Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

ДАБЫСЫ КЕТКЕН АЛЫСҚА...

21.9.2020 399
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Түркі әлемі: тілдік ахуал, латын әліпбиі және әдістеме» халықаралық семинар-кеңес туралы жан-жақтан түсіп жатқан жылы лебіздер легі толас табар емес.

Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтының ғалым-ұстазы Төрткүлбаева Тұрсынай Әбдіғазықызы: «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы ұлттық орталықтың бұл халықаралық шарасы Қазақстан Республикасының латын жазуын қабылдау және оны іске асыру мемлекеттік бағдарламасы мәселелерін қамтып қана қоймай, латын жазуын қабылдаған түркі тектес туыс халықтардың бұл жазудағы келелі мәселелерімен пікір алысқан, ұсыныс-пікірлерін бөліскен үлкен бас қосу болды. Түркі тілдес халықтар жазуындағы тілдік келелі мәселелер, ортақ шешімге келу керек болған латын жазуы бойынша көкейтесті міндеттер мұндай халықаралық көлемдегі семинар-конференцияның қажеттігін көрсетіп бергені анық. Әйтпесе, Қарақалпақстан Республикасы аймағында тұрып жатқан өзбек, қарақалпақ, қазақ, түркімен, қырғыз т.б халықтар үшін латын әліпбиіндегі мәселелер дер кезінде шешілмесе, туыс халықтардың бір-бірінің жазуына түсінбей қалуы әбден мүмкін. Осындай т.б. тіл біліміндегі мәселелердің басын ашып алу үшін халықаралық ғылыми семинардың құны өте ерекше болды деп ойлаймын».