БАЙҚАУҒА ДЕГЕН ЫНТА ЖОҒАРЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі к...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

11 тамыз, 2020

Осы ретте қазақ тілінің рөлін күшейтудің негізгі шарттарының бірі – өзге ұлт жастары арасында толыққанды қолданысын қамтамасыз ету.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен өткелі жатқан «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» республикалық байқауы көздейтін мақсаттың бірі де, бірегейі де сол.

Жастық жалын сыналатын дүбірлі дода екі кезеңнен тұрады.

Алғашқысында үміткер өзі туралы түсірілген қысқа метражды фильм жолдаса, соңғы бөлігінде экрандағы ұяшықта көрсетілген тақырып төңірегінде бар болғаны үш минуттың ішінде ой толғауы қажет.

Осы байқау аясында өзге ұлт жастарының қатысуымен «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы өткізіледі.


Акцияға қатысушылар әлеуметтік желілерде (Facebook, YouTube, Instagram) #менқазақшасөйлеймін2020 хештегімен қазақтың батырлар жырынан үзінді мәнерлеп жатқа оқып (ұзақтығы 2 минуттан аспауы тиіс), кеңінен таратуы тиіс. Үздіктер әлеуметтік желілердегі «лайк» белгісінің саны бойынша анықталады.

Бәсекелі бәйгелердің Ережесі жарық көргелі шараға қолдау жасап отырған Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы қызметкерлерінің телефонында тыным жоқ екен, қатысушылар тарапынан ынта жоғары екенін естігенде көңілге қуаныш ұялайды.

– Қандай сұрақ жиі қайталанады? – деген сұраққа:

– Әсіресе, уақыттың ұзақтығы жөнінде, – деген жауап алдық.

Бұған қайтіп ырза болмайсың, қазақтың эпостық жырларын жатқа айтатын өзге ұлт өкілдері қатары көбейіп келеді деген сөз.

– Енді олар қалай болады?

Теңіздің ащы-тұщысын білу үшін оны сарқып ішемін деу ақылға сыя ма, бармағын малып айыруға болады емес пе, сол айтқандайын, байқаудың шартына бағыну қажет, – деді байқаудың басы-қасында жүрген орталықтың редакциялық-баспа басқармасының басшысы Әлім Сергібаев. – «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» республикалық байқауына қазылық жасаушылардың құрамы мемлекеттік тілдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген танымал лингвист ғалымдар мен тіл жанашырларынан тұрады, мұнымен қатар, үміткердің сомдаған сахналық образын мәдениет саласының майталман маманы бағалайды. Қазақстан Республикасы Ассамблеясының өкілі жас талаптардың қадамын қадағалап отырады.

Көріп тұрғаныңыздай, қатысушы кәсіби мамандардың талқысына түсіп, лайықты бағасын алады.

Сынаптай сусып аққан жүйрік уақыт межелі мәрені күн санап жақындата түсуде.

Ата-бабамыздан қалған: «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» – деген қанатты сөз бар, БӘЙГЕДЕН ҚҰР ҚАЛМА, ТАЛАПТЫ ДА ТАЛАНТТЫ ЖАС!


Баға беріңіз