Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

​Абайдың жарияланбай келген өлеңдері​

15.8.2019 272

1896 жылы Абай баласы Мағауияға Семейден хат жазып, оны мынадай екі ауыз өлеңімен түйіндеген екен:

Ой жүгіртіп қарашы, Мағаш бала,

Сан дегенің тоғыз-ақ, бірден сана.

Нөлді ертпесе бұлар да қысырайды,

Единица сыфат деп біл тек қана.

Көп білгенге көп надан болады қас,

Мәужүд пенен мансұхты ол айырмас.

Бәйтерек те күндейді көлеңкесін,

Байқап тұрсаң осы жұрт соған ұқсас.

Өлең бұрын еш жерде жарияланбаған. Астары терең. «Единица сыфат деп біл» дегені болыстық қызметке тұңғыш сайланған Мағашқа айтқан өсиеті, өзге де бүркеулі жайттар баршылық. Оның бәрі «Абайдың Мағауияға хаты» атты мақаланың өзегі болған еді, қазір қайталап жатуды жөн көрмедік.

Жүрегімді қан қылды,

Өткен адам, өлген жан.

Ақыл іздеп ізерлеп,

Бәрін сынап сандалған.

Бірін таппай солардың,

Енді ішіме ой салған.

Тұла бойды улатты,

Бәрі алдағыш сұм жалған.

Басыңа тиді байқадың,

Бәрінен басты шайқадың.

Тағы бар ма айтарың,

Нанғыш болсаң, енді нан.

Абайдың бұл үш шумақ өлеңі жа­йында «еш жерде жарияланбаған» дей алмаймыз. Өлең ұлы ақынның немере інісі Кәкітай Ысқақұлының 1909 жылғы тұңғыш жинақта жарық көрген «Абай Құнанбайұлының өмірі» атты еңбегінде келтірілген. Бірақ туынды абайтанушы қауымға ғана мәлім, ал қалың жұртшылыққа кең тарала алмады. Өйткені мен білсем, тұңғыш жинақтан өзге жинақтарда басылған емес. Үнемі қалыс қалып келеді.

Өлең Абайдікі екені талассыз. Кәкітай жаңағы мақаласында «Марқұм Абайдың 1893-ші жылы жазған бір өлеңі» деп атап айтқан. Біреу білер, біреу білмес, 1892-93 жылдары Абай алғаш рет тағдырдың ауыр сынағына, өмірдің соққысына тап болды. Туындыда ақын: «Жүрегімді қан қылды, Өткен адам, өлген жан» деп Оспан өлімін айтқан. Әсіресе қиналтқан жайт – сенісерге жан таппады. Жалғызсырады. Құсталанды. «Айтылмай сөзім қалған жоқ» дегеніндей, айтқан көп насихаты еліне жетпегені қалай? Сөзіне ешкімнің ермегені несі? Міне, осы ой жегідей жеді, іштей қатты налытты. «Тұла бойды улатты, Бәрі алдағыш сұм жалған» дейтіні сол. Ең жаманы, туған ағасы Тәкежан да жалт беріп Оразбай жағына шықты. Осындайды көзі көрген соң ақын-жүрек: «Бәрінен басты шайқадың» демегенде енді не десін. Сөйтіп Кәкітай мол мұраның арасынан тап осы назалы жырды тегіннен-тегін таңдамаған, ол Абайдың көңіл күйін дөп басады. Оқырмандар «Абай неліктен уланған, неден қамыққан?» деген түйткілді сұрақтың жауабын табады. Сонысымен бағалы.

Қайғы мен қуаныш егіз демекші, 1893 жылдың жазында сүйікті баласы Әбдірахман артиллерия училищесін бітіріп, офицер шенінде елге келгенде Абай тобықты ішіне сіңген саудагер татар Ысқақтың баласы Сүлейменнің Мағрипа деген қызын айттырып, алып береді. Сөйтіп Оспан өлімінің жарасы ескірген, Абай алаңсыз өмір сүре бастаған шуақты шақ та жеткен-тұғын. Ең бастысы, ойшыл ақын келешекте хакімдік асуға апарар іздеген соқпағын табады. «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?» (1892) деген өлеңінде ақын: «Шарқ ұрып, тыныштық бермейсің» деп келер ұрпаққа ішкі сырын ашады емес пе. Міне, сол шарқ ұрған көңілі жай тапқан шақ та жетті. «Енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» деп ғақлия мұрасына кірісті. Сөйтіп Абай тыныштықты ойшылдық өрістен тапты, жаңаша миссиясын түйсінді, сезінді.

Енді Абайдың келесі өлең-сөзіне ауысайық. Мына бір жалғыз ауыз өлең тағдыры да екіұшты – кең тарала алмай келеді:

Тағат деген не тағат Хақ жолында,

Мәһам жандар ізденіп жүр соңында.

Хақтың жолын танымай

қалтаң қағып,

Көт жуғанға мәз болған байғұс молда.

Көріп отырсыздар, шумақ шымыр. Ішкі сырына сыртқы сымбаты сайма-сай. Өлеңді тауып, алғаш жариялаған, түсінігін жазған – абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметханов. Өлең Абайдың 1995 жылғы толық жинағында бар. Бірақ оны Абай шығармалары арасында емес, қосымша бөлімнен әрең табасың. Апыр-ай, тек «Түсініктер» бөлімінде жарияланғаны несі? Мұны, шыны керек, түсіне алмадық.

Төрт жол өлеңді бүгінгі күнге Мұстафа деген ақсақал жеткізгені жайлы мәлі­мет аталған жинақтың 309-бетінде беріл­ген. «Семей қаласында тұратын Жақия қажының үйіне қонаққа барсақ, – дейді Мұсекең, – Абай мен Көкбай бар, үй толған қонақ екен. Мәжіліс ұзаққа созылды. Әңгімені көбінесе Абай айтады. Намаз оқитын уақыт болған кезде Көкбай мәжілісті тастап, дәрет алып келіп, намазын оқиды. Абай әңгімесін айтып отыра береді, Көкбай тағы бір кезде дәрет алып келіп еді, Абай әңгімесін тоқтата салып, Көкбайға қарады да, қолма-қол бір ауыз әзіл өлең айтып жіберді. Отырған қонақтар ду күлді».

Міне, жалғыз ауыз туынды Абайдың Көкбайға шығарған суырып салма (экспромт) әзіл өлеңі екенін осыдан білдік. Өлең ойшылдың Құдай, дін, иман мәселелерін ізерлеп, зерттеген 1895-96 жылдардың куәсі болуымен құнды.

Тап бүгінгі таңда иман менен тағатты айыру мәселесі «жанып» тұр. Сондықтан өлеңді жинақтың өзіне емес, «Түсініктер» бөліміне тықпалау көңілге қонбайды, оны «Көкбайға» деген өзге өлеңдері қатарлы ашық түрде жариялау қажет. Абай кітабын шығарушыларға айтар өтінішіміз осы.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгенде табылған, Абайдікі екені күдік тудырмайтын екі өлең бар. Бірі – төрт жолдық, екіншісі – алты жолдық жыр шумақтар. Енді оқырман қауымды солармен табыс­ты­райық.

Тоқ, татуды сыйламай,

Аштарға берген ас артық.

Үйінде босқа бұлдамай,

Қатерге түскен бас артық.

Осы төрт жолды сыфаты (сипаты) бойынша нақыл, рубаи, шешен сөз, қанатты сөз, мейлі, афоризм десек те орынды. Өлеңді тапқан – Тараз қаласының тұрғыны, абайтанушы ғалым Әлімбай Найзабаев деген азамат. Ол Абай шумағын қай жерден тапқан?

Шумақ Шәкәрімнің «Ар қарызы» атты мақаласынан («Сарыарқа» газеті, 1917 жыл, 4 шілде) табылған екен. Мақала мынадай оқиға ізімен жазылған: майданға окоп қазуға алынып, аштықты, ауыртпалықты, бөтен елдегі жақсы-жаманды көздері көріп, көңілдеріне түйіп қайтқан Жетісудың 719 жігіті «стипендия тағайындалсын, я медресе ашылсын» деп екі мың сом ақша жинап, Әлихан Бөкейхановқа жіберсін. Бұл хабарға Алаш ақсақалы Шәкәрім: «Міне, адамның көзіне жас, көңіліне махаббат келтіретін зор жұмыс осы» деп қатты қуана отырып: «Абай марқұм былай деуші еді» деп мақаласында жаңағы нақылды келтірген. Өзге емес, ұлы ақынның бас шәкірті Шәкәрім «Абай марқұм айтқан» десе, онан асқан дәлел бола ма?!

Сөйтіп өлең Абай мұрасына қосылған зор олжа болды.

Өз білуімізше, афоризмде «ел еркіндігі үшін басты қатерге тік, азаттық жолына жаныңды сал» деген астар бар, тіпті менмұндалап тұр. Демек, Абай нақылы – 1904 жылдың жаңғырығы. Бұл пайымды Шәкәрімнің нақылды намысты жанатын қайрақты сөз ретінде қолдануы растай түседі. Тап осы жылы Ресей империясын төңкеріс елесі кезіп, саяси қозғалыс дүбірі қарқын алғаны аян. Ал 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін әлеуметтік буырқаныс шырқау шегіне жетті. Қалыптасқан осы тарихи халде Шәкәрім ұстазының «Үйінде босқа бұлдамай, Қатерге түскен бас артық» деген қанатты сөзін есіне алып, мақаласына қосқаны ақылға сыйымды, көңілге қонымды дүние.

Төңкерістер дүбірі демекші, Абай, Шәкәрім қырым татары Исмаил Гаспринс­кий­дің «Тәржіман» газетасы сияқты ақпарат көздерін жіті қадағалап, қоғамдық ахуалды тамыршыдай танып-біліп отырған. Әсіресе Шаймардан Қосшығұловтың хатына байланысты 1903 жылы жазғытұрым тінту жүргізілген соң, саяси еркіндік тақырыбы Абай айналасында, сірә да, жиі қозғалған. Бұл талқыға Кәкітай, Шәкәрім, Тұраш қызу кірісіп отырған. Осы үш туыстың бір жыл өткенде Әлихан Бөкейханның жанынан табылып, айнымас достарға айналуы соның бұлтартпас айғағындай.

Сондықтан бұрыннан белгілі Абайдың:

Еріксіз түскен ылдидан,

Еркіңмен шығар өр артық.

Қорлықпен өткен өмірден,

Көсіліп жатар көр артық, –

деген нақыл-шумағын әлеуметтік дүрбелең қарсаңының белгі-нышаны деп санауға толық негіз бар. Оған арқа тірек – Садық Қасимановтың сөзі. Этнограф ғалым ел аузынан жазып алғаным дей отырып: «Өлеңді Абай 1903 жылы үйі тінтілген кезде айтқан» деп дерек береді (Абай энциклопедиясы, 227-бет). Көріп отырсыздар, «ерік» сөзін Абайдың қайталап айтуы – ел егесінің келешекке алаң үні. Бірақ мәні зор афоризм әлі күнге «жазылған жылы белгісіз» делінуде, ол ол ма, өкінішке қарай, 1995 жылғы жинаққа мүлде енбей қалыпты. «Әй, қап!» демей көр...

Қорыта айтқанда, Шәкәрім мақа­ла­сы­нан табылған Абайдың жаңа өлеңі мен бұрыннан мәлім соңғы төрт жол стиль, ұйқас жағынан қос тамшыдай ұқсас. Ең бастысы, мазмұны да үндес. Демек, олардың жазылу мерзімі – 1903, иә болмаса 1904 жыл. Алдағы уақытта егіз шығармалар Абай кітабынан сырт қалмаса, ең болмағанда «Насихат» (қазіргіше 37-сөз) құрамына енгізілсе игі. Абайсүйер қауым осы тілекке қосылар деген ойдамын.

Тегтер: Абай 175 жыл, Абай Құнанбаев, Абай, Абай өлеңдері
Авторы: Асан ОМАРОВ, абайтанушы ғалым

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

9

ақпарат

Әдістемелік семинар өтеді

55

ақпарат

​Мемлекеттік тілді меңгертудің үздік тәжірибелері талқыланады

57

ақпарат

​БАНК саласы терминдері талқыланды