Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Оразкүл Асанғазы: Тіл тұғыры биіктейді

17.9.2019 220
Ел Президенті Қ.Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», деді.

Иә, өте дұрыс. Егемендік алғаны­мызға 28 жыл болды, содан бері Қазақстанда өмір сүретін бар­лық ұлттарға мемлекеттік тілді меңгеруге толықтай жағдай жасалып келеді. Бұл – бір, екіншіден, демографиялық тұрғыдан қазақ ұлты ең жоғарғы пайызды көр­се­тіп отыр (мәліметтерге сүйен­сек, қазіргі таңда қазақ халқының үлесі 40 пайыздан 75 пайызға жетті), үшіншіден, қазақ тілінде сөйлеушілер саны артты (2009 жылғы халық санағында 1 350 мың славян халқының өкілі «Мен мемлекеттік тілді білемін» - деп мәлімдеді, ал 10 пайыздан астам түркітектес ағайын түгелге жуық қазақ тілін біледі). Көрші өзбек, қырғыз, т.б. түркітектес мемлекеттер тәуелсіздік алған кезеңде-ақ халқының пайызы көп болғандықтан өз тілдерінің мәртебесін жоғалтпай, бірден еркін қолданысқа ендірді, ал біздің үлес пайызымыз да өз деңгейіне толықтай жетті. Сондықтан да қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі нақты келді деп есептеймін.

Алты алашқа аты жайылып, ескі мен жаңа заманның алтын көпірі болған атақты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Түрік тілі­нің ішіндегі гауһары – қазақ тілі» деген қасиетті сөзі бар. Осын­дай гауһар тілімізді өз дәре­же­сінде пайдалана алмауымызға кезіндегі кеңес өкіметінің солақай саясаты әсер етсе, ал дәл қазір қоғамның барлық саласында қазақ тілінің мәртебесі жоғары болуы қажет. Жалпы кез келген елде тілдік ахуал өзгерген жағдайда тіл саясаты да жаңа талаптармен толығып отырады және барлық елдерде мемлекеттік тілді білу заң арқылы міндеттелген. Ал біздегі Тіл туралы заңда «Қазақстан халқын топтастырудың аса ма­ңыз­ды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» («Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы заң», 4-бап) деп қана көрсетілген. Яғни, мемлекеттік тілді меңгеру тек «парыз» ғана. Менің ойымша, Президент Жолдауындағы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейту үшін «Тіл туралы» заңға өзгерістер енгізіп, мемлекеттік тілге қатысты жауапкершілік белгіленуі керек. Әлемде жеті түркі мемлекеті бар десек, соның алтауы өз тілінде ел басқарып, бір-бірімен қарым-қатынасты тек өз тілінде жасауда.

Кез келген қазақ, қазақстандық бір-бірімен тек мемлекеттік тілде сөйлесетін уақыты келді. Тәуелсіздік қазаққа не берді десек, санымыз өсті, санамыз өркендеді, рухымыз жанданды. Рухымызбен бірге тіліміздің тұғыры да биіктеуі шарт.


Тегтер: мемлекеттік тіл, қазақ тілі, тіл жанашыры. Оразкүл Асанғазықызы
Авторы: Оразкүл АСАНҒАЗЫ, қоғам қайраткері

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

75

ақпарат

«Салалық терминдерді аударудың әдіс-тәсілдері» онлайн-семинары өтеді

221

ақпарат

Тұңғыш тіл форумы өтеді

149

ақпарат

Жаңа әліпбиді оқыту әдістеріне байланысты онлайн семинр өтті