Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Жаңа әліпбиге «ц» мен «ч» «сұранып» жүр

10.3.2020 780
Ғалымдар w, x, c әріптері әліпбиге кірмегенімен, пернетақтадан алынбайтынын айтады.

2025 жылы қазақ тілді қауымның жазу таңбасына айналатын латын әліпбиіне орыс тілінің «ц» және «ч» әріптері кіріп жатса таңғалмаңыз. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында өткен ғалымдардың басқосуына осы екі әріптің тағдыры талқыланды. Қысқартылған халықаралық шартты ұғымдардың құрамында кездесетін w, x, c әріптерінің де жаңа қазақ әліпбиінің нұсқасына енбей қалуына наразы топтар бар көрінеді. Ал қазақтілді қауымның арасында үйреншікті «і» дыбысының «ı» деп таңбалануын, «и» дыбысының керісінше «і» деп таңбалануын қабылдамай жатқандар бар екен. Президент әкімшілігі жұмыс тобына осы сын-ескертпелерді қайта қарап, ұтымды ұсыныс жасауды тапсырса керек.

Жиынды ашқан Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Тіл комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Қаба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа қазақ әліпбиін жетілдіру жөнінде тапсырмасынан кейінгі мерзімде 30-дан астам жобаны қарап, 70 ғалымнан құралған жұмыс тобы іріктелген 4 нұсқаның ішінен умлаут жобаны соңғы нұсқа ретінде таңдап алғандарын айтады.

«Осы үш айдың ішінде қайсысы уникодқа сай келеді, пернетақтада терген кезде қандай проблемалар туындауы мүмкін немесе жазу, айту, оқу кезінде қиындықтар кездеспей ме деген мәселелер бойынша сараптаулар, апробациялар өткізілді. Тәжірибе ретінде 500-ге жуық мектеп оқушысының сынағынан өтті. Соның негізінде қандай олқылықтар бар екені анықталды. Осының негізінде біз 20 ақпан күні Алматыда жұмыс тобының отырысы өтті. Үш жоба шығарылып, талқылай келе ғалымдар бір жобаға тоқталды. Бұл жаңағы умлаутты жоба деген шартты аты бар нұсқа. Оны алдыңғы жобаларды толықтырған, әрқайсынан ең озық жері алынған, жетілдірілген жоба деп айтуға болады. Қазір жалпақ жұрттың талқылауына осы жоба ұсынылып отыр. Жақында Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев бірнеше ғалымды жинап, тағы да талқылау өткізді. Сол жерде кейбір қаріптерге байланысты тағы да қарап шығып, толықтыру туралы тапсырма берген болатын. Осы тапсырманың негізінде бүгін республика бойынша барлық аймақтарда филолог ғалымдар мен тіл мамандарының арасында ашық талқылау өтіп жатыр», – деді ол.

Жаңа әліпбиге енбей қалған жат дыбыстар мен күтпеген тәсілмен таңбаланып бара жатқан төл дыбыстардың жанашырлары айтқан уәждерді, жұмыс тобы ұстанып отырған принциптердің қисынын дөңгелек үстелге қатысушыларға Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғылыми хатшысы Анар Фазылжан ежіктеп тұрып түсіндірді. Ғалымның сөзін сол күйінде беруді жөн көрдік.


«Ц» мен «S»-тің парқы қандай?

«Бұл мәселе не үшін әлі талқыланып жатыр деген сұрақтар туындауы мүмкін. Біз әліпбидің соңғы нұсқасын Президент әкімшілігіне апарғанымызда тәуелсіз сарапшылар біраз ұсыныстар айтты. Тәуелсіз сарапшы деп отырғаным, орфографиялық жұмыс тобының құрамында жоқ мамандар. Ол ұсыныстардың дені мыналарға келіп саяды.

Ең алдымен «с» әрпін әліпбиге енгізу-енгізбеу мәселесі айтылды. Мысалы латын әліпбиін қолданатын барлық тілдерде латын әліпбиінің алғашқы үштігі – «А, В, С» сақталып тұрады дейді. Сонда неге қазақ тілінде «с» сақталмайды деген ұсыныс айтты. «С» таңбасымен «ц» кіргеннен кейін ілесіп «ч» да енуі керек. «С» қарпін біз «ш»-ның дыбысталуына қолдана алмаймыз. Қазіргі қазақ тілді қауымның санасында бұл теңбе «ш»-мен еш асоциацияланбайды. Сонда «с» таңбасын орыстың «ц» дыбысына алу жолы ғана тұр. Олай болса, «ч»-ға да таңба алу керек пе деген мәселе көтерілді. Қазір ағылшын тілінен ешқандай күштеусіз, саяси шешімсіз агрессиялық қарқынмен сөздер еніп жатыр. Мысалы күн санап тілімізге «коучер», «блокчейн», «чартер», «чек», «фючерс», «франчайзинг» еніп келеді. Осының барлығында «ч» әрпі бар. Сол «ч»-ны арнайы әліпбидің таңбасымен белгілеуді ұсынып отыр. Байқасаңыздар, мұны айтып отырған ғалымдардың дені қазақ тілімен қатар ағылшын тілін жақсы білетін мамандар.

Бұл ұсыныстарға қарсы ғалымдардың уәждерін де таныстыра кетейін, С әрпін әліпбиге енгізу керек болса, «ш»-ның орнына ала алмаймыз. Бұл тек «ц»-ны таңбалау үшін енбек. Сонда қазақ тіліне орыс орфографиясы бойынша жазылып, орыс орфоэпиясы бойынша айтылатын 1569 сөзді қайта кіргізеді екенбіз. Бұл 1569 сөз қазіргі әліпби бойынша қазақшаланып жүр еді. «Полиция» емес, polisia деп, «ацетон» емес aseton деп жаздық. Сөйтіп бұл сөздер қазақша «шапан киіп» жүр еді, енді «с»-ді алып «ц»-ның орнына қолдансақ, бұлар түп-түгел орыс тілінің заңдылығымен тілімізге енейін деп тұр. Осы 1569 сөздің 924-і «ция» деген қосымшамен беріледі екен. Яғни 60%-ы орыс тіліне ғана тән «ция» қосымшасымен келетін сөз деген сөз. Өйткені «ция» қосымшасымен келетін сөздер о баста ағылшын тілінен енген. Ағылшын тіліне tion болып жазылып, «шн» ден айтылады. «Эмоция дейміз, ағылшынша «емоушн». Жазылғанда emotion деп жазылады. Қалған 40% «ц»-мен келетін сөздер ағылшын тілінде сол «с»-мен akcent, medicina деп жазылып, тура осылай дыбысталады. О жерде «ц» жоқ «акцент», «медицина» деп айтпайды, «аксент», «медисин» дейді. Яғни «ц» орыс тілінің дыбыстық жүйесіне тән дыбыс. Бұл әріпті алу арқылы орыс тілінің дыбысын өз қорымызға қайта енгіземіз бе деген сұрақ туындайды.

Жұмыс тобындағы ғалымдардың оппоненттері «ф мен «в»-ны алғанда, неге «ц»-ны алмайсыздар деп отыр. «Ф» мен в»-ның жағдайы мынандай болып тұр. Бұл екі дыбысты қазақ тілінде не «б», не «п» алмастыра алады. Енді «ф»-мен келетін сөздің саны шамамен 2000-нан астам. Соның бәрін «п» немесе «б»-мен жазғанда мүлде танылмай қалады. Мысалы, футболды «бутбол» немесе «путбол», фаунаны «бауна» немесе «пауна» деп жазсақ, мәтін ішінде ұғу қиын болады. «Федерация» деген сияқты сөздердің оқылуы тіптен қиындайды. Ал кирилл әліпбиінде «ц»-мен жазылған сөздерді «s»-мен жазғанда мәтін ішінде жап-жақсы танылып, тыбысталуы қазақшаланады екен. Сол себепті ғалымдар «ц» мен «ч»-ны алмай отыр. Өйткені солардың есебінен көптеген шетелдік сөздерді игеруді көзделген болатын.


«Чәй» дейміз бе, «шәй» дейміз бе?

«Ч» әрпін енгізуде қолдайтын ғалымдар бізге мынадай уәж айтады. Бауырлас түрік әліпбиінде «ч» бар дейді. Ол тарихи себепке байланысты. Көне ата түркі тілінде «ч» деген дыбыс болған. Ол «ч» дами келе өзгерген. Оғыз тобындағы тілдерде сол күйі «ч» боп сақталса, қазақ тілінде «ш»-ға айналып кеткен. Біздің қазіргі тілімізде мағына ажырататын «ч» деген дыбыс жоқ. Ал түріктерде мағына ажыратады. Мысалы олар гүлді «чечек» дейді. Біз «шешек жарды» деп қолданамыз. Ал өзге тілдерден «ч»-мен кірген сөздердің бәрі «ш»-ға бейімделген. Мысалы «чайникті» шәйнек дейміз, «чемоданды» шабадан дейміз. Яғни, «ч»-мен келген сөздерді тілімізде игерудің үлгісі бар. Осы үлгімен енген сөзді неге біз әрі қарай игере бермейміз деген сұрақ туындайды.

Мен тілімізде таза орыс орфгариясымен жазылатын, қазақ мәтінінің ішінде жүрген термин сөздерді жинадым. Оның саны 14600. Соның жүз шақтысы ғана «ч»-мен келген екен. Ағылшын тілінің әсері қанша күшті дегенмен, «ч»-мен келетін сөздердің саны аз. Сонда жүз шақты сөз үшін арнайы бір таңба енгіземіз бе деген сұрақ тағы туындайды. Одан кейін «ч» да «ц» африкат дыбыс. Яғни екі компоненттен құралған. Ал «ф» мен б» монодыбыс. Оның бір ғана компоненті бар. Ал «ч»-ның құрамы тура «ц» сияқты. Т+с болса, ол «ц», т+ш болса, ол «ч» . Сондықтан біз осы күрделі құрамның соңғы компонентіне арнайы әріп берсек, бұл сөздер мәтін ішінде жақсы танылады.


«И» неге «І»-нің таңбасын тартып алды?

Сонымен қатар қысаң «і» дауысты қазақ тілінің таңбасы мен «и»-дің таңбасының бір-біріне ұқсастығын да қайта қарау ұсынылды. Бір-біріне ұқсас болуы себепті жұрт шатасуы мүмкін деген де қауіп айтылды. Осы мәселені шешудің бір жолы ретінде сол жиналысқа қатысқан тіл маманы ағылшын тіліндегі «J» таңбасын «и»-дің орнына берсек дегенді айтты. Ал қазақтың «жаз», жайлау» дегендегі «ж»-ның орнына құйрықшасы бар «ɀ»-ті берсек деген ұсыныс айтылды. Біз ұсынған умлаут жобамызда «и»-ді «институт», «кино» деген шеттілдік сөздердегі тұрқы халықаралық тұрқына ұқсас болсын деп ноқатты таяқшамен (і), бергенбіз. Ал өзіміздің «ішік», «іні» дегендегі «і» дыбысының таңбасын ноқатсыз (ı) бергенбіз. Өйткені, «і»-нің жиілігі өте жоғары. Бәріне ноқат қоя берсек, тіліміз жыпырлаған ноқат болады деп, ғалымдар сондай шешімге келген. Енді осыған күмәнмен қарайтындар бар екен. Олар қазақ «і»-ні басына ноқат қойып жазып үйренген дегенді айтады. Ертең сол әдетпен шатастырады деген уәж айтты.

Латын әліпбиін енгізуде түрік пен әзербайжанның тәжірибесін біз оң, жақсы тәжірибе деп бағалаймыз. Осы екі әліпбидің де құрамында ноқатты, ноқатсыз таяқшалар (і,ı)-бар. Содан болып түрік пен әзербайжан шатасып, қате жіберіпті дегенді етіген жоқпыз.

Кирилл графикасындағы «и» әрпінің орнына ағылшын тіліндегі j-ді жазайық деген ұсыныс болды. Мысалы, «ителгі», «ине», «институт», «аю», «қою» деген сөздерді jtelgı, jne jnstjty’t, ajy’, qojy’деп беруіміз керек болады. Өйткені кәдімгі латынды білетін кез келген адамның санасына j деген әріп дауыссыз дыбыстың таңбасы деген концептімен бірге орнығып алған. Ол түсінікті ота жасап алып тастау өте қиын болады. Бұл жағын да ойланып көру керек.

Бір үлкен ғалымымыз «ж»-ның жаңа таңбасын алуды ұсынды. Бұған жалғыз уәж айта аламыз. Кеңейтілген латын әліпбиінде бұл жоқ. Мамандармен сынақ жүргізгенде де қатты қиналдық. Сурет күйінде қиып алып, мәтін ішіне салдық. Ондай қиындық тудырмау үшін арнайы ІТ-бағдарламалар керек.

Кирилл графикасындағы «і»-нің ноқатын «и»-ге бергендегі себебіміз, «piramida», «respublika», «piksel», «fizika», «iridi» деген сөздерді «і»-мен жазсақ, терминдерді бала оқыған кезде бірден таниды. Өйткені ағылшын тілінде тура осылай жазылады. Кішкентай бала ағылшын сабағында әбден танып білгеннен кейін қазақ мәтінінде оқу процесі де жеңілдейді. Яғни «і» мен «ı»-ның орнын бекерден-бекер ауыстыра салған жоқпыз.


«Ң»-ның пілдің тұмсығына қатысы қанша?

Одан кейін «ң» таңбасының орнына ешқандай диакритикасыз «Ƞ ŋ» таңбасын бергенбіз. Осының орнынан қайтадан диакритиканы «n» әрпінің үстіне шолақ доға қою арқылы беруді ұсынушылар болды.

Біздің ғалымдар ұсынған пілдің тұмсығы сияқты ŋ әрпі латын әліпбиін қолданатын, дамыған тілдердің ешбірінде жоқ. Бірақ Cібір мен Африканың кейбір халықтарына арнап жасалған әліпбилерде бар. Осы фактіні айтқан кезде, айдаладағы Сібір мен Африкаға еліктемейік деп шошығандар болды. Мәселе онда емес. Жалпы «ң» дыбысы мұрын жолымен жасалады. Бұл «ң» дыбысы қазақ тілін басқа түркі тілдерінен ерекшелеп тұр. Енді сол төл дыбысты сақтау үшін оған бедерлі қалып бергеніміз жөн деп санаймыз. Егер «ң»-ды ń таңбасымен берсек, бала төбесіндегі белгіні қоймай, «н» деп оқитын болады «Жаңаны» «жана» деп айтатындардың келесі буыны шығады. Ал мәтін ішінде «ң» әрпі ŋ түрінде бедерленіп тұрса, бала графикалық образын жаттайды. Мұрын жолды «ң» дыбысы латын әліпбиін қолданатын озық елдердің бәрінің тілінде бар. Ағылшын да, неміс те, француз да «ң» дыбысын қолданады. Олар бірақ «ң»-ды диграфтармен (ng) таңбалайды. Біз олай істей алмаймыз. Өйткені «әнге деген сөзді «ánge» деп жазсақ, бала ұқпай шатасады. «Әнге» деп те, «әңе» деп те оқуға болады. Мұндай контекстер өте көп.


Xerox, BMW, Coca-Cola қалай таңбаланады?

W,X,C әріптерін алу керек деп айтатындар аталмыш әріптердің көптеген ғылыми шамаларды, қысқартып алынған ұғымдарды сәтті беретінін айтады. Ағылшын тіліндегі брендтер мен маркалардың атауларын біздің әліпбиімізде w, x, c таңбалары болмаса, қалай жазамыз деген сұрақ қойылды. Сол үшін әліпбиімізге кіргізейік дейді. Озық елдердің ешбірі өзінде жоқ дыбысты әліпбиіне енгізбейді. Ал жат дыбысы бар сөзді таңбалау керек болса не транслитерация тәсілімен, не цитаталық тәсілмен таңбалайды. Транслитерация дегенде жат дыбысты өз әліпбиіндегі ұқсас әріппен немесе жаңа әріп тіркесі арқылы жазады. Мысалы, ағылшындар біздің қазақ деген сөздегі «қ»-ны «kh»-пен жазады. Цитаталық тәсіл – таңбалануы қиын сөзді сол күйінде көшіріп беру. Мысалы, Нью-Йоркте «Бауырсақ» деген дүкен ашсаңыз, New York Times газеті ол дүкен туралы мақалада нысанның атауын тырнақшаға алу арқылы «Бауырсақ» деп, сурет күйінде таңбалайды. Немесе сіз Coca-Cola компаниясында жұмыс істесеңіз, келісімшартыңызда компания атауы тырнақшаның ішінде «Coca-Cola» деп жазылады. Айтайын дегенім, w, x, c әріптері әліпбиімізде болмаса да, пернетақтада қалады. Сондықтан, шет тілдің сөздерін жазғанда оларды міндетті түрде кедергісіз қолданамыз Оған бола алфавитке әріп енгізу қажет емес».


Нүктені ұлттық комиссия қояды

Бұдан кейін әріптер төңірегіндегі пікірталас ұзақ баяндаулар мен дәйекті-дәйексіз уәждерге ұласты. Дәл сол сәтте еліміздің барлық өңірлерінде осы форматтағы жалпыұлттық талқылау жүріп жатқан болатын. Сол жиындарда айтылған ұсыныс-пікірлер мен сын ескертпелер негізінде жаңа әліпбидің ақырғы нұсқасы Үкіметке ұсынылады.

«Умлаутты жоба Президент әкімшілігінің алғашқы іріктеуінен өтті деуге болады. Жекелеген дыбыстардың таңбасына қатысты тағы да бір рет сынамадан өткізу жөнінде тапсырма берілді. Қазір осы әріптер бойынша сынмалар өткізіліп, сауалнамалар жасалып жатыр. Осылардың бәрі өткеннен кейін, қорытындысын шығарып, 13 наурыз күні бүкіл ғалымдардың қатысуымен кеңейтілген отырыс өтеді. Сол отырыста нақты жетілдірілген әліпби мақұлданып, содан кейін оны Үкіметте ұлттық комиссияның қарауына берілетін болады», – деді жиынды қорытындылаған Әділбек Қаба.



Тегтер: Тіл комитеті, жаңа әліпби, әріп, таңба
Авторы: inbusiness.kz

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

80

ақпарат

АБАЙ ДАНА, АБАЙ ДАРА ҚАЗАҚТА

73

ақпарат

ТЕРМИН ӨЗГЕРТУГЕ ТҮРТКІ БОЛЫҢЫЗ

134

ақпарат

ҮЗІК ОЙЛАР, ҮМІТ ОЙЛАР