Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Тәжірибе және әдістеме (Iı және İi таңбалары бойынша)

14.2.2020 1044
Қазіргі таңда латын әліпбиіне толыққанды көшуді кешеуілдетіп отырған мәселелердің бірі – төл дыбыстардың дұрыс таңбалануы және халықтың қабылдауына жеңіл әліпби нұсқасын ұсыну мәселесі.

Әлемдік тәжірибедегі латын әліпбиін қолданушы қай халықтың болмасын әліпби реформасындағы күрделі мәселелер де төл дыбыстардың таңбалануынан туындаған. Демек латын әліпбиіне көшу тәжірибесі көрсетіп отырғандай, өзге халықтар осы жолды бірнеше ғасыр бойы жүріп өтсе, біз бір-екі жылдың ауқымына сыйдырып, бірден халық санасының қарсылықсыз қабылдауын күтуіміз қисынсыз болар.

Латын әліпбиіне көшуді әлдеқашан ерте бастап кеткен ағылшындар бірнеше әліпби реформалары барысында әрбір дыбыстың әліпбидегі атауы және сөз арасында оқылуы мәселесіне қарамастан, оқылым ережелерін қалыптастырған. Мысалы, Іі дыбысының әліпбидегі атауы [аі] болғанымен, ашық буында ғана [аі] болып оқылуы, басқа жабық және бітеу буындарда [i] деп оқылуы әдістеме тұрғысынан тиімді болады деген ойдамыз. Біріншіден, әлемдік тәжірибеден ескеретін негізгі мәселе, әліпби реформасы тұсында төл дыбыстардың мүмкіндігінше әлем тілдеріндегі баламалардан алшақтатпай алған жөн деп есептейміз. Екіншіден, қазақ тілінде «і» әрпінің өте жиі қолданылуы әріп үстіндегі нүктенің көбеюіне әкеледі. Осы мәселелерді ескере отырып, «бір дыбыс – бір таңба» принципіне сай әрі әлем халықтарының басым көпшілігінде орын алған «і» дыбысының орнына «ı» әрпін беріп, «ı» орнына «і» таңбасын ұсынуды жөн леп санаймыз. Ойымыз дәлелді болу үшін, осы екі таңбаны өзара алмастыру мәселесіне қатысты сынама өткіздік. Олардың құрамы 3 топтан құралған 30 ерікті адамнан тұрды. Алдымен екі әріптің оқылуы мен жазылуы таныстырылды, кейбір шетел азаматтарына латын әліпбиіне негізделген қазақ әліпбиі түсіндірілді. Бәріне жеке сөзді, содан соң сөз тіркесін оқу тапсырмасы ұсынылды. Мәселен:

- «Іі» әрпінің «Iı» болып оқылуы:

Жеке сөздерде: Сөз тіркесінде:

Bılım Tereń Bılım

Ómır Baqytty ómır

Inı Menıń ınım

Issapar Issaparǵa shyqtym

- Ии әрпінің Ii болып оқылуы:

Жеке сөздерде: Сөз тіркесінде:

Bailyq Jeke bailyq

Jiyn Resmi jiyn

Qaitalaý Tapsyrmany qaitalaý

kiız úi Kiız úidıń ıshı

Әріптерді өзара алмастырып оқу нәтижесіндегі қорытынды төмендегідей болды:

1- топ. Латын әліпбиімен жақсы таныс қазақ тілін жетік білетін топ. Өзара алмасқан әріптерді бірден қабылдады және сөздер мен сөз тіркестерін еркін оқыды.

2- топ. Латын әліпбиімен жеткілікті дәрежеде таныс емес, қазақ тілін жетік білетін топ. Өзара алмасқан әріптерді дұрыс қабылдады, сөздер мен сөз тіркестерін оқуда кідіріс жасады.

3- топ. Латын әліпбиімен таныс, қазақ тілін бастауыш деңгейде ғана білетін шетелдіктер (топ құрамында 2 эфиопиялық, 3 түрік, 1 шотландық, 2 үндіс, 2 орыс). Өзара алмасқан әріптерді қабылдап, сөздер мен сөз тіркестерін баяу оқыды. Тек 2 түрік әріптерді қате оқыды.

Қорытындылай келе, Iı және İi әріптерін өзара орнын алмастыру шағын топтағы сынама қорытындысы көрсеткендей, әдістеме тұрғысынан оқуда қиындық тудырмайтыны байқалды және келешекте осы ой-болжам жүзеге асып жатса, есте сақтаудың тиімді жаттығулары арқылы аталған әріптердің оқылуы мен жазылуын жылдам меңгертуге мүмкіндіктер бар екендігін айтқымыз келді.

Тегтер: і, й, и, дыбыс, әріп. таңба, қазақ әліпбиі
Авторы: Ләззат Бейсенбаева Еуразия Ұлттық Университеті, PhD

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

97

ақпарат

Ақпараттық технология саласының терминдері талқыланды

585

ақпарат

Клавиатура – "тілтақта" немесе "пернетақта", терминдерді ұлт тіліне икемдеген дұрыс па?

101

ақпарат

Ақтөбе облысында онлайн курс өтеді