НАРЫҚСЫЗ САУДА – ПАРЫҚСЫЗ

«Айқын» газетінің 2020 жылғы 9 қыркүйектегі санында журналист Гүлзина БЕКТАСТЫҢ осы аттас зерттеу мақаласы жарық көрді. «Кітап сатып, байығандар туралы естісек, құдды бізге ертегі сияқты. Қазір кіт...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

09 қыркүйек, 2020

Кітап нарығы туралы жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқар кітап саудасы толғағы жеткен күрделі мәселе деген пікірде. «Әйгілі ойшыл Рене Декарттың: «Жақсы кітап оқу – өткен заманның ең ізгі адамдарымен әңгімелесу де­ген сөз. Жай әңгіме-дүкен құру емес, олардың ең тұшымды ойларын тыңдау», – дегені бар. Бұған бәріміз ес жиып, етек жапқалы куәміз. Шы­ны керек, қаріп танып, көз ашқалы бері екі елі ажырамаған досымыз, әлі күнге дейінгі айнымас сырла­сымыз – кітап үйде – жаны­мыз­да, ұзап шықсақ ойымызда жү­реді. Бірден айтайық, бұл бағыттағы жұ­мыс шабан аттай жүрісі қиындап кетті. Байқап жүрміз, орыс тілді кі­таптар қазіргі қызып тұрған на­рық­тың төріне жайғасты да, ана тілі­міздегі туындылар екі көзі жәуді­реп босағада қалды. Қайда барсаң, осы хал», – дейді жазушы. Қазақ тіліндегі шығармалары саудасына құлқы жоқ.

Шабан аттай жүрісі қиындап қа­луының сыры неде? «Мұның бірне­ше себебі бар», – дейді қалам­гер. «Біріншісі, бірден айту керек, қазақ тілі әлі күнге өз тұғырына қона қойған жоқ. Солай болғасын, рес­пуб­лика көлемінде кеңінен сұ­ра­нысқа ие болуы күрмеуі қиын шаруа болып отыр. Екіншіден, жастар орысша оқуға тым әуес. Өйткені біздің ақпараттық кеңіс­тіктің көбісі сол тілде. Жасырып-бүркері жоқ, қазақ тілін шала біле­тіндердің бар­шасының орыс тілінде тарайтын ақ­паратқа бүйрегі бұрып тұрады. Қазақтілді кітаптың жам­басы сөреде жатып сарғаятын бол­ған соң, сала­лық дүкендер бұдан ат-тонын алып қашады. «Есеп қуған бай бол­са, қуанбай қалмас егізге» де­мекші, күн­көрісін соның үстіндегі тиын-те­бенмен айырып тұрған ағайынның ана тіліміздегі шығар­малар сауда­сына құлқы жоқ», – дейді.

«Атамұра» корпорациясы өкіл­дері мен «Алматыкітап», «Фолиант» баспасының кітап дүкендері қазақ­тілді кітап сатумен айналы­сады. Нұр-Сұлтан қаласында «Абай» кітап дүкенінен көркем шығармаларды табуымыз мүмкін. Одан бөлек, мұн­дай кітаптар «Меломан» мен «Книж­ный мирден» көп кездесе бермейді. Көпшілік кітапты өзі са­туға мәжбүр.

«Сонау 1992 жылдан бері қарай қоғамдық маңызы бар қазақ тіліндегі әдебиеттер мемлекет қаржысына шыға­рылып келе жатыр. «Суға кет­кен тал қармайды» дегендей, әлеуе­ті әлжуаз баспалар аталған қар­жыға жармасып, алақанын жайып оты­рады. Ұзақ жылдар бұл салаға кура­торлық жасағаным бар, ахуалды бір кісідей білемін. Оларға: «ішкі мүм­кіндіктеріңді пайдаланып, үнем­деген өз қаржыларыңа сол кітапты дүкенге жететіндей қып, қосымша ти­ражбен шығарыңдар», – деп талай рет ерік бергенбіз. Қалтасында көк тиын болмаған соң, олар қо­сымша тиражға да, ондай түйінді шаруаға да тәуекел жасай алмады. Ондай баспалардың шығарған өнім­дері өмірі кітапханадан әрі асып көрген емес, дүкен дегенді мүлдем көрмейді», – дейді Әлібек Асқар.

Жазушы бір кез­дері әр ауылда болмаса да, ең құры­ғанда, аудан орталықтарынан бой көтерсе деген ниетпен кітап сататын дүкендер ашу мүмкіндігін зерттеп, мониторинг жүргізгенін айтады.

«Бұған назар аударған себебіміз – қазақ тіліндегі кітаптың оқыр­ма­нының алтын бесігі ауыл ғой. Содан есептеп қарасақ, ауылға барар кі­таптың құны, тасымал шығыны бар дегендей, қалада сатылатын сыңа­рына қарағанда әлдеқайда қымбат болып шықты. Жүйкесі де, қалтасы да жұқарып жүрген ауыл­дағы ағайын жәйі әмбеге аян. Сөйтіп, бұл дү­кендердің өзін-өзі ақтамайтыны бел­гілі болды. Арадағы айырманы аудан басшылығы өз мойнына алар ма екен деген үмітпен жан-жақты зерделеп көріп едік, оның да реті шықпады. Тіпті, біреу­лер құтылмас дауға басы қалардай, көлеңкесінен қарадай үркіп қаш­ты», – дейді.

Мақаланың толық нұсқасымен төмендегі сілтеме арқылы таныса аласыздар: https://aikyn.kz/nary-syz-sauda-pary-syz/

Баға беріңіз