­ле­ген Қажыбаев 2014 жылдың қыр­күйегінде «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде қаламдас інісінің шығармашылығы туралы ілкімді ойлар айтқан мақала жариялапты. Ол мақалаға «Асқаровтың Алтайы» деген таудай тақырып қойыпты. Біз білетін тумысынан текті Төкең жөпшеңдіге сөз шығындамайды. Сұңғыла аға­тайым өзі де әңгіме арқауын та­қы­рыптан бастап тарқатыпты: «Ма­қалама қойған тақырыбыма тосырқай қарар кез келген қазақ «Е, Алтай Әлібек Асқаровқа ғана қатысты ма екен?» деуі әб­ден мүмкін. Әбден мүмкін емес, тура солай, жатып алып ту­лары хақ. Әлібек Асқаровтың «Ал­тай­да алтын күз еді» повесін оқы­ғаннан кейінгі туындаған ой Ал­тай, шын мәнісінде, Асқаровтікі де екен деген тұжырымға табан тіреткен. Өйткені көлемі ша­ғын болғанымен, повестің айтар сөзі, Алтай өңірінің ғажап таби­ға­тының тұмса келбет-кескіні, оның қойнауындағы ұшқан құс, жү­гірген аңы, ұйыса өскен сан алуан шөбі, тауы, тасы, биіктен құлаған сарқырама суларына дейін сұңғатты сұлу поэмаға тән суреттерімен сүйсінтпей қалмаған. Повесть көрнекті қаламгердің кемел шағынан шырай берер қал­пымен, Алтайдың ақ сүмбідей сұ­лу салтанатын суреттеуге келген­де, он сан бояулы палитралы по­лотноны көз алдыңа көлденең тарт­қандай әдемі әсерге бөлейді».

Өмірде тура билік ұстыннан айнымай өткен шыншыл да сыншыл Төлеген Қажыбаевтың дуа­лы аузымен «көрнекті», «кемел шағынан шырай берер» қалам­гер деп бағалану екінің біріне бұ­йыра берер құрмет емесін бас­қалардан бұрын біз білеміз. Өйт­кені Төлеген ағаның талғам та­ра­зысы бізге жақсы таныс. Сон­дықтан да «Алтай, шын мәнінде Асқаровтікі екен» деген тола­йым тұжырымына басы бүтін қо­сыламыз. Қалихандай тайпалған классиктің Алтайы. Тектіліктің кербұғысы Оралханның Алтайы. Енді келіп жұрт ұғымында қа­лып­талған қағидалы дәстүрдің же­лісін үзбеген заңды да жара­сымды жалғасындай болып Ас­қа­ровтың Алтайы сұлбасын айқын­дап, жүлгелене асқақтап бой кө­тер­генін қуана құптаймыз. Оқыр­ман­дарды бұл Алтай да ә дегеннен қызықтырып баурап алады. Қалихан мен Оралхан ағаларының Алтайын әрі толықтырады, әрі сонымен қатар-қапталдас, мүлдем бөлек өзінің Алтайын жасайды. Алтайдың жоғарыда айтқан, өзінің алдындағы ұлы жыршыларын жоқтатпай жолын қуған іні-қаламгердің «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» кітабындағы эссе-толғаулардың қадір-қасиетіне Қадыр аға Мырза Әли жетіп, ке­зінде парасатты пайым-пікірін ағы­нан жарыла айтып кеткен бо­латын. Ел газеті «Егеменде» жа­рық көрген ол мақалада қайран Қа­да­ғамның: «Бұдан бірнеше жыл бұ­рын, тіптен жас кезімде жиырма бес мың шақырым жол жүріп, осы өңірді көктей өтіп, Гималай асқан Николай Рерихтің күнделіктерімен танысып, таңғалғанмын. Ғашық болғанмын Алтайға. Түс көрген­дей сезінгенмін. Міне, енді Әлібек Асқаровтың кітабын тамсана оқып отырып, сол баяғы түсімнің жал­ғасын көргендей болдым.

Иә, әділі де осы! Қадағаң қадап тұрып айтқандай, Әлібектің туған жерге деген ұлы махаббаты ұлан-ғайыр ұлы Алтайды қалтқысыз иемденуге, мейірлене қатты қысып, қапсыра құшуға, перзенттік сезім пернелерімен ауылдас һәм рухтас ағасы Оралханша асқақтата қара сөзбен жырлауға хақысы бар екен. Алтай дегенде дарын бұлағының көзі ашылып, шабыт дариясы кемерінен аса ақтарылып, сол бір баршамызға қымбат та қастерлі та­биғат әлемінің, сол әлемдегі адам­дардың, тіршілік-тыныс пен қа­рекеттердің шынайы суретін қыл­қалам дәлдігімен, алуан бояу­лы әсем ажармен айшықтайды. Автордың Алтай тақырыбында­ғы алтайы қызыл түлкідей қунап құл­пырған шығармаларын әр кез­де оқи жүре біздің де көкейге бір түй­геніміз осы. «Көккөл», «Ша­бан­бай», «Мұзтау», «Шын­ды­ғатай», «Марқакөл» сынды тол­ғаныс-тебіреніске толы эссе, тол­ғамдарындағы иірімдер, сезім қылын дөп басып шертетін сәт­тер кім-кімнің де жүрегін шым ет­кізбей, бүйрегін бүлк еткізбей қой­масы, қызығушылығын тудыр­май тоқтамасы анық. Мұның сыртында оқырман сұранысына орай қазақ тілінде қайта-қайта жеті рет басылған, көп таралыммен Бейжіңдегі «Ұлттар» баспасынан шыққан, бірнеше мәрте орыс ті­лін­де жарық көрген, ағылшын ті­ліне жеке кітап болып аударылған «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» романы сыр-сыпаты бөлек, өз алдына бір өргек дүние.

Мақаланың толық нұсқасымен төмендегі сілтеме бойынша таныса аласыздар: https://egemen.kz/article/262371-alibek-alem-nemes...



Тегтер: әлібек асқар шығармашылығы туралы мақала
Авторы: Тіл-Қазына

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

180

ақпарат

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

240

ақпарат

«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ: ҮЙРЕНУШІНІҢ КӨЗҚАРАСЫ»

168

ақпарат

«КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБІРЕГЕНІ»