Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Қазақ қайтсе бақытты болады?

8.8.2019 238

Бәрі бақытты болғысы келеді. Сол анық. Біз де бақытты болғы­мыз келеді. Ертең емес, арғы күні емес, бүгін. Бірақ бақыт дегеннің қос қанаты болады екен. Адами бақ, азаматтық бақ деген. Осы қос қанаттың бірі болып, бірі болмаса қиын. Со­ның­мен, бірінші бағың – адами, жеке­бас бақытың. Ол түсінікті. Ал екін­шісі бағың – азаматтық бағың. Бұны қалай түсінеміз? Мысал терме­­лейік. Мысалы, біз қазақтың қа­раша үйінде дүниеге келіппіз.Тал бесікке бөленіп, тіл бесікте тер­белдік. Балалық шағымыз тіл қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда өтті. 14 жастан бастап тіл маржанын теретін болдық. Өз тілімізді өлердей жақсы көрдік. Тіліміз Тәңірден кейінгі табынарымыз болды. 16 жастан мектепті Алматыда оқыдық. Сонда Алматыда тұңғыш рет түрі қазақ, тілі орыс қазақты көрдік. Көрдік те екі басты адамды көргендей түршіктік. Бұл құбылысты қабылдай алмадық. Алматыны сүйеміз. Бірақ бұ қаладағы орыстануды қабылдай алма­дық. Алайда, ол деген сөз, орыс­танғанның бәрі тіпәй деген сөз емес. Олардың арасында да ұлт мүд­десін қорғап жүргендер бар. Ол бөлек әңгіме. Бірақ бүгінде төңірек толған тілсіздікті көргенде қолымызды төбеге қойып қаңғып кеткіміз келеді. Бірақ ешқайда кете алмайсың! Күрсінесің де қоясың. Тірлігіміз осы. Тіптен тіл білетін қазақтардың өзі бүгінде қазақ тілін қарадүрсін сөйлейтін болды. Қазіргі қазақтар, қарап тұрсаң

/қаламгер, тілшілерді есептемегенде/ қазыналы тіліміздің тек үштен бірін ғана қолданады. Адам адам болғалы, қазақ қазақ болғалы халық ана тірнектеп жинаған, «Қиуа­дан шауып, қисынын тауып, тағы­ны жетіп қайырған» тілінің қомақты қоры сонда қайда қалмақ? Айна­лымнан шығып қалған сол тіл қазына тоғанда тұрып қал­ған судың кебін кимей ме?? Осы сұрақ бізді күнде мазалайды. Қазақ тілінің аспанындағы осы бұлт қашан, қашан серпіледі деумен келеміз? Серпілер күн болса бұ дүниеде бізден бақытты жан болмас еді! Азаматтық бақыт дегенді осылай түсінеді екенбіз. Ендеше, біз тек адам ретінде ғана емес, азамат ретінде де бақытты болғымыз келеді!

Тағдыр біздің пешенемізге ата-бабаларымызға 250 жыл арман болған Қазақстан Тәуелсіздігін көруді жазыпты. Бүгінде Жер бетінде үлкенді-кішілі 6 мыңдай халық болса, соның 180-і ұлттық мемлекетке ие. Миллиондаған халқы болса да бас билігі өзгенің қолында отырған, күндердің-күнінде жеке мемлекет болуды армандап отырған халықтар қаншама? Өйткені, соңғы уақытта жаһандану аз ұлттардың жойылу үдерісін үдетті. «Тіл ажалы» атты зерттеу авторы ағылшын Дэвид Кристалл үстіміздегі ғасыр аяғында қазіргі әлемдегі 6 мың тілдің 90 пайызы құрдымға кетеді деп отыр. 600-і ғана аман қалатын көрінеді. Бұл нені көрсетеді? Бұл бүгінгі әлемде тіл майданында жүріп жатқан шылқымбай соғысты көрсетеді. Бұл соғыстың өзге соғыстардан өзгешелігі сол, жеңілген тілдердің күні мәңгіге батады, жеңген тілдердің таңы мәңгіге атады. Жеңген тілдер, әрине, үлкен тілдер, империялық. Тіл майданындағы бұл жеңіске үлкен тілдер қалай жетіп жатыр? Мәдени майданда атом бомбасынан да әлеуетті – қаржы, кино, телевидение, интернетті ұтымды пайдалану арқылы жетіп жатыр. Осындай қан шығармай жан шығаратын қаруға ие тілдер жетіп жатыр. Олар бүгінде Жер бетінде ақырзаманда пайда болатұғын тура тажалдың өзіндей тайраңдап жүр. Ойнақ салып өзге тілдерді ойрандап жүр. Кернейлетіп, сырнайлатып, жалғанды жалпағынан басып жан-жағын жалмап жүр. Өрттей қаптап өзінен өзге тілдерді торғайдай тоздырып, тұқымын тұздай құртып келеді. Тою, тоқтау, қанағат дегенді білмейді. Араны апандай ашық. Жұмыр жерді жұтса да жұмырына жұғын болар түрі жоқ. Өйткені ол – тажал. Империялық тіл. Аз халықтардың тілдеріне қарсы империялық тілдер ашқан осынау соғыс ақырзаманда болады дейтін тажалдың жер бетіндегі соңғы соғысы іспетті. Тіл тажалының түпкі мақсаты түгел тіл­дерді тып-типыл ету. Дүниені дара билеу. Бұл адамзатқа атамзаманнан белгілі ниет - империялық ниет. Тілдерге тиген топалаң. Бү­гін­де көз алдымызда жүріп жатыр. Мемлекеті жоқ, қорғаны жоқ қаншама тілдер сол империялық тіл­дер тұтатқан жаһаннамда жа­нып жатыр. Талайының күлі бая­ғы­да көкке ұшқан. Біздің, бүгінгі ұрпақтың көз алдында, осылайша, халықтардың қанын шығармай жанын шығаратын қиямет-қайым ғаламаты жүріп жатыр. Шынжыр балақ, шұбар төс тіл тажалы талай тілдерді жаһаннамның отында бытырлатып шыжғырып жатыр. Қорғансыз тілдер шыңғырып жатыр. Өкінішке қарай, тажалға қар­сы тұрып қайрат қылудың орнына кейбір тілдер сол өртке ұмтылған көбе­лектей өздері түсіп жатыр.

Зерттеуші Кристалл болса бұ­ның бәрін бұлжытпай сырттай ба­қы­лап, тіл өртінде күйген көбе­лек тілдердің тізімін тізіп отыр. Ғасыр аяғын­да осы жаһандық өрт­те қан­ша тілдер жанып, қанша тіл­дер талып, қанша тілдер қалады, соны хаттап отыр.

Әрине, аяқталмайтын соғыс жоқ. Күндердің күнінде тіл соғысы да аяқталады. Жанатындар жанып, қалатындар қалады. Дүниежүзілік тіл майданы да түбінде тыныш­тал­мақ. Ғасыр шайқасында жеңіске жеткен тілдер мен елдер күндердің бір күнінде алдағы ғасырда дуыл­да­сып бас қосып ұлы жеңіс тойын тойлары хақ. Сол ғаламдық тілдер тойының төріне өз туларын ті­ге­рі хақ. Жүздеген миллион сөй­леу­шілері бар тілдердің, сөйтіп, бағы жанады. Тулары жайнап сол ұлы той төрінде тұрады. Тәуелсіз мемлекеті бар елдер тулары да сол той төрінде желбіреуге тиіс. Өйт­песе ол тәуелсіз мемлекет бола ма? Сол себептен де, сол тілдер тойының төрінде қазақ туы да тұрар деп сенеміз. Біз осы болашаққа сенеміз. Бірақ сол болашаққа барар жол бүгін са­лы­­нып жатқан жоқ па? Біздің қо­лымызбен. Күн сайын. Күн са­йын­ғы күреспен. Ең бірінші күрес шарты – атадан қалған аманат ана тіл аясында өмір сүру. Үйде де, түзде де. Онсыз тіл бұлағы тартылады. Тіл – тірі организм. Тамыры соғып тұрса ғана тірі. Қолданбасаң құриды. Бұл – қарапайым қағида. Бірақ біз соны орындадық па? Орын­дамадық. Тоталитаризм тоқ­па­ғына төзе алмадық. Ата-баба аманатын аяқасты еттік. Өз үйі­мізде өз тіліміздің гүлін солды­рып, өзге тілдің тамырына су құйдық. Орыстандық. Қазақ бо­лудан қала бастадық. «Енді не істеу керек?» Қазақ тіліне қа­тысты бұл бір ғасыр бойы кө­те­рі­ліп келе жатқан сұрақ. Әлі де өзекті. Әсіресе, Қазақстандағы Тіл заңының қабылданғанына 30 жыл толатын алдағы қыркүйек қарсаңында өзекті. Өйткені осыдан 30 жыл бұрын дау-дамаймен өмірге келген бұл заңға ұлт артқан үміт үлкен болатын. Ол заң қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялады.

Ал біз: «Мемлекеттік тіл бол­ғаннан кейін, енді тіл тауқыметі өзі­нен-өзі шешіледі!» деп бөр­кі­мізді аспанға аттық. Сөйтсек аңғал екенбіз. Оны соң түсіндік. Кеңестік санадағы тілдік сеңді 30 жыл бойы бұза алмағанда түсіндік. Барлық облыстарда, қалаларда Тіл басқармалары құрылғанына қа­рамастан, қыруар қаражат бө­лін­ге­ніне қарамастан, тегін курстар ашылғанына қарамастан, қазақ мектептері, балабақшалары күрт көбейгеніне қарамастан, қазақ халқының саны Қазақстанда ол кездегі 40 пайыздан бүгінде
70 пайызға жеткеніне қарамастан тіл майданындағы сол тоң, сол сең әлі бұзылар емес! Қозғалар емес! Жаңғырар емес! Қала қазақтары бұған дейін қалай орысша сайрап келсе, әлі солай сайрап келеді. Мұның себебі не? Біз оған бір ауыз сөзбен: «Мемлекеттк тілге деген мұқтаждық болмағандықтан» деп жауап берер едік. Қала қазақтары, тіптен, өздерінің қазақ екендігін, өз тілі бар екендігін ұмытып қал­ған­дай. Қала қазақтары оңбай орыс­танды. Осының салдарынан, бүгінгі қазақтың тіл бірлігі жоқ. Қазақ – тілдік тұрғыдан қақ бө­лін­ді. Осыны пайдаланып орыс тілі ойқастап мемлекеттік тілдің орнында жүр. «Ал қазақ тілі қайда жүр?» Қазақ тілі алақан жайып өзі­­нің мемлекеттік мәртебесін орыс тілінен сұраумен жүр. 30 жыл ұдайы! Тіліміз Тәуелсіз Қа­зақ­стан­ның төрін беруді орыс тілінен 30 жыл ұдайы сұрау­мен келді. Па­радокс па?! Парадокс. Осы ке­лең­сіз­діктен кейін: «Қазақ деген ха­лықта өзі ұлттық элита бар ма?» деген сұрақ туындайды, әсіресе, сырт­тан бақылағандар арасында.

Қазақстанда тіл саясатының қырын кеткені сонша, Америка, Еуропа, Қытайда оқитын қазақ сту­дент­тері өзара орысша сөйлесетін болды. Сөйтіп өзге жұрттар алдында өз ұлтын масқара етумен жүр. Қазақтың «Өз тілі жоқ халық» екенін дәлелдеп жүр. Кезінде Жи­ри­новский «Қазақ – өз тілі жоқ халық!» деп еді. Сонда біз «Жала!» деп шу етіп едік. Енді, міне, өз жас­тарымыз әлемде Жириновскийдің сол сөзін растап жүр. Мұны қазақ тілінің басына үйірілген бұлт демегенде не дейміз?! Бұдан арылар күн бар ма? Арылудың жолы бар ма? «Бар!» дейміз. Оның жолы тіпті қарапайым. Ұлы дала елінде мемлекеттік тілге деген мұқтаждықты тудыру керек! Оны білуге деген мұқтаждық тумай тілге түгел бет бұру болмайды. Мұқ­таж­дық болса халық құстың да тілін үйренеді.

Сонымен мемлекеттік тілді үй­ре­нуге деген мұқтаждықты қалай тудырамыз?

  1. Биыл жыл аяғына дейін бар­лық мемлекеттік қызметкерлер тіл­ден емтихан тапсыруы керек; Оларға мемлекеттік тілді үй­ре­ну­ге 30 жыл уақыт берілді ғой. Мем­ле­кет­тік тілді білмейтіндер мемле­кет­­тік қызметтен кетуі керек.
  2. Мемлекеттік балабақшалар түгел мемле­кеттік тілге көшірілуі керек.
  3. Қазақстандағы мемлекеттік орыс мектептерінде қазақ тілі, әде­биеті және Қазақстан тарихы пәндері тек мемлекеттік тілде оқы­тыл­уы керек.
  4. Барлық мемлекеттік орта мектепті бітірушілер аттестат алу үшін мемлекеттік тілден емтихан тап­сыруы керек.
  5. «Болашақ» бағдарла­ма­сы­мен шетелге барушылар да түгел мем­лекеттік тілден емтихан тапсыр­уы керек.
  6. Барлық мемлекеттік мекеме­лер іс қағаздарын мемлекеттік тіл­де жүргізуі керек.
  7. Қазақстандағы барлық жо­ғары оқу орын­дарында мем­ле­кет­тік тілде оқы­ты­ла­тын «Қазақ әде­бие­ті», «Қазақстан тарихы» пән­де­рі болуы керек.
  8. Сот істерін мемлекеттік тілде жүр­­гіз­уі керек.
  9. Қазақстан Парламенті түгел мемле­кет­тік тілге көшуі керек. Заңдар алдымен мем­лекеттік тілде қабылданып, қажет болса орыс тіліне аударылуы керек.
  10. Мемлекеттік тілде іс жүр­гіз­уде Қазақстан үкіметі күллі рес­публикаға үлгі болуы керек. Және сол үлгіні министр­лік­терден, об­лыстардан талап етуі керек. Яғни, мемлекет көлемінде мем­ле­кет­тік тілге мұқтаждық тууы керек. Мұқтаждық – тіл үйренудің басты шарты.

Тіл ахуалы қашанда елдегі демо­гра­фия­­лық ахуалға тәуелді. Елде қазақ тіл­ді­лердің көбеюі – қазақ тілінің кепілі. Ке­шегі «Қызыл қырғын» болмағанда қазақ­тың саны Қазақстанда 50 миллион болар еді» деп Елбасы Н.Назарбаев 2012 жылы Қазақстандағы ашар­шы­лықтың 80 жылдығында мә­лім­деді. 1 млн 700 мың қазақты қырған 1921 жылғы ашаршылық,
2 млн 300 мың қазақты қырған 1932 жылғы ашаршылық болмағанда шынында да біз бүгінде 50 млн халық болып отырар едік. Сонда Қазақстанда елдік, жерлік, тілдік, діндік тауқыметтер деген туын­да­мас еді. Жан-жақтағы ұлы көршілерімізбен де тереземіз тең болар еді. Бүгінгідей жалтақтамас едік. Демогра­фияның құдіреті сол; «Көп қорқы­та­ды, терең батырады». Ендеше, Ұлы даланы халыққа толтыру – Қазақстан үшін нөмірі 1-інші мәселе. Осыдан келіп, жақын жылдарда Қазақстанда қазақ саны 20 миллионға жетсе деп армандаймыз. Қазақстан халқының жалпы саны 25 миллионға жетсе деп армандаймыз. Себебі тіл сәуегейі Кристалл «Тіл мәңгі болу үшін сол тілде сөйлеушілер саны 20 миллионнан асуы керек» деген екен. Ғалым ғаламдық тәжірибеге сүйеніп айтып отырса керек. Де­мек, қазақтің тілі мен елі мәңгі бол­уы үшін Қазақстанда қазақтың саны
20 миллионнан асуы керек. Бұл – ұлы меже! Ендеше, барлық күшті осы мақсатқа жұмылдыру керек! Бірақ бұл межеге қалай жетеміз? Ол үшін Қазақстанда мына бір қарапайым қағидалар орындалуы керек:

  1. Көп балалы болу ұлт ұранына айналу керек. Әрбір балалы ана үкімет қамқорлығына бөленуі керек. Қазақ әйелі «бала туу – бас ауру» деген батыстық түсініктен арылып, «бала туу – бақыт!» деген сенімге ие болуы керек. Бірінші баладан бастап ананың жұмыс өтілі жүріп жатуы керек. Көп балалы анаға төленетін жәр­демақы ана мен баланы асырауға то­лық жететін болуы керек. Сонда қыз­да­ры­мыз бүгінгідей диплом қуып, мансап қуып «салт басты, сабау қамшы» болып жүріп алмас еді. Тұрмыс құруға асығар еді. Демографиялық көрсеткіш көтерілер еді.
  2. Қазақстанда басы бос қыз-келін­шек­тер саны рабайсыз көбейіп кеткен. Олардың жиын саны жарты миллиондай. Яғни ер адамдар мен әйел адамдары арасындағы демографиялық тепе-теңдік бұз­ыл­ған. Мұны қалай түзетуге болады? Қыздарымыз көлденең көк аттының ете­гі­нен ұстап кете бермес үшін не істеу керек? Бұл мәселені бұрынғы ата-бабаларымыз қалай шешкен? Ұлттық тә­жіри­­беге жүгі­не­йік. Ұлттық тәжірибеге көз жү­гіртсек, Ұлы далада «бәйбіше-то­қал» институты ешқашан үзілмеген екен. Ендеше, сол ата-баба салтын неге жаң­ғыртпасқа?! Оны жаңғыртуға бізге кім кедергі? Не кедергі? Сөйтсек, басты кедергі – батыстық мәдениет екен. Қа­зақ­қа таңылған батыстық мәдениет екен! Астапыралла!!! Сонда отбасы мәдениетін үйретуде бізге Батыс үлгі болғаны ма?! Жетіскен екенбіз!! Отбасы мәдениетін Батыс, неге, керісінше бізден үйренбейді?! Бұл шамырқанып шарт сынған сұрақ біздің басымызға неге кеш кірген?! 70 жыл ұдайы қазақты кемсіткен қызыл саясаттың салдары, әрине. Енді, біз үлгі еткен Батыстың сиқына көз салыңыз! Бүгінде Батыс еркекпен – еркектің, әйелмен – әйел­дің үйленуін заңдастырды. Сөйтіп бала туудан безді. Біз, енді, бұған да елік­теуіміз керек пе?! «Құрсын!» дейсіз. «Батыстың ­бетін әрі қылсын!» дей­сіз. Ендеше, кез келгенге еліктей бермей, бізді атамзаманнан азшы­лық деген апаттан құтқарып келген ата салтымызға жүгінейік! Батыл реформаға барайық! Өйтпейді екенбіз, біз, Қазақстан үкіметі, жарты миллион нәзік жандар тағды­рына көз жұмған боламыз. Нем­құрайды қараған боламыз. Олар­дың жар сүйіп, балалы болуға деген құқын, бақытты болуға деген құ­қын елемеген, ескермеген бола­мыз. Шынтуайтына келгенде жарты мил­­лионның обалына қаламыз. Барды бай­­қа­май, көзжұмбайлыққа салыну еш­­уа­қытта мәселені шешпеген. Қайта қиын­­­дата түскен. Ха­лық сол тұрмыстық тақ­сы­рет­ті шеккелі біраз болды. Мектеп жасындағы қыздар арасындағы түсік тас­тау, некесіз бала туу, сұм­дық суицидтер өріс алғалы қашан! Бұл көрсеткіштерден біз бүгінде әлем көшін бастадық. Себебі осы бір шетін мәселені шешуде біз шара­сыздық таныттық. Жар­ты миллион жал­ғызбастылар тағ­дырын жылы жауып қойдық. Одан не ұттық? Ұтылдық. Ұлт­тық масштабта ұтылдық. Қараңыз; жал­ғыз­басты жарты миллион нәзік жан­дылар тұрмыс құрған болса өмір­ге ең кемінде бір миллион бала келмес пе еді?! Өкінішке қарай, кел­меді. Айдың-күннің аманында көз алдымызда демографиялық апат орын алып жатыр. Халқы аз Қазақстан үшін бір мил­лионды жоғалту демографиялық апат емей не?! Оның ар жағында ел мен тіл тағдыры тұрған жоқ па?!
  3. Мүшкіл демографиялық ах­уа­лы­мыз­ды жөндеудің тағы бір саласы – ашар­шылық кезінде шетел асқан қазақ ұрпағын елге қай­тару. Бұл салада жұмыс жүріп жатыр. Бұл жұмысқа жұрт болып жұмылу парыз. Шетелден оралман тартуға қаражат салған кәсіп­керлерді қолдау парыз. Орал­ман­дар тартуға үлес қосқан ондай кәсіпкерлердің аттары алтын әріп­пен жазылуы керек. Оларға са­лық­тық жеңілдіктер жасалып, олар мемлекеттік қызметтерге тар­­тылуы керек. Өйткені капитал зама­нында, ұлт көсегесін ұлттық бур­жуазия ғана көгертеді.
  4. Ресейдегі қазақ жастары тілінен айырылып жаппай орыс­та­нып жатыр. Қытайдағы қазақ жас­тары қытайлана бастады. Өзбек­стандағы қазақ жастары өзбек­тене бастады. Қазақтық санасы әлсіреген жастардың ата-жұрт­қа деген ынтасы да әлсіремек. Әре­кетсіз өткен әрбір жылдың құны – жоғалған жүздеген мың қазақ. Ендеше, қазақ керек болса Қа­зақ­стан үкіметі асығуы керек! Мұн­дай ұлан-ғайыр іспен үлкен бір министрлік айналысуы керек. Қазақ­станда көші-қон министрлігі құрылуы керек.
  5. «Қайтсек көбейеміз?» деп бүгінде біз шетелден тірнек­теп қазақ жинап жүргенде Қазақ­стан­ның өз ішіндегі қазақ жастары мыңдап, он мыңдап шетел ауа бас­тады. Жоғары жалақы іздеп жаппай елден кете бастады. Кейбір деректер бойынша олардың жиын саны 700 мыңға жетсе керек. Және бұл керкеткен көші-қон ай са­йын асқынып бара жатса керек. Оған тағы шетелде оқып жүрген студенттерді қосыңыз. Мысалы, бір Ресейдің өзінде 70 мың қазақ жастары оқиды. Олар түгел елге қайтады дегенге күмәніміз бар. Кореяда 17 мың қазақ жастары жүр. Олар сол елдің азаматтығын алып тұрақтап қалмасына кім кепіл?! Бүгінгі жастар – нарық заманының төлі. Олар бәрін ақшамен өлшейді. Сондықтан олар қай елде табыс болса сол елге тартып отырады. Біздің заманымызда біздердің шетел асуымызға тіл кедергі болған. Бүгінгі жас­тарда ондай кедергі жоқ. «Бірің қалмай ағылшынша үйреніңдер!» дедік. Бұл «Бірің қалмай шетел асыңдар!!!» дегенмен бірдей болды. Ағылшынша үйренген жастар енді мұндағы айлықты місе тұтпай шетел асып жатыр. Әсіресе, физика-математика саласында оқығандар. Жалақы қуып шетелге кетіп жатыр. Сонда, таланттарды таратып жіберу үшін оқытқан болдық па? Енді бұл трендті қалай тоқтатамыз? Бәрінің де бай болып, бақуатты өмір сүргісі келеді. Сонда, ертең Қазақстанда кім қалады? Сонда күндердің күнінде жұмыс қолынсыз /дәлірегі халықсыз/ қалған Қазақстан қалың қытайды жалынып шақырып жүрмесіне кім кепіл?! Өздерінде жұмыс істей­тін жастар саны қысқарып кеткендіктен де Еуродақ бүгінде сырт­тан келетін мигранттарға мәж­бүр болып қалған жоқ па?
  6. Осындай демографиялық апаттың алдын-алу үшін өкімет, жекеменшік компаниялар не істеуі керек? Қазірден бастап жалақыны көтеруі керек! Онсыз, жұмысқа қабілетті жастардан, жасампаз жас­тардан мыңдап, миллиондап айырылып, түбінде маңырап қалуымыз мүмкін. Мұндай болашақты болжау үшін сәуегей болу шарт емес. Төңірегімізге көз ашып қарасақ та жеткілікті.

Құрметті оқырман! Бүгінгі әңгі­ме­мізде біз Тәуелсіз елдің тілдік ахуалына аз-кем шолу жасадық. Тіл майданындағы түйткілді тұс­тар­ға үңілдік. Қорытынды: 30 жыл толған Тіл заңы қазақ тілінің кө­гі­не үйірілген бұлтты сейілте алмады. Қазақ санасындағы кеңестік сеңді бұза алмады. Түйін: Тіл заңы сенімді ақтамады. Демек, Тәуелсіз елдің тіл саясатына жедел жәрдем керек. «Рухани жаңғыру» аясында тіл саясаты жаңғыруы керек. Ендігі жерде Қазақстан азаматтарынан мемлекеттік тілді талап ететін мезгіл жетті. «Тіл үйренуге 30 жыл аз болды» деп енді ешкім айта алмайды. Қазақ тілін алдымен қазақтардан сұрау керек. Тықыр таянбай тіл үйренбейді, ешкім.Тіл ауруын басқаша емдеу мүмкін емес. «Қазақтың тілі – қазақтың жаны!» деп Президент Қ.Тоқаев айтпақшы, жанайқайымыз ашын­ған­нан шығып отыр.

Елбасының: «Қазақстан бола­ша­ғы – қазақ тілінде!», «Қазақпен – қазақ қазақша сөйлессін!» деген қаншама әйгілі ұрандары бол­ды. Қала қазақтары оларды құлаққа ілді ме?! Дені ілген жоқ. «Неткен нигилизм!?» Әлде, бар­лық мәселе; «Орыс тілі бар­лық деңгейде мемлекеттік тіл­мен тең қолданылады» деген Конституциялық бапта ма? Осы сұрақтар, яғни, тіл жана­шыр­ла­ры­ның жанайқайы отыз жыл ұдайы күн демей БАҚ беттерінен түс­пестен келеді. Отыз жыл ұдайы осы сұрақтаға жауап іздеп келе­міз. Қазақстан үкіметі: «2021 жыл­ға дейін қабылданған Тіл бағ­дар­ламасы бойынша Қазақстан халқының 90 пайызы 2021 жылы мемле­кеттік тілде сөйлейді» деп отыр. Бұған кім сенеді?! Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында қай мекемеге бас сұқсаң да, алдыңыздан ойқастап орыс тілі шығады. Қазақ тілі емес. Басқаны былай қойғанда бұл екі қалада қазақ жастары өзара орысша сөйлеседі. Аулаларда ойын тілі – орыс тілі. Бейне бір Ресейде жүргендейсіз. Мекемелер онсыз да орыс тілді. Сонда 2021 жылы, яғни, араға бір жыл салып, Қазақстан қазақша сайрайды дегенге кім сенеді? Біздіңше, 2021 жылы тағы да бір уәдеге толы Тіл бағдарламасы өмірге келетін болар: «2031 жылы Қазақстан түгел қазақша сайрайды!» деген. Бұл нені көрсетеді? Бұл тілге қатысты ағымдағы Конституциялық баптың да, Тіл заңының да Қазақстан мемлекетінің мемлекеттік тілін қорғай алмағандығын көрсетеді. Бұл екі үлкен құқықтық құжат ендігі жерде Қазақстанда жаңадан қалыптасқан демографиялық ах­уал­­ға сай, Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған қазақ ұлтының ұлттық мүддесіне сай жаңғыруы керек! Жаңаруы керек! Оған себеп, бүгінгі тіл саясаты Тәуелсіз Қазақстанның 70 пайызын құрап отырған мемлекет құраушы ұлт мүддесіне сай емес. Тіптен қайшы деуге келеді. Бұл тауқыметтерді тиянақты шешу – бүгінгі ішкі тұрақтылық кепілі. Қазақ бақытты болғанда ғана Қазақстан бірлігі берік ел болады. Ал қазақ ертең емес, арғы күні емес, дәл бүгін бақытты болғысы келеді!

БҰҰ-ның әлем халықтарының бақыт рейтингін белгілейтін 2018 жылғы баяндамасы бойынша қазақ халқы 60-шы орында екен. Ал біздің қасымыздағы өзбек бауырлар болса бізден 20 саты жоғары 40-шы орынды иеленіпті.


Тегтер: Бақыт, қазақ, тіл, Қазақ хандығы, Тәуелсіздік
Авторы: Смағұл ЕЛУБАЕВ

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

164

ақпарат

Тұңғыш рет тіл форумы өтеді

52

ақпарат

«Іс жүргізу және аударма» атты облыстық семинар өтті

144

ақпарат

Атауларды таңбалауға арналған онлайн семинар өтті