Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

ӘЛІПБИ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

17.9.2020 540
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ағымдағы жылдың 17 қыркүйегінде «Түркі әлемі: тілдік ахуал, латын әліпбиі және әдістеме» тақырыбында онлайн режимде халықаралық семинар-кеңес өткізді.

Түркі тілдері Шығыс Еуропадан Сібір мен Батыс Қытайға дейінгі кең аумақта тұратын 180 миллион адамның ана тілі, 210 миллион адам өзінің екінші тілі ретінде қабылдайды, 40 тілден тұратын тілдер тобы.

Тіл кеңістік пен шекараға тәуелді, сол себепті үлкен аумаққа таралған түркі қауымы тілдерінде айырмашылық болуы әбден заңдылық. Бірақ, әрқайсысы дербес ел болғанмен, тегі бір, мақсаты ортақ. Семинар-кеңестің басты нысанасы түркі тілдерін зерттеушілермен, әдіскерлермен ғылыми пікір, тәжірибе алмаса отырып, туыстас тілдердің мамандары арасында өзара байланыс қалыптастыру. Халықаралық бас қосуға ғағауыз, қырғыз, ноғай, өзбек, хакас, қарақалпақ, түрік, тыва, татар және қазақ тілдерінің мамандары, барлығы алты мемлекеттің (Түрік, Өзбекстан, Қырғызстан,Молдова, Ресей, Қазақстан) ғалымдары қатысты.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба ісшараға қатысушыларға сәттілік тілей отырып, түркітілдес халықтар арасындағы латыннегізді әліпбиге ауысу тарихына тоқталып өтті. «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен көтерілген қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі қорытынды кезеңге келіп жетті.Қазіргі уақытта әліпби жобамыз тағы бір пысықталып, зерделенуде. Бірақ, кейбір халықтың өзіне ғана тән болып келген кейбір әріпті жоғалтып алып, артынан сол әріпке ескерткіш қойған өкінішті тәжірибесін де ұмытпаған дұрыс. Бүгін ортақ түрік әліпбиі, оның қажеттілігі мен мүмкіндіктері жөнінде де сөз қозғаймыз», деді ол.

Төраға атап көрсеткендей, осы халықаралық ғылыми басқосу барысында жаһандану жағдайындағы тілдік ахуал ортаға салынды, әліпби және түркі тілдерін оқыту әдістемесі бағытында ортақ және жеке ғылыми-әдістемелік дәстүрлер мен жаңашыл бастамалар жөнінде пікір алмасып, тәжірибелер қорытындыланды. Сонымен қатар, түркі халықтары қолданатын әліпби нұсқалары, әліпби түзу принциптері, әр тілдің фонетикалық ерекшеліктері, емле ережелері жөнінде сөз болды.

Бұл мәселелер, әсіресе, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол ЕрдембекұлыТілешовтің «Түркі тілдері: әліпби және қазіргі тілдік жағдаят» баяндамасында кеңінен қамтылды.

«Көне түркі әліпбиінен қазірге дейінгі тарихи дамуды қарасақ, түркі халықтарында әліпби реформасы ХХ ғасырда екі рет жүргенін байқаймыз. Біріншісі, 1920 жылдар, екіншісі, 1990 жылдар. Біріншісі, кеңестік саясаттың ықпалымен жүзеге асып,оның ғылыми негізі 1926 жылғы Баку сиезінде жасалды. Осы кезеңде көптеген түркі халықтарының тілі латын графикасына көшірілді, деді белгілі ғалым. Екіншісі, кейбір түркі халықтарының тәуелсіздік алуымен байланысты. Латын әліпбиіне көшуде Стамбул қаласында 1991 жылы өткізілген халықаралық симпозиумда қабылданған жалпытүркілік әліпби жобасының маңызы болды».

Ғалымның пайымдауынша, «түбі бір – түркі тілдерінің ұқсастықтары мен бірге ерекшеліктері де бар. Сондықтан бәріне бірдей, тіпті бірнеше тіл үшін бір әліпби жасау оңай емес. Дегенмен біздің ойымызша, әліпби түзудің ортақ ғылыми принциптері болғаны жөн. Ол үшін әр дыбысты беруге арналған латын таңбалары және диакритикалар орнымен қолданылу керек».

Ісшара аясында Түркияның Башкент университетінің профессоры Суер Екер «Әліпби реформаларына лингвистикалық көзқарас», Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің профессоры Н.А.Рахмонов «Өзбекстанда латын графикасының қабылдануы және ондағы туындаған кейбір мәселелер»,Н.Ф.Катанов атындағы Хакас мемлекеттік университетінің филология ғылымдарының докторы Андрей Данилович Каксин «Түркі жазуын латын әліпбиіне көшіру жағдайы мен алғышарттары туралы» және т.б. ғалымдар баяндама жасады.

Халықаралық семинар-кеңес жұмысына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан халықтары Ассамблеясы жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі, Түркі академиясының өкілдері, жоғары оқу орындарының ғалымдары, республика бойынша тіл оқыту орталықтарының оқытушы-әдіскерлері қатысты.

Дүниежүзілік деңгейдегі бұл келелі кеңестің басты қорытындысы түркі тілдері мамандарының осындай ғылыми басқосуларын дәстүрге айналдырып, өзекті тақырыптар төңірегінде өзара тәжірибе алмасуды жалғастыру болып табылады.

Тегтер: талқылауға алты мемлекет қатысты, онлайн семинар
Авторы: "Тіл әлемі" ақпарат

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

177

ақпарат

«ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕТУ: ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ КУРСЫ

423

ақпарат

«АБАЙ ИНСТИТУТЫ» ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

83

ақпарат

Алматы қаласында ҮЕҰ өкілдеріне арналған семинар өтеді