Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

ҚАЗТЕСТ жүйесіндегі өзекті мәселелер талқыланды

14.4.2020 222
​ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің #ONLAIN-da bol жобасы аясында Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Мемлекеттік тілді жетілдіру» тақырыбында онлайн курс өткізуде.

Ағымдағы жылдың 13-сәуірде басталған курс 18-сәуірге дейін жалғасады. Аталмыш курс өңірлік тілдерді дамыту басқармаларының басшыларына, тілдерді оқыту орталықтарының директорларына, әдіскерлер, оқытушылар мен магистрант, докторанттарға арналады.

«Мемлекеттік тілді жетілдіру» онлайн курсының екінші күні азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ-ке арналды. Мемлекеттік тіл саясатын іске асырудағы негізгі индикаторларға қол жеткізудің тетігі ҚАЗТЕСТ жүйесін дамуы жайы кеңінен талқыланып, талданды.

Онлайн дәріс жүргізушісі Ұлттық тестілеу орталығы, ҚАЗТЕСТ жүйесін жетілдіру басқармасының басшысы М.Мұқаметқали орталықтың алдағы жұмыс жоспарымен бөлісе отырып, тыңдармандар сауалына жауап берді.

ҚАЗТЕСТ жүйесі – қазақ тілін меңгермеген, тілді үйреніп жүрген азаматтардың деңгейін бағалаудың тетігі болып 2018 жылы 11 қыркүйекте ҚР Үкіметінің №835 қаулысымен «ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу мен дамыту» тұжырымдамасы бекітілген болатын. Сол кезден бері TOEFL, IELTS жүйелерінің отандық аналогы дамып, жетілдіріліп келеді.

Жыл сайын белгілі бір салаға ҚАЗТЕСТ-ті енгізу жұмыстары жүйелі жүргізіліп, айталық жұмысқа тұру барысында, іріктеу барысында қолдануға енгізіліп отырды. «Болашақ» халықаралық стипендиясы үміткерлерін іріктеу барысында міндетті бір кезең ретінде белгіленді, яғни қазақ тілін білмейтін жас үміткерлер шет елдерге оқуға бара алмайды.

Сондай-ақ, тіл меңгеру деңгейін бағалау үдерісін зерттеу барысында қазақ тілін меңгеру деңгейлерінің талаптары тұңғыш рет ұлттық стандарт ретінде бекітіліп, қолданысқа енді. ҚАЗТЕСТ тапсыру үшін дайындық құралдарын әзірлеу барысында қазақ тілін бес деңгей бойынша оқыту кешені қалыптастырылды. Бұл да қазақ тілін шет тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту әдістемелерінің жүйеленгендігін көрсетеді. Қазіргі таңда барлық әдіскерлер, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар әзірлеушілер осы аталған ҚАЗТЕСТ стандарттары мен оқу-әдістемелік кешендеріне негіздеп жасайды және осы арқылы қазақ тілін ересектерге оқыту әдістемелері стандартталып, бір жүйеге түсті.

Ендігі кезек мемлекеттік қызметшілерді қызметке қабылдау және атестаттау барысында қазақ тілін қажетті деңгейде меңгергендігін растайтын ҚАЗТЕСТ сертификаттарын қолданысқа енгізу. Сонда "мемлекеттік қызметшілер қазақ тілінде сөйлеуі керек" деген халық талабын оңтайлы шешуге мүмкіндік туады. Мемлекеттік тіл үстемдігі барлық салада өздігінен орнайды.

Онлайн курсқа қатысқан 100-ге жуық азамат та ҚАЗТЕСТ сертификатын қолданысқа енгізуді қолдайтындықтарын білдірді.

Тегтер: Тіл-Қазына, орталық, онлайн сабақ, ҚАЗТЕСТ
Авторы: "Тіл әлемі" ақпарат

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

438

ақпарат

Клавиатура – "тілтақта" немесе "пернетақта", терминдерді ұлт тіліне икемдеген дұрыс па?

91

ақпарат

Ақтөбе облысында онлайн курс өтеді

54

ақпарат

Батыс Қазақстан облысында онлайн оқыту курсы өтеді