Екібаста бір тіл

​Жалпы біздің Керекеу өңірінің жұрты Екібастұз қаласын ауызекі әңгімеде «Екібас» деп қолдана береді. Жергілікті халық үшін мұның еш сөкеттігі жоқ. Енді сол Екібасымыздағы тілдің жағдайын жарты әлем...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

17 ақпан, 2020

Екібастұз қаласында мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы бар. Төрағасы қала әкімі болып табылатын осы топтың жұмысы соңғы жылдары тым ақсап қалды. Топ жұмысы қараң қалып, жібі түзу отырыс та өтпеді.

Араға жылдар салып жұмыс тобының отырысы өтті. Бұл – жаңа әкім Ержан Иманзаиповтың қатысуымен өткен алғашқы жиын. Сол жиында қозғалған мәселелер өткір болып, біраз кемшіліктер су бетіне қалқып шықты. Соның бірі – жарнама мен көрнекі ақпарат жайы.

Екібастұз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айжан Жұмабаеваның айтуынша, әлеуметтік-тұрмыстық маңызы бар сауда нысандары мен басқа да кәсіпорындардың көрнекі жарнамаларының мәтіні мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен келісіледі. 2019 жылы бөліммен 20 жарнама келісіліпті. Былтыр көрнекі ақпараттың заңнамаға сәйкестігін анықтау мақсатында 120 нысан тексеріліп, 20 нысанға қатысты жасалған ескертулер түзетілген.

– Қателіктер анықталған жағдайда көрнекі ақпарат иесіне ескерту хат жолданады. 15 күн ішінде қателіктер түзетілмесе, ескерту қайта беріледі. Түзетілмеген жағдайда ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заңының 75-бабы 3-4-тармақшалары негізінде заңды тұлғаларға 5-25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, – дейді Айжан Хамзақызы.

Қазақ халқы кез келген жайтты бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген емес пе?! Мемлекеттік тіл ойға оралғанда, «Балық басынан шіриді» деген нақыл еріксіз еске түседі. Мұны айтып отырғанымыз, әлеуметтік желі «сәнге» айналған бүгінгі таңда әкімдік бөлімдерінің басым бөлігі өздерінің әлеуметтік желілердегі ақпараттарын орыс тілінде таратып отыр. Кейбіреулері «гугл аудармашы»­ жасаған жарымжан тәржіманы қолданып, тілімізді мазақ етуде. Жұмыс тобы мүшелерінің ескертуінен соң мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мамандарының араласуымен бұл күнде парақшадағы жазбаларын түзеткендері де бар.
Тіл мәселесіне салғырт қараушылар қатарында «Nur Otan» партиясының Екібастұз қалалық филиалы да тұрғаны өкінішті. Ақпараттарын көбінесе орысша­ беретін партия өкілдері қазақша мәтінді жаза қалса, қате жібереді.

Қатесін көрсетіп, ескерту жасасаң, түзету қажет деп санамайды да. Мәселен, филиалдың Фейсбук әлеуметтік желісінде 2019 жылғы 25 желтоқсанда таратқан ақпаратындағы «Халық қалаулылары мараматталуда» деген тақырып әлі сол күйі тұр. Аталған отырыста «Болашақ+» сауда-сауық орталығында орналасқан «Люмьер» кинотеатрында қазақ тілінде фильм көрсетілмей жүргені талқыға түсті. Мемлекеттік тілді жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатысқан «Люмьер» кинотеатрының әкімгері Базаргүл ханым «Бізде қазақ тіліндегі фильмдер болып тұрады, бірақ келушілерде қазақша кино көруге ниет жоқ» деді беті бүлк етпестен. «Ал сіз қазақ тіліндегі киноны насихаттап, көрермен тарту үшін қандай әрекеттер жасадыңыз?» дегенімізге: «Газетке берейік десек, ақша сұрайды» деді қазақ редакциясының босағасынан ешқашан аттап көрмеген орыстілді қандасымыз. Қазақша сәлемдесу де білмейтін әкімгер тұрғанда жағдай оңалмайтыны анық.

Жалпы әр нәрсеге ниет, құлық, сүйіспеншілік қажет. Не нәрсені болмасын шын көңілмен атқарса ғана нәтиже болады емес пе? Аракідік мәдениет және тілдерді дамыту бөліміндегі мемлекеттік тілге жауапты кей маманның әлеуметтік желідегі парақшаларын орыс тілінде жүргізетінін де аңғарып қаламыз.
Тілге жаны ашиды-ау деген жауапты тұлғаның өзі осылай «үлгі» көрсетіп отырса, «Люмьер» қайдан оңсын?!
Қысқасы, Екібасымызда дәл қазір бір-ақ тіл үстемдік құрып тұр, ол – орыс тілі… Біз өзі қай елде тұрамыз? «Тіл туралы» Заң неге дәрменсіз?



Баға беріңіз