Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Қазақ тілді азаматтық қоғам бұл жерде де сыртта қалды...

12.2.2020 438

Біріншіден, осындай трагедияға ұшырағанымыз өте өкінішті. Бұл көпшілікке ұлт арасындағы араздық сияқты сипат қалдырды. Алайда билік ұлтаралық деп айтпаңдар деді ғой. Бірақ, мойындауымыз керек, бұл мәселе - ұлт аралық сипат алғаны анық.

Әрине мұнда кез-келген дүнгенді немесе қазақты жау көріп жатқан ештеңе жоқ. Әрбір ұлттың жақсысы бар, жаманы бар. Бірақ, халықтың көпшілігі оны ұлтаралық деп түсінді. Демек, енді мемлекет халықтың бұл мәселені неліктен осылай қабылдағанын талдау керек.

Менің ойымша, бұл жердегі басты мәселе - осы уақытқа дейін қазақтың тілін мойындамау. Мұндай жағдай әлі бар. Жаңа көріп жатқанымыздай, сол жердегі азаматтардың көбісінің тек қана орыс тілінде сөйлеп жатқанының өзі біздің жүргемізге тиеді. Қазақта бөтен деген сөз бар. Біз бір елміз, бір жұртпыз, мемлекеттік тіліміз ортақ. Сол тілдік мәселенің өзі кейбір адамдарды осындай қарсылыққа, осындай ашу ызаға алып келген сияқты.

Әрине, біз әлі оның себебін білмейміз. Неден шықты, шын мәнінде ұлттық намысқа тиетін бір жағдайлар болды ма, болған жоқ па, ол меніңше кейінірек қаралады. Бірақ, билік әлі тексерілмей жатып ондай нәрсе болған жоқ деп жатыр ғой. Меніңше, ондай жағдайдың болуы әбден мүмкін. Қысқасы бұл - қазақтың мемлекетін мойындамаған сияқты сипат білдіреді.

30 жыл өтті. Неліктен өзге диаспоралар біздің мемлекеттік тілімізді өз мемлекеттік тілі деп, тарихымызды өзінің тарихы деп түсініп етене араласып кетпеді? Қордайдағы қазақ пен дүнген неге осы уақытқа дейін араласып дос боп кетпеді? Дос боп кетсе де неліктен осы мәселе шықты? Демек, көкейде бірнәрсе қалды ғой. Бірақ, ол не нәрсе? Меніңше, қазір қоғам да, билік те осы мәселені зерттеуі керек. Егер біз оны таппасақ, дер кезінде жазбасақ, онда бұл мәселе жалғаса береді.

Мұндай оқиға осы уақытқа дейін Шелекте, Малыбайда, Маятаста, Сарыағашта болды. Біз соның бәрінде болдық және осыны өз көзімізбен көрдік. Сондықтан, маған кеше хабардан беріп жатқанда қайта-қайта айта беретін "Біз саяси ұлт болуымыз керек", "Біз ұлт емес, мемлекеттік ұлт болуымыз керек"деген сөздер ұнаған жоқ. "Біз қазақ деген ұлтпыз" деген мәселені айтпайды да. Егер олай айтсақ басқаларға жау сияқты көрінеміз.

Әрине, біз өзінің болашағын қазақ елімен байланыстырып, осы жерде өмір сүреміз деген адамдарға құшағымыз ашық. Алайда, біздің мемлекетіміздің тілін мойындамаса, біздің елімізбен өз болашақтарын байланыстыра білмесе, оларға жергілікті халық бәрібір бөтен сияқты қарайды. Меніңше, ең басты мәселе осы.

Егер ертең халықпен кездесуде әкімдер орыс тілінде сөйлесе демек, бұл мәселені әлі биліктің түсінбегені. Сондықтан бұл жерде ең басты мәселе қазақ тілінің мәселесі. Оны билік түсінбей отыр.

"Ұлт тағдыры" қозғалысы ұмытпасам, 2011 жылдары "Ұлт аралық қатынасты жақсартудың жолдары" деп арнайы бағдарлама әзірлеп, Алматы облысының барлық аудандарында кездесу өткізіп, зерттеу жасағанбыз. Сонда қазақтың ұлттық мәселесіне қатысты көптеген мәселені жергілікті ұлт өкілдерінің қолдайтынын көрдік. Қолдамайтыны да бар. Демек, бізде осы жерде көптеген түсіндіру мәселесі әлі жетпейтін сияқты. Және, осындай диаспоралар тұратын жерлерге мемлекет әрдайым мониторинг жасап отыруы керек. Ол жерде ономастика мәселесі, тіл мәселесі тағы басқа қордаланған дүниелерді жергілікті билік үзбей бақылап, сараптап отыру керек. Біз Алматы облысында осы мәселені көтергенде біраз мәселеге қанықтық. Бірақ, ол жасаған зерттеуімізді билік қабылдаған жоқ. Пысқырған да жоқ. Сондықтан, мұндай мәселелерге тоқтамай мониторинг жүргізіліп тұруы керек.

Иә, мұның ішінде жемқорлық та бар. Халық осындай жағдайда "неге қылмыс жасаған өзге ұлттар шығып кетіп, қазақтар сотталып жатыр" деген реніштерін айтты.Олар да қылмыс жасады ғой. Демек, бұл тікелей мемлекеттегі жемқорлық мәселесі.

Кеше біз мынандай мәселені көрдік. Полиция жарты сағат бойы сол дүңген ауылындағы үш-төрт жігітті ұстай алмай жүрді ғой. Олар полицияларды ұрды соқты, жықты. Біреулер айтады, ол полицейлер жай жүрген жоқ, қашан ақша әкеп береді деп жүр дейді. Егер Америкада сондай кезде бір полиция келсе олардың бәрін орын-орнына қойып, үш секундтың ішінде қамап алып кетеді. Ал, ана жерде алысып жүрген уақытта ақша берсең құтыласың дейді.

Осындай нәрсені оқыдым. Және оның дұрыс жазылғанын іштей сезінем.
Үшіншіден, менің айтпағым, міндетті түрде осындай жағдайда жан-жақтан қазақтардың барғаны дұрыс. Олар барғанда біреуді ұруға, өртеуге барған жоқ. Олар сол жердегі 90 пайыз дүнген болса, 10 пайыз қазаққа қолдау білдіруге барды. Олар тоқтатуға барды. Және, біздің ұлтымыздың басына күн туған жағдайда бір-бірімізді қолдау міндетті түрде болу керек. Сондықтан, ол жаққа бармаңдар деп жолды жауып қойғанмен тағы келіспеймін.

Тағы бір айтпағым, осы мәселеге байланысты мемлекет комиссия құрды. Сол комиссияның ішінде неге қоғамдық ұйымдар жоқ? Неліктен азаматтық қоғам өкілдері жоқ? Неліктен тәуелсіз журналистер жоқ? Мен осыған таңқалдым.

Себебі бұл - қоғамдық мәселе. Неге сол жерге барған ұлттық ұйымдардың адамдары жоқ? Неге "Ұлт тағдыры" жоқ? Неге ол жерде тек ассамблеяның басшылары ғана отыр.

Дүнген өкілі тарапынан екі адам бар екенін көрдім, екінші тараптан ешкім жоқ. Бұл қоғамдық мәселе, ал оған азаматтық қоғам араласпай отыр. Облыстық кеңес қайда? Азаматтық альянс қайда? Басқа ұлттық бағыттағы адамдардың өкілдері қайда? Олардың бәрі сыртта қалды.

Сосын кеше "Хабардан" осы мәселені талқылап жатыр. Бәрін орыс тілінде айтып жатыр. Ол менің ашу-ызамды қайта көтереді. Өйткені маған олардың не айтып жатқаны түсініксіз. Мен жағамды ұстадым. Олар кімге айтып жатыр сонда? Олар қазақтарға неге орыс тілінде айтып жатыр? Біз қазақ мемлекетіміз ғой. Мүлдем түсініксіз.

Ал, құрылған үкіметтік комиссия бейтарап шешім шығарады деп айта алмаймын. Өйткені, билік халықтың сенімінен айрылып қалған. Сондықтан, олар азаматтық қоғам өкілдерін қосудан қорқады. Сонымен, қазақ тілді азаматтық қоғам бұл жерде сыртта қалды.

Бірақ, қайталап айтамын, егер мемлекеттік тіл өзінің тұғырына қонбайтын болса, қазақтың ішіндегі қыжыл бәрібір қалады.


Тегтер: Дос Көшім, қазақ тілі, мемлекеттік тіл, ұлт
Авторы: Дос Көшім, "Abai.kz"

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

80

ақпарат

АБАЙ ДАНА, АБАЙ ДАРА ҚАЗАҚТА

73

ақпарат

ТЕРМИН ӨЗГЕРТУГЕ ТҮРТКІ БОЛЫҢЫЗ

134

ақпарат

ҮЗІК ОЙЛАР, ҮМІТ ОЙЛАР