Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

ЖОЛДАУДЫ ТАЛҚЫЛАУДАН ТУҒАН ОЙ

11.9.2020 260
Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Тіл саясаты комитетінің жаңадан тағайындалған төрағасы Әділбек Күнесханұлы Қаба Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мен Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ұжымының басын қосып, онлайн режімде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» атты Жолдауын талқылауды ұйымдастырды.

Талқылаудан туған бір-екі ойды бөліссек дейміз.

Біріншіден, тіл мәселесінің ыстық суығын осы салада жүрген ғалымдармен қатар жүріп, бірге көріп келе жатқан Әділбек Күнесханұлын жауапты қызметке тағайындалуына шынайы тілектестік білдіреміз.

Төрағаның ең құнды жәдігер, ең баға жетпес байлық та болып саналатын кітапханалар қорындағы кітаптарды сақтауға аса көңіл бөлгені көкейге қонады.

Жолдауда «Цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі» деп аталатын бөлім бар. Бұл біздің қоғамда қарқынды қолға алынып жатқан игі істердің бірі. Жолдауды талдау барысында сөз алған кітапханашы әріптесіміз осы жөнінде жан-жақты пікір білдірді.

«British Library» Британ кітапханасы құнды кітаптарды қолмен ұстаудан келетін зақымнан және табиғи жолмен көнеруден аман сақтау үшін әлгі қымбат кітапты әйнектен жасалған үстелдің астына салып қоятынын «BBC World News» спутникті телеарнасынан көріп: «Мынау не деген ғажап дүние!» деп сүйсіне көргеніміз бар еді. Үстелдің беті мөп-мөлдір, кәдімгі сенсорлы ұялы телефонды қолданған секілді қажетті тетіктерді басып, парақтайсыз, керекті бетіңізді ашасыз, қажетті мағлұматыңызды аласыз. Жас өскіннің кітапқа деген, ұлттық құндылыққа деген қызығушылығын ояту мақсатында: «Қымбат та болса, осындай технология бізге де керек екен», – деген ой келеді.

Келесі ой «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Ердембекұлының ономастика ғылымын дамыту бойынша еліміздегі топонимдердің этимологиясына тарихи-диахронды тәсілмен зер салу мәселесін көтергенінен туды.

Өте қажетті, өзектімәселе!

Уақыт озырмай, ғылыми жобаларды қолға алатын мамандар табыла кетсе игі еді. Біз өзіміздің әлі күнге дейін өз жеріміздегі қаншама жер-су атауларының мағынасын ұға алмай жүрміз. Тарихтың небір қатпарын артқа салып, енді жалпақ далаға көз тастасақ, рухани жаңғыру ауадай қажет екенін сезінеміз.

Бір мысал, осыдан он алты жылдай бұрын Қостанай облысының Қарасу ауданында орысшасында «Станция Челгашы», қазақшасында – «Челғашы стансасы» болып тұр екен. Сол мекенге жолы түскен Ерболат Мақсұтұлы есімді іскер азамат екі тілдегі айырмасы «г» мен «ғ»-да ғана екен, екеуінің де не сөз екенін ұқпадым» деп іздей бастайды. Сұраған адамының бәрі мүлдем бейхабар. Пойызға жайғасқанда бір қарт кейуананы көзі шалады.Орайын келтіріп, не де болса осы кісіден жауабын табармын деп сұраса, әлгі қарт ана: «Осыны білгің келгеніне, ақиқатын іздегеніңе мың рақмет, балам, өркенің өссін» деп, батасын жаудыра отырып, мынаны айтыпты: «Бұрын ертеректе бұл ауылда бір төбешік болатын, сол төбешіктің үстінде жапырағы қурап, бұтағы да қалмаған кәрі ағаш болатын, ол ағашқа қарап адамдар алыстан өз жолдарының бағыт-бағдарын бағамдайтын. Әлгі ағаштың пормасы аша іспетті болғасын, оны жергілікті халық «Шолақ аша» деп атайтын еді» депті.

Бүгінгі күні «Челғашы» қазақшасында «Шалғышы» болып өзгертілген екен, бұл атау қандай деректерге негізделіп берілді екен?

Тағы сұрақ.

Зерттеу керек.

Тарихи құжатты ақтарсақ та, саусақпен санарлық қана қалған көнекөздердің аузынан жазып алсақ та, барлық мүмкіндікті пайдаланып, көне есім-атауларды кері қайтаруымыз керек.

Жолдауда айтылған: «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға» тарихи атаулар – іргетас.

Бұл кезең – іс-қимыл кезеңі.

Ендеше, бас қосуда Төраға атап көрсеткендей, іс-қимылдан нәтиже күту кезеңі болуы шарт.

Бас қосудан туған бірер ойымыз осы еді.

Нұрсәуле Мақсұтқызы РСАЛИЕВА,

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі

Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі,

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының

жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты

Тегтер:
Авторы: Тіл Қазына

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

526

ақпарат

Қыркүйек/қыргүйек; көкөніс/көгөніс; шекара/шегара сөздерінің емлесі жайында

885

ақпарат

ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫ СТАНДАРТТАУ МЕН ЖҮЙЕЛЕУ ЖҰМЫСЫН ЖЕТІЛДІРУ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

583

ақпарат

ӘДІСКЕР ЖӘНЕ ӘДІСТЕМЕ ӘЛЕМІ