Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Абай шығармаларындағы тәрбие сипаты

5.3.2020 613

Тәрбие берудің ең көрнекті құралының бірі, амал-тәсілі әдебиет үлгілері, көр­кем шығармалар болған. Онда көрі­ніс табатын авторлық суреттемелер, жасалған образдар оқырманды ойға жетелейді, түрлі әсерге бөлейді. Тағы­лым­дық, танымдық қасиеттер бой көр­сетеді. Бұл орайда өзінің ағартушылық мақсатына сәйкес әдеби шығармаға тәрбие құралы ретінде қалам тартқан Абай өнегесі орасан зор. Бар сұлулықты, эстетикалық көркемдікті бойына жинаған Абайдың өлең жолдары кімді де болса рухани биіктерге жетелеп, болашаққа деген құштарлыққа ұмтылдырады, саналылыққа тәрбиелейді. Бұл құндылықтар дарынды ақынның сөз шеберлігі, даналық ойлары, парасаттылығы арқылы ерекше сұлуланып, өзгеше биікке көтерілген. Өр ұғым, өр қағида бүкіл адамзаттың жүрегіне жол тауып, есінде мәңгі сақталатындай қалыпқа келген.

Абайдың қай өлеңін, қай қара сөзін алсақ та, астарлы ойы мен идеясынан адамгершілікке тән асыл қасиеттерді (ар, ұят, намыс, иман, ақыл, білім, ғылым және т.б.) бойына дарыта алмаған ел-жұртын сынағанда оны жек көру тұр­ғы­сынан емес, керісінше адами рухты сіңіріп өсу керек деген ойды аңғар­тады. Бұл ақынның көпшіліктің іс-қы­лы­ғына көңілі толмаған шарасыз күйін байқатады. Адал еңбек, маң­дай тер­мен емес, байларды аңду, оның малы­на сұғанақтықпен көзін қада­ған кемші­лікті сынға алады. Қазақы тірші­ліктегі қай­шылықты өмір көшін, сол кез­дегі әлеу­меттік жағдайды сынап, мінейді. Одан арылудың жолы ғылым, білімде екенін ескертіп, ел назарын соған аударады.

«Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде:

Ғалым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге,

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз... – деп жастарды жамандықтан жиреніп, жақсылықтан үйренуге, үлгі тұтып өсуге шақырады.

Абайдың биік таныммен көмкерілген ой-өрнектері, терең гуманистік идеяға, жоғары эстетикалық философияға құрылған әдеби мұрасы қазақ халқының ғана емес, түркі әлемінің, одан әрі адамзаттың асыл қазынасы десек те болады. Оның даналығы – үлкен ірі философиялық мәселелерді шешуде, жаны таза, эстетикалық талғамы жоғары образды сомдауда, соның алғышарт­тарын көрсетуде алдына жан салмас шеберлікке қол жеткізуі.

Абайдың пайымдауында адамның бойындағы барша ізгіліктің басы отбасынан басталады. Ақын отбасында ата-анадан алынатын тәрбиені өте жоғары бағалаған. Сондықтан да өмірге келген әр адамды адалдыққа, парасаттылыққа, адамгершілікке, сұлулыққа апарар жол ананың сүтінен, ата-ананың пәрменді үлгісінен тамыр тартады деген ой­дың желісі Абай өлеңдерінде айқын аңғарылады.

Ұлы ақын бала тәрбиесіне, жалпы бала болмысына, қарттар мен қариялар­дың танымдық ерекшелігіне қатты көңіл бөлген. Сондықтан ол:

Адамның бір қызығы– бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім, дейді.

Абай өмір жолын тануды білімге, ғылымға негіздеу керек дейтін қағиданы ұстанады:

...Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл бөлсеңіз.

Абай өз заманындағы жас ұрпаққа, «көкірегі сезімді», көңіл көзі қарақты, ойлы адамдарға үміт артып, оларды өзінің озат мақсат-мұраттарына тар­туға ұмтылды. Жастардың өнімді ең­бек етіп, ғылым мен білімге талпынуы, алға қойған мақсатқа жетуде табан­дылық көрсетуі, міне осындай асыл қасиет­терді уағыздау Абайдың бүкіл шығар­маларының негізгі идеялық-тақырыптық үзілмес жүйесінің бірі болды.

Абай тәрбиелік бағыттағы өлең­дерінде адамның негізгі эстети­калық болмысының бастау көзі ғылымды игеруде жатыр, соның пайдасын білуге негізделген дегенді меңзейді. Себе­бі көкірегі ашық, танымы терең адам­­ның қабылдауы да жан-жақты, әр нәр­сеге көңіл бөлгіш, байқағыш, ой түй­гіш бол­а­тыны анық. Абай өз өлең­дерінде бала тәрбиесінен бастап тұтас ұлт­тың, халықтың санасына ықпал ету мақ­­сатындағы ойларын ортаға салды. Оның тәрбиелік бағыттағы ойлары кең ауқым­дағы ағартушылық идеяларға ұласты. Бұл тұрғыда Абай ұлттың бір ғана белгілі тобының тілек-мүд­десі­не орай идеялық мақсат ұстанған жоқ, тұтас ұлттың, ха­лықтың болаша­ғы туралы, күнделікті мұң-мұқтажы, қажетті іс-әрекеті туралы ой қозғады. Халықтың бірде-бір тобын жекелеп алып қарамай, тұтас сөз қылды. Яғни Абай өз халқының бойындағы жаман мінез-құлықты, еңбексіздікті, ғылым­нан мақрұмдықты сынады. Ол халқын еңбек етуге, ғылымды меңгеру­ге, адам­гершілікті болуға үндеді. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп басталатын өлеңіндегі:

Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман.

Шошимын кейінгі жас балалардан.

Терін сатпай, телміріп, көзін сатып,

Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман,

деген жолдарда еңбексіздіктің жағымсыз көрінісін бетке басып, ашына сынаса, «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген өлеңінде:

Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,

Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.

Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,

Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек,

деп жалқаулық жайлаған елдің адал еңбек етудің орнына ұрлық-қарлыққа әуес­тенуінің түбі баянсыз екенін ескер­тіп, жамандықтан жирендіруге тырысады. «Аш қарын жұбана ма майлы ас же­мей» атты өлеңінде еңбексіз бос жүр­ген кедейді былай деп еңбек етуге шақырады:

Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,

Малың болса, сыйламай тұра алмас ел.

Қаруыңның барында қайрат қылмай,

Қаңғып өткен өмірдің бәрі де – жел, – дей отырып, қарапайым халық үшін жамандықтан арылудың, адал еңбек ету арқылы табыс табудың жолын нұсқайды. Бұл тұрғыдағы Абай ұсынып отырған тағылымның өміршеңдігі – бүгінгі тір­шілік мазмұнымен сабақтасып жа­туында. Абай айтқан тағылымның заман ырғағымен сәйкестеніп, жаңа дәуір әлемінен көрініс таба бастауы ақынның даналық қасиетінің жарқын үлгісі демес­ке әддіміз жоқ. Оған ақын өлеңіндегі «Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел, Малың болса, сыйламай тұра алмас ел» деген жолдар айғақ болып тұрғанын көреміз.

Мұнда Абай байды, байлықты сынамайды, керісінше кедейге: «Байға жалға жүр, еңбек ет, бос жүрме, сөйтіп мал тап, мағыналы тіршілік ет», дейді. Алайда Абайдың «жалға жүр» дегені – байға қамқор болып отырғаны емес, кедей адал еңбегі арқылы байға жетсін деуі. Жастық шақта әртүрлі өнер үйре­ну­ге талпынудың керектігі, бұл орайда күн­шіл болмай тату болуды, ынтымақ-бір­­лікті сақтай біліп, уақытты бос өткіз­беудің жолы «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде былайша түсіндіріледі:

Керек іс бозбалаға – талаптылық,

Әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық.

Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп.

Сыртқа пысық келеді, көзге сынық.

Абайдың тәрбиелік сипаттағы мазмұнына түрі сай, ең бір күрделі де көркем өлеңдерінің бірі – «Сегіз аяқ». Абай өзі өмір сүрген дәуірдің дерті болған әлеуметтік мәселелерді кеңінен толғайды. Сол қоғамның, сол ортаның індетіне айналған жат қылық, жаман мінез, құлықсыздық, жалқаулық, арызқойлық сияқты халыққа пайдасы жоқ әрекеттерді қатты сынай келіп, адал еңбекпен мал табуға, ар-ұятты ойлап бірлік етуге, достық-бауырлық қарым-қатынаста болуға үндейді.

Біріңді, қазақ, бірің дос

Көрмесең – істің бәрі бос,

– деп елді бірлікке, ауызбіршілікке, ын­ты­маққа шақырады. Тәрбиелік мәнінің, ой қуатының күштілігі сондай, өлең­дегі мы­на жолдардың мақал-мәтел сияқ­ты на­қыл­ға айналып кеткенін айтуға болады:

Еңбек қылсаң ерінбей,

Тояды қарның тіленбей.

Абайдың жыл мезгілдеріне арналған «Жазғытұрым», «Жаз», «Қыс», «Күз» өлеңдерінде қазақтың далалық өмірінің көрінісі суреттеледі. Табиғат аясында сол табиғаттың райына үндесе тіршілік ететін халықтың ұлттық ерекшелігі, мінез-қүлқындағы, әдет-ғұрпындағы уақыттың демімен қанына сіңісті қасиеті көркемдік биік деңгейде жырлануы ақындық даралықты айқындап тұр. Қоңыраулатып келер көктемде таби­ғатпен бірге түлеп, жаңарып-жасарып, жазғытұрым көтеріңкі көңіл күймен әсерленіп жүрген дала перзенттерінің тірлік-тынысы нағыз романтика екенін жүрекпен сездіріп, ләззатқа бөлейді. Бойыңызды билеп алған бұл сезім, «Жазғытұрымды» оқыған сайын Абай дәуіріндегі қазақ ауылының сұлу табиғи келбетін көз алдыңызға елестетеді. Сөзбен өрнектелген бұл табиғат көріні­сін­дегі өзгеше әлемді жүрегіңізбен ын­ты­ға қабылдап, жетегінде кетесіз. Се­бебі суреттелетін детальдардың бар­лы­ғы, ең алдымен ұрпақтан-ұрпаққа бері­­ліп келе жатқан санамызға, ұлттық па­йым­дауымызға жақын. Екіншіден, көш­­пелі қазақ тұрмысына ғана тән дүние­лер болғандықтан, әрбір образды сурет бойымызды елітпей қоймайды:

Түйе боздап, қой қоздап, қорада шу,

Көбелек пен құстар да сайда ду-ду.

Гүл мен ағаш майысып қарағанда,

Сыбдыр қағып сылаңдап ағады су.

Осы бір ғана шумақтағы мамыражай, жаймашуақ «елжіреген күннің көзі», «кілемнің түгіндей», «масатыдай құлпырған жердің жүзі» – үлкен суреттің бір-бір бөлшегі десек, «гүл мен ағаштың майысып қарауы», «судың сылаңдап ағуы» – осы сөздердің барлығы қосылып сұлу табиғаттың әсем бейнесін – образды суретін беріп тұр. Ақын өз көзімен көріп, әсер алған табиғат көрінісін шебер суреттей отырып, табиғатты жалаң күйін­де емес, оның аясындағы қазақы өмір­ді онымен қиюластыра бейнелеп, сөзбен сурет жасаған. Табиғатты сол дәуірдегі қазақы мінез-құлықтағы адам кейпіне салып бейнелеудің жарқын үлгісін «Қыс» деген өлеңінен көруге болады.

Абай шығармаларындағы тәрбиенің бір арнасы жастық махаббат, ғашықтық сезім иірімдері арқылы сұлулықты сезіне білуге баулу тәсілдері де әр халықтың өзіндік ұлттық сипатымен ерекшеленеді. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де ішпен біл» деген Абай анықтамасы да сол ұлттық көзқарас арнасынан тамыр тартады. Абай «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Қызарып, сұрланып», «Жігіт сөзі», т.б. өлеңдерінде ғашықтық сезімнің тағылымды үлгілерін сипаттайды. Көркіне мінезі, ақылы сай жанды көре білу, жігіт жүрегін жаулап алар хас сұлуларды бағалай білудің үлгісін көрсетеді. Жас жігіттің қызды көргендегі алғашқы махаббат сезімін оятатын бойжеткеннің сыртқы келбетін Абай былайша суреттейді:

Білектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.

Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,

Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?!

Киген киімі, тағынған әшекей бұйы­мы таза қазақы болмыстың, ұлттық ерек­шеліктің көрінісі. Ақын одан әрі сұлу қыздың аласы аз қара көзін, үлбіреген аппақ етін, әдемі тісін, бұраң белін әсерлі кейіпте көз алдыға келтіреді. Алай­да қыздың сыртқы келбетін ынтызар­лықпен суреттейтін ақын екі жастың отбасын құрып, отау тіккеннен кейінгі ерлі-зайыптылардың өзіндік орындары, үй тұтқасы болатын әйелдің қандай болу керектігі, нендей жаман қылық­тан аулақ болып, нендей жақсы әдетті бойы­на сіңіруі тиіс екендігі жөнінде ой тастайды. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде:

Ақыл керек, ес керек, мінез керек,

Ер ұялар іс қылмас қатын зерек.

Салақ, олақ, ойнасшы, керім-кербез,

Жыртаң-тыртаң қызылдан шығады ерек...

...Үйіңе тату құрбың келсе кіріп,

Сызданбасын қабақпен имендіріп.

Ері сүйген кісіні о да сүйіп,

Қызмет қылсын көңілі таза жүріп, дейді.

Бұл үшін:

Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма,

– деп жар таңдаудың өнегелі үлгісін ұсынады.

Абай өзінің өлеңдерінде ерекше мән берген тәрбиелік ойларын қара сөз­дерінде де жалғастырып, дамыта түседі. Эстетикалық әсері мол өлең өрнегі­мен жеткізуге тырысқан өнегелік тұжырым­дарын ақын қара сөздерінде қарапайым тілмен түсіндіріп, халық санасына ықпал етуді көздейді. Өмірде көріп-білген, танып-сезген жайлардан шығарған қоры­тындысы есебіндегі даналық ойларға құрылған бұл туындыларында Абай надандық жайлаған халықтың бойындағы жаман қылық, жағымсыз мінезді ашына көрсетіп, сол қасіреттен қалайда құтылмай ел бола алмайтынымызды ескертеді. Қара сөздердің қайсысын алсаңыз да бірінен бірі өткен ащы шындықты алдыға тартады. Бұл орайда Төртінші, Жетінші, Оныншы, Он екінші, Он жетінші, Он тоғызыншы, Отыз бірінші, Отыз екінші, Отыз үшінші, Отыз жетінші, Қырық төртінші қара сөздерінің тәрбиелік мәні қай заманда да жойылмайтыны, бүгінде де өзекті екені кәміл. Мәнсіз іс-әрекетке бой алдырмай, көре алмастық, қызғаншақтық, алауыздық, өсекқұмарлық, т.б. тәрізді жамандық жолына түспей, керісінше бар жақсылық жолында ұмтылу, яғни адал еңбекпен шұғылдану, білім алуға, кәсіп-өнер үйренуге, ғылым игеруге талпыну керектігін нұсқайды.

Қара сөздерінде Абай қазақ халқының ұлттық мінезіндегі, дүниетанымы мен көзқарастарындағы келеңсіз мінез-құлықтық сипаттар мен тар мағынада ғана ұғынылатын ұғым-түсініктерді сын­ға ала отырып, олардың мақал-мәтел­дердегі мәнін ашуды мақсат етеді. Ұлттық бітім-болмысымыздағы үлгі­лі қасиеттерді ұрпақ санасына сіңіре­тін сөз мәйегі – мақал-мәтелдердің кейбі­реуі­нің өнеге қалыптастыруға көлеңке түсіретін шынайы мағынасына ой жібере қарау керек екенін айтады. Абай өз өлеңдерінде бала тәрбиесінен бас­тап тұтас ұлттың, халықтың санасына ықпал ету мақсатындағы ойларын ортаға салғанын жоғарыда айтқамыз. Бұл орайда ақын өзі орнықтырған көркем­дік өлшем, даналық тағылым, өнегелік сипат бойынша кейінгі буын қалам­герлер­дің де тәрбие тақырыбына туындылар жазуы­на өзіндік ықпал еткенін көреміз.

Абай шығармаларында жан-жақты көрініс тапқан тәрбиелік бағыттағы ой нысаналары Мағжан Жұмабаев туындыларында да көп қамтылады. «Өнер-білім қайтсе табылар» деген өлеңінде ер жігіттің өнерді үйреніп, кәсіпті меңгеруге кедергі болатын құбылыстарды санамалап көрсетеді, керек жайларды нақтылап ұсынады. Ер жігіт өнер табуы үшін ерте ұмтылуы керек екенін, тыным алмай іздену қажеттігін ескерте отырып, жақсы азамат болып өсуде, діттеген мақсатына жету жолында мынандай нәрселерден бойын аулақ салуды нұсқайды. Еріншек болмаса, алған бетінен қайтпаса, ыртың-жыртың нәрселерге көңіл бөлмесе, өсек-аяңға әуес болмаса, т.б. жамандық атаулыдан алыс жүрсе ғана көздеген мақсатқа жететіндігін нақтылап көрсетеді.

Тәрбие берудің маңызды арнасының бірі жастарды елжандылыққа баулу болса, бұл тақырыпты арқау етпеген, шығармаларында Абай тағылымын сабақтастырмаған ақындар кемде-кем. Солардың ішінен Мағжан Жұмабаев пен Мұқағали Мақатаев шығармалары қазақы болмысымен ерекшеленеді. Сан түрлі тақырыпқа қалам тербеп, жан сезімді баурайтын шығармаларымен халық жүрегіне берік ұялаған қос дүлдүл өздерінің көптеген өлең, поэмасында өскелең ұрпақ санасына отансүйгіштік қасиет сіңіруге ерекше мән береді. М.Жұмабаев «Алыстағы бауырыма», «Жер жүзіне», «Орал тауы», «Орал», «Тұранның бір бауына», «Қазақ тілі», «Тез барам», «Мен жастарға сенемін», «Жауынгер жыры», «Түркістан», т.б. өлең, толғауларында халықтың болашағы ретінде жастарға үміт арта отырып, олардың көкірегінде туған ел мен жерге деген махаббат отын қоздыратын, жан сезімін толқытатын ой тастайды. «Мен жастарға сенемін!» дей келіп, жастардың бойынан көздерінде от ойнаған қалыпты, сөздерінде жалын, жүректерінде тазалық барын, арды жаннан артық көретін қасиет табылуын тілеп, ел болашағы ретінде олардың жігерін қайрай түседі, зор үміт артады. Бұл орайда ақын тәрбие негізін бүкіл түркілік тұтастық ауқымында қарастырып, түркі тарихы бастауларынан іздейді.

Шығармаларында қазақы болмыс, ұлттық тәрбие көріністерін барынша өзек ететін М.Мақатаев «Отан», «Ей, бауырым! Неге сонша сарғайдың?», «Үш бақытым», «Арнау» тәрізді т.б. өлеңдерінде ер азамат үшін Отанын сүюден артық міндет жоқ екенін алдыға тартады. «Отан» атты өлеңінде кім-кім де әкесіз, анасыз да, әйелсіз, баласыз өмір сүрер, күн көрер, ал Отансыз болу нағыз панасыз сорлылық болатынын еске салады. «Отан – Ана» сөзінің мәнін ұғынуға жетелейді. Ал отан күзетінде жүрген ұлдың анасына өзінің атқаратын қызметін түсіндіруді мақсат еткен жайы суреттелетін «Арнау» атты өлеңінде кез келген азамат үшін Отан мүддесінен артық мүдде жоғын ескерте отырып, бірінші кезекте қара бастың тыныштығы емес, Отан тыныштығын жоғары қояды. Отаншылдық, елшілдік тәрбие бағытындағы ой тұжырымдары «Ей, бауырым! Неге сонша сарғайдың?», «Үш бақытым» өлеңдерінде одан әрі жалғасып, толыға түседі.

Қазақ халқының ұлттық отбасылық тәрбие дәстүрлерінің қасиет тұтар үлгілерінің бірі ата мен әженің орны, ата мен әжеге деген немере, шөберелердің көзқарасы қалай болу керектігі туралы тағылым. М.Мақатаевтың «Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда!» деп басталатын өлеңінде баласына айтқан әке өсиеті арқылы осы ұғымның жақсы бір тағылым болар үлгісі бейнеленген. Өлең астарында өткен өмір қайта оралмайтыны, бүгінгі жастық шақ алдағы күндерде қарттыққа айналатыны, өмір баспалдағы осылайша кезегімен келіп отыратыны пайымдалып, соған орай ұрпақ алдындағы қасиетті парыздың бірі кейінгі буынның қарттарға деген көзқарасы түзу болып, оларды кейітіп алмай, керісінше ерекше құрмет көрсету керектігі түйінделеді.


Тегтер: Абай, Абай 175, Абай Құнанбайұлы
Авторы: Құныпия АЛПЫСБАЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

93

ақпарат

Ақпараттық технология саласының терминдері талқыланды

585

ақпарат

Клавиатура – "тілтақта" немесе "пернетақта", терминдерді ұлт тіліне икемдеген дұрыс па?

101

ақпарат

Ақтөбе облысында онлайн курс өтеді