Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

​Ауызша сөздің тілтанымдық негізгі терминдері

9.4.2020 246
"Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі" онлайн курсының бүгінгі санын "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым-хатшысы, ф.ғ.к. Анар Фазылжан жүргізді. Ол "Ауызша сөздің тілтанымдық негіздері" тақырыбында дәріс оқыды. Онлайн курсқа 71 тыңдаушы қатысып, кәсіби маманмен еркін тәжірибе алмасты. Дәріс барысында айтылған негізгі терминдер легін, анықтамасын назарларыңызға ұсынамыз.

Дәлдік үшін сөздің тілтанымдық категориясына қатысты мына терминдерді анықтап алу керек:

Аузыша сөз – дыбысталған сөзді түсіну және ойды сөз ағыны арқылы жеткізуден тұратын сөйлеу әрекетінің түрі. Сөйлеу әрекетінің екі түрі бар, бірі осы ауызша сөз, екіншісі хатқа түскен сөзді түсіну және ойды жазу арқылы жеткізуден тұратын жазба сөз. Бұл екеуі бір-біріне қарама-қарсы қойылу арқылы ажыратылады.

Ауызша тіл – ауызша формада көрініс табатын ауызша сөздің санадағы ерекше жүйесі. Тілдік жүйенің ерекше нұсқасы. Ауызша тілге тән фонетика, морфология, лексика, синтаксистік жүйе болады. Ол жазба формада көрініс табатын жазба тіл жүйесіне қарама-қарсы қойылу арқылы анықталады.

Тілдің ауызша формасы – ойды дыбыстау арқылы жеткізуге негізделген, әдетте бейресми қатынасқа қызмет ететін тілдің өмір сүрунің бір формасы.

Ауызекі сөйлесу – бейресми қатынаста көзбе-көз коммуникацияда әдетте дайындықсыз түрде жүзеге асырылатын сөйлеу үдерісі

Ауызекі сөйлеу стилі – қате қолданыс, әдетте сөйлеу стилі не ауызекі стиль терминдерінің мағынасында қолданылады.

Ауызекі стиль – сөйлеу стилінің пәс, қарапайым іштүрі (подстиль), қарапайым сөйлеу стилі деп те аталады.

Сөйлеу стилі – бейресми жағдайда тұрмыстық қарым-қатынасқа қызмет ететін функционалдық стилдің бірі, ауызша формада ғана жүзеге асырылады, жазба формада ресми қатынасқа қызмет ететін кітаби тілдің ғылыми, көркемсөз, шаршысөз, ісқағаз стильдеріне қарама-қарсы қойылу арқылы ерешеліктері анықталады.

Әдеби тілдің ауызша формасы – ауызша сөйлеу, ауызекі сөйлесуге қызмет ететін жалпыхалықтық тілдің нормаланған түрі.

Ауызша сөз негіздерін зерттейтін тілтаным салалары: фонетика, просодика, интонация, сөз мәдениеті, орфоэпия, стилистика. Ауызша сөз сапасына қойылатын талаптар: сөз дұрыстығы (әдеби тіл нормасын білу), сөз түсініктілігі (сөзді адресатты ойлап таңдау, бейәдеби лексиканы ажырата алу), сөз тазалығы (бөтен сөзден қашу, варваризмдер, кальканы білу), сөз дәлдігі (сөздердің тіркесім валенттілігін, семалар өрісін білу), сөз бедері (стильдік жағдаятқа тән қолданыстарды, стильдік маркерлі бірліктерді ажырату), сөз байлығы (гиперонимдік, гипонимдік катынастағы лексикалық бірліктерді ажырату, грамматикалық форма алуантүрлілігінің функционалдық қызметін білу).

Ауызша сөзді меңгерту деңгейлері:

Дыбыстау деңгейі: дыбыстардың үндесімін, үйлесімін, қазақ сөз сазын, екпін ерекшеліктерін, қазақ сөз ағымы бірліктерінің орфоэпиялық нормасын, просодикалық безендірілуін, бөлшектенуін, интонациялық құралдарын т.б. меңгерту(фонетика, орфоэпия, просодика, интонация сияқты тіл ғылымы салалары бойынша білімдер жүйесін білу) маңызды.

Лексикалық деңгей: сөздік қорды қалыптастыру, дамыту, синонимдік қатарды, омонимдер мен антонимдерді, лексикалық бірліктер типтері мен түрлерін, неологизмдер мен варваризмдер, жаргонизмдер мен окказионализмдерді, фразеологиялық бірліктердің мазмұнын ажыратуға үйрету, ауызша коммуникацияға тән сөзқолданыстар мен формаларды т.б. меңгерту(лекcикология, сөзжасам, фразеология, семасиология, ономасиологиясияқты тіл ғылымы салалары бойынша білімдер жүйесін білу);

Грамматикалық деңгей: грамматикалық категориялар мен формалардың жасалу жолдары мен тәсілдерін, синтакситік қатынастың жасалу, берілу жолдарын грамматикалық формалардағы омонимияны т.б. ажыратуға үйрету, ауызша сөзге тін грамматикалық құрылымдар мен тәсілдерді т.б. меңгерту (морфология, синтаксиссияқты тіл ғылымы салалары бойынша білімдер жүйесін білу);

Мәтін деңгейі: ауызша мәтін жанры мен типтерін, интонациялық безендірілу ерекшелігін т.б. меңгерту (герменевтика, мәтін грамматикасы, стилистикасияқты тіл ғылымы салалары бойынша білімдер жүйесін білу).


Дәрісте қолданылған слайд сілтемесі: https://drive.google.com/open?id=1WhWQnWI8HIFZcoLM...

Тегтер: Тіл, сөз, тілтаным, ауызша сөз, Тіл-Қазына, Анар Фазылжан
Авторы: "Тіл әлемі" ақпарат

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

438

ақпарат

Клавиатура – "тілтақта" немесе "пернетақта", терминдерді ұлт тіліне икемдеген дұрыс па?

90

ақпарат

Ақтөбе облысында онлайн курс өтеді

54

ақпарат

Батыс Қазақстан облысында онлайн оқыту курсы өтеді