Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

​Амантай ардагердің қазақ тіліне құрметі

2.5.2020 599
Кешегі тарихын ұмытпаған елдің ғана болашағы жарқын болады емеспе?! Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай жер-жерде ардагерлерімізге құрмет көрсетіліп жатыр. Бұл – ұлы мереке екені даусыз. Оққа ұшқан қаруластарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың ерліктері, арттағы қалың елдің қамығып жеткен Жеңіс күнін, біз ұмытсақ та тарих ұмытпайды. Ол – өмір заңы.

Отан үшін от кешкен майдангер Алматы облысы Ақсу ауданы Қапал ауылының тұрғыны, соғыс және еңбек ардагері Сұмағұлов Амантай атамыз жайлы бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген ұрпақтарының естеліктерімен жеке архивтерінен жинақтай отырып, аз-кем қалам тербегенді жөн көріп отырмын. Оның үстіне ұлы Асхат аға да маған жезде болып келуші еді. Көрші тұрамыз. Күнделікті үйіне кірген сайын майдангер атамыздың суретіне қарап, ұл-қыздарымен араласа келе жасаған еңбектерін естіп жүріп кейінгі ұрпақ үшін тәлім-тәрбие болар деген ниетпен қалам тербеуді жөн көрдік.

Ал енді толығырақ тоқталсақ, атамыз 1925 жылы Талдықорған облысы Қапал ауданы Ленин совхозында дүниеге келіпті. 1925 жылдан 1933 жылға дейін анасының қолында, 1933-37 жылдар аралығында Балалар үйінде тәрбиеленген екен. 1937-1943 жылдары Алматы облысының Кеген ауданында жездесінің қолында оқыған. Сұрапыл соғыс жүріп жатқан уақытта өзі сұранып, әскери комисариатқа барып жүріп майданға аттаныпты. 1943 жылдан 1948 жылға дейін Қиыр Шығыстағы Кеңес әскері қатарында Жапон империалистеріне қарсы ұрысқа қатысқан.1948 жылдың ақпан айында әскер қатарынан қайтарылып, Қапал ауданына келген.1948 -1949 жыл аралығында Қапал аудандық партия комитетінің техникалық хатшысы болған. 1949-1951жж. аудандық мәдени-ағарту бөлімінің нұсқаушысы,1951-52 жылдары аудандық жұмысшы депутаттарының Кеңес атқару комитетінің кадр бөлімінің меңгерушісі болды.1952-59 жылдары Қапал аудандық партия комитетінің нұсқаушысы,1959-63 жылдар аралығында партия хатшысының көмекшісі,1963-64 жылдары Ақсу ауданының Қазақстан коммунистік партия ұйымының ұйымдастыру-нұсқаушысы болып қызмет атқарған екен.

1964-68 жылға дейін Көшкентал ауылы Абай атындағы колхоздың партия ұйымының хатшысы болған.

Осы Көшкентал ауылының көнекөз қарияларының айтуы бойынша, атамыз сол кездегі қиыншылылықтармен күресе жүріп, елді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су көздерін іздестіріп, оны зерттеу және су құбырын іске қосу жұмыстарын атқарған деседі. Тіпті ауылдағы типтік мектеп салу жұмысына көп еңбек сіңіріпті.


Амантай Смағұлов атамыздың үлкен еңбегінің бірі осы 1950-60 жылдардағы ақын Сара апамыздың есімін ел есінде қалдыруға қосқан үлесін айтпай кетуге болмас.Тың игеру кезінде Мәскеуден іссапармен келген мүсінші Маргарита Ващенко, Сара апамыздың өмірімен танысып,қазақ халқының маңдайына біткен бақыт екенін түсініп, тарихтағы болмысын айнытпай шығару үшін, көнекөз қариялармен, құрбыларымен кездесуге кіріседі. Осы жұмыспен суретші мен тікелей Амантай ағамыз айланысқан екен. Бұл жұмыстар бірнеше жылдарға созылады. Амантай ағамыз табандылығының арқасында Сара апамыздың ескерткішін заңдастыруға қаражат қарастыру үшін Абай колхозының еңбеккерлерін ұйымдастырады. Сол кездегі еліміздің басшысы Д.А.Қонаевқа өтініш жолдап, ақыры заңдастырады.

Ардагер атамыздың Отанын сүйгені соншалық қазақ халқының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін жетік білген. Ақын Сара апамыз бен Біржан салдың айтысқан орны Көшкентал ауылының жерінде болғанын, болашақ ұрпаққа мәңгілік мұраға айландыруға ат салысқан.

Бүгінде Қапал ауылында тұратын ұлы Асхат ағаның айтуындағы мына қызыққа қараңыз. Амантай атамыз нағыз тіл жанашыры болған дейді. Қылышынан қан тамған Кеңес Үкіметінің кезінде іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізеді екен. Бір күні аудандық партия комитеті Абай колхозының іс-қағаздарын қазақ тіліне қабылдамай қойған екен. Содан ардагер атамыз сол кездегі белді басылым "Қазақстан коммунисі" журналына бірден шағымданып, іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізу құқығын қорғап қалған екен.

Қазақ тілінің мәртебесін көтеру керек деп әлі айқайлап жүрміз. Міне таза, мақтанышпен айтуға,үлгі тұтуға тұрарлық үлкен еңбек. Осындай олқылықтар бойынша жағдайға тап болсақ, бірден белді басылым беттері мен әлеуметтік желілерде әшкере қылып қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейткеніміз дұрыс-ау. Бізде әлі күнге дейін басшылықтан қорқу мен орынтақтан айырылып қалу қаупі басым ғой. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында болашақ ұрпақтың өткенге салауат айтып, ата-бабаларымызға деген құрметін арттыру мақсатында осындай кішкене ғана еңбегін айту арқылы саналарына ой саларымыз анық.

Тілге деген көзқарас - елге деген көзқарас емес пе?

Амантай Смағұлов атамыз Кеңес үкіметінің 2-ші дәрежедегі «Ұлы Отан соғысы орденімен», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Айбынды еңбегі үшін» және «Тыңды игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталыпты. Зайыбы Ақсейітова Нұржамишпен бес қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірген. Бүгінде тәрбиелі ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет жасап өсіп өркендеуде. Бір кездері ірге тасын атасы қалаған Көшкентал мектебінде немересі Асхатқызы Жәмилә ұстаздық етіп жүр.

Егеменді еліміздің келешегіне Амантай Смағұлов атамыздың сіңірген еңбегі міне осындай. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмақ емес. Бүгінгі біздің ұрпақтың мақсаты – туған елі үшін қандай да болсын қиындықты қасқайып тұрып қарсы алған, халқымыздың кешегі зиялы қауымына құрмет көрсету, ұлықтау, сондай-ақ Ұлы Отан соғысына қатысып, Ұлы Жеңісті жақындатқан есіл ерлердің қайсарлығына тағзым ету.

Адам ұрпағымен мың жасайды дегенді ескерсек, бабалардың ерлікке толы ғұмырын насихаттайтын ұлықты ұрпақтарымыз көп болсын.

Алматы облысы

Ақсу ауданы

Қапал мәдениет үйінің қызметкері Көкенова Айгүл Қожаназарқызы




Тегтер: 9 мамыр, соғыс ардагерлері
Авторы:

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

71

ақпарат

АБАЙ ДАНА, АБАЙ ДАРА ҚАЗАҚТА

66

ақпарат

ТЕРМИН ӨЗГЕРТУГЕ ТҮРТКІ БОЛЫҢЫЗ

115

ақпарат

ҮЗІК ОЙЛАР, ҮМІТ ОЙЛАР