Тілім, қайда барасың?

Қорқыттың қобызына, Әнеттей абызыма үн қосқан, домбыраның шанағына ботадай боздап күй қосқан тілімнің; Сарыарқада сай сүйекті сырқыратып, Атырау мен Алтайда­ абыройы асқан, Еділден Ертіске еңіреп ж...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

13 қаңтар, 2020

О,Тәңірім! Тау тұлғалы тіліме бармақтай бақ бере гөр!..

Бұдан жүз жыл бұрын Міржақып Дулатов қазақ тілінің босағада қалған күйін тозығы жеткен жыртық киімді, жүдеу өңді жарлы кейпінде суреттеп еді. Мағжан Жұмабаев өзінің «Қазақ тілі» өлеңінде ана тіліміздің жайын «Қыран құстың қос қанаты қырқылды» деп өткір сипаттады. Алаш арыстарының алдында жүрген, көзінің тірісінде ұлт көсемі атанған Ахмет Байтұрсынов: «Сөзі жоғалған халықтың өзі де жоғалады» деп, тайға таңба басқандай етіп, болашаққа өлмес бағдарлама жасап кеткен болатын. Менің ойымша, ұлт ұстазының осы сөзін барлық жерге өмірлік ұстаным ретінде таратып, талдап, пікірталастар өткізіп, жас ұрпақтың көзін ашатын уақыт әлдеқашан жетті. Өйткені қазір халықтың недәуір бөлігі ­болып отырған орыс тілді қазақтарға бәрібір. Өзге тілде еркін сайрап, балықтай жүзіп жүр. Олар өздерін де, өзгені де қазақша аздап білемін деп сендіргісі келеді. Аздап білген не болсын, жиырма төрт сағатта бірауыз ана тілінде сөйлемесе? Тіпті он бір жыл мектепте қазақша оқып, ­институтты қазақша бітіргендер сол «достарының» ыңғайына жығылып, орысша сайрап кетіп отыр. Соңғы уақыттарда ел билігінде отырған шенеуніктер де түгелдей таза орысшаға көше бастағаны жалған емес. Кейбір басшы­ларды теледидардан көріп, жүрегің қан жылайды. Олар тілшіге амалының жоқтығынан қазақша сұхбат беріп тұрғаны көрініп тұрады. Құдды бір, уақытша «тұтқында» тұрған секілді. Ондайлар қазақ тілінің басын ­жарып, көзін шығарып тұрып, әйтеуір, бірдеңе айтқан болады. Тіл үйреніп несі бар, ешкім талап етіп жатқан жоқ, онсыз да бүкіл Елорданың биік мекемелері түгел орысша сөй­лейді. Тамақ тоқ, көйлек көк. Осы қы­лығымыз солтүстіктегі көрші елге тіпті ұнайды. Қазақстандай жерінің асты-үсті қазынаға бай елдің басшысы да, қосшысы да солардың тілінде іс жүргізіп жатса, олар масайрамағанда, кім масайрайды? Олардың бізді әлі де бауырына баса беретіні айдан анық. Осындайда менің есіме Г.Андерсеннің «Су перісі» ертегісі түседі. Су перісі өзі ғашық болған ханзадаға қосылу үшін, мыстанға тілін кесіп береді. Біздің де тіл мәселесіндегі қазіргі жайымыз соған қатты ұқсайды.
Қайра-а-ан су сұлуы,
мылқау күйге еніп,
айырбасқа алған аяғы
кірш-кірш етеді.

Біздің де жайымыз солай,
Көмекейді жалға беріп,
жанымызға жүреміз
араша сұрай,
Жүректің қаны күнде сорғалап,
жатамыз таласа құлай.
Өз тілін өзге тілге оп-оңай
айырбастай салатын
Біздің Құдай неғылған аласа Құдай?!
Үштілділік деген шығып еді, «ләппай тақсырлап», құлдық ұра жөнел­дік. Ентігімізді енді басып отырмыз. Елімізде орыс тілді бала­ларға қазақ тілін үйрету үшін жыл сайын миллиардтаған ақша бөлінеді. Ал сол балалардың мемлекеттік тілді жетік біліп, сөйлеп кететіндері некен-саяқ. Бұған мұғалім де, бағдарлама да, оқулық та кінәлі емес. Елдегі мемлекеттік тілге деген сұраныстың жетімсіздігі кінәлі екені бәрімізге аян. Біздің жерімізде, елімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлттар қазақша сөйлейін деп талпынса да, оларынан түк шықпайды, өйткені кез келген қазақ кімнің болса да алдына түсіп ап, орысша сайрай жөнеледі. Бұл жерде мемлекеттік тілді білудің қажеттілігі жөнінде бірдеңе айтудың өзі күлкілі. Бұрнағы жылдары Елбасының Жолдауларында біздің қол жеткізген ұлттық құндылықтарымыздың бірі ретінде – тіл ортақтығы атап өтіледі. Сонда ол қай тіл?!..
Алаш арыстары кезінде ана тілімізді дамытуға емес, бұзуға қызмет жасайтын татар, башқұрт, араб тіліндегі сөздермен әбден шұбар­ланған кітаби тілмен күрескен. Ал қазіргі жағдай керісінше: кітап тілі – тап-таза, сөз, сөйлем, үтір, нүкте – бәрі орнында. Келіспей тұрған – ауызекі тіл ғана. Балабақшадағы баладан бақандай бөлімді басқарып отырған әкім-қараларға дейін түгел қазақ тілін бұзып сөйлей береді. ­Бұ­рын­­ғыдай тұнып тұрған тілдік орта жоқ. Сондықтан да:
Сен қорқақсың,
Неге алдайсың?
Немесе,
Жайнайды жүрегімнің барлық бөлмесі, – деп өлеңдететін кезге жеттік.
Қазақ тілінің орфоэпиялық нормасы өрескел бұзылуда. Ол үшін ескерту естіп жатқан ешкім жоқ. Дауыстымен қатар келген қатаң дауыссыздың ұяң дауыссызға айналатыны ойларына­ кіріп-шықпайтын қызметкерлер пайда­ болды. Олар – қонақүй, көкөніс, ақ алма, көк алма, қорық аты, астық алқабы деп сөздерді таза жазылу заң­дылығы бойынша «күштеп бұзып» айтуды дағдыға айналдырып алған. Бұған әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Сонда орыс, ағылшын тілдеріндегі орфоэпия сақталуға тиіс те, ал қазақ тіліндегі үндестік заңы үсті-үстіне қорлана беруі керек пе?! Судың да сұрауы бар емес пе?
…Бір күні мен қыша қағазын сатып алдым. Оның сыртындағы атаудың қазақшасы (әдеттегіше!) қате жазылыпты: «Қыша қазағы». Тілге деген мұндай «құрметті» басқа ешбір мемлекеттен таппайсыз!
…Бір күні мен көшеде қасы-көзі қиылған бір әдемі, жұп-жұқа, кіп-кішкене қазақ келіншегін көрдім. Ол өзінің қарақат көз қызына: «Аделино, пойдем» деді. Онда тұрған не бар дерсіз? Алайда ол маған бір сәт қатты қағаздан жасалған қазақ боп көрініп кетті. Оның бойында қазақы рух, әдет-ғұрып, ұлттық намыс тұратын «артық» орын жоқ еді.



Баға беріңіз