ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ ІСПЕТТІ

2021 жылғы 11 қаңтар күні Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген,...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

11 қаңтар, 2021

Ұжым мүшелерінің бас қосуын Бас директор Әлібек Асқар кіріспе сөзбен ашты. «Мақалада жүйеленіп, жіліктеліп көтерілген мәселенің бәрі мемлекеттік саясаттың түп тамырына талдау жасап, қазіргі қолданыста жүрген қағидаттардың жәй-күйін жан-жақты ашып көрсеткен. Соның ішінде мемлекеттік тілдің мәртебесі мен қолданыс аясын кеңейту кеңінен сөз болады. Осының бәрі қоғам өз алдына, кеше ғана ел сеніміне ие болған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен жаңа Үкімет құрамы үшін үлкен міндет болары сөзсіз. Мемлекет басшысының қаламынан шыққан бұл туынды ұлттық идеологияның ұйытқысына айналады» деген белгілі қаламгер жарияланымның ана тіліміздің жанашырлары үшін жаңа серпін бергенін атап өтті.

Аталмыш мақала туралы орталық директорының орынбасары Айдос Әбдіхалық баяндама жасады. Оның айтуынша, «Отыз жылдың ішінде қандай белестерге жеткендігімізді үш онжылдыққа бөліп сипаттайды. Келешек ұрпаққа нені аманаттаймыз, мемлекеттігімізді нығайту үшін неге көңіл бөлу қажет деген сұраққа әрбір ұлтжанды азаматты жауап іздеуге жетелейді».

Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Оны білу – Қазақстанның әрбір азаматының міндеті», – деген сөзінің барша отандастарымызға үлкен ой салары анық.

Осы орайда көркем әдебиетке, оның ішінде тіл игерудегі балалар әдебиетінің рөліне үлкен баға беруі қуантады. Өйткені, көркем әдебиет оқырманын жасына қарамастан, кісілік қасиетке баулып қана қоймайды, қазақтың шұрайлы мол тіл байлығымен сусындатады.

«Қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн»,– деген тапсырма бұл істің кең өріс алуына жол ашары сөзсіз.

Енді кенен ойдың келелі іске айналуы – баршамызға байланысты.


Баға беріңіз