ҚАЗАҚ ТІЛІ ҚАЛЫҚТАЙДЫ КӨГІМДЕ

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасы бойынша Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Мен қазақша сөйлеймін...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

06 қазан, 2020

Жасыратыны жоқ, тіл туралы сөз болғанда қарадай қусырылып, ауызды қу шөппен сүртіп отыратын кезіміз аз болмайды. Былайғы уақытта осы сарында кете берсек, төбеңде бұлт қалыңдап, қарап жүріп «жүгің қисайып», үміт шоғы сөне жаздауға шақ қалады деуге де болады.

Жылма жылғы сайыс қорытындысы не дейді, соған құлақ түрелік.

Қарап отырсақ, жалпақ тілмен айтқанда, еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін жыл сайын екі жүзден астам үміткер қатысады екен. Үш жыл қатарынан жиырма шақты этнос өкілінен кем түсіп көрмеген талапкерлердің қатысу динамикасы өсіп отыр. «Түркі тілдес бауырларға жеңіл ғой, басым көпшілігі солардан шығар», – деп ойлайтындар болса, мына мысалға назар аударғанын жөн көрер едік, биыл бір ғана орыс ұлтының өкілінен 70 адам қатысуға ниет білдірді. Бұдан басқа неміс, украин, беларусь, молдаван, грузин, дүнген, күрд, лезгиндер бар. Бала күнімізден басымызға жастанып өскен «Батылар жыры» кәріс, тәжік, шешен, ингуш тағы басқа этнос өкілдері арқылы таза қазақ тілінде қалықтайды. Ұйғыр, өзбек, түрік, татар, башқұрт бауырларымыз ғасырлар қойнауынан мұрты кетілмей келе жатқан жыр жауһарларынан небір сөз маржанын төгеді.

Қатысушылардың 123-і «Батырлар жырын» таңдапты.

76 адамның қалауы әртүрлі тақырыптағы өлеңге түскен.

Әр талапкердің талғамы да әрқилы.

«Қобыланды батыр» жыры байқау барысында 56 рет толғанса, мұнымен «Ер Сайын батыр» жыры теңесе алады. Одан кейінгі орында «Алпамыс батыр» жыры тұр. Бұл жерде айтқымыз келгені: қай жырдың көркемдік жағымен ерекшеленіп тұрғаны емес, қатысушылардың «Батырлар жырын» түгел оқып шыққаны. Өйткені, тізімді әрі қарай тоқтаусыз жалғастыра берсек, аты аңызға айналған қай кейіпкеріміз де атаусыз қалмайды.

Тағы бір назар аударуға тұратын нәрсе: кең байтақ Отанымыздың түкпір-түкпірінен қатысушылардың географиясы. Тыс қалған облыс жоқ. Ең көп қатысушы ретінде Алматы облысы мен Алматы қаласының тұрғындары көш бастаса, одан кейінгі кезекте Ақмола, Жамбыл, Павлодар облыстары тұр.

Осынша қарқын алып, «Батырлар жыры», қазақ өлеңінің жыр маржандары ауыздан ауызға көшіп жатқанда оқырман қатысы қаншалықты болып жатыр деген сауалға келсек, аз-кем ойлануға тура келеді.

Бір қарасаң, жанын беріп жатқа жыр оқып, ана тіліміздің шұрайлы шырайын үстеп жатқан отандастарымызға қолдау жағы тапшылау секілді көрінді.

Ең көп «ұнайды» белгісін бар болғаны 796 адам ғана қойыпты.

378 адам жақсы лебіз білдіріп, пікір қалдырған.

Осы отырған бәріміз ана тіліміздің шын жанашырлары десек, бұл сан аз ба, көп пе? Егер өзімізді осылай деп бағаласақ, «Батырлар жырын» жаттап, шабыттана оқып жатқан өзге ұлттың өкілдері бізді қаннен-қаперсіз қалырмауы керек емес пе еді?!

Бәлкім, көлемі ұзақ болғасын жалығып қарай алмайтын шығар деп ойласақ, ең ұзақ оқылған жырдың уақыты – бар болғаны 3:01 мин.

Қазақ тілінің тағдырына келгенде тіл туралы толғамды пікір айтумен шектелу аздық етеді, оны жан-тәнімен қабылдап, бойындағы бар өнерін салып насихаттауға атсалысып жүрген жанашыр ағайындарды қиқулап қолдап отырсақ, қанеки!

Осы мақаланы жазу барысында қатысушылардың өмірбаяндарымен таныстық. Ол да әрқалай. Қатардағы мамандық иелерінен мектеп оқушыларына дейін бар. Осылардың қай-қайсысы да тіл төңірегіндегі мәселе де тартынбасы анық. Ойланбастан тіл жанашырлары қатарына қосуға болатын секілді. Мемлекет басшысының «Ана тілі» газетіне берген арнайы сұқбатында мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерін қолдау туралы тапсырмасы бар. Ендеше, бұлар – сөз жоқ, сол тізімді бастауға әбден лайық адамдар.

Басқасын былай қойғанда, қарапайым өнерін қолдауға самарқаулық танытып отырғанымыз неліктен?!

Бұл – байқауды ұйымдастырушылар ұсынған мәліметке қарап отырып туған оқшау ой.

Әрине, байқау болғасын жүлдегері анықталады.

Кім жығыламын деп күреске түседі.

Әлі де кеш емес, «Мен қазақша сөйлеймін» байқауы дүбіріне құлақ түрелік, қатарында қазақ тілін қадірлеп, алақанына салып аялап келе жатқандарға қол соғып, қошемет көрсетелік. Шын дауылпазды анықтауға жәрдем жасайық, инстаграм хэштегі: #менқазақшасөйлеймін2020

Еркін елдің ашық аспанында қазақ тілі қалықтап жатыр.

Бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқан отандастарымыздың даусымен.

Сен де өз дауысыңды қос, ағайын!


Баға беріңіз