Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

АБАЙ АЙТҚАН ҚҰНЫ АЛТЫН СӨЗ ЗЕРЕГІ…

11.8.2020 511
Той – тағзым, ой – тағылым. Ұлт ойшылының мерейтойы той тойлау емес, хакім мұрасының өміршеңдігін атап көрсету үшін қажет. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлттың болмыс-бітімі, тұрмысы, тіршілігі, мінезі, діні, ділі, рухы көрініс тапқан. Абай тұжырымдары баршаға рухани азық бола алады.

Әлібек АСҚАР, жазушы,

«Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық
орталығының бас директоры


Тағзым күнінің тағылымы

– Абайдың ұлтына қалдырған рухани мұрасы, міне ғасырдан астам уақыт қазақтың ақылы мен ойына, дүниетанымына, сезімі мен тәжірибесіне ықпал етіп келеді. Осы абайлық дәстүр дәл бүгін қазақтың өзіне ғана емес, адамзаттың санасына да әсер етерлік құбылысқа айналды. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» деп толғанған ойшыл суреткердің жалпыға ортақ мұраттарды көтеруі оны әлемдік өркениеттің ірі тұлғаларымен деңгейлестіреді. Бұл – Алаш баласы бағындырған ой биігі, сөз құдіреті.

Алаштың байтақ даласынан адамзаттық биікке көтерілген Абайдың күрескерлік өмірі мен суреткерлік еңбегін қаншалықты бағаласақ, біз соншалықты адами идеяларды насихаттаған боламыз. Ендеше, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Үкіметтің ұлы ақынның туған күнін «Абай күні» деп бекітуі осы ұлы тұлғаға және оның шығармашылығына жасалған зор құрмет деп білеміз. Сонау ХХ ғасырдың басында әрі қаламгер, әрі қайраткер Міржақып Дулатов: «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар, бірінші ақынымыз деп, қабіріне халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар… » деп тебірене жазыпты. Иә, сол Алаш арыстары армандаған күнге бүгін қазақ баласы жетті. Азаттығын алды, мемлекеттілігін қалыптастырды, өз азаматтарын құрметтейтін абыройлы күндерге жетті. Халқымыз үшін мерейлі кезеңде Абай сынды тұтас ұлттың ұстазына айналған хакім тұлғаға құрмет көрсету көптің ойынан шықты, халық қолдауда, ел қуануда. Өйткені Абай деген зор есімнің мағыналық аясында сол қазақтың биікке озған ойы, тереңге тартылған танымы жатыр. «Абай күні» бізге ұлы суреткер мұрасына жиі-жиі баруды, азаматтық, адами көшімізді дұрыстауды, өзіміздің кім екенімізді, қайда тұрғанымызды, қайда бармағымызды міндеттейтін күндердің қатарына кірмек. Мұндай рухани тазару күндері, әсіресе өскелең жас ұрпақ үшін аса маңызды. Біз неғұрлым Абайдың шығармашылығы арқылы, жалпы қазақтың мәдениеті мен өнері арқылы өзімізді танысақ, соғұрлым елдігіміз артады, кісілігіміз күшейеді, адамгершілік қасиеттеріміз асқақтайды. Сондықтан да бұл күннің мәртебесі де, бағасы да күшейе беретініне өз басым бек сенемін. Себебі Абайға оралу дегеніміз – ұлттық өркениетке оралу деген сөз. Бүгінгі қазақ та, келер қазақ та тек өркениет жолымен ғана жүруі тиіс, тек өркениет ғана бізді сақтайды һәм күшейтеді. «Абай күнінің» тағылымы да осында.

https://aikyn.kz/abaj-ajtqan-quny-altyn-soez-zeregi/

Тегтер: әлібек асқар, мақала, абай-175
Авторы: "Тіл әлемі" ақпарат

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

189

ақпарат

ТІЛ МӘСЕЛЕСІ – ХАЛЫҚТЫҢ ЖАНЫ

148

ақпарат

«БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ»

187

ақпарат

ЛЕКСИКАЛЫҚ МИНИМУМДАРДЫ ТҮЗУ ЖӘНЕ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ АҒЫЛШЫН ТІЛІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІ